Рух жаңғырмай, сана серпілмейді

1454

0

Филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Алдажар Әбіловпен арадағы әңгімеміз осы тақырыпты тарқатады.

– Рухани жаңғыру идеясының негізгі өзегі – ұлттық болмыс, ұлы санаға оралу. Осы жолда біздің идеология нені ескеру керек?

– Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласында қазақ елі­нің өткеніне көз жүгіртіп, жа­­ңа тарихи кезеңдерге жан-жақ­­­ты баға бере отырып, руха­ни жаңғыру арқылы болашақ­қа де­ген өз пікірлері мен көзқа­расын біл­дірді.

«Мен бар­ша қа­­зақстан­­дықтар, әсіресе, жас ұр­пақ жаңғыру жөніндегі осы­нау ұсы­­ныстардың маңызын терең тү­сі­неді деп сенемін. Жаңа жағ­дайда жаңғыруға деген ішкі ұм­тылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», – деп ел ке­лешегіне үміт артады. Елбасы Қа­зақстан үшін қайта түлеудің ай­рықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруға ерекше мән бере, біртұтас ұлт болу идеясын бүгінгі жаһандану кезеңінде ел игілігіне жаратудағы мақсат-мүдделер ту­ралы өзектілікті көрсетті. Бұл ба­ғытта біраз жұмыстар жүзеге асты, бірақ атқарылар шаруа одан да көп. «Бізде идеология жоқ» деушілер де, «идеология етіп исламды алу керек» деген пікірлер де бой көрсетеді. Ау, рухани жаң­ғыру, ұлттық болмысты негізгі бағдаршам ету дегеннен артық қандай идеология керек. Қажет болса, қазақ түсінігіндегі ислам да осының ішіне еніп кетпей ме? Бұл – бір күндік шаруа емес және ұрандаумен іске аспайды. Мұны әр қазақстандық түсіне, сезіне білуі керек. Бұрын кеңес заманында мектеп қабырғасының өзінде «Коммунистік моральдық кодекс» оқытылып, түсіндірілсе, уағыздалса – бүгін де тура сон­дай қылып, балабақшадан бастап ұлттық болмыс, ұлттық рух, аза­мат адалдығы мәселелер санаға сі­ңі­рілуі керек. Екіншіден, бұл бағыттағы ата-ана міндеті, оның жауапкершілігі көтерілуі қажет. Барлығын мектептің, оқу орында­рының мойнына жүктеп қоюға болмайды. Бір сөзбен айтқанда бүкіл қоғам болып нақты іске көшуі және тәрбие жұмыстары осыған негізделуі керек.

– Мемлекеттік тіл мәселесі әлі өзекті болып келе жатыр, неге? Мысалы, қарапайым іс қағаздары да толық қазақ­ша­ланып болған жоқ.

– Бұлай болуы біздің сана­мыздағы қасаң түсініктер мен немкеттіліктен деп ойлаймын. Әйт­песе, бұл – өзекті болатын жайт емес. Өзбекстан, Түркімен­стан және т.с.с. елдерде кешегі кеңес дәуірінің өзінде де мұндай мәселе болған жоқ. Себеп, біздің ұлттық санамызда орын алған құлдық психологияда жатыр. Мені таңғалдыратыны – 99 па­йыз қазақтар тұратын осы Қы­зылордада туып, осында өскен өз­ге ұлт өкілдерінің қазақша біл­мейтіні. Мұндай жағдай Қа­за­лыда да кездескенде ішім қан жылаған, орыс, кәріс және т.б. ұлт өкілдері менің тілімді, атаме­кенімді, мемлекетімді менсінбей ме деген ішкі ой пайда болған. Бұ­ған жол беруші – тағы да өзі­міз. Ал, қазақ тілін білмейтін қа­зақтарды көргенде – әлгілердікі шүкіршілік екен деп күпірлік ойға да барады екенсің. Бұдан шы­ғатын қорытынды – өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізді үйренуі тек дәрісханалық жағдайда емес, күнделікті тіршілікте жүзеге аса­тын жағдайға жетуіміз керек. Бұл – ел болашағы үшін атқарылар маңызды шаруаның бірі екені анық.

