Сырға толы «Сырлытам»

1023

0

Қармақшы – тарихи-мәдени ескерткіштер мен рухани мұраларға бай өлке. Сонау Оғыз хандығы кезінде Баят, Қият тайпалары біздің жерімізде мекен еткені туралы Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев сынды түрколог ғалымдар зерттеп, түрлі ғылыми тұжырымдар айтқаны мәлім.

Бұған қоса, Қармақшы өлкесі Қорқыт ата мемориалды кешені, Қармақшы ата, Марал баба, Қалқай ишан кесенелерімен танымал. Осы мақалада Т.Көмекбаев ауылына қарасты «Тағай» учаскесінен солтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан «Сырлытам» кесенесі туралы айтпақпыз.

Ескерткіш Жаңадария өзені көне арнасының алқабында орналасқан. Кесене порталды-күмбезді, бір камералы құрылысқа жатады. Биіктігі күмбезімен бірге 13 метрді құрайды. Төрт бұрышты, күйдірілген кірпіштен қаланған. Осы ескерткішпен аттас «Сырлытам» күмбезі атты екінші тарихи жәдігер Қызылорда қаласының батысында «Іңкәрдария» ауылының жерінде тұрғанын ғалым Ә.Қоңыратбаев «Сыр бойында – Сырлытам» атты мақаласында жан-жақты деректер келтіріп жазған болатын. Түрколог ғалымның жазба деректерінде бұл «Сырлытам» мазары жайлы «Ислам дінінің әсерінде емес, шаманизм рухында салынған. Мазардың есігі біреу, ол құбылаға емес, шығысқа қараған. Ішіндегі сегіз мола да шаман салтымен теріскейге қарата жерленіпті. Дөңгелек кірпіштен өрілген екі босағаның арасына орнатылған ою-өрнек үлгілері түрікмендердің қалы кілеміне ұқсас» делінген.

Қазақ сәулетшісі М.Сембин сәулет өнеріндегі ескерткіштердің, кейбір жиі кездесетін атаулардың мағынасын талдап, былай деп жазды: «Ішкі көріністегі сәндік өрнегімен, қасбеті оюлы терракотасымен қапталуымен «Сырлытамды» байланыстыру жөн. Қазақстанда осындай кесенелердің бірнешеуі бар және олар түрлі аймақтарда орналасқан».

Қызылқұм ішіндегі «Сырлытам» күмбезінің ерекшелігі – есігі біреу емес, екеу. Алдыңғы кіреберіс есік батысқа (құбылаға) қараса, артқы есік шығысқа қарай ашылған. Күмбез төбесі жабық. Қабырғаларынан жарық түсерлік үшбұрышты бірнеше тесіктер ғана жасалған. Есіктен 3 метрдей биік маңдайша доғалданып, иіліп өрілген қыштар аспан түстес көк сырмен боялған. Кіреберіс есігінің екі жағында арабша жазылған жазу іздері бар.

Уақыт пен адамның әрекеті көне жәдігерлерді аямаған, өкінішке қарай бұл «Сырлытам» кесенесіне де қатысты. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, ХХ ғасырдың ортасында кесененің шатырын сексеуіл дайындаушылар арқанмен жұлып әкеткен. Әйтсе де қабырғалары бүтін сақталып қалды. Ескерткіш қатты қирағандықтан, 2000-жылдардың басында қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Күмбездің, портал мен жерлеу камерасының сыртқы және ішкі қабырғаларының толығымен жойылған бөлшектері қалпына келтіріліп, есіктері қайта орнатылды. Қалпына келтірілгеннен кейін өзінің бастапқы түріне ие болды.

Қамар СӘРСЕНБАЕВА,

К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің» мәдени ұйымдастырушысы.

Қармақшы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз