Тіл ғылымындағы жаңа бағыт

781

0

Адамзаттың асыл қазынасы – тілі десек, тіл білімі төңірегінде әлемнің көптеген ғалымдары ғылыми зерттеулер жасап, оның зерттелуінің тарихы, теориялық мәселелері және оның зерттеу әдістері жайында қызу пікір алысуда. Оның негізінде тілдің теориялық мәселелеріне қатысты қалыптасып кеткен кейбір қате көзқарастар да анықталды.

Әрине, тілдің теориялық мәселелері мен оның практикада сауатты қолданылуын үздік білу тек тіл ғылымындағы мамандарға ғана емес, гуманитарлық ғылымның өзге де салалары – тарих, философия мен логика, математика, т.б. ғылымдар зерттеушілері үшін өте маңызды. Кез келген ғалым қазақстандық ғылымның жетістіктерін әлемдік деңгейде насихаттау үшін, әрине, тілдік құбылыстарды жетік меңгеруі тиіс. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағамбетовтың тамыз айында облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Жаңа ғылыми идея мемлекеттік қолдауды қажет етеді» тақырыбындағы көлемді мақаласы туралы өз пікірімді білдіруді жөн деп шештім.

Ол қазіргі тіл ғылымындағы дыбыстаным саласының жағдайын зерттеуші ғалымдар еңбектеріне сүйене отырып, өз тұжырымын мысалдар арқылы ашып көрсетеді. Автордың мақаласында дыбыстанымнан сөзтанымға жүйелі түрде ауыса отырып, сөзжасамдық жүйе қызметі генетикалық тұрғыдан қалай көрінетінін шынайы айғақ­тар арқылы дәлелдей алғаны қызықтырады. Сонымен бірге зерттеуші осы уақытқа дейін тіл білімі саласында тек біржақты үстемдік етіп келе жатқан, «адамзат тілі сөздерінің өлі (мағынасыз) дыбыстардан кездейсоқ пайда болған» деген батыстық теріс концепциядан бас тартуды айтады. «Адамзат тілінің ғаламдық-жаратылыс болмыспен тығыз байланыста пайда  болған аса киелі, сакральды құбылыс екенін түсіндіретін генетикалық тіл ғылымы идеяларының артықшылығын қазақстандық ғылыми зерттеулерде қолдану – қазіргі заманауи тіл ғылымының аса маңызды жаңалығы», – дейді ғалым. Деректер мен ғылыми дәйектерге негізделген мақала ойлы оқырманды бейжай қалдырмайтыны сөзсіз.

Осы жарияланымның алдында Ш.Бекмағамбетовтың «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» атты ғылыми еңбегі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде таныстырылып, тіл біліміндегі сан алуан сауалдар төңірегіндегі мәселелер қозғалып, зерттеуші ғалымдар тарапынан да ерекше қызығушылық туғызған еді. Автор – тіл білімі саласын зерттеуге зор үлес қосқан елімізге танымал ғалымдардың бірі. Оны генетикалық тіл ғылымын зерттеуші тұңғыш ғалым деп атауға толық негіз бар. Ерекшелігі – ғылыми монографиялық жұмыстары мен ғылыми мақалаларын студенттер мен магистранттарға, докторанттарға арналған оқу құралы ретінде дайындап отыруында және оқу құралында қарапайым тілмен ұғынықты етіп, жеткізе сипаттауында.

Шанжархан Бекмағамбетовтың ғылыми еңбектеріне шолу жасай отырып түйгенім: ғалымның жоғары мектепке сіңірген еңбегін оның қазақ тіл білімі дыбыстаным, сөзтаным және мәтін теориясына қосқан үлесімен бағалауымыз керек. Ғалым зерттеп отырған генетикалық тіл ғылымы – гуманитарлық білімнің заманауи жаңа бағыты. Бұл жаңа бағытты Сыр өңірінен шыққан ғалым ширек ғасырға жуық зерттеп келеді және осы тіл ғылымының жаңаша бағдарларын талқылау үшін көршілес мемлекеттің ғалымдарының онлайн қатысуымен халықаралық конференция да өткізді. Оған республиканың өзге өңірлерінен және Белорусь, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б. көршілес елдердің жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Онлайн конференцияға арқау болған тақырып: генетикалық тіл білімі, ежелгі проблемаларына жаңаша көзқарас. Осы тақырып аясында идея иесінің «Генетикалық лингвистика теориясы бойынша 7 дәріс» атаулы еңбегі филолог студенттердің танып-білуі үшін жарыққа шыққаны да белгілі.

«Генетикалық тіл білімі мәселелерін оқытудың ерекшелігі – көптілді аудиторияға да арналған. Орыс, ағылшын, араб, т.б. мамандықтардағы студенттер осы тілдердің лексикалық материалдарын өз ішінде де, сондай-ақ өзге тілдермен өзара генетикалық тұрғыдан салыстыра отырып та оқи алады. Мұның өзі студенттерді еркін, ғылыми ойлауға баулиды, қалыптасып қалған, бірақ қазірде ғылыми мәні жойылған қасаң теориялық ережелердің кемшіліктерін өз көздерімен көруге, практикалық, лабораториялық тұрғыдан жұмыс істеуге үйретеді», – деген ғалым тұжырымдамасы көңілге қонымды.

Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<