Рухани күш қайнары

467

0

Облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен TedХ форматында жастармен кездесу өтті. Оған елімізге белгілі жырау Алмас Алматов, зілтемірші Илья Ильин және айтыскер ақын Мұхтар Ниязов қатысты.

Кездесуде үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыс ақыны Мұхтар Ниязов жастардың сұрақтарына жауап беріп, Алаш арыстарының тағылымды істерін үлгі етті. Қоғам өмірінің қай саласы ақсап тұрса, сол саланы өркендету жолында еңбек еткен қазақ қайраткерлері секілді, өмірде өз орнын тапқысы келген жастар кенже қалып келе жатқан салаларды меңгерсе деген тілегін жеткізді.

– Бала күнімнен дәрігер болсам деп армандадым. Әлі күнге дейін сол арманның жетегіндемін. Мысалы, медициналық туризммен-ақ мемлекетін байытып отырған елдер көп. Білікті дәрігерлердің көптігінен Түркия, Израиль, Германия, Корея сияқты елдерге әлем халқының жартысы барып ем алады. Бағасы қанша қымбат болса да, сол елдерде ота жасатады. Себебі, басқа байлықтың барлығы адам денсаулығының үстінен құралады. Ұлт денсаулығын көтеретін жақсы дәрігерлер көп болса, біздің елімізде де үлкен жақсылықтардың бастауы болады деп ойлаймын. Мүмкіндік болса, әлі де медицина саласын меңгеріп, дәрігер болсам деген арманым бар, – деді ол.

Сұрақ-жауап барысында ақын ұрпақ тәрбиесі, руханият, айтыс өнерінің бүгіні мен ертеңі туралы ой бөлісті.

Ал, ауыр атлетикадан төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин жастарға өмірлік ұстанымдары, жетістікке жету жолындағы қиындықтарды жеңе білу туралы айтты. Спортшы күн сайынғы шағын жеңістер Олимпиаданың алтын медаліне жеткізетінін атап өтті.

– Күн сайын өзіңді жеңе білсең, сол шағын жеңістер ең үлкен арманыңа апарады. Бала күнімде жаттықтырушым айтқан осы ұстанымның ақиқат екеніне көзім жетті. Былтыр үлкен спорттағы карьерамды аяқтасам да, спорт саласында менеджмент мәселесін жан-жақты меңгерудемін. Келешекте бапкерлікке де келуім мүмкін. Оны уақыт көрсете жатады, – деді ол.

«Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры Илья Ильин кешенде жақын күндері коньки алаңы жұмысын жалғастыратынын айтып, жастарды шақырды. Сондай-ақ, қоғамдық қызметтегі жетістіктерімен бөлісті.

– Біз қазір Қазақстан спортшылар одағын құрдық. Оның құрамында 30 Әлем және Олимпиада чемпионы, 2 мыңнан астам спортшы бар. Уақытында допинг дауына қатысты қиын жағдай болған кезде, жалғыз қалғандай болдым. Барыңды тартып алғандай сезінетін, жалғыздың үні шықпайтын сол қиын жағдайда не істесем деп ойладым. Ондай кезде керек кеңесті ата-анаң бере алмайтыны анық. Жақын достарың да нақты шешім ұсына алмайды. Спортшы сондай қиындыққа тап болғанда қайда жүгінеді? Мұндайда спортшының барар жері жоқ екенін түсіндім. Сол кезде ойладым, егер спортшы осындай қиындыққа тап болса, болмаса карьерасын аяқтап, егде жасқа келгенде өмірлік қиын жағдайда қалса, көмек қолын созар әлеуеті бар ұйым керек екен. Себебі ондай жағдайлар өмірде көптеп кездеседі. Кезінде ел намысын қорғап, чемпион атанған спортшылар елеусіз, ескерусіз қиындықтарымен жалғыз қалып қоюы мүмкін. Себебі адам жалғыз, ел үлкен. Сонда осындай одақ құратын жан табылса, мен де қосылып, жұмысын әрі қарай дамытуға үлес қосар едім деп ойлағанмын. Өткен жылы спорттағы карьерамды аяқтадым. «Мұз айдыны» спорт кешеніндегі жұмысымды бастадым. Маған «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Карлығашев хабарласып, одақтың құрметті мүшесі болуды, бірлесіп жұмыс жасауды ұсынды. Қазір екінші жыл еңбек етудеміз. Одақ спорттағы бірқатар маңызды өзгерістерге байланысты заң жобасын әзірлеуде. Бұл өзгерістер Қазақстан спортындағы үлкен бетбұрыстың алғашқы қадамы болып, карьерасын аяқтаған спортшылар өмірін жеңілдетуге ықпал етеді деген сенімдемін. Осылайша өзгелерге пайда тигізетін жұмыстарға араласу арқылы өз өмірімдегі жаңа белестерді бағындыруға рухани күш алып жүрмін десем болады. Сіздерге де соны айтқым келеді. Адам алға ұмтылар жігер мен рухани күшті өзгелерге пайдасын тигізетін істерден алады, – деді ол.

Кездесуді елімізге белгілі жырау, домбырашы, фольклор зерттеуші Алмас Алматов қорытындылады.

– Жыр өнері миллиондаған жол дастан, қисса шығармаларды жазба күйінде емес, ақыл, ес, жад, зерде күйінде өз ойында сақтап, ұрпақтан ұрпаққа беріп отырды. 550-ден астам батырлық жыр-дастан бар екен. Оның әрқайсысы 10 мың жолдан басталып, 100 мың жолға дейін жетеді. Сыр елінің даңқты ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлы аударған Фирдоусидің «Шахнамасының» өзі 40 мың жол. Сол секілді, жақында Ақтөбе қаласында «Едіге» жырын 30 жырау 60 сағат бойы жырладық. Демек, қазақта сөз өнері сөз күйінен жоғары кеңістікке көтеріліп, өміріне айналған. Біз айтып жүрген шешендік өнер, арғы дәуірдегі билердің заманындағы оқиғалар мен сөздердің барлығының өзегі – жыр. Орхон-Енесей жазбаларындағы сына тасқа қашалған Білге қаған мен Күлтегінге арнап жазылған мадақ жыры – жыраулардың бастау өнері, – деді ол.

Сондай-ақ, жырау жастардың «Бүгінгі жыраулық өнердің орны қандай?» деген сауалына жауап берді.

– Түркияның Болу қаласын түріктер «Көрғұлы» қаласы деп, бір ғана «Көрғұлы» эпосына 12 халықаралық симпозиум шақыртты. Ал бізде 550-ден астам эпос бар. Сонда біздің мұрамызды игеруге қаншама ғалым, зерттеуші, таным егелері керек? Әрине, істеліп жатқан жұмыстар бар. Бірақ, санада өзгертуіміз керек нәрселер де бар әлі. Бүгінгі өнер – төрде шенеунік тост айтады, оның тіскебасарына жас жыршыны шақырып алып, босағаға отырғызып терме айтқызады. Содан кейін әрі шығарып жібереді. Оның орны төрде еді ғой? Ал, біз оны босағада ұстап, одан әрі қарай жіберіп, қалдық асты береміз. Сөйтіп өнерді де, өнерпазды да ұшындырып аламыз. Енді қадам басқан өнерпаз содан кейін өнерді тастап кетеді немесе қоғамда орны жоқ екен деген көзқараста қалады. Бүгінге дейін үйге қонақ шақырғанның өзінде, мына жерге жырау отырады деп, төрімізден бір орынды белгілей алмай жүрміз. «Әке, бүгін жырау шақырып едім. Жас бала болса да оттың басына келе жатқан кие ғой, төрге отырсын» деп айта алатын ұл мен қыз тәрбиеленуі керек. Себебі жырау – біз айтып отырған терме, насихат, жыр-дастан деген үлкен кеңістікті халыққа жеткізуші, рухани ағартушы, – деді А.Алматов.

Жаңаша форматта өткен кездесуге келген жоғары және орта оқу орындарының студенттері кеш қонақтарымен пікір алмасты.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз