Қорқыт ата кешені – түркі жұрты тәу ететін мекен

203

0

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы аумағында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені – түбі бір түркі жұртының тәу ететін қасиетті мекенінің бірі.

Көне Сырдың бойы – ежелден алаштың анасы атанған аймақ. Ескі заманда елдің ардақ тұтар абызына айналған Қорқыт ата қашанда түркі халықтары үшін қастерлі тұлға. Дала данагөйі дария бойында мәңгілік дамыл тапты. Мұнда тұғырлы тұлғаның талбесіктен жербесікке дейінгі өмір өткелінің ізі қалды. Мың жылдан астам тұтас бір дәуірді межелеген ескерткіш әлі де адамзат баласының зор қызығушылығын туғызып келеді.

Әлемнің әр қиырында тарыдай шашырап жүрсе де, түркілер атақты абызды ұлы бабамыз деп дәріптейді. Қазақ топырағына қадам басқан сәттен Қорқыттың мәңгілік мекеніне арнайы ат басын бұрады. Дария шайған тарих Қорқыт ата дамыл тапқан қастерлі мекен шамамен IX-X ғасырларда бой көтерген деседі. Тарихи орын содан бергі он ғасырдан астам уақыт бойы желдің өтінде, жаңбырдың астында тұрса да, өзін құрмет тұтқан бүгінгі ұрпағына жетті. 1925 жылдардың шамасында ол моланың іргесі мүжіліп тұрғанын көргендер бар деседі.

Дарияның тап түбіндегі Қорқыт моласын қазір ешкім де көрсете алмасы анық. Көнекөздер Қорқыттың мәңгілік мекенін 1952 жылы дария суы шайып кеткенін айтады.

ХIX ғасырдың соңында Ә.Диваев, И.Кастанье және П.И.Лерх секілді ғалымдар зерттеген. Олардың жазбаларынан белгілі болғанындай, Қорқыттың моласы шикі кірпіштен шебердің қолымен қаланған. Ол 6-8 қырлы күмбезді құрылыс болған. Бұл уақыт қазақтың түп-төркініне үңілген зиялы қауым шолақ белсенділердің солақай саясатынан зардап шегіп жүрген кезеңі болды.

Сол тұста да ата-баба аманатына адалдық танытқан ардақты ағаларымыз кездесті. Осы бір тұста басшылық қызмет атқарған Елеу Көшербаев ағамыз Қорқыт атаның дамыл тапқан жерді тарихи орынға айналдыруға қолдан келгенше жұмыс жасаған.

Сәулет өнерінің ерекше үлгісі деп саналатын қазіргі ескерткіш осыдан отыз жылдай уақыт бұрын алыстан көз тартатын әсем туындыға айналды.

Қазақтың қоңыр үні…

«Қазақтың қоңыр үні тектес қобыздың пайда болуы Қорқыт ата өмір сүрген дәуірмен шамалас» дейді ғалымдар. Екі ішекті музыкалық аспаптан төгілген күй тұла бойыңды ерекше сезіммен әлдилеп, жаныңды рахатын бөлейді.

Желмаясымен желе жүріп, қобыз арқылы сол заманның тынысын жалпақ жұртқа жая білген абыз бабамыздың осы ерекше қасиетін қалай есте сақтауға болады?

Еңселі ескерткіштің ірге көтеруіне мұрындық болған жайсаң жандар осыған көбірек көңіл бөлген. Түркі жұртына қасиетті ескерткішті 90 күн толғанып, қиялына қанат бітіріп, асқан шеберлікпен халыққа тарту еткен Бек Ыбыраев және Совет Исатаев сынды сәулетшілер туындысына таңғалмасқа лаж жоқ. Ескерткіш темір бетоннан жасалған. Оның биіктігі 8 метрдің шамасында. Тік тұрған төрт стелланың әрбірі әр тарапқа қарап тұрған құлпытастарды көз алдыңа алып келеді. Жоғарғы тұсы кең болғанымен, шөміш пішінде түйіседі. Ол қобыздың бейнесін көрсетеді.

Төменгі түйісетін орталық тесігінде 40 металл түтік орнатылған. Жел соққан тұста одан қобыздың үні тектес қоңыр әуен құлағыңа келеді. Желге үн қосатын дүние бізді еріксіз сол заманға қайта орал­тып, абыз бабаның дәуірін еске түсіреді. Сәулетшілер Қорқыт ата өміріне қатысты өзге де дүниелерді өз деңгейінде бейнелей білді. Соның бірі – ескерткіштегі «Түйе табан» өрнегі.

Данагөй бабамыз жер-дүниені шарлаған тұста жанына серік болған желмаяның ізін сол өрнектер арқылы ұғына аласың.

Үндес тапқан дүниелер

Арада он жеті жылдай өткенде ескерткішті қалпына келтіруге тағы да бір мәрте мән берілді. Бұл шақта қазақ халқы бұғаудан бойын азат етіп, өткеніне үңіліп, түп-тамырды терең тартатын қасиетті жерлерді қайтадан түгендей бастаған тұсы еді. Бұл орынды мемориалдық кешенге айналдыру бағытында жұмыстар жасалды. Онда амфитеатр, қонақүй салынды. Осындай тұтас архитехтуралық ансамбль өмірге келіп, бір-бірімен үндес тауып, ат басын бұрған ағайынға ерекше көңіл-күй сыйлайтын кешенге айналды.

Жаңа ғасырдың басында Қорқыт ата мұражайы тұсауын кесті. Онда абыздың ғұмыр кешкен заманның тарихы мен мәдениетін көрсететін дүниелер қойылған. Оның қорында мыңға тарта жәдігерлер бар. 2017 жылы елордамызда өткен ЭКСПО халықаралық көрмесі қонақтары аталған кешенге арнайы барып, ондағы тарихи жәдігерлермен танысты.

Аталған шара қарсаңында ескерткіш кешенде тағы да бір мәрте жаңғырту жүргізілді. Жаңа мемориал бұрынғыдан 2,5 метр биіктікте орналасты. Стеласы 12 метрге ұзартылды. Кешен бұрынғыдан мүлде өзгеше болып, қонақтардың көзіне тым алыстан түсті. Ал құрылысқа соңғы үлгідегі материалдар қолданылды. Айтпақшы, Байқоңыр ғарыш айлағы жер кіндігіне орын тепкен дейді. Осындайда әйгілі Қорқыт бабамыз жайлы айтылатын әпсаналар еске түсетіні айдан анық. Ол кісі бір күні түсінде өзіне көр қазып жатқан адамдарды көреді. Оянғаннан кейін өлімнен қашып құтылмақ болады. Дегенмен қайда барса да, алдынан қазылған көр шыға береді. Дүниенің төрт бұрышын аралаған абыз бабамыз соңында Сырдың жағасына қайта келеді. Сонда оған «Жердің ортасы – Сырдың жағасы екен» деген аян беріледі.

Бұл жер қазіргі Қармақшы ауданының аумағында жатыр. Абыз бабамыздың жамбасы жерге тиген жер осы ауданда орналасқан. Қорқыт атаның мәңгілік дамыл тапқан моласы «Байқоңырдан» онша қашық та емес.


Әділжан ҮМБЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз