Рухты рухпен ояту керек

386

0

Оқырман қауымға жақсы таныс, үш жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Мақала мақсат еткен жол ұлт санасының жаңғыруы болатын. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өмірге келді. 2017 жылы сәуір айында Тұңғыш Президент көтерген соны бастамаға Сыр өңірі алғашқылардың бірі болып үн қосып, бағдарлама бойынша тың іс-шараларды қолға алды.

«Сыр бойы» газетінің «Талқы» айдары бойынша сәрсенбі күні бір топ белгілі кісілер дөңгелек үстелге шақырылды.

Келелі әңгімеге облыс­тық «Рухани жаңғыру» ор­та­лығының директоры Уә­лихан Ибраев, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төр­ағасы, ардагер Сәпен Аңсатов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауым­дастырылған про­­фессоры міндетін атқа­рушы Аман Әбәсілов, об­лыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­ма­сының бөлім басшысы Қарлығаш Жүсіпова, «Сыр бойы» газетінің аға тіл­шісі Дүйсенбек Аяшұлы қатысты.

Дөңгелек үстелді газеттің бас редакторы Қуат Шарабидинов жүргізіп отырды.

Жалпы бағдарлама үш кезеңге бағытталған. Әрине, рухани жаңғыру – ұлт өмірімен біте қайнасып жасай беретін ең басты құндылық. Дегенде, оның кезең көрсеткіштері өміршеңдігімен бағалы болмақ. Жоғарыда айтқан 3 кезеңнің алғашқысы 2017-2020 жылдарға арналған еді. Ал, біз осы үш жылдықты еңсеріп отырмыз.

«Рухани жаңғыру: Ал­ғашқы кезең айшықтары қандай?» тақырыбындағы дөң­гелек үстел басында өрбіген әңгіме осындай деректерді алға тартты.

Жүргізуші: Рас. Бағ­дарлама аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бір парасы көне қалалар орнына экспедициялар жасалуда. Қандай жаңа жәдігерлер табылды, рухани қорымызға не қосылды? Атқарылған жұ­мыс­пен бірге алда атқарылуы тиісті қандай міндет бар?

Уәлихан Ибраев: Рухани жаңғыру – белгілі бір топ немесе бір аймақтың ғана жұмысы емес. Бұл – әрқайсымыздың жанымызға жақын жатқан дүние.

Бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен «Рухани жаң­ғыру» орталығы республикада бірінші болып біздің облысымызда ашылды. Басқа өңірлерде де осындай мекемелер бар. Кейбір жерде шағын бөлім болып жұмыс істесе, кейбірі коммуналдық мекеме болып құрылған. Әзірге біздің тәжірибе көп жерде үлгі болып отыр. Рас, жетістіктермен бірге кемшіліктер де бар.

Біз осыған дейін өз мүмкін­ді­гімізше Сыр өңіріндегі қасиетті жерлерді аралап, жинақтап кітап етіп шығардық. Бұл жерде айта кетуіміз керек, ғалым Серікбай Қосановтың еңбегі ерекше.

Қазіргі таңда аталған бағдар­ламалық мақала аясында аудан, қала әкімдіктері, облыстық басқармалар 6 негізгі бағыт және 17 арнайы жобамен жұмыс жасап келеді. Биыл қазан айына дейін 1421 шара өтті. Негізі жыл бойы 2000-ға жуық түрлі бағытта іс-шара өтуі керек. Пандемияға байланыс­ты кейбірі онлайн тәсіліне ауыс­тырылып отыр.

Ал, санамалап айтсақ, 2017 жылы 153 жоба жүзеге асырылып, түрлі деңгейде 2 мыңға жуық шара өткен. 2018 жылы 185 жоба, 2019 жылы 283 жоба бойынша халықтық құндылықтарды насихаттайтын іс-шаралар қамтылған.

Жыл сайын жаңа жобалармен толығып келеміз. Биыл «Дәстүр және ғұрып», «Үнем – қоғам қуаты», «Еңбек – елдің мұраты» және «Құқықтық мәдениет» сияқты жобалар қосылып, жұмыс істелуде. Әрине, мұның барлығымен біздің қызметкерлеріміз айналысады деп айта алмаймыз, аталған тақырыпқа сай аудан, қала әкімдіктері және салалық басқармалармен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз.

Баспасөз және әлеуметтік желі арқылы жұмыстар үнемі көрсетіліп келеді. Рухани жұмыстарды насихаттау мақсатында осы кезге дейін аймақтық басылымдар мен интернет ресурстарға 3243 мақала жарияланған.

Біздің орталықтың осы уақытқа дейін түрлі этнос өкілдерімен жұмыс жасаудағы кемшін кеткен тұстарын мойындауымыз керек. Облыста 6 жарым мыңға жуық түрлі ұлт өкілдері тұрады. Енді бұл олқылықтарды жою бағытында ассамблеямен бірлесіп, түрлі шаралардың жоспары жасалды. Бұл бағытта орталық іске асыратын көп дүние барын баса айтқым келеді.

Жүргізуші: Рахмет. ­Руханият бағытында жүргізіліп жатқан оңды істерге барша жұрт куә. Көпті көрген алдыңғы буынның көзқарасын білсек. Сәпен аға, «Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында қандай мәселелер қамтылмай жүр?

Сәпен Аңсатов: Елбасы ұсын­ған осы бағдарлама бар, одан бөлек «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бар, барлығының да халық үшін өте керекті, жақсы дүние болғаны анық. Жақсы дүние болатыны сол, рухани құлдырап бара жатқанымыз, адами болмысымыздың төмендеуі басты мәселемізге айналып тұрғанда бұл бағдарлама олқылықты толтыруға, қо­ғамды сауықтыруға өзінің қажет екенін көрсете білді. Бірақ, бағдарламаның іске асырылуында әлі де орашолақтық бар.

Жаңғыру деп, киелі орындарды түгендеп, жер қазып кеттік. «Алтын адаммен» мақтанамыз. Жылқыға бас білдіргеніміз тағы бар. Домбырамызды тартып, шулатып, рухани жаңғыра аламыз ба? Мәселеге түп-тамырынан үңілсек керек.

Қазір адамның құлдырап бара жатуына не себеп? Қайтсек, Абайдың «толық адам» іліміне келеміз? Бізде неке тұрақсыздығы, әрбір үшінші отбасының ажырасуы орын алып отыр. Жас қыз балалардың жолбике атануы, нәрестелердің қоқыста табылуы, балаларының қарт әке-шешесін қариялар үйіне тапсыруы – осындай мейірімсіздік қазақ болмысында болып па еді?

Бұл рухани жаңғырудың өзі – баяғы бабаларымыздың ірілігін, кісілігін, сөзге тоқтайтын, ар-ұяттылығын, иман байлығын үлгі ету, ұрпаққа насихаттау. Қазір сөзге тоқтап, үлкен құрметтеу тым аз.

«Рухани жаңғыру» деге­німіз – бабаңның тұнып тұрған өнеге-тәлімін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру. Менің өз ойым, қазіргі жұмыстарға, атқарылып жатқан түрлі жиындар мен шараларға көп қанағаттанбаймын. Біздегі шаралардың қалай өтетіні белгілі. Бұрынғысы бар, қазіргісі де. Әсіресе, мына пандемия деген жалқауларға өте жақсы болды. Онлайн режим дейді. Ел ішінде той, құдайы жолы секілді рәсімдер екі жүз адаммен өтіп жатқанда, карантин талабын сақтап, адам санаған саналы дүниелер өтпей қалып жатыр.

Келесі бір айтатын жайт, біз орталықта отырып ештеңе де шешпейміз. Біз өткізгенмен, шараға келетіндер де ат төбеліндей топ.

Нағыз шараны ауылда өткізу керек. Ел арасында. Бұқаралық сипат алатындай етіп. Мысалы, бір ауылды алар болсақ, соңғы 5 жыл ішінде қанша отбасы ажырасып, қанша қыз қайтып келді? Білеміз бе? Білмейміз. Білсек те, бейқамбыз. Тіпті, жанымыз ашымайды. Кемшілікті көргенде бүкіл ауыл болып тәрбиелеу керек сияқты. Бұрынғының ақсақалдары біреудің келіні кетіп не қызы қайтып келсе, оны сол елдің бас­ты қасіреті деп білген. «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деген мақалдың астарына үңілейік, аталарымыздың екі жастың ажырасуын жау шапқан жаман оқиғаға теңеуі тегін бе? Сондықтан ел ақсақалдары екі жас­ты жарастырып, екі рулы ел арасын ажыратпауға бар күшін салған.