Іс қағаздарының қазақшалануы деген де – күрделі мәселе. Әркім өзінше аударып, ала-құлалыққа жол берілгеннен бұл әлі созылып келеді. Бір-екі мысал айта өте­лік. Мәселен, орыс тіліндегі «на­селенный пункт» дегенді «елді мекен» деп айтып та, жазып та жүрміз. Мұны кім аударса да оны қазақ тілін білмейтін, ұлттық санасы күңгірт жан деп айтқым келеді. Мен осы мәселеге қатысты бірнеше мақала да жаздым, көркем шығармаларым арқылы да айттым. Бірақ оны ұғып жатқан жан жоқ. Міне, қараңыз, қазақ ел бар жерді – мекен, ал, ел жоқ жерді – жапан, не түз деп атаған. Сонда елсіз мекен бола ма, елді мекен деп орыс тілінің ығына жүргенше қазақтың ауыл дегенін алған дұрыс болатын еді. Медициналық мекемелерге ба­ра қалсаң, бірінде медбике деп жазылса, енді бірінде – аяжан деп жазулы тұрады. Тіпті, теледидардан «Кездескенше күн жақсы болсын» дегенді естігенде шалқадан түсесің, сонда кездескеннен кейін күн қараң қалуы керек пе? Қазақтың «Амандықпен жүздесейік», «Жақ­сылықта жолығайық» және т.с.с. ойлы тілектері толып жатқан жоқ па? Мұндайлар өте көп, бұлай болуының себебі – біздің теле­жорналшыларымыз бен тәр­жіма­шыларымыздың «мен біле­мін­ге» салынуы және жалпы елдің бұған қатысты самарқау көзқарасы деген ойдамын.

– Күнделікті өмірден біле­тініміз, өзге ұлт өкілдерінің мем­лекеттік тілді үйренуге де­ген  қызығушылығы едәуір бай­қалып қалады. Оларға қандай қолдау жасау керек?

– Өзге ұлт өкілдеріне аз қолдау жасалып жатқан жоқ. Менің бі­луімше, бұрынғы кеңестік ке­ңіс­тікте осы мәселеге қатысты қыруар қаржы бөліп отырған біздің ел сияқты. Оларға қазақ тілінің му­зыкалы, әуенді, көркем, сөздік қоры өте бай тіл екенін, Қазақстанда өмір сүретін әр азаматтың бұл тілді білуі міндетті екенін күнделікті тіршілікте түсіндіру керек. Қол­даудың үлкені – сол. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің өзі қазақ елін түсінде де көрмеген қаншама шетелдіктерге қазақ тілін үйренуге ықпал жасады. Мен күнделікті тіршілікте деген тіркесті бірнеше рет қолдандым, бұл күштеу де­ген ой емес, бұл – мәжбүрлік пен ықы­ластанудың қорытпасы деген сөз.

– Қазіргі жастардың бәрі болмаса да көбі кітап оқымайды. Оларды кітапқа қалай оралта аламыз?

– Уақыттың бір орнында тұр­масы да, соған ілесе адамзат да­муының мезгіл көшіне ілесері де ақиқат десек, адамзаттықты ай­қындайтын әрі оның дамуына зор ықпал ететін көркем әдебиеттің жаңа ғасырлар қақпасын ашар құдірет екені де, мезгіл көшіне ба­ғыт-бағдар сілтер шамшы­рақ­­тардың бірі екені де дау туғыз­байды. Біз қалайық-қаламайық, қа­зіргі кезде көркем шығарманың оқылу деңгейі құлдырап кетті – шындық осы. Бастауын ауыз әдебиетінен алатын осы бір көр­кемөнер саласының аса маңызды рөлін түсінбеу, осы заңдылықты бұзу – кез келген ұлт не қоғам үшін үлкен қасірет пен қауіп еке­ні белгілі. Менің ойымша – бел­гілі бір ұлттың жойылуы оның ұлттық әдебиетін жойып алуынан басталатын сияқты. Біреулер тіл жойылса, ұлт жойылады дей­ді. Бұл да рас, бірақ адамзат та­рихында тілі, жазуы қалып, ұлты жойылып кеткен латынды еске алудың өзі біздің әлгі пікірімізге қарай жетелейді.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін, елдің саяси-экономикалық, рухани өмірінде үлкен өзгерістер болды. Еліміз өзінің өткенін қайта саралап, болашағына көз тастап, әлем мемлекеттерімен терезесі тең ел ретінде жаңа даму сатысына аяқ басты. Азаттық таңымен бір­ге тарихымыздағы көптеген ақтаң­дақтарды ашу, көмескіленген ұлт­тық сананы жаңғырту сияқты үл­­кен міндеттер күн тәртібіне қойылды. Бұл тұста да көркем әде­биет атқарған және атқарар істер ұшан-теңіз екені хақ.

Кешегі кеңестік заманда ел­дің кітап оқу деңгейі жоғары бол­ды. Кез келген шопанның еті­­гінің қонышында, шофер, трак­то­ристердің қобдишасында кітап не әдеби журналдар жүрді. Тіпті барлық еңбек ұжымдарында өзін­­дік білім көтеруге қатысты қандай көркем шығарма оқығаны сұралатын. Иә, ол кез өтіп кетті. Енді кітап оқуға қалай ораламыз, міне, мәселе осы боп тұр. Ең алдымен өмірге келген көркем туынды ма­мандар рецензиялауынан өткені дұрыс. Екіншіден, орта мектеп кітапханашыларының, тіпті бар­лық кітапханашылардың жауап­кершілігін күшейту керек. Өткенде теледидардан Нұр-Сұлтан қаласы мектеп кітапханашыларының өз­деріне педагог статусын қоса беру керек деген пікірлерін тың­дап таңғалдым. Олар мектеп мұ­ға­лімдеріне әдістемелік көмек көр­сетеміз дейді. Ал, түсініп алыңыз. Не ондағы кітапханашылар ерек тұлғалар да, не біздегі кітапха­на­шылардың міндеті өзгеше бо­лып тұр ғой сонда. Мұны айтып отырған себебім – кітап оқуға оралудағы басты тұлғалардың бірі – кітапханашы. Ол оқу орын­дары басшыларына хат жазып, сту­­денттер мен оқу­шы­лар­ды жинап алып, бір-екі әдебиет­шіге баяндама жа­сатып, «ша­­руа біт­ті» де­меуі ке­рек. Кері­сінше, оқу орындарына барып, сту­дент­тер мен оқу­шылар ара­сында бо­лып, жаңа көркем ту­ын­­ды туралы насихат жүр­гізуі ке­рек қой. Оқыр­ман­ның қызығу­шы­­лығын оя­ту керек. Бұл мек­теп кітапхана­шы­ларының да мін­деті, жас ерекшеліктеріне қа­­рай оқырман ортасын ұйым­дас­тыру да солар атқарар шаруа. Үшін­ші­ден, кітап оқу тұрғысында ата-аналар арасында үздіксіз үгіт және насихат жұмыстары жү­руі қажет, әр еңбек ұжымында кітап­сүюшілер қоғамының ұйым­дары болуы керек және олар нақты шаралар атқаруы тиіс. Әр азамат, әрбір жас көркем шығарманың адам тәрбиесіндегі рөлін түсіне білуі шарт. 1950 жылдарға дейін өмір­ге келген ағаларымыздан «Біз­ге ол кезде мектепте жоғары оқу орнын бітірген математик не әдебиетші сабақ берген жоқ. Ыл­ғи соғыстан оралған аза­мат­тар білім берді. Олардың да ықпалы, еңбегі бар, бірақ, негі­зінен бізді өсіріп шығарған көр­кем әдебиет болды. Мәселен, Н.Ос­тров­скийдің «Құрыш қалай шы­нықтысын» оқып, бәріміздің Павел Корчагиндей болғымыз келді»   дегендерін талай естідік. Сон­дықтан бұл шаруада ұсақ-түйек іс деген болмауға тиіс, жоспарлы, нақты жұмыс жасалуы қажет.

– Осы арада тағы бір сауал. Мерзімді баспасөзге жазылу не­месе оның электронды ақпарат көздерімен бәсекелік қабілеті ту­ралы ашып айтайықшы. Осы біз ақ пен қараны қалай айырып отырмыз?     

– Бұл да – бүгінгі таңдағы кө­кейтестіліктің бірі. Елдің көбісі интернет желісіне таңылды. Ең­бектеген баладан еңкейген қартқа дейін қалтафон (ұялы телефон) құлына айналды. Қорқынышты. Жас сәбиін ана осы телефонмен жұбататын болды, жаңалық білгісі келетіндер осыған жүгінетін бол­ды. Ал, сол жаңалықтар деп отыр­ғаныңыздың өзі кейін жалған болып шығып жатады, тіпті, біздің ел үшін теріс пиғылды ақпараттар да өріп жүр. Ал, жасөспірім психологиясын бұзатын, зина­қорлық, маскүнемдік, соғыс­құ­мар­лық және т.с.с. қатысты ақпарат тіпті көп. Мейлі, телефон әркімнің жеке мүлкі, алайда соны тұтынушы қазекем сол қажетсіз өсек-аяңды тыңдауы арқылы шет­елдегі біреулерді байытып жат­қанын біле ме екен, әй, білмейді-ау. Мұны заңмен реттеуге бо­ла­тыны хақ, бірақ біздің билік ел жағдайына байланысты әзір мұн­дай шектеу шараларына бара алмай отыр. Мұны да түсінуге болады. Осы тұстан тағы бір ой қылаң береді. Студенттер мен оқушылардың қолында жүрген қымбат телефондарды көргенде ойға қаласың, жазған неме осыны қай табысына алды екен деп. Баяғы, ата-ана ғой, ұл-қызы «қа­тардан қалмасын, жұрттан ұят болмасын» деп банктен несие алса да сатып әпереді. Оның аста­рында бәсеке деген қызылкөз де бұғып жатыр. Ал, сол ата-анаға «Мынадай газетке жазыласыз ба» деп айтып көріңізші, не дер екен?! Жалпы, интернет желісіндегі ақпа­раттың барлығын қалай болса солай топырлатып өткізе бермей, зияндыларына тоқтау салған дұ­рыс.

Басылымдардың беделін кө­теру ең алдымен сол басылым ұжы­мының оқырманмен тығыз бай­ланыс орнатуынан баста­ла­тын сияқты. Ол үшін әр еңбек ұжы­мында тірек топтарын ұйым­дастыруды жөн көремін. Бұл іске менің ойымша жүрдім-бардым қарауға болмайды, ұлттық болмыс, рухани санаға ораламыз десек, мұны жете түсінуіміз керек. Бұ­рын еңбек ұжымдарында газет материалдары талқыланып оты­ратын, әр мекеме алдында газет ілінетін тақталар болатын. Жақ­сы үрдіс қой, неге соны қайта жаң­ғыртпасқа. Сонан соң газеттерде әде­биет беті, ғалымдар мінбері, жас­тар өмірі, сын-сықақ және т.с.с. міндетті айдарларды күшейту керек.

Сонау 1966 жылы екінші клас­тың оқушысы кезімде ең алғаш өзім жаздырып алған басылым – «Балдырған»  журналы болды. Сонда класс жетекшім мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Үсейін Сатаев ағай (жазушы Жақсылық Түменбаевтың ағасы) келіп, журнал туралы әңгімеледі, он бес оқушыға бір-бірден қарап шығуға берді. Қызықтық, класс болып жазылдық. Одан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз, кейін өзіміз сол журналға мақала жаза бастадық. Ал, неге қазір осыны жасамасқа. Орта мектептер мен оқу орын­дарындағы кітапханашылар мен ұстаздар мұны қолға алса – көп шаруа тынары хақ. Менің тірек топтары деген ойым да осыны негізге алған еді. Жалпы, газет қоғамдық насихатшы десек, қазір сол газеттің өзіне насихат керек тәрізді. Газетке жазылу – әрбір облыс тұрғыны үшін қажетті іс, ойлы азаматтардың намысына салмақ қой.

– Тәуелсіздік тұсында қазақ рухы қайта оянды, бірақ оның өз биігіне көтеріле алмауы идеологиямыздың кемшіндігі ме әлде жаһандану әсері ме?

– Қазақ рухы қайта оянғаны ақиқат, оның өз биігіне көтеріле алмауына барлығымыз да кінәліміз. Барлық кінәны жаһандануға жаба беруге болмайды. Мәселен, Жапон елін жаһанданудан шет қалды деп кім айта алады, керісінше бұл ел соның көшбасында тұр, бірақ ұлттық рухты өз биігінде сақтап отыр.

Біздің оянған ұлттық рухымыз­дың өз биігіне көтерілуіне кедергі болғандардың бірі – рушылдықтың күшеюі сияқты. Осының салда­рынан өз руынан батыр, ақын т.с.с. шығару, оны насихаттау етек алып кетті. Осының салдарынан көше атын беруде үлкен ағаттықтар кетті деген ойдамын. Көше аттары қазақ елі үшін еңбегі сіңген адамдарға, ерен ерлік иелеріне берілуі керек. Бұл рухани жаңғырту талаптары да. Алайда, бір кеңшардың бас маманы болып еді деп есімін көшеге беру менің ойымша дұрыс емес. Мейлі, жақтаушылары, қол­даушылары мықты болар, бірақ, заман өте келе мұның өзгеретіні анық. Мәселен, Қызылорда қала­сында Ғани Мұратбаевтың серігі, үзеңгілес досы, журналист, об­лыстық партия комитетінің бөлім бастығы болған, 1930 жылдары облыстық екі газеттің де дамуына үлес қосқан азамат Нұрмағанбет Мұратбаевтың, облыс спорты тарихында орны бар, зілтемір спортын алғаш әкелуші, еңбек сіңірген спорт шебері, профессор, белгілі журналист-жазушы Өмірзақ Жолымбетовтің есімдерінде көше жоқ. Мұндай мысалды айта беруіме болады, бірақ уақыт та, қағаз да қымбат қой. Мен осы жерден еді деп, болыс болып еді, ауылнай болып еді деп көшелерге есімдерін бергенше бүкіл қазақ үшін еңбегі сіңген азаматтар: тұңғыш рет А.С.Пушкиннің «Капитан қы­зын» қазақ оқырманына жет­кіз­ген Молданияз Бекімов, қазақ да­ласында тұңғыш сахна өнерін бастап, қойылым қоюшы, Ж.Ай­мауытов пен М.Әуезовтің ұстазы, қаламгер Нұрғали Құлжанов, Абай өлеңдерін тұңғыш орыс тіліне аударып, бастырушы қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш ау­дармашы, ұстаз, педагог, жур­налист Нәзипа Құлжанова, сол Се­мейдегі мұғалімдер семина­рия­сында ұстаз болған ақын, жазушы, ХХ ғасыр басында «Қыз көрелік» атты роман жазушы Тайыр Жо­мартбаев, өмірден ерте озған қа­зақтың аяулы ақындары Бернияз Күлеев пен Қази Абылайхановтар, қазақтың тұңғыш төл мысалшысы, 1920 жылдары қызыл әскер шіркеуге қамап, өртеп жіберген белгілі журналист, ақын Отыншы Әлжанов, «Айқап» газетінде қыз­мет атқарған, ХХ ғасыр басында «Мұңлы Мария» романын жазған жазушы-журналист Мұхамедсәлім Кәшімов және т.с.с. есімдерін көшеге берсе, артық болмас еді деген ойдамын. Ол уақытта кейінгі ұрпақ солардың атқарған істерінен тәлім алар еді, рухтанар еді. 

– Бүгінгі қазақ жастарына нен­дей ақыл, қандай тілек білдіресіз?

– Кеуде керуден, өсектен, тоғышарлықтан аулақ болып, мақ­сатты ізденіспен адал еңбек етіп, ұлт қажетіне жарауға ұмтылуларын тілеймін.

Әңгімелескен 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

   «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<