Сыр басылымының сенсациялары

614

0

Осыдан елу төрт жыл бұрын, яғни 1965 жылы еліктеушілік пе, әлде басқа себебі болды ма, алғаш қолыма қалам алып, облыстық «Ленин жолы» газетіне  өзім оқи­тын ВЛКСМ-ның ХХХ жылдығы атын­дағы №20 Бөген орта мектебінен  жазған шағын хабарым архивімде алғашқы тырнақалды туындым боп сақталыпты. Ауыл мектебінің алтыншы класында жүріп жазған сол титімдей ғана хабарымда мектеп қабырғасында ай сайын шығып тұратын «Лениншіл ұлан» атты қабырға газетінің тартымдылығы мен  мектеп оқушылары арасында спорт жарысының қызғылықты өткені туралы айтылған екен. Орта мектепті бітірген соң ауылдағы Бөген балық аулау базасында жұмысшы болып еңбек етіп жүргенімде жазылған мақалаларымда балық заводы мен шалқар теңіз үстіндегі «Калининград», «Тоқтаров», «Жигули» кемелері, алып баржалардағы балықшылармен қоян-қолтық араласып еңбек ете жүріп жазған мақалаларым көзіме оттай басылып, көз алдыма талай оқиғаларды елестетеді.

Содан бері түрлі жанрларда жарияланған мақалаларым желімделген мына қолымдағы қалың дәптер маған соншама ыстық. Өйткені, осы қалың дәп­терге газет нөмірлерінен қиы­­лып, желімделіп сақталған су­рет­темелер, репортаждар, новел­­лалар, мақалалар мен очерк­тер, сенсациялық дерек­тердің әр­қай­сысының өзінше тарихтары бар.

…1981 жыл. Облыстық ауруханаға бір-жар  айға ауданнан келіп хирургия саласынан білімімді жетілдіріп жүргенмін. Күнделікті қарбалас сәтте «Анес­тезиология және реанимация» бөлімшесінің кіреберісінде тұр­ған облыстық «Ленин жолы» газетінің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, танымал ақын ағамыз Сақтаған Есмаханов пен жас шамалары сол құралпы ер адамды көріп, бұрылып сәлем бердім.  «Мына кісі жақын досым.  Әйелі ауыр отадан соң осы жансақтау бөлімшесінде жатыр. Емдеуші дәрігер Жақсылық Сәрсенбаев деген екен. Ауру­дың хал-ақуалын қалай білер екенбіз?», – деді Сақтаған ағай сырбаз мінезімен сыпайы сөй­леп. Сол кезде медицина саласына жаңа технологиялар еніп жатқан болатын. Осы биыл ғана  жансақтау бөлімшесінің кіреберісіндегі бөлме арнаулы заманауи қондырғылармен жабдықталып, ауыр жағдайдағы ем­делушілермен туған-туыс­тары­ның палаталарға кір­мей-ақ, теле­экран арқылы жүз­­десіп, сөйлесуін де жаңа­лыққа жаны құмар сол Жақ­сылық Сәрсенбаевтың өзі ұйым­­дастырған еді. Дереу дәрігер Жақсылықтың өзі келіп, екі ағамен ашық-жар­қын әңгімелесіп кетті. Нау­қас­қа күрделі ота жоспарла­нып, оның отаға дейінгі жағ­дайын өзі бақылап, дайын­дап, жаңа таңертеңгілік облыс­тың бас хирургі Сағымбай Қара­құлұлының жоспарлы күр­делі отаны сәтті жасап шық­қанын баяндады. Наркозды өзі бергенін, жансақтау бөлімшесіндегі аурудың қазір толық өзіне-өзі келгенін, алайда отадан кейінгі жағдайының ауырлау екенін айтты. Сөйтті де бөлмедегі қондырғыны іске қосып, Сақтаған аға мен әлгі кісі кәдімгідей керуетте жатқан науқас әйелмен телеэкран арқылы жүздесіп, сөйлесіп көңілденіп қалды. Сақтаған аға маған: « Бізді шығарып сала ғой», – деп сыбыр етті. Былай шыққан соң: «Редакцияға дәрігерлер туралы емделушілердің алғыс-рахметтерін айтқан хаттар жиі түседі. Бүгін мына кішіпейіл, білікті дәрігер ініміздің жарқын ісін көзімізбен көріп, көңіліміз тоғайды. Өзің осындасың ғой. Аурухана басшылығымен сөйле­сіп, осы дәрігердің іс-тәжірибесі туралы үш-төрт бет көлемінде мақала жаз» деп төтесінен тапсырма беріп кетті. Көп ұзамай облыстық газет бетінде «Жүрегі Жақсылық деп соғады» атты   көлемді мақала жарық көрді.

…1985 жыл. Облысқа серпінді жаңа басшы келіп, тәртіптің қатайып тұрған шағы. Қармақшы аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі, бір рет Бүкілодақтық, төрт рет республикалық социалистік жарыс­тың жеңімпазы «Қармақ­шы» қой кеңшарының тәжірибелі де танымал басшысы Исағали Жұмағұлов: «Ауылымызға облыс орталығынан іссапармен атақты журналист келіп жатыр. Бірақ, облыс басшысының «Іссапарға барған адамды үйлеріңе шақыру болмасын!» деген қатал нұсқауы қиындау боп тұр. «Шәкең сенің жерлес ағаң ғой, барып сәлем бергенің дұрыс болар», – деді.

Кеңшардағы қонақ үйге барсам облыстық газеттің бөлім меңгерушісі Шәкізат Дәрмағамбетов алып денесімен столға қонып, қаламын кө­сілтіп жатыр екен. Амандық-саулықтан соң базыналығымды білдіріп: «Аға-ау, ең болмаса келдім деп хабарласпайсыз ба? Мына іргеде тиіп тұрған менің үйім. Сонда қалай, сізді мына тас үйге қамап қойып, үйімде жайбарақат отырмақпын ба? Жоқ болмайды! Үйге жүресіз, келініңіз шәйін дайындап күтіп отыр», – дедім.

– Бала-ау, мұнымыз өзі қалай болар екен, ә? – деп Шәкең маған көзәйнегі астынан аңтарыла қарады.

– Ешқандай қалайы жоқ. Редакцияға барғанда төбе­леріңіз­ден жәй беріп, жасым кіші болса да, үйлеріңізге дейін алып құрметтейсіздер. Мына келіп жатқан қызмет мәселеңізде шар­уам жоқ. Ал, інінің ағаға деген ілтипатын аяқасты етсін деп қатып қалған тәртіп жоқ, – деп төтесінен кеттім. Шәкең жымия күліп, киіне бастады. Сол жолы қайта құру қиыншылықтарына қасқая қарсы тұрып, еңбек селін тасқындатып жатқан «Қармақшы» кеңшарының ерен еңбек үлгілері жөнінде етектей мақала облыстық газет бетінен орын алып, сол қатал деген облыс басшысының өзі, «Е, мынадай да озат шаруашылық бар екен ғой» деп оң баға бергені есімде. Міне, кезінде «Социалистік Қазақстан», содан соң облыстық газеттің білдей бөлім басшысы болған қарымды  журналист Шәкізат Дәрмағамбетов ағаның ол да бір жан сұлулығын айғақтайтын этикеті еді.

Сенсация демекші 1989 жы­лы облыстық аға басылым – «Ленин жолының» арала­суымен мынадай жарқын жаңа­­лық болғаны бар. «Қар­мақ­шы»  кеңшарындағы  ауыл­дық аурухананың басшысы­мын. Ма­ман дәрігерлер және әрбір сала­ның жауапты қызмет­керлерін қатыстырып, аптасына бір рет аурухана бойынша «общий обход» жасалынады. Әйелдер палатасына кіргенде осыдан бір ай ғана бұрын ем­деліп шыққан кө­мекші шопан Қуанышкүл Көл­таеваның керуе­тінің жанына келген емдеуші дәрігер, ол кісінің сырқаты ас­қынып қайта түскенін баяндады. Бір сәт арнаулы құрал-сайман­дармен науқастың денсаулығын тексере бастадым. Міне, ғажап! Жүрек, өкпе, бауыр, бүйректері мен басқа жүйелерден анау айт­қан­дай ауытқушылықтар бай­қал­­майды. Ішімнен ойланып қал­­дым. Әлде, жүйке жүйесі ма екен?

– Апа, сізде  көзге көрініп тұр­­ған қауіпті сырқат бел­гі­ле­рін көре алмай тұрмын. Деген­мен, бүгіннен бастап тағы да қо­­сымша лабораториялық-функ­­цио­­наль­дық тексерулер жасаймыз.

– Ой, шырағым-ай, менің сыртым бүтін, ішім түтін ғой. Мені құртып жүрген сарыуайым. Осыдан 26 жыл бұрын үш жасар қызымнан айырылып, шерменде боп жүрген адаммын ғой мен. Аналық жүрегім сезеді, қызым тірі. Ең болмаса баламды бір көріп, мауқымды бассам ғой, – деп апай ағыл-тегіл жылап қоя берді.

Сөйтсе, оқиға былай болыпты. 1963 жылы қыркүйек айының жиырма бесінде  Қарақұмдағы «Қарашолақ» жайлауына кеп қоныстанып, киіз үй тігіп жатқан бұлар үш жастан енді асқан Моншақгүлді,  бес жүз қадамдай жерде қанаттасып көрші қоныстанып жатқан  шопанның үйіне шеге алып келуге жұмсайды. Сесі қатты  енесі Жанбала мен атасы Көлтай әу баста: «Баламызда шаруаң болмасын, емізгеніңді біл де өзімізге бер», – деп, мұны жолатпай қойған. Содан бастап Моншақгүлін бұл ата-енелері жоқ кезде айналып-толғанып құшағына қысады да, олар бар кезде жанына жақындай алмайды. Тұмса келіншек Қуанышкүл ұрланып көз тастап қояды. Әні, қызы томпаңдап барып, сол үйдегі балалармен ойнап кетті. Қас қарайып барады. Жаңа енесі жаулығы ағараңдап көрші шопанның үйіне қарай кетіп еді, бір кезде сол жақтан адамдардың қатты-қатты да­уыстары шыға бастады. Сөйтсе, көршілері: «қызыңыз жаңа қас қарая сары қағазға оралған шегені алып шығып кетіп еді ғой» деп қ-а-а-р-р-р-а-а-а-п  тұр дейді. Содан дүрбелең басталады. Түн ішінде  екі шопан аттарына мініп олай шабады, бұлай шабады. Иен дала тым-тырыс. Таң сыз бергенше, үлкені-кішісі жан-жақты шарлап, таң ата баланың ізін кеседі. Сөйтсе, бала қараңғыда қиыстап шығып, адасып, бір шақырымдайдағы қос айрық машинаның жолына барып аяқтарымен жерді сызып, жылап отырған-ау, шамасы. Содан әрі қарай ұшты-күйлі жоқ. Сол күннен бастап, бүкіл кеңшардың, аудан мекемелерінің жұмысшы-қызметкерлері, тіпті «Қарақұмдағы» жер қайысқан әскерилердің бәрі аяқтарынан тік тұрып іздегенмен қыз табылмайды. Баланың түр-түсі, жасы, басқа да белгілері жазылып, радиодан айтылып, халық шоғырланған жерлерге  хабарландырулар ілінеді, газеттерге жазылады.