Бір ауылдың іші-сырты жайнап тұрғанмен, онда неше адам ажырасқаны, неше адамның араққа салын­ғаны, есірткіге тәуелдісі, сотқарлары бар ма, ешкімнің шаруасы да жоқ онымен. Ауылдың тәртібіне, рухани құндылығының артуына арналған жұмыс жоқтың қасы. Ал, біз айтып отырған бағдарламаның басты мақсаты да осы.

Жүргізуші: «Қарты бардың қазынасы бар» деген, орынды пікір. Осы ретте біз ескеретін нәрсе, «рухани жаңғырудың» ауқымдылығы.

Енді бізде тіл мәселесі, оның ішінде латын әліпбиіне қатысты шаруалар жайы қалай болып жатыр?

Аман Әбәсілов: Жаңа Сәпен аға айтып өткендей, атқарылуға тиісті, атқарып жатқан тірлікте кемшін тұстар жоқ емес. Бағдарламаның о бастағы идеясы дұрыс бол­ғанымен, осы нәрсені игеріп кетуде аяқ алысымыз шабандау. Әсіресе, латын әліп­биіне қатысты айтсақ.

Бұл үш жыл бұрын көтерілді. Бірақ, әлі сол күйінше. Әңгіме сол латынға өту жайлы ғой. Бірде-бір өзгеріс жоқ. Біз айтып, ғалым­дар мәселе қылып көтер­генмен, пікіріміз іске аспай қалуда.

Облыстағы жиындарда, универ­ситеттегі басқосуларда айтып келеміз бұл мәселені. Екіншіден, «Болашаққа бағ­дар: Рухани жаң­ғыру» бағдарламасында көр­сет­­кендей, Ұлы даланың ойшылдарын насихаттау жұмыстары басталып, ғылыми жобалар жазылуда. Олардың тіл мен қоғамға қатысты ой-пікірлерін жинап, кітап шығару жұмыстары қолға алынбақ. Сонау әл Фарабиден бастап бергі ағартушылардың ұлттық болмыс, адами құндылықтар, тіл мен қоғам арасындағы байланыс жайлы пәлсапаларын жинақтаймыз.

Екінші бір жоба, жаңа орталық басшысы айтып отырғандай, топономикалық жер-су атауларына қатысты болмақ.  Сырдағы атаулардың барлығы тегін емес. Әрқайсысында бір тарихи дерек немесе аңыз бар. Осы нәрсенің барлығы ұмытылып барады.

Тағы бір айта кететін жайт, мектепте де, жоғары білімде де біз сөздің мағынасын ашып қана үйретіп келдік. Тура немесе ауыспалы мағына дегендей. Ал, оның ар жағындағы дүние жайлы ілім жоқ. Мысалы, Ыбырайды «Бай баласы мен жарлы баласы» дейтін әңгімесінде адасқан Асан мен Үсеннің моланы көріп қуанатын жері бар. Былай қарасақ, мола дегеніміз көңілге қорқыныш тудырса керек. Бірақ, Ыбырай әңгімесіндегі балалар сол сәтте қуанады. Өйткені, олар жақын жерде ел бар екенін білді. Бұл «молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады» деген қазақы ұғымды көрсетеді. Сол сияқты, осы жер-су аттарына қатысты немесе танымдық лингвистикаға қатысты көп білім беруіміз қажет. Ғылым да, тіл мамандары бұған дендеп еніп жатыр. Кеңестік кезде ілім-ғылым Еуропадан келді деген түсінік қалыптасты. Білім-ғылымның барлығы Еуропадан шықты деуге мүлде болмайды, өз ағартушыларымызда да, баба тілінде де елге керектінің бәрі керемет көрсетілген.

Дүйсенбек Аяшұлы: Мен киелі жерлер турасында айтылған пікірге өзгешелеу пайыммен қараймын.

Біздің ұлттық рухымыз сол киелі жерлерде жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын ескі Сауранның орнына бардым. Алып батырлар секілді ғасырларлармен егес­ке түсіп, еңсесін жоғары ұстап тұрған қабырғаларды көріп қайран қалдым. Сыны кетпеген қыштардың үстімен жүріп келе жатып табанымнан бойыма қуат тарағандай күй кештім. Біз сондай киелі орындарға жас жеткіншектерді жиі апарып, аралатсақ екен. Олардың кеудесінде ата-бабаларының кө­міліп қалған інжу-маржандарын аршып алуға деген құштарлық тусын. Рухты рухпен ояту керек.

