Руханият темірқазығы

361

0

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі көрсететін ең маңызды құжат. Қазақстан тәуелсіздік алғалы Елбасы бастамасымен қаншама саяси реформа жүргізілді. Одан кейін экономикалық жаңғыру болды. Саяси-экономикалық салада көптеген жетістіктерге жеттік. Мақала біздің елімізге ерекше серпін беруде.  

Рухани жаңғыру, бұл – адам­заттың ішкі әлемінің жа­­­ңа­руы, сана сезімі, жаңа өз­­­герісті қабылдай білуі. Жаң­ғы­ру өркениеттің өрге жү­зуі­мен байланысты. Көне за­ман­­дағы көрікті қалалар мен озық ескерткіштер, мәдени мұ­­ралар осыған бұлтартпас ай­ғақ. Тұңғыш Президент рухани жаң­ғырудың бірнеше прин­цип­терін ұсынған. Он­дағы бағыттар – бәсекелестік қа­білет арқылы ғаламданудың жа­һандық жүйесіне еніп, XXI ғасыр талаптарына дағды­лану.

«Болашақта ұлттың табысты болуы, оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады, сондықтан әрбір қазақстандық  XXI ғасырға лайықты қасиет­терге ие болуы керек», – делін­ген мақалада. Тұңғыш Прези­дент адами құндылықтар, ру­ха­ни қазына, жастарды тәр­бие­леу мен олардың бойында пат­риоттық рухты сіңіре білу жұ­мы­сында рухани салаға ба­сым­дық беру қажеттігін атап көр­сетті. Болашаққа бағдар бе­ретін маңызды құжаттағы көр­сетілген міндеттерді жүзеге асы­руда аға буын өкілдерінің жауапкершілігі жоға­ры.

Сөз басында айтып кеткені­міздей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мақаласында бір­неше бағыт ұсынды. Бірінші бағыт – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі. Бір жа­ғынан – латыншаға көшу­дің терең тарихи логикасы бар, екін­ші жағынан – әлемде тех­нология мен коммуника­ция да­муының заманауи ерекше­лік­терін көрсетеді. Сондықтан қазіргі латын әліпбиі жаңа технологиялармен, компьютермен, цифр­ландырумен тікелей байланысты.

Екінші бағыт – «Жаңа гу­ма­нитарлық білім беру». Қа­зақ тіліндегі 100 жаңа оқу­лық» осының негізінде пайда болды. Бүгінде ана тілімізге ау­д­­а­­рылатын кітаптар ірікте­ліп, ау­дарылған нұсқасы оқыр­мандар қолына әлдеқашан ти­ді. Тіпті, алғашқы 18 оқулық мемлекеттік тілге аударылып, тұсаукесері өтті. 

Үшінші бағыт – «Туған жер». Бұл жобаның ерекшелігі – өңірлердің белсенді қатысуы, сонымен қатар, кәсіпкерлерді, меценаттарды және мүдделі аза­маттарды тарту. Осы арқылы азаматтардың өз ауылына, ұш­қан ұясына  жанашырлық танытуы көзделді.

Төртінші бағыт – «Қазақ­стан­­ның киелі жерлерінің географиясы». Бұл – біздің елдегі ең танымал жобалардың бірі. Елбасы мақаласы жарыққа шығысымен бір жыл ішінде бар­лық өңірлердің қасиетті жер­лері туралы деректер жинақ­талды. Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылып, киелі жерлерді іріктеу мен жүйелеу бойынша ғалым мен қоғам қайраткерлерінен тұ­ратын арнайы кеңес ашылды. Тізім жасалып, оның ішінде жал­пыұлттық маңызы бар 183 нысан анық­талды. Онда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралары қатарына ен­гізілген тарихи және мәдени ескерткіштер де бар.

Бесінші бағыт – «Жаһандағы қазақстандық мәдениет». Бұл қазақстандық мәдениетті шетелде танымал ету бойынша жүйелі жұмыстар құруға бағыт­талған. Жоба аясында шетелдік аудиторияға қазақстандық мә­дениеттің түрлі бағыттарын ай­шықтайтын әртүрлі іс-шаралар жиі өткізіліп келеді.

Алтыншы бағыт – «Қазақ­стан­дағы 100 жаңа есім», бұл 2017 жылы «Рухани жаңғы­ру» бағ­дарламасының шын мә­ніндегі визиттік карточка­сына айналды. Жоба түрлі са­ланың көрнекті тұлғаларын бү­кіл Қазақстанға таныстырды. Олар – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жетіп, ел мойындаған әншілер, композиторлар, спортшылар, ғалымдар, журналистер және басқа да өз ісінің хас шеберлері. Алғашқы жылдың өзінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бо­йынша 2112 үміткер жиналып, оның 102 жеңімпазы сол жылы 1 желтоқсанда Елбасымен кез­десті. Мұның бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа берері мол.

Тұңғыш Президент-Елбасы­ның рухани жаңғыруға, ру­ханиятқа, білім, ғылымға ерекше маңыз беруі – тұтастай ұлт­тың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бәсекеге қабі­леттілік саясат пен экономикада, білім мен ғылымда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бә­секе болған жерде тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі толық, ұлттық идеологиясы өз темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін саналы түрде өзімізді рухани жағынан үнемі жетілдіріп отыруға тиіс­піз.

Ләззат ДҮЙСЕНОВА, 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<