Қастерлейтін басты құндылығымыз

1371

0

1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. Бұл ең бір сындарлы сәт еді.

Дегенмен сол ауыр жылдардың өзінде Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадамдарға барды. Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде Қазақстанды әлемнің жүзден астам елі таныды. Бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға, оның ішінде БҰҰ, Халықаралық валюта қорына мүше болып қабылданды.


Жаңадан Елтаңба, Ту, Әнұран белгіленді. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Елді мекендердің тарихи атаулары ардақталып, мерейтойлар өткізіле бастады. Ең бастысы – татулығы жарасқан көпұлтты халқымыз бар, ел дегенде, жер дегенде білек сыбанып, дайын тұрған атпал азаматтарымыз бар, әдемі де сазды салт-дәстүрлерін, тілін, ділі мен дінін саф алтындай сақтай білген ұлтымыз бар еді. Міне, осындай өркенді өзгерістер мен жадыратар жаңалықтар тасқыны кезінде Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Сол күндері өзін қазақпын деп сезінетін әр адам Алматыға көз тікті. Өйткені мұнда дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген исі қазақ тұңғыш рет бас қосты.


Республика Президенті Құрылтайға қатысушыларды шын жүректен құттықтады. Ақ жаулықты әзиз апаларымыз «Туған жерге қош келдіңіздер!» деп атамекенін аңсап келген қандастарымызға шашу шашты.
Дәйекті саясат одан әрі пайымды шешімдерге ұлас­ты. Қазақстан жаңа астанасын белгіледі. Еліміз дүниежүзілік қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Біз бүгінде мына нәрсені айқын түсінуіміз керек.

Қалай айт­қанда да, тәуелсіздік – қазақтың басты құндылығына айналды. Қазақ елі үшін Тә­уелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша болып саналатыны сондықтан. Себебі азат ел болудың арқасында қазақтың тарихы түгенделіп, тілі, діні және ділі қайта жаңғырды. Мемлекеттің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрі жанданды.


Бірақ бүгінгі әлем тым күрделі сипатымен ерекшеленеді. Сондықтан жаһандану үдерісі кезінде тұғыры мықты, керегесі берік, шаңырағы биік елдердің ғана еңсесі жоғары болады. Тә­уел­сіздікке қол жеткізгеніне 29 жыл толған Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін дүрбелеңі көп дүниеде өз бағыт-бағдарын жоғалтпау оңайға соқпайды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым атап көрсетіп жүргенін оқырмандар есіне тағы салғымыз келеді.


Шын мәніне келсек, Тә­уелсіздік – қазақ халқының, Қазақстан халқының басына біткен бақ. Бұл – еш уақытта маңызы жоғалмайтын, ғасырлардан ғасырларға ұласатын үлкен құндылық. Қазақ халқының ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүруі, этнос ретінде, ұлт ретінде сақталуы тәуелсіздікке тікелей байланысты және ол ұлтымыздың келешегін қамтамасыз ететін құбылыс.

Тарихшылардың пайым­дауынша егер респуб­лика Кеңес Одағының қатарында тұра берген немесе басқаша бір тарихи баламалы үрдістер болған жағдайда қазақ халқы этнос ретінде тілін, мәдениетін, ұлттық келбетін, ділін, дәстүрін сақтауы мүмкін емес еді. Ол келешекте қазақты тарих аренасынан кетіруі ықтимал-тұғын. Тә­уелсіздік біздің еркін өмір сүруімізге жағдай туғызып, тарихи мүмкіндік берді. Демек, қазақ халқы әлемнің өзге ұлттарымен бірге ұзақ тарихи кеңістікте жарыса өмір сүру сыйына ие болды. Біз енді өзге халықтармен бәсекеге түсе алдық. Бұл – тәуелсіздіктің ерекше мәні. Біз қазір басқа ұлттармен тереземіз тең болып отырған жайымыз бар.


Тәуелсіздікке жетудің жолы қашанда оңай болған емес. Айталық, кеңестік реп­рессия негізінен қазақ интеллигенциясына бағытталды. Империя алдымен зиялы қауымды жаныштады. Жұмыстан шығарды, соттады. Екіншіден, сол кезде интеллигенцияның басым бөлігі коммунистер болды. 1930 жылға дейін Қазақстанда жоғары оқу орындары мен техникум бітірген 75 мың қазақ интеллигенциясы болған. Оның 74 мыңы қуғын-сүргінге ұшырап, 70 мыңы атылды. Сол себепті олардың бойына сіңіп қалған үрей мен қорқыныш сақталып қалды.


Қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың жан­қияр­лық еңбегі арқасында Желтоқсанға оқиға емес көтеріліс деген баға берілді. Ол билік деңгейінде мойындалмаса да интеллигенция қазір Желтоқсанды көтеріліс дейді. Тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан көтерілісте бірнеше адам көз жұмып, ресми түрде 1200 адам сотталды.


Әлемнің озық елдері лидерлері, Біріккен Ұлттар ұйымының 2021 жылға қатысты болжамдары алаңдатарлық деректерді алға тартып отыр. Коронавирус дертінің салдарынан әлемнің бірқатар елдерінде аштық болатынын айтуда. Бұл соғыстан да қауіпті.


Иә, бүгінгі уақыт күрделі. Посткеңестік дәуірде Тәуелсіздік алған елдердің барлығы аяғынан тік тұрып кеткен жоқ. Украинада, Беларусьта, Молдовада, Балтық жағалауы елдерінде жағдай әлі күрделі. Олардың қатарында ыдырау қаупі туған елдер де бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси биліктің сабақтастығын жалғастыра отырып, елдің өсіп-өркендеуіне бағытталған жаңа реформаларды жүзеге асыра бастады. Жуырда ғана әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, елімізде коронавирус дертінен болған дағдарыстан шығудың меже жоспарлары қабылданды.


Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Ең бастысы, еліміз әлемдік қауымдастықтың бел­­ді мүшесі атанды. Бұл – біз­дің қастерлейтін басты құндылығымыз.


Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<