Латын әліпбиі жайлы да екіжақты ойланамын. Біріншіден, біздің төл дыбысымызды жұтып қойған кириллицадан латынға ауысу ұлттық болмысымызға оралудың бір жолы екені анық. Алайда, «көпір үстінде ат ауыстырмайды» дегендей, асығыстық керек емес сияқты. Біздің ұлтымыздың қаншама жау­һарлары мен құн­дылықтары осы кириллицаның тінінде жатыр. Ертеңгі күні көпұлтты елімізде жік-жікке бөліну жағдаяты орын алмас па екен деген де уайым бар. Сондықтан, зиялы қауымның латын әліпбиін үйренуді балабақшадан бастау керек деген пікіріне қосыламын. Сонда бұл үдеріске тұтас бір дәуір ұрпағы келеді. 

Жүргізуші: Кейінгі кезде пандемияға қатысты мәдени шараның барлығы онлайн тәсілге өтті. Көрермен саны шектелді. Сонда да рухани-мәдени шаралар қолдағы бар мүмкіндікті қарастырып, халықтан көз жазған жоқ. Қазір мәдениет саласы әлеуметтік желілер арқылы өте белсенді жұмыстар жүргізіп отыр.

Сәпен Аңсатов: Расында, мәдениет саласының жұмысы көңіл көншітеді. Қашан да қат-қабат жұмыс, қарбалас іс басында жүреді. 2019 жылдың тамызында Өзбекстанда өткен Қызылорда облысының өнер күндеріне қатыстым. Ташкентте Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі қойылды, Науаида өнер шебер­лерінің концерті өтті. Осы кезде де мәдениет өкіл­дерінің өзгеше сипаты көрінді. Айтайын дегенім, Темірбек Жүргеновтің бір өзінің бейнесі арқылы да ұлт ұстыны танылады. Бұл қазақтың барлық болмысын бойына тоқыған Қараның баласы еді, оның өз халқын сүюі, еліне еткен қызметі әрбір жастың рухын қанаттандырып, санасын сәулелендіреді. Осы бағыттағы жұмыстарды да жандандыра түсу ойдан шық­пау керек.

Қарлығыш Жүсіпова: Наурыз айынан бас­талған карантиндік шектеулерге басында көндіге алма­ғанмен, оған қазір біздегі ұйымдастырушылар да төсел­ді. Амал жоқ, өйткені тәртіп бірдей әрі әлем бойынша орын алып жатқан жағдай. Мәдениет саласына қарасты мекемелер де онлайн режимге көшіріліп, спектакльдер, концерт, көрме мен экскурсиялар тұрақты өтуде. Бұл форматқа қазір көрермендеріміздің көзі үйренгендей.

Елбасының «Рухани жаң­ғыру» мақаласы аясында елдің рухани-мәдени танымын көтеру мақсатында «Тау тұлға Тұрмағанбет», «Бабалар тарауы», «Жыр мұра», «Жауһар жыр», «Алдаспан», «Алтын уық» «Сағынышқа айналды бейнең», «Асыл мұра» жобалары тұрақты түрде жүргізілуде.

Кемеңгер Абай ұлағатын насихаттау мақсатында 900-ге жуық шара ұйымдастырылса, Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығына орай 412 мәдени-ағартушылық шара, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына орай облыс кітапханаларында кітап көрмелері мен танымдық шаралар өтті.

Мәдени қызметкерлер теле­арнадағылар сиқты жұмыс істейтін дәрежеге жетті. Қазір 50 адамнан артық емес көрерменмен театрлар, 30 адамнан аспайтын кітапхана мен музейлер жұмысы жүріп тұр. Әрине, маска режимі мен әлеуметтік арақашықтық сақталады.

Жыраулық дәстүр де жалғасын тауып, қобыз үйірмелері ашылып, аудандық әкімдіктерге арнайы штатқа ұсыныс берілді. Қазір маман бар жерлерге ашып та беріп жатырмыз.

Жүргізуші: Бүгінгі басқосуға қатысқандарыңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта да «Талқыда» өзекті тақырыптарды талқылайтын боламыз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз