Құстар, құстар сызылтып ән салады…

1335

0

Фото: ашық дереккөз

Көгілдір көктем көрінісінде көкте қалықтаған құстарды көргенде танымал сазгер Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі әні тіл ұшына оралады. Алаш баласының табиғатқа жақын болмысын сол «Құстар әнінен» іздеп табу қиынға соға қоймас. Баяу ырғақпен орындалатын туынды қоршаған ортаның сәнін келтірген құстар әлемінің тынымсыз тыныс-тіршілігін айшықтайды. 

Қазақ халқы  ежелден қоршаған ортамен етене байланыста өмір сүрген. Табиғаттың қыр-сырын жақсы түсініп,  олардың қасиетін сезініп, құрметтей білген. Құстың киелісін, аңның қасиетін таныды. Тіпті, құстың ұшуына көз сала отырып, ертеңгі күн қабағының қалай болатынына жорамал жасады.

Елімізде құстардың 18 отрядқа жататын 489 түрі бар екен. Оларды мекен ету ортасына қарай орман, ашық дала, батпақты-шалшықты және су құстары деп қарастырады. Олардың бірі – жыл құстары болса, ендігісі – жыртқыш, тағы бірі – қысы-жазы еліміздің тау- тасы мен даласын тұрақты мекен етеді.

Халқымыз қасиетіне қарап бүркітті құс патшасы деп бағалайды. Ол ел арасында өзінің кербез де паң, тәкаппарлығымен танылған. Келбетіне қарай оны көк аспанмен, құзар шыңға теңейтінін бала кезімізден құлағымызға құйып, зердемізге тоқып өстік. Ата-бабамыз бүркітті «дала  қыраны», «көк тәңірісі», «мұзбалақ», «қайсар мінезді» деп қастерлеген. Бүркіт – жеті қазынаның бірі, ол  жігіттің сәйгүлігімен қатар аталады. Оны киелі тұтады, қауырсыны мен мамығын, құйрығын немесе тұяғын үйдің төріне іліп қояды. Бесіктің бас жағына ілетінін де білеміз. Бұл – «пәле-жала, жын-шайтан қашады» деген наным-сенімнің нышаны. Құс патшасы қорегінің тазасын жейді, лас, харам жерден өзін алыс ұстайды.

Қазақ түсінігіндегі тағы бір киелі құс – аққу. «Аққуды  атпа, киесі ұрады» деген тектен-текке айтылмаса керек-ті. Сол қағидаға сүйенген халқымыз оған мылтық кеземейді. Ол – қазақ түсінігінде сұлулық пен махаббаттың бейнесі. Әсілінде махаббатқа беріктігіне қарай оны пәк, таза, құс төресі деп бағалаған. Аққудың көптің көңіл бөліп, елей бермейтін тағы бір тұсы бар. Әдетте, сыңары өлсе, өзіне-өзі өлім шақырып, көкке көтеріліп жерге құлайды деген әңгіме елдің ішінде жиі айтылады.

Халқымыз қарлығашты да киелі құс деп бағалайды. Жыл құсы саналатын қарлығаштың ұясын бұзбайды, балапанына тиіспейді. Ол ұя салған үй мен қораны киелі санайды. Қарлығаш елге оралғанда жақсылыққа балайды.

Тіпті, «Қарлығаш әулие» атанған Төле биден қалған аңызды бәріміз білеміз. Немесе бала кезімізде көретін үш-төрт мультфильмнің бірі – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» еді. Онда құстың адамды қорғап қалғаны суреттелген.

Көкте қалықтаған қанаттылардың мінез-құлқы мен іс-әрекеті арқылы қазақ халқы ауа-райын болжап отырған. Қарлығаш жер бауырлап ұшса жауын жауады деген. Ғалымдар зерттеп қараса, олардың жер бауырлап ұшуы азығына байланысты екен, яғни, кешкісін күн ашық кезде әуеде асыр сала әрі-бері ұшқан құсты көресіз. Бізге ол құдды ойнап жүргендей сезіледі. Расында, бұл сәтте көктегі шіркейлерді қуып, азығын жеп жүреді екен. Негізінде жаңбырдың алдында ауа ылғалдылығы жоғарылайды, майда жәндіктердің қанаттары ылғалданады. Сондықтан олар ауаның төменгі қабатына түседі. Соған орай қарлығаш та жер бауырлап ұшады. Міне табиғаттың кереметін, бірінің өмірі бірімен байланысын осыдан-ақ көруге болады. 

Тез ұшатын үкі, жапалақ және өзге жыртқыш құстардың көзі жақсы жетілген. Иіс сезу көп құста жоқ. Ал дыбыс есту қабілеті жақсы дамыған. Құстардың көру және есту органдарының жақсы дамуы олардың алыс және жақын кеңістікті игеруіне септігін тигізеді. Сол арқылы мезгілімен қоныс аударуына жағдай жасайды. Құстар өсімдіктерді тозаңдандырып, олардың тұқымдарын таратады. Зиянды жәндіктер мен кемірушілерді құртып, олардың табиғаттағы санын реттеуге қатысады.

1868 жылы Австрия астанасы Вена қаласында алғаш рет құстарды қорғау туралы ресми шешім қабылданған. 1922 жылы Құстарды қорғаудың халықаралық кеңесі құрылды. Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» олардың 209 түрі мен 83 түр тармағы енгізілген. Ал Қазақстанның «Қызыл кітабында» 56 түрі бар.

Өткен жылдың сәуір айында Қызылорда қаласының орталығындағы «Арай» жағажайында төрт аққу жүзіп жүргенін көзіміз көрді. Әдетте, бұл біздің өңірде көп кездесе бермейтін көрініс. Сондықтан жақсылықтың белгісі деп топшыладық.

Сыр өңірінде жылма-жыл 160-тан астам құстар ұялайды. Олардың 50-ден астам түрі ұшып өткенде кездеседі. Кей жылдары қыс жылы болғанда ұя салатын құстардың саны көбейеді. Негізінен бізде құстың 19 түрі қыстайды. Облыс байтағында 300-ге жуық құстың түрі бар.

Кейінгі жылдары Сырдария суының Арал айдынына толық жетпеуі табиғатқа елеулі зиянын тигізді. Ол дария жағасындағы тоғайда мекендейтін құстардың сиреп кетуіне әкеліп соқты.

Оразхан АЙДАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы,

географ-эколог

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<