Шежіре кеуде

1167

0

Осы шығарманы жазарда көп ойландым. Бейнебір проблемалық мақала жазатындай. Проблемалық демекші, аздап мәселе болғаны да рас. Ол – туындының алтын арқауына айналатын басты кейіпкерімнің өзі жайлы қалам тербеуіме келіспегендігі. Рұқсатын алайын деп ол кісіні майда сөзбен былай да былай айналдырып көрдім. Алдында телефонмен тілдескеніміздегі ықтияр әңгіме бойынша сөмкемнен қалам, қағазымды шығара беріп едім:

– Оларыңды салып қой! – деді қоңырқай жүзіне жылы шуақ үйіріп.

– Неге?

– Сол. Түнімен ойландым. Сосын жазудың ешқандай қажеті жоқ. Газетке шығатындай мен не тындырдым? Нені қарық қылдым? Рыстыдай, (ақын Р.Бекбергенованы айтқаны) өздеріңдей журналист емеспін. Сондықтан қажеті жоқ деп шештім.

– О-о-ой, апай, қызық екенсіз. Мәселе журналист болуда емес қой. Әркім өз ісіне қарай еңбегін сіңіреді. Сіз газет үшін аз тер төккен жоқсыз. Және анау-мынау емес, отыз жылдай жұмыс жасаған шығарсыз?

– Жасауын жасадық. Бірақ негізгі күш журналистердікі ғой.

– Ал сіздер сол журналистер жақсы жүріп, жақсы жұмыс істеуі үшін қызмет еттіңіздер. Менің жазғым келгені жалғыз оған байланысты емес.

– Болды, әй, қыз, болды! Сал анау қағазыңды!

Бұйрық райда айтылған сөзден кейін дайындап келген сұрақтары бар қағаз бен рөшке «қарасын батырды».

Сөйтіп «жарайды, жазбасам жазбай-ақ қояйын» деп ойладым. Бірақ… бірақ апайдың өзі айтқандай, мен жорналшы емеспін бе?! Жаратушы біздің қолымызға қалам берді. Сол қасиетті қаламмен жаманды, жамандықты емес, жақсыны, ізгілікті жазсын деді. Ал сондай жақсылардың бірі – сөзі мен ісі, адами қасиеті, азаматтығы, аңқылдаған ақ көңілі мен даладай дархан пейілі және ең бастысы – қазынаға толы көмбе іспетті шежіре кеудесі қалам ұшына үйіріліп тұрған жанды неге жазбасқа?! Мұнымен қоса ол жақсы адам жорналшының ойынан шықпай қойса, нақтырақ айтқанда, ол кісінің қазақтың арғы-бергі ақын-жырауларының өлеңдері мен шешендік сөздерді, ғибратты әңгімелерді көп білетіндігі таңғалдырса. Тың туындыға неге тиек етпеске?!

Сонымен естігенін, оқығанын ұмытпайтын зердесінің мықтылығымен, өлең-жырларды жаттағыштығымен, тауып айтқыштығымен «тілші қызды» тәнті еткен кім дейсіз ғой. Айтайық. Ол – біз үшін алтыннан да ардақты және жәй ғана алтын емес, саф алтын сынды – Алтын апа Рысдәулетқызы. Осы жерде түсіндіре кететін нәрсе – «біз» деп отырғаным, бұл – бүгіндері «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Сәрсенкүл Бихожа екеуміз.

Иә, біз – Алтын апай, Сәрсенкүл, мен және басқа да журналистер мен қызметшілер сонау бір сексенінші, тоқсаныншы жылдары облыстың ата басылымы – «Ленин жолы» газетінде (қазіргі «Сыр бойы» газеті) бірге жұмыс істедік. Қиындығы мен қызығы қатар өрілген, өміріміздің ең бір жарқын кезеңі болған сол жылдарды еске алсам болды, ойыма алғашқылардың бірі боп Алтын апай оралады. Сосын… сосын апайдың айтқан сан алуан әңгімелері жадымда жаңғырады. Негізі ол кісіні өзгелерден ерекшелейтін ең бірінші қасиеті – сөзге ұсталығы. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, бізді апайға жақын еткен де осы сөз өнері болуы керек.

