Қожаназар ишан

1654

0

Кім-кімге де кіндік қаны тамған жер көзінің қарашығындай қастерлі екені белгілі. Біздің ауылда есімі жалпақ жұртқа мәлім батыр бабалар, ғұлама даналар, әулие-емшілер дүниеге келген. Сондай аруақты бабамыздың бірі – Қожаназар ишан Артықбайұлы.

Меккеге үш мәрте қажылыққа барған бабамыз тура пайғамбар жасында ғұмырдан өтіпті. Қожаназар ишанның жеті ұлы болыпты. Баршасы діндар, оқымысты адамдар екен. Қазір аудан орталығындағы өз есімімен аталатын мешітті кейін інісі Бекназарға беріпті. Мұнан соң мешітті Бекназардың баласы Нұрмағанбет ұстапты. Өкінішке қарай, Нұрмағанбет небәрі 24 жасында өмірден өтіпті. Аудан орталығындағы «Қожаназар ишан» мешіті 1902 жылы пайда­лануға берілген. Мәдени-тарихи ескерткіш мемлекет қорғауында. Сапалы салынған Алланың жер­дегі үйінің арада ғасырдан астам уақыт өтсе де  міні құрымаған.

Кеңестік кезеңде де облыста бар-жоғы екі мешіт «Айтбай ме­шіті» мен осы «Қожаназар ишан» мешіті жұмысын тоқтатпады.

Ишан – діни атақтардың ең үлкені. Қазақ жерінде бұл атақты алу үшін жеті мешітке барып, сынақтан өткен дейді деректе.

Атамыздың жеке қар­жы­сына салдырған екінші мешіті Сыр­дария­ның жаға­лауында, қазіргі Жанқожа батыр ауылының тұсында орналасқан. Қалың тал-терек қоршаған жерде орны бар. Ауыл тұрғындары бұл маңды киелі санайды. Қожаназар ишан әулие- емшілігімен қатар бағбандықты меңгерген жан екен.  

Тал-терек демекші, Арман досымның басынан өткен төмен­дегі оқиғаны оқырман назарына ұсынсам. Мектепке әлі бармаған кезі. Оң-солын толық танымайтын бүлдіршінде ойыннан өзге қандай алаң болсын. Тетелес бауырларымен бірге аулада асыр салып жүрген-ді. Бір бұрышта жатқан қураған ағаштың жуан бұтағын атша мініп алды. Мейлі сен, құй иланба. Сол түні Арман сандырақтап ауырып шықты. Түсіне ақ сәлде, шапанды, аппақ сақалды ата еніп «Ағашқа неге мінесің?» деп қынжылысын білдірді. Ал, ертеңіне жүрмей қатты қиналып, ауырды. Әлдеқайдан құлағына «Атаңнан кешірім сұра» деген үн естілгендей болды. Арман өзі кеше ат қылып ойнаған ағаш бұтағын кішкентай саусақтарымен сипалап «Ата, кешір мені, кешір» деп үздіксіз жалбарына өтінді. О, ғажап! Денесі жеңілдеп, ауырғаны басылды.

Бала дегенді қойсаңызшы. Арада екі-үш күн өткенде Арманның ниеті бұзылды. Бұл ерегіскендік емес, нағыз балалық ақымақтық еді. Бұрыштағы ағаш бұтағының үстіне тағы да шықты. Түсіне сәлде-шапанды, ақ сақалды кісі тағы да енді. Бұл жолы «Ағашқа мінгеніңді неге қоймайсың?» деп ызбарлана жекіді. Шошынған Арман шар ете түсті.

Ертеңіне Арманның өткен­дегі науқасы қаз-қалпында қайталанды. Кеселінен ке­шірім сұрағаннан кейін ғана айықты. Мұнан соң ағашқа жолаған жоқ. Ешкімге тіс жармады.

Бірақ… Сол жылы он сегізге жаңа қадам басқан үлкен бауыры қайтыс бол­ды. Кесілген ағаштың «Ишан талынан» байқамай әкелінгенін бұлар кейін білді. Арманның әке-шешесі құран оқытып, бұтақты бұрынғы орнына жеткізді. Амал қанша?!

– Көрген түсімді үйде­гілерге неге айтпадым? Ағашты орнына ерте жет­кізгенде ағатайым тірі қалар ма еді?! – деп егілген досымды зорға жұбаттым.

Тылсым дегеніміз осы да.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<