Осыларды айтып егіл-тегіл жылаған ананың шынымен де жүйке жүйесіндегі  күйзелісті  енді ұққандаймын.

– Апа, үмітсіз шайтан болсын деген. Мен ертең облыс орталығына жиналысқа жүрейін деп отырмын. Осы айт­қандарыңыздың бәрін қағазға түсіріп беріңіз. Облыстық «Ленин жо­лының» штаттан тыс тілшісімін ғой, жариялап қалар. Осы сәтте жабырқаған ана жүзі бір сәт жадырап, маған үміттене қарады да: «Иә, сөйтші шырағым», – деп қайтадан кемсеңдеп кетті.

Келесі күні Қызылордаға келісімен «Ленин жолының» бас редакторы Нұрділда Уәлиевтің кабинетіне кірдім.  Облыстық партия комитетінің бөлім басшылығынан осында бас редакторлыққа келген ағамыз парасаты пайымды, байсалды кісі еді. Амандық-саулық сұрасқан соң басшыға жағдайды баяндап, қамкөңіл ананың қолымен жазылған шағын мақаланы ұсындым.

– Төлепберген Бөрібаев Қазақ ССР  Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, орденді, озат шопан ғой. «Қап, әттеген-ай, ә», – деді де, жауапты хатшыны шақыртып, «мына мақаланы ертеңгі нөмірге салыңдар» деп нұсқау берді. Сол күні кешке ауылға келіп, Қуанышкүл апаға, облыстық газет басшысының мәселеге мән беріп, ертеңгі нөмірге жарияланатынын айтып көңілін демеп қойдым.

Ол кез пошта тасымалының саяси құндылығы бар кез ғой, келесі күні  1989 жылдың 11 ақ­панында кабинетіме келген бір бума басылымдардың ішіндегі облыстық газеттің №30-шы санына шопан Қуанышкүл Көл­таеваның «Қайдасың, құ­лыным?» атты шағын мақала­сы жарқ ете қалды.

Арада 4-5 күн өтті. Бұл кезде емделуші  Қуанышкүл апаға қосымша тексерулер жасап, маман неврологтың тағайындаған ем-шаралары жүргізіліп, денсаулығы әжептәуір жақсарып қалған. Жұма күні түс қайта аурухана ұжымының бір апта ішіндегі атқарған жұмыстарын қорытып, келер аптаға меже жасайтын мәжілісіміз өтіп жатқан. Бір кезде хатшы қыздың: «Кіруге болмайды. Мәжіліс өтіп жатыр» дегенін құлағына да ілмей, қолында көкшіл конверт пен бірнеше парақтары бар Қуанышкүл апа келе мені құшақтап, бетімнен сүйіп: «Айналайын, қарындасың табылды, қарындасың табылды», – деп біресе күліп, біресе жылап орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Әдепкіде түсінбей қалып, хатты оқыған соң мән-жайға қаныға бастадық.

Сөйтсе, осыдан жиырма алты жыл бұрын жоғалған қызға сол түні  қос мотоциклді киік атушылар кездесіп, сәбиді алдарына отырғызып, Қазалыдағы күйеуі  Ұлы Отан соғысынан оралмаған жалғызілікті жақын апасының бауырына апарып салған ғой. Содан кейін қыз баланың азан шақырылып қойған аты-жөні, тегі өзгертіліп, бойжетіп, оқу орнын бітіріп, осы облыс орталығындағы бір мекемеде қызметте жүр екен. Бұл қазекемнің пыш-пыш әңгімесі қашан да қалған ба!? Ес біле бастағаннан қыздың құлағына оның жоғалып келген тарихы жөніндегі әңгіме жететін болса керек. Мекемесіне келетін газет-жорналдарды оқып жүретін қыздың көзіне облыстық газеттің бетіндегі «Қайдасың, құлыным?» оттай басылып, анасына төрт парақты толтырып хат жазған ғой. Міне, облыстық газеттің 1989 жылғы ақпан айының аяғындағы нөмірінде жиырма алты жыл перзентінен көз жазып табысқан ана мен бала тағдырын баяндаған «Газет табыстырған тағдырлар» айдарымен берілген «Көл-көсір қуаныш» атты көлемді сенсациялық иллюстрациялық мақаланың авторлары майталман журналист Айжарық Сәдібекұлы мен фототілші Болат Омарәлиев еді.

Иә, ой өрбітіп, қалам тартқан соң халықтың мүддесін күйттеп, оқырманның сусындап оқитын тақырыбын қозғағанға не жетсін! Сырт ауданда жүріп, ра­байда облыс орталығына бар­сам редакцияға бас сұғып, қара шаңырақта отырған мүйізі қарағайдай журналист көке­лерімнің кабинеттеріне жеке-жеке кіріп, сәлем беретін әдетім бар-тұғын.

Басылымның жауапты хатшысы, кішіпейіл, сезімтал ағамыз Шора Ералиев өзінің жеке жұмыс кабинетінде темекісін бұрқыратып отырып: «Қарақұмдағы ғарыш кешенінің әскери  алаңдарымен қоян-қолтық араласып жүрсің. Гептилдің айналадағы тіршілік иелеріне келтіріп жатқан зардаптарын дәлелдеп, неге соны саған проблема етіп көтермеске?!» Өзіме іш тартатын қармақшылық Шора ағаның сөзінің жаны бар еді. Өйткені, адам ағзасын көрер-көзге улап, қайғылы жағдайларға ұшыратып жатқан әскери Байқоңыр ғарыш айлағының кесір-кесапатын Қарақұмдағы өзім қызмет атқаратын малшы отарларын аралағанда көріп жүргенмін. Алайда, әдепкі кездері ғарыш айлағының ағзаға тигізген кері әсерлерін зерттеп, ғылыми жұмыстар жүргізіп жүргенім біреулердің сыбырымен аудандық партия комитетіне жетіп, хатшының «бала байқасынан» соң ол істі доғаруға тура келген.  Шора ағаның сөзі қамшы болып, нар тәуекел деп, фактілерді ғылыми айғақтармен ұштастыра отырып, облыстық газет бетінде жарияланған «Табиғат Анаға тәу етейік!»  (1990), «Байқоңырда болашақ бар ма?» (1993), «Жүре­гіме дерт байлаған Байқоңыр» (1996) атты көлемді мақа­лаларымның оқырман ойынан шығуына алдыңғы тол­қын ағаларымыз Әскербек Рахымбекұлы, Жақсылық Рахматулла, Айжарық Сәдібекұлы, Ақберген Ержан, Арзымбек Мәдединовтердің  ықылас-ықпал­дары мол болды.

Бірде бас редактордың орынбасары сырбаз жігіт Оразбек Мақсұтұлы әдеттегінше күлімсіреп отырып: «Әбеке, жылдан-жылға облысымызда тас­танды балалар кө­бейіп барады. Дәрігерлік маман­дығыңызбен перзентханаларда, сәбилер үйінде болып, осы проблеманы көтеру сізге тиімді болар еді» деген ұсынысынан соң «Тас бауыр аналар, тастанды балалар» атты айғақты фактілермен зерттеліп жазылған көлемді мақала жарық көрді. 

«Сөз – өмірдің салиқалы түйіні, әрбір сөзде жатыр маржан бұйығы», – деп тәжік ойшылы Жәми айтпақшы, әрбір кезекті санын асыға күтіп, түрлі жанрларда жарияланып жататын дүниелерден санасын сусындатып, ой-өрісін байытып отыратын «Сыр бойының» сыр сандығының алтын қақпағы айқарыла ашыла бергей!

Амангелді

СУХАНБЕРЛИЕВ,

«Ерен еңбегі үшін» белгісінің иегері,

Денсаулық сақтау саласының үздігі. 

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<