Ол кезде Сәрсен де, мен де жаспыз. Өмірден көрген, білгеніміз аз. Еңбек жолымызды бастағанымызға да көп болмаған. Ал менің бұл ұжымға аудандық газеттен ауысып, жаңадан келген кезім. Редакцияның тыныс-тіршілігімен, жұмыстас кісілермен етене таныстығым, тығыз қарым-қатысым жоқ. Міне осындай жел өтінде қалтыраған жауторғайдай жатырқау хал кешкен кезімде өзіне жақын тартып, қамқор қанатының астына алып, ақыл-кеңесін аямаған жан – осы Алтын апай болды.

– Сендер обкомға, көптеген мекемелерге, үлкен-үлкен жиналыстарға барасыңдар, сондықтан лайықты киініп, үсті-бастарыңды, шаштарыңды реттеп ұқыпты болып жүріңдер. Редакцияға келген кісілермен жөндеп сөйлесіп, мүмкіндігі болса жұмыстарын бітіріп, риза қылып жіберіңдер, – дейді.

Иә, апай біздің жақсы адам, жақсы маман болуымызды қалады. Дұрыс қалыптасуымызға, өмірден өз орнымызды табуымызға тілекші болды. Содан да өзінің тіршілік тәжірибесінен, көкейге түйгенінен керекті дегендерін айтудан еш жалықпады. Сондай-ақ жұмысымызға байланысты бізге үлгі-өнеге болсын деп аға журналистер мен олардың еңбектері турасында сөз қозғауды ұмытпайтын.

Аға журналистер демекші, осы орайда сол алдыңғы буынның арасынан Сәрсен екеумізге де оң көзімен қарап, оң көзі ғана емес, ыстық ықылас-пейілімен қарап, әлі бір ізге түсе қоймаған жазу-сызуымызға жәрдемдесіп, айрықша қолдау көрсеткен Шәкизат Дәрмағамбетов ағайдың атын атамай кету мүмкін емес.

Міне, біз осылайша Алтын апайға қарай магнитше тартылдық. «Жақсыға адам үйір» демей ме?! Қолымыз қалт етсе болды үйіріліп қасынан шықпаймыз. Ол кісі сондайда ескіден қалған есті сөздерді, ғибраты мол әңгімелерді айтады. Сонымен қатар өмір туралы, зулап өтер уақыт туралы, жақсылық пен жамандық, адалдық пен харамдық хақында «Базар жырау былай депті, Шораяқтың Омары былай деген, Кете Жүсіптің мынандай сөзі бар, Тұрмағамбет осылай айтқан» – деп Сыр шайырларының жырларын жатқа соғар еді. Біз болсақ аузымыз ашылып, апайға таңырқай қарап, бейнебір жыр жинаушыны, шежірешіні тыңдағандай ерекше күй кешеміз.

Осындай сәттері «Егер мына кісінің жоғары филологиялық білімі болып, сол саладағы тиісті мамандардан, профессорлардан дәріс алғанда, бұл кезде бәлкім белгілі фольклортанушы ғалым болар ма еді?!» деп ойлаймын. Жоғары білімге байланысты ойым жалғыз бұл емес. Мен әдебиет, мәдениет, өнер, білім, спорт салаларын қамтитын «Мәдениет» бөлімінде болдым. Алтын апай кейде мақала жазып әкеледі. Құдайдың құдіреті, сізге өтірік, маған шын, мақалаға қалам тигізбеуге болады! Айтар ойы анық, бастауы бар, шарықтау шегі мен қорытындысы бар, бас-аяғы бүтін, жұп-жұмыр дүние. Ал мұның жанында әріптестерден келген хаттарды қорытып, күзеп-түзеп, кейбіреуін қайта жазып әуреге түсетінімізді қалай түсінуге болады, не деп ақтаймыз? Хош, сонан армандаймын: «Шіркін, апай журналистика факультетін ең болмаса сырттай бітіріп, кәсіби мамандықтың мәйегінен демей-ақ қояйық, әліппесінен сусындағанда, ендігі есімі елге әйгілі жорналшы атанар еді».

Бұл менің апамыздың бойындағы бұлқынған талантқа, екінің біріне бұйыра бермейтін қабілетке таңғалып, риза болғандағы ойларым ғой…

– О, ит кәрілік-ай, ит кәрілік! – дейді апай терезеден сыртқа қарап тұрып. – Қарашы ананың қисаңдап кетіп бара жатқанын. Тіпті өзі имиіп қалыпты. О-о-ой, кезінде қандай адам еді. Мынандай-тұғын, мынандай! – деп бас бармағын жоғары көтеріп көрсетеді. Содан мен әлгі айтқан кісіге қараймын да:

– Неге олай дейсіз, кәдімгідей кетіп бара жатыр ғой, айтатын ештеңесі де жоқ, – деймін түк түсінбей.

– О-о-ой, сен оның жас кезін көрмедің ғой…

Мен сонда да жарытып ештеңе түсінбеймін.

Ол кезде газетте зейнет жасынан асқандарына көп уақыт болған кісілер жұмыс істей береді. Солардың кейбірі жөнінде де:

– Мына кісі қандай сұлу еді. Қандай кербез, паң, еңселі еді. Енді қарашы, бұл да қартайыпты. Е-е-е, ит кәрілік деген осы, – деп тық-тық еткізіп таңдайын қағады.

Мен айран-асыр болам. Өйткені маған әлгі адамдар дәл сондай, дәл сол өзім көріп жүрген кездегідей ғана болған сияқты. Апайдың «мынандай еді, ажарлы еді» дегенін ешқандай елестете алмаймын.

Ал қазір… ал қазір бәрі түсінікті… Кәрілік деген шыннан да ит екен. Ит болғанда да дәу ит. Төбет екен!

Бұл әңгімелерді, әрине, ол кісі бекерден-бекер айтқан жоқ. Сабақ болсын, уақыттың, жастықтың, денсаулықтың қадір-қасиетін білсін, бағаласын деп айтты.

Алтын апай бізге туған апамыздай, ақылшы ұстазымыздай, сырлас досымыздай болды. Сонан да бір-бірімізбен етжақындай араласып, небір қызықты, қуанышты, ренішті сәттерді бірге бөлісіп, бірге өткіздік. Осы ретте мына бір қызықты оқиға есімнен кетпейді.

Бірде кезекті еңбек демалысында апамыз Оңтүстік жақтағы бір шипажайға баратын болды. «Жақсы демалып қайтыңыз» – деп айтайық әрі ырымын жасап, жолға деп қаражатымызды берейік деп төрт-бес қыз үйіне соқтық. Ешқандай ескертусіз барғанымызға қарамастан қуана қарсы алып, дереу дастархан жайды. Апайды көрмегелі бір жетіге жетпейтін ғана уақыт болса да қатты сағыныппыз. Ол кісі де солай сияқты. Содан ал кеп әңгіме тиегін ағытайық. Ішімізге біраз «информация» жиналып қалыпты. Шай да кетіп жатыр, сөз де түйдек-түйдегімен, күлкіміз де жарқын-жарқын. Апай отырған орта мысал әңгімесіз, ғибрат өлеңсіз, жеңіл юморсыз, орайлы әзіл-қалжыңсыз болушы ма еді? Аз күнде апа-досымыздың сөзіне сусап қалған екенбіз, қайнар бұлаққа кезіккендей мейіріміміз қанды. Сөйтіп сол әдемі әсермен, сыңғыр-сыңғыр күлкімен мәз боп кете береппіз. Жұмысқа келгесін бір-ақ білдік. Жолына береміз деген ақша қалтамызда тұр. «Ой-бүу, ұят болды ау» деп ертеңіне және барып, әңгімемізді одан әрі жалғастырып, апайдың тағы бір шайын ішіп қайттық.

Осындай қызықты да көңілді, жарасымды да жарқын күндер өтіп жатты. Редакция табалдырығын жап-жас келіншек кезінде аттап, еден жуушы, курьер, корректорлық бөлімде тыңдаушы, хат тіркеуші, хатшы-машинистка, кітапханашы сынды сан түрлі жұмыстарды абыроймен атқарған, бір сөзбен айтқанда, мекеменің отымен кіріп, күлімен шыққан көпбалалы ана – Алтын апамыз бір күні зейнет демалысына шықты.

Басқаларды білмедім, ал біз үшін редакцияның іші қаңырап бос қалғандай, бар қызық сол кісімен бірге кеткендей болды. Көптің ішінде біразға дейін дейін жалғызсырап жүрдік.

* * *

Айлар ағып, жылдар жылжыды. Бүгінде мен де зейнет демалысындамын. Жақсысы – Алтын апаймен арақатысымыз үзілген жоқ. Қуанарлығы – сексен деген сеңгірді бағындырған апамыз бұл биікке шаршамай, шалдықпай шықты. Тек әттең… әттең тұңғышы, тұла бойы тұңғышы Базарбайы қасынан кетпегенде, келместің кемесіне мінбегенде мұнан да мықты болар еді. Өзі айтатын «итке» сәл де болса сыр алдырмас еді. «Ауырлықты көтере алатын нарға берем» деген ғой. Апай нар екенін танытты. Қалған ұл-қыздары мен немере-шөберелерін дәтке қуат қылды.

Қайратты еді түр-тұлғам,

Кеудеме терең сыр тұнған,

Мың мәрте шүкір Аллаға,

Жүрегіме менің мұң тұнған, – деп жазды жан-жарасын өлеңмен емдеп.

Байқаймын, әзиз ананың жады сол қалпында жаңғырып тұр. Сана-сандығындағы жауһар қазынасы бұрынғыдан да толыса түспесе, ортаймаған. Өткенде бір әңгімелесіп отырғанымызда:

Бала боп қызық көрмеген,

Баладан қызық көрмеген,

Байдан да қызық көрмеген,

Қайдан да қызық көрмеген,

Бір пенде өтті дүниеден, – деп Қадыр Мырза Әлидің анасының бейітіндегі көктасқа ойып жазған жырын оқи жөнелді.

– Мұны қайдан білесіз? – деп таңғала сұрадым.

– «Егемен Қазақстан» газеті 8 наурызға байланысты бір топ ақынның аналарына арналған өлеңдерін беріпті. Содан жаттап алғаным ғой.

– Жарайсыз, апай. Ал мен бұл шумақты Оралда өткен Қадыр ақынға байланысты шараға барып қайтқан азамат Сәпен Аңсатовтың мақаласынан оқып, есіме сақтадым.

Бұдан әрі қарай осы өлең жайлы ой-пікірімізбен бөлістік. Сонан соң апай өзіміздің Әскербек Рахымбекұлының өмірден озар алдында жазған жан тебірентерлік жырын оқыды.

Иә, біз ылғи да бірге жұмыс істеген, қазір ортамызда жоқ қаламгерлерді еске алып, олардың соңында қалған мол мұрасы – шығармаларын, жақсы істерін сөз етеміз. Сосынғы кезекте әңгімеміз өмір, уақыт, әдебиет, мәдениет, бай тарихымыз турасында өрбиді. Апай дуалы ауыз дала даналарының айтып кеткендерінен қозғаса, мен Тәңір дарытқан талант-қабілеттерімен, көріпкелдігімен қайран қалдыратын ғажайып жандар, қайталанбас құбылыстар жөнінде сыр шертемін. Бұл ретте Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Замана болжауына» тоқталмасқа әддің жоқ.

Мың тоғыз жүз, міне, отыз бірінші жыл,

Жылқы кетіп, қой келді, мұны ырым қыл,

Қойдан қоңыр заманды бір көрмексің,

«Қой анасы – бестен» деп бусайшы бел!..

– Қалай дәл болжаған, ә? – деймін апама қарап. – Қой жылы бес рет қайталанады, демек бес мүшел өтеді. Ал 12 санын беске көбейтсеңіз – 60. Сонда Мәшһүр Жүсіп енді 60 жылдан кейін Кеңес өкіметінің «жаназасы шығарылып», қазақ елінде Тәуелсіздіктің таңы ататынын тайға таңба басқандай тәпсірлеп кеткен.

– Ойпырым-ай, ә! Бұл нағыз ғажап қой. Көріпкелдік, көріпкелдік, әулиелік, – дейді апай да таңғалысын жасыра алмай.

Біздің қайран қала отырып тілге тиек ететін тағы бір мәселеміз – адам зердесінің мықтылығы. Бұл жерде енді Жамбыл Жабаевқа тоқталмай тұра алмайсың. Мен жыр алыбы жадының беріктігі сонша, ол қазақтың барлық эпосын, өзіне дейінгі ақындар айтысын түгел жатқа білгенін, миында миллион жол өлең сақтаулы болғанын шабыттана айтып беремін. Апай қызыға, ынталана тыңдайды. Ал жақсы тыңдаушың болса және өзің білетін, сүйсінетін саланы сөз етсең жуық арада қоя қоясың ба? Қоймайсың, әрине. Мен енді Жамбылдың 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіндегі қызықтарына ойысам. Бір ғана ақын емес, жалпы осы тарихи шара жайлы біраз көсілем. Өйткені бұл менің ең бір тәуір көретін, қызығатын, іздеп, зерттеп жүретін тақырыбым. Айта кетерлігі – студент кезімде осы тұңғыш декадаға қатысқан әдебиет пен өнердің бір топ қайраткерлерімен кездесіп, әңгімелеріне қаныққанбыз. Олар – ақиық ақын Әбділда Тәжібаев, әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев, қазақтың кәсіби би өнерінің негізін қалаушы, би падишасы Шара Жиенқұлова, атақты «Айгөлек» әнімен бірнеше буын балалар мен жастардың жүрегін жаулаған көрнекті композитор Бақытжан Байқадамов, Жамбыл Жабаевтың көмекшісі болып, тоқтаусыз төгілтіп айтқан жырлары мен уәлі сөздерін қағазға түсірген қаламгер Қасым Тоғызақов. Ал осынау айтулы тұлғалар туралы өрелі ойларыңды өнер сүйген, өлең сүйген адаммен неге бөліспеске?!

Міне осылай, Алтын апамыз екеуміздің әр жүздесуіміз кішігірім әдеби кеш секілді болады. Үйде емес, далада, дария жағалауында, көбіне жасыл желегі жайқалған саябақта, яғни табиғат аясында өтетін сол кештерден санамыз сәулеленіп, жүрегіміз байып, жанымыз рахаттанады.

Айтпақшы ұмытып барады екенмін, алдыңғы жылы «Тұнжыр» деп аталатын жаңа кітабыма қолтаңба жазып сыйлағанмын. Апай көп уақыт өтпей-ақ оқушы дәптерінің бес-алты парағын толтырып жинақ туралы өз ой-пікірін жазып берді. Оған сол сәтте ғана көз жүгіртіп қоя салған жоқпын, қазір де арасында қайталап оқимын. Оқыған сайын осы бір зердесі ерек, болмысы бөлек жанға деген ризашылығым күшейіп, құрметім арта түседі.

Несібелі РАХМЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<