Шеңбер шырағдан: Кие кеңістігіне сапар

1426

0

Қаратаудың басынан көш келеді

Түркістаннан шығып, Тұрлан асуына беттедік. Қолмен қашап жасаған мүсіншінің туындысындай Қаратаудың табиғаты тіпті керемет. Жаратылыстың сұлулығы мұнда жетіп жатыр. Беткейінің топырағы да басқаша, қоңыр және қызғылт қоңыр түсті, келген адамның көзіне бірден түседі.

Тұрлан – Ащысай арқылы Шолаққорғанға өтетін асу. Таудың етегіне күн еңкейген шақта іліктік. Біз білетін бір аңызда Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығын құрарда Сыр бойындағы Сығанақ, Сауран, Түркістаннан шығып, Тұрлан асуымен асқан. Тұрлан – өте қолайлы, ешқандай қиындық тудырмайтын ежелден келе жатқан, қазірге дейін көлік қатынап жатқан белгілі асу.

Бұл жөнінде академик Әлкей Марғұлан Сырдың бойындағы қалалардан шыққан көштің Тұрланмен асып Шолаққорғанға, одан Қарқаралы жолы Құмкентке қарай бұрылатыны туралы деректер келтіреді. Көш жолы деп аңызда айтылып отырғаны осы біз түскен жол көрінеді.

Көне заманның көзіндей аймақ тіл бітсе, тарихтың талай құпиясын ашар ма еді? Таудың тастарына көз салсаң әрбірі құпияны ішіне бүгіп жатқандай. Әріден әңгіме қозғамай-ақ қоялық, кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде осы жерлерде қиян-кескі соғыстар болған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген сөз содан қалған. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдары да бар емес пе? Отызыншы жылдардағы аштықта да бұл мекен қазақ халқының зұлматтан аман қалуына көп септігін тигізді…

Қызарып батқан күн таудың келбетіне шырай қоса түскендей көрінді. Төңірекке көз салсаң «Қайран, қарт Қаратау…» деп еріксіз күбірлейсің. Теріскейге өтер жол бүгінгі бейбіт заманымыз үшін қилы кезеңдерді бастан өткерген бабаларымыз туралы осындай ойларымызға өзек болды. Біз Құмкент ауылына түн ортасында жеттік…

Ораза тұтқан балықтарды білесіз бе?

Құмкент ауылы жанындағы Жылыбұлақ аталатын жерде есімін түркі жұрты түгел білетін Баба түкті Шашты Әзіз баба кесенесі тұр. Жылыбұлаққа жеткенімізде түн ортасы еді. Бізді күтіп алған Асылхан есімді шырақшы кесене жанындағы зиярат етушілерге арналған қонақ үйге орналастырды.

Таң ата «Жұртымды қорғайтын, елді ел қылатын ер ұлан керек деп, Алланың алдына сұрап талай барған» дейтін әулиеден біз де медет тіледік. Құрбан шалып, құран оқыдық.

Мұнан соң шырақшы қасиетті орын туралы әңгімелеп, сөзін жырдан бастады.

«Жиделі Байсын жерінде,

Қоңырат деген елінде.

Байбөрі деген бай бопты,

Төрт түлігі сай бопты,

Бір перзентке зар бопты.

Сексендегі шал бопты…

Перзент сұрап, садақаға малының басын береді, әулие атаулыны аралайды – ештеңе ала алмайды. «Шеңгел басқан жер екен, мөлдір бұлағы бар екен» деп әйелі екеуі осы жерге түнейді. Ұйықтап жатса, түнде ақсақалды, ақ сәлделі қария келіп аса таяғымен түртіп:

– Ей, пендем, тұр! Біз сендердің құдайы-садақаларыңа риза болдық. Сендерге бір емес, екі перзент сыйлаймыз. Қызыңның атын – Қарлығаш, ұлыңның атын – Алпамыс қоясың. Қылыш шапса өтпейді, отқа салса жанбайды, қалмақтың қас жауы болады. Мен Баба түкті Шашты Әзіз, – дейді.

