Талай жанның жолына шырақ жаққан

510

0

Талайлар жыр арнап, талайлар сағынышпен естелік жазып, ағалап еске алып жүрген Сыр азаматы Нұрлыбек Ерназарұлы Жүнісов менің туған ағам еді.

Өзім оқыған естелік дүниелердегі «Мен ана азаматқа еліктеп едім, мен мына азаматқа еліктеп едім, менің өміріме, болашағыма мына ғұламаның ықпал, әсері мол болып еді» дегенді еске аламын да ішімнен «Маған ықпал жасаған, мен еліктеген жан – өзімнің Нұр-ағам ғой» деймін. Иә, шындығы да осы, ақиқаты да осы. Менен мүшел жас үлкен Нұр-ағам тек менің ғана емес, біздің ауылдың бар баласының еліктеп, ұқсауға тырысып құрметтейтін азаматы еді.   Алланың жазуы ғой, оның өмір соқпағы ерте үзілді, мына тіршілікке ынтық жүрегі ерте тоқтады.

Оның педучилищеде, кейін Шымкент­тегі мұғалімдер институтында, онан соң Алматыдағы ҚазМУ-да оқып жүрген кезінде ауылға каникулға келуі бізге бір мереке сияқты болатын. Ағаның келуін тек біздің отбасы ғана емес, ауыл болып күтетін.

Негізі біздің отбасы әу бастан білім­ге, оқуға ынталы болған. Әкеміз Ерназар Жүнісұлы 1889 жылы қазіргі Шір­кейлі елді мекенінде дүниеге келген. Отбасындағы бір қыз, алты ұлдың бірі болған оның балалық шағы жоқшылықпен, қиыншылықпен өтеді. Ақназар, Жанназар есімді екі ағасы білім қуып, Өзбекстандағы «Көкілташ» медресесінде ескіше хат таниды. Жас Ерназар сол ағаларына еріп, өзбек жеріне кетіп, мақта алқабында жалданып, тиын-тебен тауып жүріп, ағаларынан ескіше оқуды үйренеді. Ерназар медресені бітіріп елге келгенде, Сыр елінде патша үкіметі құлап, Кеңес үкіметі орнаған кез еді. Медреседен алған білімі жарамсыз болып қалғандықтан, ауыл арасында латын әрпін үйреніп, жас балаларға дәріс беріп жүреді. Асқақ арманды, зор талапты, жастық ойы оқу, іздену болып, елдегі жаңа бетбұрыс енді білімге құштар жасты Қызылордадағы педагогикалық училищенің табалдырығын аттатады. Училищені ойдағыдай бітірген әкеміз бар күш-жігерін халық-ағарту ісіне арнайды. 1917-1952 жылдар аралығында мұғалімдік қызметінде талай жастың талант көзін ашып, санасын оятып, болашағына сара жол салады. Осындай ісіне тәнті болып сүйсінген ел-жұрты әкемді «алтын тісті мақсұм» деп атайды екен. Шіркейліден бастап Аманкелді, Қоғалыкөл, Зіңкетер, Сұлутөбе, Жөлек-Бәйгеқұмда ауыл аралап жүріп, қиын-қыстау кезеңдерде қара домалақтарды оқытқан Ерназар Жүніс­ұлы­ның «тар жолда тайғақ кешкен» ең­бегін кезінде ескеріп, бағалай білген Үкі­мет «Қызыл мұғалім» деген құрметті атақ берген болатын. Әкеміз ел-жұртқа білім берумен бірге өз балаларының да бойына имандылық пен адалдықты, адам­гершілікті дарыта білді.  Осыдан болар, біздің үйдің балаларының барлығы да жоғары білім алуға, ғылымға ұмтылды. Қол­дан келгенше әке мұратын жалғауды, оның ісін жалғастыруды мақсат еткен біз­дің әулеттен 8 ғылым кандидаты, 6 ғылым докторы, ондаған ұстаз шыққан екен.

Иә, Нұр-ағаға қарап бой түзедік, біз үшін ол өмір бағдаршамы болды. Біз де жігіт болдық, мектеп бітірдік. Ол кезде аға филология факультетінде, ал жеңгем Алма Танабайқызы жаратылыстану факультетінде оқытушы болып қызмет атқарады. Жұп құрағандарына үш жыл болған, Қызылорда пединститутының аты аталса, осы екеуінің де аты қоса аталатын, қала жұртшылығы сүйсіне, тамсана қарайтын ағам мен жеңгем менен қандай мамандықты қалайтынымды сұрағанда өзімді қызықтыратын биология пәні екенін, екі-үш жылдан бері биолог болуды армандап жүргенімді айтқанда ағам әдемі бір жымиыспен тамағын кернеп алды да: «Ау, мен сені филолог болатын шығар деп жүрсем, е…е…е жеңгеңнің қасында жүргің келіп тұрған қусың-ау» – деп мәз болып күлді. Ой, ғажап-ау, ол кісінің күлкісі тіпті бөлек  еді ғой, жүзі шырайланып, бір жылы шұғыла төгіліп кеткендей болатын еді.

Ағам 1949 жылы Шымкенттің мемле­кеттік мұғалімдер даярлайтын институтына түсіп, оны 1951 жылы үздік дип­ломмен бітірді. Сол жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне емтихансыз қабылданып, университетті 1956 жылы үздік дипломмен тәмамдайды. Сол жылы министрліктің жолдамасымен Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа қазақ тілі кафедрасының оқы­тушысы болып келген ол, 1962 жылы аға оқытушы, 1967 жылы доцент, 1966 жылдың 11 маусымынан өмірінің соңына дейін 18 жыл филология факультетінің деканы қызметін атқарды. 1965 жылы ағам филология ғылымдарының кандидаты, Алма жеңгем 1970 жылы ғы­лым кандидаты атанды.

Ағам СОКП мүшесі, институттың Ғы­лыми Кеңесінің мүшесі, партком мүшесі болып көптеген қоғамдық жұмыстар атқарды. Сонымен бірге өзінің туған ауылының және мектебінің көркеюіне үлкен үлес қосты. Ұстаздық еткен жылдары ішінде ол педагогикалық институттың, қаланың, облыстың көлеміндегі мәдени-ағарту, әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып отырды, «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің құлаш жаюына атсалысты. Бір кезде жабылып қалу қаупі төнген қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін сақтап қалуда көп еңбек сіңірді. Осы кезге дейін талай мамандар шығарған «Бастауыш білім беру педагогикасы мен методикасы» факультетін ашуда оның тікелей үлесі бар екенін ел біледі.

Оның өнегелі тәлім-тәрбиесін, әке­лік өсиетін тыңдап өскен көптеген шәкірт­тері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қыз­мет атқарып жүр, көптеген жасты ғылым жолына қанаттандырды. Олар: фило­логия ғылымдарының докторлары: Ж.Сәдуақасұлы, Б.Кәрібозұлы, Т.Те­бе­­ге­нов, З.Ерназарова, Қ.Есенова, ғы­лым кандидаттары: Ұ.Жанбершиева, С.Тайма­нова, А.Айтбаева, Б.Боранбай, У.Аса­нова, жазушы Т.Нұрмағамбетов, сын­шы  Б.Сарбалаев және т.б.

Ол 1965 жылы Қазақстан ҒА Тіл білі­мі институты мен М.Әуезов атындағы әде­биет және өнер институтының бірік­кен ғылыми Кеңесінде Қарақалпақ Автоно­миялық Республикасы аумағындағы ауыс­­палы қазақ говорлары негізінде кан­ди­­даттық  диссертация  қорғады,  қазақ тілі­нің проблемаларына және қазақ халқы тілінің ерекшеліктеріне (диалектология) арнап жетпіске тарта ғылыми мақала жазып, Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысына жә­не «Советская тюркология» ғылыми журна­лына жария­лады, сонымен бірге халық­аралық тіл мәселелеріне қатысты болған бірнеше симпозиумдарға қатысып баяндама жасады. (Алматы, Ташкент, Уфа, Қазан). Оның көптеген ғылыми еңбектері жеке кітап болып жарық көрді. Олар:  «Халық тілінің жергілікті ерекшеліктері». Алматы: «Мектеп» баспасы, 1981ж., «Срав­нительная морфология тюркских языков». Алматы: Минпрос, Республиканский методический кабинет, 1984 г., С.Омарбековпен бірлесе жазған «Ауызекі тіліміздің дыбыс жүйесі». Алматы: «Мектеп» баспасы, 1985 жыл.

Ғылыми-педагогтік қызметі үшін В.И.Ле­ниннің туғанына 100 жыл толуына бай­ланысты   «За доблестный труд» медальдарымен, «Қазақ ССР Халыққа Білім беру озаты». «СССР Халыққа білім беру озаты» төсбелгілерімен, Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігі және Жоғары оқу орындары кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған Нұр-ағам ерте бақилық сапарға аттанбағанда талай марапатты алары да, талай сүбелі ғылыми еңбектерді өмірге әкелері де анық еді.

Нұр-ағам аты үлкен әріптермен жазылар педагог болатын, оның талапшылдығы, іске деген көзқарасы сол педагогтығынан бастау алатын. Ол студенттерді сынап көретін, шәкіртінің неге бейімділігін, бойында қандай қабілеті барын зерттейтін, мен білерде ол еш жанға шамасынан ар­тық жүктеме жасамайтын.

Мен студент болған кезде де, кейін оқы­тушы болған тұсымда да ретсіз кө­мек жасамайтын, алайда мен оның мені сыртымнан бақылап отыратынын сезе­тінмін. Студент кезімде аға менің бір сабағыма да араласқан емес, жеңгемді де араластырған емес. Сөйтсем ол мені арқа сүйеп дәлдуленіп кетуден, ғылым мен қажетті білім жинай алмай қалу қаупінен сақтандырғаны екен. Иә, ол мені осылай шыңдаған екен, осылай тәрбиелеген екен. Сессияның соңында «Кәне, Алтынжан, зачеткаңды әкел, көрейік» дейтін. Сынақ кітапшасындағы үздік бағаларды көріп сәл жымиятын, бұл ағаның мейірленіп отырғаны болатын. Өңінде мақтаныш сезімі ойнап, даусын соза «Ма-ла-дец!» дейтін, көзінен төгілген нұр менің тұла бойымды аралап кететін.

Қызметке келген кезімде де осы жағ­дай сол қалпында қалды. Үнемі ақылын айтып, «Біреудің қамқорлығында болған адамнан ұстаз шықпайды. Әр ұстаз өз жолын іздеуі тиіс, әр ұстаздың білім берудегі өз әдісі болады. Әр ұстаз өз беделін қалыптастырады», – дейтін. Мен осы үдеден шығуға тырыстым. Біраз жыл факультет, кафедра басқардым, бірақ негізгі ұстанымым сол Нұр-ағам айтқан пікір болды. Бір күрделі мәселе кездескенде күбірлеп ағамның дауысы құлағыма келе­ді. Сол дауыс менің бағытымның дұ­рыс екенін көрсететін, сол дауыс мені қанат­тан­дыратын.

Ағам мені оқу үдерісін қалай жүргізу керектігіне де баулыды. Біраз жыл факультет деканының орынбасары болдым, 1978 жылдан бастап 6 жыл декан міндетін атқарушы, сонан соң факультет деканы болдым. Бұл жұмыста да Нұр-ағам бағытымен жүрдім. Декан орынбасары болып жүргенде бір аңғарғаным іссапарда, демалыста жүрсе де, ағамның бар назары факультет тіршілігінде екенін байқайтынмын. Ол өз ұжымының жанашыры болып қана қойған жоқ, бүкіл ғұмырын соған арнады. Кейде «Мен жұмыста болайын, не командировкада болайын, Алтынжаным жұмысты сол қалпында жүргізеді, риза болып рахаттанып қалдым», – дейтін. Мен үшін марапаттың ең үлкені осы сөз болатын.

Аға туралы, оның ел алдындағы еңбегі туралы көп жазылды. Мен оларды қайталаудан аулақпын. Осы шағын естелікте Нұр-ағамның тек менің ғана өмірімде емес, Қызылорда педагогикалық институтында оқыған мыңдаған азамат­тың өмірінде бағыт алар бағдаршам, маяк болғанын айтуды мақсат еттім.

Кейде күн көзінен төгілген жан жадыратар шуақтардың арғы жағында менің Нұр-ағам тұрғандай көрінеді маған.

Алтынбек ЕРНАЗАРОВ,

Қорқыт ата атындағы

 ҚМУ профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<