Тарихтан тартқан шежіре

474

1

Соғыс кезінде жас болса да көргенін көңілге тоқып, естігенін қағазға түсірген Науқанбай Шуақбаевтың «Ұлы Отан соғысының шежіресі» атты естелік жанрда жазған кітабын өмірде шынайы болған ірі тұлғалар мен ел тарихында өткен елеулі оқиғалар жайындағы құнды еңбек деп бағалауға болады.

Ауыл тарихынан ел тарихы бастау алады десек, Науқанбай ақсақал соғыс кезінде өзінің туған ауылы Аққұмнан соғысқа аттанған азаматтар жөнінде де іргелі зерттеулер жүргізгенін бай­қау­ға болады. Соғыста орасан зор адам шығыны болғаны белгілі. Сол жыл­дары жеңіске жетудің бірінші қадамы Қызыл Армияны дер кезінде толықтыру болған. Бүгінгі деректер Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам алынды десе, соның 601 мыңнан астамы яғни, жар­ты­сы­нан астамы қан майданнан орал­маған. Аққұм ауылынан 280 азамат ел қорғауға аттанған, оның 198-і, яғни, 70 проценті майдан даласынан оралма­ғанын байқаймыз. Бұл – бір ауыл үшін өте ауыр жағдай. Автор жас болса да есінде қалған оқиғаларды ой елегінен өткізе отырып: «Көпшілігі 1941-1942 жылдардағы соғыстың бірінші кезе­ңінде кеңес әскерінің шегінуі кезіндегі ауыр қантөгіс шайқастарда немесе жан алысып, жан беріскен қоршауда қалған кезде қаза тапқан. Соғыста Мәскеуді, Сталинградты, Ленинградты қорғап қа­лу кезінде кейін шегінуге мүмкіндіктің болмауы да адам шығындарын көбейт­кен. Сондықтан жарақаттанып, елге аман оралғандар, негізінен, 1943 жыл­дан бастап ауылға келе бастады» деп, тарихи маңызды тұжырым жасайды.


Аққұмнан аттанғандардың 82-сі жа­ра­қаттанып, елге оралып, тыл май­да­­нында еңбек еткен. Кітапта әр май­дангер жөнінде нақты мәліметтер беріліп отыр. Майданда қаза тапқан 198 аққұмдық жауынгерді аты-жөнімен жазып, ұр­пақтары бар майдангерлерге кеңінен тоқталып кеткен. Бұл тізімді оқи отырып, 198 жауынгердің небәрі 19-ның ғана артында ұрпағы қалғанын көреміз. Бұл да – зұлмат соғыстың ащы шындығы, жан түршігерлік зардабы.


Ұлы Отан соғысы жылдарындағы та­рихымыздың ақтаңдақ беттерінің бі­рі – соғыс тұтқындары туралы мәселе. Олар немістің концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, тұтқыннан бо­саған соң советтік лагерьлерде қорлық көрді. Оған себеп Сталиннің «бізде әс­кери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген сөзі еді. Сондай жан­дар – Айтуған Бекенов, Қалыбай Беке­нов, Әбдірей Ембергенов. Автор аға­ларының соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі жылдардағы қиыншы­лық­та­рын өз естелігінде ашып көрсетеді. Не­міс тұтқынынан босағаннан кейін, олар­дың кеңес әскері қатарына қайта қо­сылып, фашисттерге қарсы жан аямай соғысқанын, бірнеше рет жара­ланып, күнәларын қанмен жуғанын жазады. Елге аман-есен оралған соң, олар соғыстан кейінгі жылдары ел­дегі қалыптасқан саяси репрессияға бай­ла­нысты көп қудаланған. Бірі 25 жылға сотталған. Кейін ақталса да, құзырлы органдардың тұрақты бақы­лауында болған. Ұрпақ соғыс кезінде мемлекеті өз қорғауына алмаған, түр­лі жағдайда (контузия алу, ауыр жара­қаттану, оқ-дәрінің таусылып қалуы) жау қолына тұтқынға түскен әскери тұтқындарды сатқын деу тек Кеңес өкіметіне ғана тән ұғым екенін ұғынуы керек. Сонымен қатар, ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери тұтқындарға, әскери тұтқындардан еріксіз құрылған «Түркістан легионына» бүгінгі тарихи сана тұрғысынан саяси баға беру қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның негізгі ұста­нымдарының бірі болуы тиіс.


Автордың бір ерекшелігі – соғыстан елге келген майдан хаттарын да жи­нақтауы. Жауынгерлердің бір мезгіл тыныс алған кезінде окопта отырып жазған үшбұрышты хаттары ауылда қалған аналары мен сүйген жарларының, іні-қарындастарының көңіл-сенімдерін нығайтып, жеңіс жолындағы еңбекке деген құлшыныстарын арттыра түс­ке­нін аңғарамыз. Жалпы майдан хатта­рын соғыс жылдарындағы тарихи құжат­тардың ішіндегі ерекшесі, дереккөзі деп айтуға болады. Хаттар әрбір отбасында сарғайып, жыртылғанша сақталып кел­ген. Күніне бірнеше рет оқылып, тіпті амандық хабар сұрап келген ауыл­дастарға оқытылатын болған. Автор сол соғыстан қайтпаған Тәшімов Қожақтың, Қарлыбаев Қартанбайдың, Шуақбаев Ұзақтың майдан даласынан отбасына, туыстарына жазған хаттарынан үзінді­лерді кітапқа енгізген. Бұл хаттар еш­қашан құндылығын жоймайды.
Кітапта Ұлы Отан соғысына қаты­сып, елге оралған, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қос­қан соғыс ардагерлері Социалистік Ең­бек Ері А.Бисенов, Ж.Доспанбетов, З.Лекеров, Е.Түменбаев, Т.Бисенбаев, М.Биманов, Б.Ешпанов, М.Ақжолов және тағы басқа Аққұм ауылы азамат­тары­ның жауынгерлік жеңісті жолын, тарихын қызықты әрі тағылымды, маз­мұнды етіп жазған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қа­зақстаннан барған жауынгерлер майдан даласында ерлікпен шайқасқаны та­рихтан белгілі. Соғыс жылдары 100 мың­нан астам отандасымыз жауынгерлік ерлігі үшін орден-медальдармен мара­пат­талды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры, 100-ден ас­там адам «Даңқ» орденінің иегері атан­ды. Кітапта қазақтың батыр ұл-қыз­дары Б.Момышұлы, Ә.Молда­ғұлова, М.Мәметова, Қ.Қайсенов, Т.Бигел­ди­­­нов, жерлесіміз Р.Бағланова және Сыр өңірінен шыққан 23 Кеңес Одағы батыры туралы, Сыр өңірі халқының көмегі, әйелдердің тылдағы және май­дандағы ерлігі туралы жазбалары бар. Сондай-ақ автор «батыр» деген сөздің мағынасы туралы ой өрбітеді. Бауыржан Момышұлы ту­ралы зерттей келе: «Се­гіз қырлы, бір сырлы, жаратылыс бір басына ба­тыр­лықты, ақын-жазу­шы­лықты, терең ойлы ақылды, қазақ хал­қының асыл қа­сиеттерін үйіп-төгіп бер­ген Алла­ның нағыз сүйген құл­да­рының бірі – Бауыржан батыр» деген. Шығыс жұлдызы М.Мәметова туралы «Біз «батыр» деген сөзді естігенде, иығы қақпақтай, көзі қырандай өткір, күші мен қуаты тасыған ер-азаматты елестетеміз. Бірақ соғыс ер-азамат, әйел, жас қыз деп бөліп-жарып қарамайды. Оның айқын дәлелі – нәп-нәзік Мәншүк ерлігі» деп баға береді.


Естелік кітаптың авторы соғыс жылдары қолданылған отты сөздерді бір арнаға тоғыстырып, олардың әрқай­сысының мағынасына талдау жасауға тырысқан. Соғыс кезінде қолданылған 50-ден аса сөздерді жинақтай отырып «Отанды сүю, оған адал қызмет етіп, жаудан қорғау, олардың маңызы мен мәнін терең түсіне біліп, өз жеке ба­сы­ның қызметінде пайдалана білу жө­ніндегі бұл қорытынды ұғымдардан оқушылар білім, тәрбие, ғибрат беретін көптеген пайдалы ойлар мен ұғымдарды алады» деп қорытындылайды. «Ұлы Отан соғысының шежіресі» атты есте­лік кітабын мектепте оқыты­латын «Өл­кетану» сабақтарында пайда­лануға әб­ден болады.


Сөз соңында бұл кітаптың дүниеге келуі туралы тағы бірер дерек бере кету орынды деп ойлаймын. Қол­жаз­бамен жұмыс жүргізіп, оны көркем­деп, оқуға лайықтап, жарық көруіне атсалысқан азаматтарға автордың айтар алғысы мол. Атап айтсақ, кітаптың қол­жазбасын техника ғылымдарының докторы, профессор ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтың басшылығымен жұмысшы топ өңдеп, баспаға дайындаған. Бұған Күлманова Сәуле, Жұбатырова Үрзия, Махашов Асқар және Қылышбай Ал­дабергенұлының көмекшісі Руслан ат­­­салысқанына ризалығын білдіреді. Кі­тапқа алғысөз жазып, мазмұнын оқыр­­мандарға таныстырып, ашып бер­ген тарих ғылымдарының канди­даты Айтжан Оразбақұлының да есімі ілти­патпен аталады. Кітаптың жарық көріп, оқырмандарға жол тартуына тікелей қолдау көрсеткен «Ақмешіт шапағаты» қоғамдық қорының Құрметті төрағасы, Сырдың белгілі азаматы Қы­лышбай Бисеновке автордың алғысы шексіз.

Сағат ТАЙМАН,


тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті,


Ауған соғысының ардагері

Пікірлер:

Пікір жазыңыз