Сол кезде Байбөрі еңбектеп келіп етігінен сүйіп, теберік деп етігінің шетінен жыртып алады. Баба көзден ғайып болады. Еліне барған соң Алланың құдіретімен бір ұл, бір қыз көреді. Алпамыс батыр болады. Бұл – Алпамыс батыр жыры. Алпамысты осы жерден тілеп алған.

– Бабаның басында он тоғызыншы ғасырға дейін кесене болмаған, – деп әңгімесін жалғады шырақшы. – Шеңгел басқан, жолбарыс мекен еткен тоғайлы жер болған. Бірінші кесенені осы маңдағы халық салған. Өмірде болған адамдар.

Бірде таудан келе жатқан Қасқабай қалпе дейтін азамат, өзі тақуа, жақсы кісі болса керек, жылы бұлаққа келсе, шеңгелдің арасында асасын шаншып, бір ақ сақалды кісі Құран оқып отыр екен. Үндемей, артына отыра кетіп, Құран оқылып болған соң бұл жерде кімнің бейіті бар деп сұрайды. «Е-е-е, бабтардың бабы – Баба түкті Шашты Әзіз әулие бар» деп айтты. «Күнде келіп тұрасыз ба?» «Жоқ, әр жұма келіп тұрамын» дейді. Содан ол кісі үндеместен ауылға келеді де сол кездегі Бостан деген датқаға айтады. Мұны естіген Бостан тез арада үш-төрт жігітті ертіп алып, соңынан еріп барады. Келсе, айтқандай, бағанағы қария кісі отыр екен. Екеуі әңгімеге кіріседі. «Мен Мұхаммед Пайғамбарымызға, одан бергі жағындағы Сейтқожалардың арғы тегі бар, Меккеде соларға Құран бағыштаймын. Сырттағы әулиелер ішінде Баба түкті Шашты Әзізден құдіретті әулие жоқ, осының басына Құран оқып тұрамын» деген екен қария. Орнын көрсете аласыз ба дегенде қария орнынан тұрып, әулиенің басына барып, асасын шаншыды дейді.

– Мына жерді тізеге дейін қазғанда бір белгі, одан әрі белге дейін қазғанда тағы бір белгі шығады. Сол жерден тоқтатып, үстіне кесене саласыңдар, – дейді.

Бостан датқаға еріп келген жігіттер күрек-сайманын алып, дереу қазуға кіріседі. Тізеге дейін қазғанда жұдырықтай шаян шығыпты. Қария «өлтірмеңдер» деп үлгергенше жігіттер қорыққаннан өлтіріп қойыпты. Сол кезде қария басын шайқап:

– Шырақтарым, бекер қылдыңдар. Мұның шапағаты сендерге тимей, алысқа кететін болды. Енді болары болды, ары қарай қаза беріңдер, – депті.

Белге дейін қазғанда құмыра шығыпты. Сол жерден қазуды тоқтатып, Бостан датқа Қарнақтан Айтқожа дейтін ұстаны Кәрім деген баласымен бірге кесене соғуға алдырады. Кесене салынбақ орыннан жарты шақырым жерде жылқы сүтіне батпақ илеп, кірпішін құйыпты. Бүгінде бие сүтіне илеп басылған кірпіштер де, қазғанда шыққан құмыра да кесенеде жәдігер ретінде сақтаулы тұр.

– Сөйтіп бабаның кесенесін қалап бітірген. Бітіргеннен кейін жұма сайын келіп тұратын қария көрінбей кеткен. Өйткені ол бабаның өзі болған дейді. Кейін Қасқабай қалпеге түсінде аян беріп, ризашылығын білдірген екен. Өйткені баба өзі жай тапқан жерде сол кесененің тұрғанын қалаған. Ол кесене Баба түкті Шашты Әзіз басында бір ғасыр тұрған. 1996 жылы ескісін бұзып, орнына Серікжан Сейтжанов есімді азамат өз қаржысына жаңасын салды. Бірақ кесене төбесінен су ағып, құлайтын болған соң, қазіргі кесенені Ергешбек Нұрсадық деген азамат салдырды, – дейді шырақшы.

Баба кесенесінің жанында Сатыбалды Қаратамыр деген кісі жерленген. Ол кішкентайынан екі көзі көрмесе де Құранды жатқа білген, қари болған. Құмкент пен кесене арасына бір өзі жаяу қатынап, баба басында қырық жыл шырақшы болыпты.

– Бабаның кереметі туралы ел аузында сақталған әңгіме бар. Сатыбалды Қаратамыр ашаршылық жылдары күнде осы жерге зиярат етіп келеді. Қайтып үйіне барған соң жеңгесіне кебежені ашыңызшы депті. Ашса, бір жапырақ ет пен бір таба нан шығыпты. Әр келіп қайтқанында бір жапырақ ет пен бір таба нан шығып отырыпты. Осылайша бір әулетті аштықтан аман сақтап қалыпты. Бұл – бабаның кейінгі кереметтерінің бірі. Құмкент ауылындағы мешіт бүгінде Сатыбалды Қаратамыр атында, – деді шырақшы.

Кесененің іргесіндегі бұлақты бабаның кіндік суы деп ырымдап ішеді екен. Сол судан тамағынан ас өтпей ауырған адамдар, іш құрылыс, асқазан, тағы қаншама дертінен айыққандар болыпты. Жанындағы кішкентай көлшіктің мөлдір суында қара балық, көкбас, сазан балықтар бар. Ұстауға, жеуге болмайды. Балықтарға зиярат етушілер де тиіспейді.

Шырақшы биыл сол балықтар отыз күн ораза тұтты дегенде таңғалдық. Балықтар үгітіп нан шашып, тағы басқалай тамақтандыратын зиярат етушілерге күндіз көрінбей қойыпты.

– Бұл да бір – хикмет, қаласақ балықтардың да аузын бекіте аламыз дегеннің нышаны, – дейді шырақшы.

Оның айтуынша, баба көліндегі балықтарға қатысты 2019 жылы да бір тылсым оқиға болған. Арқасында «Алла» деген жазуы бар алтын балық пайда болып, басқа балықтар тобына қосылмай жеті ай жүріпті. Алтын балық одан 57 жыл бұрын Сатыбалды Қаратамыр шырақшы болып тұрған кезде көрінген екен. Бұл да бір – хикмет.

Бабаның аса таяғын сұққанда атқылап шыққан, содан әлі тоқтамаған судан бетін жуып, дертіне шипа іздегендер бұрмада жиналған суға шомылады. Бір қызығы, қысы-жазы тастай суық суға түскеннен ешкім салқын тиіп ауырмайды, тоңбайды.

Бұл киелі орынға жамағат көбіне бала сұрап келеді. Көне жыр-дастандарға құлақ түрсек, Алпамыс, Қобыланды, Шора батырларды, Ер Едігені осы Баба түкті Шашты Әзіз басына түнеп, Алладан сұрап алған. Құрсақ көтере алмай, балаға зар болып жүргендер осы кесенеде тағзым етіп, тілегін Тәңір қабыл еткен жайттар да аз емес.

– Баба түкті Шашты Әзіз халық ұғымында сахи әулие. Себебі перзентті, несібені беретін әулие. Өзімнің осы жерге шырақшы болғаныма екі жарым жылдай болды. Сол уақыт ішінде екі жүзден аса отбасы осы жерден тілеп алған ұлдарын, қыздарын әкеліп, садақасын бергенін көрдім. Жылдар бойы перзент сүйе алмай жүріп, осы жерге зиярат еткен соң балалы болдым дейтіндер көп, – дейді шырақшы Асылхан ағамыз.

Жалпы, баба туралы дерек отыздан астам жырда, эпоста кездеседі екен. Жауырыны жер иіскеп көрмеген күш атасы Қажымұқан додаға түскенде: «Уа, аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр!» – деп сыйынған. Ертеде қазақтың ерлері аруаққа сыйынбай сайысқа түспеген. Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға Едігені таныстырғанда: «Оның арғы бабасын мен айтсам, Шашты Әзіз деген нарт еді, Қағбада қырық жыл патшалық құрған қарт еді» дейтіні бар. Алтын Ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған. Әр жорыққа аттанар алдында осы Жылыбұлаққа келіп тәу етіп, суынан ішіп кетеді екен.

Сондай-ақ тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) жетінші ұрпағы, құл Қожа Ахмет Ясауидің түп атасы, дала түріктеріне ислам дінін тұңғыш уағыздаушы Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес серігі ретінде айтылады. Біздің сапарымыздың келесі бағыты Жартытөбе елді мекенінің іргесіндегі Ысқақ баб кесенесіне бұрылды.

Әзірет Сұлтан кесенесінің түпнұсқасы

Тарихи жазбаларда Ысқақ баб VІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүргені көрсетіледі. Сол кездегі дала түріктерінің ең соңғы шекарасы саналатын Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының маңына қоныс теуіп, тұрақтап қалған. Сол жерде мешіт, медресе салып, бала оқытып, жергілікті халықты исламға уағыздаған. Ысқақ баб қайтыс болған соң басына кесене тұрғызылып, ел арасында осы бір киелі жер Бабата елді мекені деп аталып кеткен.

Мұндағы мемориалды кешеннің аумағы 30 гектар. Ал кесененің биіктігі 14 метр, ғимараттың жалпы аумағы 350 шаршы метрді алып тұр. Міне, осы ғажайып кесене – Ысқақ бабтың он үшінші ұрпағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің түпнұсқасы. Әйгілі Әмір Темір Әзірет Сұлтанға кесене салдырарда Ысқақ баб кесенесін көріп, дәл сондай кесене тұрғызуды, тек көлемін бес есе үлкен қылып салуды бұйырған екен. Шынында да, кесене Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шағын көшірмесін көз алдыңызға әкеледі.

Алыстан көз тартатын еңселі кесене үш бөліктен тұрады екен. Төріндегі сағанада – бабтың қабірі орналасыпты. Қасында әйелі мен баласы жерленген.

2002 жылдан бері кесененің шырақшысы болып келетін Әнуар Ахметов өткен-кеткендерге киелі жердің аңыз-әфсанасын әңгімелеуден жалыққан емес.

– Аталарымыз осы жерде шырақшы болған. Қуғын-сүргін жылдары кесене қиратыла жаздаған, – дейді Әнуар ақсақал.

Киелі мекеннің аумағында ХІІ-ХІІІ ғасырда Баладыж дейтін қалашық болған. Содан бастап 4-5 ғасыр бойына өркениет пен сауда-саттықтың ордасы саналған. Ысқақ баб бұл маңға VІІІ ғасырда келіп, ІХ ғасырда дүниеден озған. Осы Баладыж қалашығының алдына қойылған. Қала атауы бабтардың атасы деген мағына берсе керек. Жанында 24 құжыралы медресе ғимараты бар. Бұрынырақ мешіт те болыпты.

Кеңес үкіметі тұсында аудандық партия кеңесінің ғимаратын салу үшін әуелі мешітті бұзып, кірпіштерін алған екен. Кесенеге барар жолда ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген, жергілікті халық әулие деп тәу ететін Жәкел датқа мазары бар. Оны да советтер бұза бастапты. Мазардың құбыла жақ бетінің қабырғасы ғана қалғанда ауыл ақсақалдары жиналып, тоқтау салса керек.

– Ауыл үлкендері кесене мен оның жанындағы төрт жүз шәкіртке лайықталған медресе ғимаратын сақтап қалу үшін: «Жеркепеде отырған жұртқа медресенің 24 құжырасын 24 үй қылып берейік. Үлкен бөлмесін дүкен қылайық. Кесененің өзін қойма қылайық, ішіне бидай төгейік» депті. Кесенені аман сақтаудың амалын ақсақалдар осылай тауыпты, – дейді Әнуар Ахметов.

Оның айтуынша, Ысқақ баб – әлемге ислам нұрын шашқан Мұхаммед пайғамбардың жетінші ұрпағы, Хазреті Әлиден тараған. Екі ағайынды, бірі – Ысқақ баб, екіншісі – Әбдіжәлел баб, халық Хорасан ата атайтын әулие Қызылорда облысының Жаңақорған жерінде.

Ғайып ерен, қырық шілтен шылауыңда болсын

Әрбір тасын қозғасаңыз тарихтан сыр шертетін оңтүстік өңірінде қасиетті орындар, әулиелі мекендер көп кездеседі. Солардың тағы бірі – «Ғайып ерен, қырық шілтен» жайлы аңыз.

Қазығұрт тауын бетке алатын тегіс жол қасиетті мекеннің қақпасына дейін жеткізеді екен. Жартасқа келгендер жоғарыға шықпас бұрын дәрет алады. Бізді күтіп алған белгі қызметшісі Махмуд Нақыпбаев фото мен видеоға түсіруге болмайды деп ескерту жасады. Белгіге барар жолда әуелі «босаға» бар. Қақпа тәріздес екі тас ортасынан оң аяқпен аттау қажет.

– Аталарымыз «Ғайып ерен, қырық шілтен шылауыңда болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын» деп бата беріп жатады. Бұл соның босағасы. Ішіндегі – тылсым дүние. Мұнда сүйек жоқ, мұнда бары – белгі ғана. Белгілерінің ең үлкені – Адам ата мен Хауа ана белгісі. Бұл мекен – сіз бен біздің рухани түбіміз, рухани матрицамыз. Бұл – аңыз, ақиқатын біле алмаймыз. Бірақ атам заманнан бабаларымыз осында келіп, жақсылыққа ниет етіп, Аллаға жақындау үшін амалдар жасаған. Сондықтан, біз аңыздың түбінде шындық барына сенеміз, – деп түсіндіреді белгі қызметшісі.

Жоғарыға көтерілер жолда тұт ағашы бар. Бұл молшылықты білдіреді. Одан жоғары өрлесең, биіктігі он метрге жуық, ұзындығы жиырма метрдей, бір-біріне «сүйеніп», бастары шығысқа қарай ұйысып жатқан екі алып тасты көруге болады. Бұл – Адам ата мен Хауа ана деп аталатын белгі. Ата Ананы қорғап тұр. Тастағы мың сан тесіктер Ананы оттан, судан қорғаған Атаның шұрқ тесік шапанын білдіреді. Ал Ана – үй үшін жаралған, от басы, ошақ қасына байланған. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген, қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл – «Төрт құбыла түгел, төрт түлігіміз сай болсын» деп Тәңірден тілек тілейтін жер. Ананың шарасы, нәрестесі, сүті, қамыр белгілері, бәрі де – киелі орынның қасиетін арттырып тұр.

– Мұнда қырық белгі бар. Біріншісі – босаға, екіншісі – жеміс ата, одан әрі Адам ата, Хауа ана, Ойсылқара, Қамбар ата, жайнамаз белгісі, күш атасы, ілім жолы, білім жолы, өнер жолы, міне, осылай қырыққа бөлінеді. Сіздерге қажеті деп жиырмасын ғана айтамын. Себебі, сіз бен біз соған ғана дайынбыз. Қалғанының бәрін көрсетуге, айтуға болады. Бірақ өз уақытында, сәті келгенде ғана. Көп адам қызық үшін келеді. Дұрысы – жақсылыққа ниет етіп келу, – дейді Махмуд Нақыпбаев.

Ниет етіп келгендер екі алып жартастың арасынан өтуге құмартады. Ол үшін тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту керек. Шырақшы екі тастың арасынан келген жұрт жолым ашылсын деген тілекпен өтетінін айтты.

– Адам бойындағы көзге көрінбейтін теріс энергияны қос жартас арасынан өткенде ғайып дүние сыпырып алып қалады да, өткен адам жаңа қуат алып шығады. Негізі өту шарт емес. Өтем деп ниет етіп, өте алмай қалсаңыз, кешірім сұрап дұға етесіз, садақасын атап кейін қайтасыз. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Әулие жайлы халық арасында: «Жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан адамдар өтеді екен. Күнәсі қыруар пенде тас арасында қысылып қалып, күнәсі аздар өтіп кетеді екен» деген наным бар. Бірақ оның барлығын әркім өзі шешеді. Ал, Ата мен Ана арасынан өте алмағандар немесе өтуге жүрексінгендер Атадан «Желеп-жебей көріңіз!» деп тілек айтып бауырынан өтеді, – дейді ол.

Дәл жанына келгенде айрықша айбынды көрінетін қос жартас арасынан біз де өтуге бекіндік. Шырақшы Атаның бас жағына келгенде бес саусақтың орны қалған таңбаны нұсқады.

Бес саусақ орнына саусақтарымызды тигізіп, ишарат еттік. Әйел баласы бұл белгіге тек иіліп сәлем жасайды екен. Осы тілектен соң, жартастың Ана бетіне өтеді. Ана бетінде нәресте, ана сүтінің белгілері бар екен. Келгендер оларға тәу етеді. Бұл белгілер әйел баласының не нәрсеге ие болуы керектігін аңғартады. Ата мен Ананың орта шенінде ошағы бар, «Ошақта ғарыш белгісі бар» деседі. Және Ана тастың бетінде жас нәресте қолының, аяғының іздері бар.

Осыдан кейін қос жартастан жоғары көтеріліп, Құран оқитын жайға бардық. Барлық ата-бабаларға, өлі аруақтарға құран бағыштадық. Содан кейін Адам ата мен Хауа ана жартасына қарай қайта төмен түстік.

Ені әрі кетсе 25 сантиметрдей болатын қос тас арасындағы саңылауға кезек-кезек бет алдық. Өтерде шырақшы «Адам тіршілігінің барлығы амал-айладан тұрады ғой, жолым ашылсын деп тіле де, амалын жасап өт» деді. Тастың арасындағы тар өткел әр адым сайын тарылғандай екен. Оған қоса кей жерінде кеуде тұсыңды, кей жерде иығыңды қысып қалғандай болады. Тағы бір аттасаң, төменгі тар қуыстың біріне аяғың қыстырылып қалады. Өзіңмен алысып, ентігіп бір тоқтап аласың. Ондайда алда келе жатқан, дене бітімі өзіңнен ірі адам емін-еркін алға жылжып бара жатқандай көрінеді. Дегенмен, арғы бетке өткен соң барлық қиындықты еңсергендей жеңілдік сезініп, өзгеше күйге түсесің.

Тылсымға толы мекендегі әр тастың келбетіне тән атауы бар. Соның бірі – осы киелі жерді қасиетті Қазығұрт тауымен байланыстыратын кеменің тас белгісі.

– Қырық белгінің бірі – кеме. Топан су кездерінде адамдар кемеде жан сақтаған. Соның бір мысалы, Нұх пайғамбарымыз топан су кезінде Қазығұрт тауына келіп кемесі тоқтаған жері белгілі. Ол да осындай қасиетті белгілердің тартылу күшімен осы маңға тоқтап отыр. Бұл – ата-бабаларымыз айтып өткен әңгіме. Кеме Қазығұрттың басында қалған, мұнда тұрған тас сол кеменің Алладан түскен белгісі, – дейді Махмуд Нақыпбаев.

Мұнда келушілер көңілінде жүрген тілектерін іштей айтып, тілін кәлимаға келтіріп, үш түрлі қасиетке ие, тыныс жолдарына таптырмас ем саналатын үш бұлақ суынан дәм татады. Сол судан қанып ішіп, қала берді құйып та алады.

Ғайып ерен, қырық шілтен ұғымы туралы халқымызда көнеден келе жатқан «Ғайып ерен, Қырық шілтен, Назарыңды салып өт. Тар жол тайғақ кешуде, Жәрдемдесіп алып өт» деген сөз бар. Сондықтан болар, көбіне жұртшылық бұл қасиетті жерге тәу ету арқылы Жаратушы Алладан медет тілеп келеді. Бұл жердің басқа әулиелерден айырмашылығы да сонда болса керек. Ғайып ерен, қырық шілтенде Адам ата мен Хауа ананың тасы бар деп айтылады. Немесе сол жерді әулиелердің жиналған орны, ғайыптан пайда болып сол жерде жиналып, халықты демеп жүретін қасиетке ие деген наным бар. Не десек те, бұл жер әлемнің алғашқы жаратылысы ретінде қарастырылады.

Міне, серіктестік тарапынан ұйымдастырылған үш күндік сапар барысында біз қасиетті жерлердің осындай тылсым сырына қанықтық. Әрине, көрген-білгеннің бәрін бір мақала ауанына сыйдыру мүмкін емес. Ең бастысы – Елбасы көтерген рухани жаңғыру мақсатына үн қосу негізгі міндетіміз. «Сыр медиа» ЖШС бұл бағытта әлі де жаңа бастамаларды жүзеге асыра беретін болады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

(Соңы. Басы газеттің өткен нөмірінде)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<