МЕН СЕНІ САҒЫНДЫМ, ӘКЕ

2084

0

 Бәріміз де жаратушы жалғыздың құзырындамыз. Болашағын болжап білген пендені көрмеппін. Асыл әкемді есіме алған сайын бала күннен санама сіңіп, ой түкпірінде сартап болған әйгілі «Қарға» жырының кіріспесіндегі бір ауыз сөз есіме түсе береді. Біздің елдің шанбандоз жыраулары қалың топта осы жырды қақсай жырлап отырып «Біреудің ажалы су, біреуге оттан Кейбіреу майып болған бір апаттан» деп мақамдатып қайырғанда үлкендер жағы көздерін жасқа малшып отырушы еді. Мен осы сөздің астарын кейін түсіндім…

1999 жылдың ақпаны болатын. Ол кезде Алматыдамын, осыдан бір жыл бұрын консерваторияның аспирантурасына оқуға түскенмін. Әдетте апшысы қуырылып тұратын осы мезгіл сол жылы біртүрлі жылымық болды. Зейнетке шыққан соң жеке шаруашылығын жүргізу үшін Иіркөлді иеленіп, жасынан жанына жақын саятшылық кәсібін жасап, оған қосымша шаруа қожалығын дөңгелете бастаған отағасының тірлігіне анам Зина Шералықызы да дән риза болып жүретін. Көп адам таңдап алған мамандығы үшін ел алдында барын салып қызмет жасап, кейін жасы жетіп құрметті демалысқа шыққан кезде екі қолын қоярға жер таппай безектеп кетеді ғой. Ал менің әкем Мәлікайдар Шүйішбайұлы болса көп жыл абыроймен атқарған дәрігерлік қызметтен соң бірден жеке кәсіппен айналыса бастады және өзі осы бастамасына балаша қуанып жүретін. Қызмет дейміз-ау, кейде мен адамның ең бақытты шағы қызметін доғарып, өз билігі өзіне тиіп, ойындағы шаруасын күйттей бастаған кезі ма деп қаламын.

Ойламаған жерден есімізден тандырып кеткен сол уақиғадан кейін анамыздың көз жасын көл етіп, тебіреніп отырып айтқан әлгі күннің уақиғасы менің есіме жиі орала береді. Сол жағдай болатын күні кешкұрым көптен араласып келе жатқан өзінің сыралғы достарымен балық аулауға шыққалы жатқан әкеме:

– Мәке, сен осы бүгін балыққа бармай-ақ қойсаң қайтеді, менің біртүрлі жүрегім қобалжып отыр. Егер мен өзің жоқта қисая қалсам мына шеттей бала-шаға сені қай көлдің бетінен іздеп табады депті анамыз. Қайран әкем сонда оның жүзіне ұзақ қарап тұрып:

– Жоқ Зина, олай деме, сен өлмейсің, мен кетемін сенен бұрын деп риясыз жымиыпты. Содан соң достарын жинап алып, оларды Иіркөлдің арғы бетіне машинамен өткізіп тастап:

– Үйден шығарда біздің Зина ауырыңқырап отыр еді, сендер алаңдамай балыққа ау сала беріңдер, мен Зәкеңнің жайынан бір хабар алып қайтайын – деп, мұз үстімен қайта оралады. Бұл – қамшының сабындай қысқа ғұмырдың барлық мәніне балаған асыл жарымен, сегіз перзент сүйгізген арда азаматымен ақырғы рет бұйырып тұрған дидар екенін дәл сол сәтте анам байғұс қайдан білсін. Ол қайтадан Иіркөлдің бетіне шыққанда ұстасып үлгермеген әлсіз мұз қақырап, көбесі сөгіле бастапты. Машинаның есігін қаусырған көлдің суық суы оның сыртқа шығуына мүмкіндік қалдырмапты. Менің қайран әкем, мына дүние дидарындағы тіршіліктің қызығын силаған асылым, осылайша арманда кете барыпты…

Осы жан түршіктіретін уақиғаны есіне алған сайын анам байғұс көпке дейін солығын баса алмайтын. Жүйкесін жегідей жеген қасіреті ақыры оның да денсаулығын мұқатып кетті, шамасы науқасын өршіткен уайым ішіне түсіп кетті білем. Арада бір жыл өткенде біз анамыздан да айрылдық. Жығылғанға жұдырық дегендей, сөйтіп жеті қыз, бір ұл ата-ананың соңында шулап қала бердік. Бүгінде соның бәрі ұйқыдағы көрген түстей. Көңіл көнгенмен жүрек сенбейді, тіпті ата-анамыздың жоқтығына иланудың өзі қиын.

Әр кеудедегі шыбын жан бөлек болған соң қайтесің, шіркін тіршілік ешкімді ештеңеге қаратпай өз ағысымен жылыстай берді. Сөйтіп жүргенде күн артын айлар, оның соңын жылдар басты. Міне, енді ойлап отырсам, жиырма жыл жылыстап көзді ашып жұмғанша қас қағым сәттей болып өте шығыпты. Біз сол қос мұңлықтың шаңырағына шаттық болып келген сүт сарыққан кенжесі едік. Қыз балаға әсіресе әкенің ықыласы ерекше болады ғой, мойынында жүріп өстік. Ол мені жерге түсірмей жетілдірді, ештеңеден зәру еткен жоқ, барын алдымызға тосты.

Әлі есімде, әкем мені Алматыға өзі ертіп әкелді, содан қашан елге қайтқанша ақылын айтумен болды. Осы жолы ұзақ сырластық, тіпті біз қозғамаған тақырып та қалмапты. Арада екі жылға жетер-жетпес уақыт өткенде мен сол асылымнан ойламаған жерде мәңгі көз жазып қалатынымды ол кезде қайдан білейін. Беу, шорт кесілген шолақ дүние-ай десеңші…

Менің әкем Мәлікайдар Байбосынов 1932 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келіпті. Әйгілі жыр жүйріктерінің ортасынан шыққандықтан болар, жасынан өнер десе ішкен асын кері қоятын сауықшыл болып өсіпті. Ол менің ой-санамда осы өнерге ғашық мөлдір қалпымен қалды. 1951 жылы Қармақшы ауданынан орта мектеп бітіріп, сол жылы Қарағанды қаласындағы мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1957 жылы жолдаумен Сырдария аудандық ауруханасына дәрігер болып орналасады. Тағдырдың тартуы шығар, әкеміздің үлкен қызмет жолы осы жерде басталып, бар саналы ғұмырын осы топыраққа арнапты.

Денсаулық сақтау саласының шекесі қызып тұрған кез емес екен, соғыстан кейінгі жылдар, кеңес одағының енді ғана ес жия бастаған шағы. Оның үстіне ауылдық жер, қазақы түсінік, медицина саласы дұрыс құрал-жабдықпен қамтамасыз етілмеген, кәсіби маман тым тапшы дегендей. Ол көп ұзамай аудан орталығындағы 55 орындық аурухананың бас дәрігері болады да, осы саланың бар бейнетіне бел шешіп кірісіп кетеді. Сол-ақ екен, асыл әкеміздің жанкешті еңбегінің арқасында аудан медицинасы қарқынды дамып 1960 жылдан бастап халыққа хирургиялық көмек көрсетіле бастайды. Аудан көлемінде ең ауыр деген ота түрлерін өз жасапты. Әрі басшы, сонысына қарамай тәжірибелі оташы болу оңай емес, әрине.

Әкеміз үнемі ізденіс үстінде болғандықтан Алматы, Мәскеу, Ленинград сияқты қалаларға барып, заманауи ғылым арқылы енген озық тәжірибелерді меңгеріп, әрдайым білімін жетілдіріп отыратын. Ең бастысы, ол өз білгенін жанына ерген інілері мен замандастарынан аяған жоқ. Сөйтіп жүріп қоғамдық қызметтен де шет қалмапты. Оны әкеміздің өмірбаянындағы бес мәрте ауылдық, төрт рет аудандық кеңеске депутат болып сайланған кезіндегі оны қолдаған халықтың ыстық ықыласынан да көруге болатын сияқты.

Қызмет жасаған саласының үздігі атану әрбір адамның арманы ғой. Әрине, ол заманда ондай атақ оңай жолмен келмейді. Ол үшін елге еңбегіңді сіңіруің керек екенін бүгінгі көнекөздер жақсы біледі. 1974 жылы  «КСРО Денсаулық сақтау қызметінің үздігі» атағын алғанда менің әкем 42 жаста екен. Кейін Қазақ ССР денсаулық сақтау министрінің «Алғыс хаттарымен», «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған бірінші дәрежедегі хирург маман 35 жыл еңбек жолының 12 жылын үлкен басшылық лауазымға, қалғанын аудандық аурухананың өзі құрған хирургия бөлімінің меңгерушілігіне арнапты. Өкініштісі сол, кешегі алмағайып заманда талай адамға өмір силап, медицина саласының небір шешілмейтін түйінін тарқатқан абзал жанның өз ғұмырының осыншама жұмбақ күйде үзілуі.

