Тіл – ұлтымыздың мерейі

1083

0

Тіл — әрбір ұлттың жаны, сезімінің, ойының жанды көрінісі, халық тарихы, мәдениеттің даму жолы. Тіл – әрбір ұлттың қазынасы, ғасырлық шежіресі.

ХХ ғасырдың басында тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын айтып, тілге жанашырлық танытқан Алаш зиялысы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 2017 жылдан бастап 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері мерекесі болып жарияланды. Мерекенің мәні де ұлтаралық қатынасты сақтай отырып, тіл саясаты арқылы мемлекетіміздің бірлігін нығайту мен татулығын тұрақтандыруда жатыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың маусым айында «Ана тілі» газетінде берген сұқбатында:«Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем¬құрайлық танытатын бол¬сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп-сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» -деген пікірі осыған дәлел болары анық.


Тіл мен қоғам өзара тығыз байланыста қарастырылатын, адамзат өмірінде маңызды орын алатын құбылыстар десек, тіл үйрену мәселесі де қоғамдық қажеттіліктен туындайды. Бүгінгі ұрпақтың бірнеше тілді қатар меңгеріп, әлемдік білім кеңістігіне енуі әрине, көңіл қуантады. Дегенмен, өз тіліне деген сүйіспеншілікті бәрінен биік қойған жан парасаттылық пен жоғары мәдениеттіліктің үлгісіне айналары сөзсіз.

Белгілі қаламгер Мұхтар Әуезов өз дәуірінде: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» – деп, қоғамдағы әр азаматтың өз ана тіліне деген құрметі шексіз болу керектігіне мән берді. Ия, тілге құрмет қоғамдағы әрбір жанның өмірлік ұстанымына, отбасындағы басты құндылықтардың біріне айналса, оны көзінің қарашығындай сақтаса, ұлттың жоғалу қаупі де туындамас еді.Тәрбие тал бесіктен басталады. Тілдің мәні мен құдіретін жастайынан санасына сіңіріп, сөз мәйегін теріп өскен ұрпақ кез-келген ортада ой жүйріктігімен, тіл шешендігімен өзгелерден оқ бойы оза тұрары да анық.
Тілге құрмет науқандық қана болып қалмай, ұдайы, жүйелі жүргізілсе, оң нәтиже беретіні белгілі. Бұл орайда еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында тілге жанашыр жастар ортасы құрылып, тіл тазалығын, тіл мәдениетін сақтауға атсалысу керек. Және ол орталықтар бір-бірімен тығыз байланыста болып, өз тәжірибелерін ортаға салса, үздік нәтижелермен бөліссе, тілдің болашағына деген алаңдаушылық та азаяр ма еді?!
Ұлттың ұлылығы мен мемлекетіміздің келбетін, биік парасатын танытуда тілден артық күш жоқ. Мәдениет те, сая¬сат та тіл арқылы қалыптасып, тіл арқылы өмір сүреді. Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында, бірлік-берекесінің орнығуында шешуші рөл атқарады. Сондықтан да, тіл мәселесіне аса құрметпен қарауымыз керек.

Гүлзира Бахадурова,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<