Ол жұрттың бәрін бірдей көретін, азаматтарды тең ұстайтын, адам алалау деген біздің әкеміздің бойында болмаған қасиет. Біз бала да болсақ соның бәрін көріп өстік. Жеті қыз өсірген әкенің табиғаттың нәзік жаратындысына деген көзқарасын түсіндіріп айтып жату артық шығар. Біздің қазақ бұрын да қызды «жолы жіңішке» деп ерекше қадірлеген ғой. Әкеміз бұл жағынан келгенде мүлдем бөлек кісі еді. Біздің қай-қайсымызды да айналып, толғанып, әрбірімізге жеке-дара көңіл бөліп, анамыз екеуі көз куанышы болған біздің қызығымызды базарлап отырушы еді. Ол күндегі біздің шаңырақтың қызығы да ерекше, бақыты да бүтін екен ғой. Біз – бірге туған бауырлар әрдайым бас қосып тұрамыз, бірақ әкеміз бардағыдай, анамыз айналып-толғанып отыратын күндегідей берекені айтып жеткізудің өзі қиын енді.

Оның бойындағы асыл қасиеттер бүгінгі ұрпағында бір мысқалдан болса да бар. Әке жолын қуған, сөйтіп дәрігер мамандығын алып, осы саланың шыжығы мен қызығының дәмін қатар татып жүрген бауырларым да бар. Біздің үйімізде жыр думаны жиі болатындықтан болса керек, елден ерекше мен өнер жолын таңдаппын. Біздің әкеміз өте ғажап тыңдаушы болатын. Мен өз басым дәл сол сияқты жырға құрмет көрсеткен, жыршыға төрін төсеген адамды сирек көрдім. Бір жылы біздің шаңыраққа Әбдірасыл Жұбатқанов деген жыршы ағамыз келіп жыр айтты. Сөзінің кіріспесін «Мұрнымның ортасында батығы бар / Сөзімнің тіл үйірер қатығы бар» деп әзілмен бастаған жыршы, сол күні таңға сілтеп айтты. Осы кештегі әке қуанышында да шек болған жоқ. Әбекеңнің көмейінен құйылып жатқан өмір мен өлім туралы толғауларды беріле тыңдап отырған оның жанарынан мына дүниеге деген ерекше махаббат сезімін байқағанда, мен әкемнің жүрегін сыздатқан әлдебір алаң сезімдердің ұштығын байқап қалдым. Бірақ ол кезде тұлымшығы желбіреген қыз бала ненің парқын төңкере түсініп біліпті. Міне, соның бәрі еске түскенде жүрек түкпіріндегі аласұрған әкеге деген сағыныш үдей түседі. Содан соң мұңға батқан көңілдің күйін тым алыста қалған күндердің мұнарына батырып, жүректің зар пернесін бебеулете беремін.

Асыл әкеміздің абзал анамызға деген ықылас-пейілінің өзін айтып жеткізу мүмкін емес еді. Ер мен әйел арасындағы кәдуілгі сезім біртүрлі силастық пен қимастықтың, одан шығып татулық пен парасаттың биік мұнарасын бағындырған үлкен махаббатқа ұласқанын көруге шынымен де көз керек еді. Екеуі бірін бірі толықтырып, кемшін түсіп тұрған жерлері болса жетілдіріп, әрбір ісін өнегеге ұластырып отырушы еді. Ал осыны көрген бір алма ағашының сегіз сабағы үлбіреп жүріп үлгі алуға тырысатынбыз. Егер біздің өмірде қол жеткізген ерекше жетістігіміз болса, сөз жоқ ол ең алдымен әкеміздің, содан соң анамыздың айнымас тәрбиесінен келген қасиет екенін ағайын біледі.

Әкеміздің аңсары көбіне аңшылық пен балықшылыққа ауатын. Тоғай аралап құс аңду, көл жағалап балық аулау оның қызметтен қолы қалт еткенде жасайтын сүйікті кәсібі еді. Сол күні оны асықтырған Иіркөлдің астындағы су перісі ма, әлде су патшасы Сүлеймен ба, ол жағы белгісіз. Анығы Аллаға аян ғой. Мен өзім сол күнгі күңіренген шерлі дауыстардың елесінен әлі күнге шошып оянамын, кейде тіпті көзімді ашып алғанша шыбын жаным ой мен қырды қыдырып кететін тәрізді. Сондай кездерде «Мәлікайдардың соңғы монологы» деп Мұхамеджан ақын жазған азалы жырдағы «Ұқсайды ол құрсауға да, қыл бұрауға,  Кеудемді қайран жүрек ұрғылауда. Қара су, қара түнек қамалаған. Барады тартып мені шыңырауға» деген жолдарды күбірлеп жиі қайталап жатамын. Е, бір кем дүние десеңші, сен де бір күн төңкеріліп, теңкиіп қаласың-ау.

Мен сені сағындым, әке!   

Ұлжан БАЙБОСЫНОВА,

     Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.            

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<