Туған ауыл әуендері

1231

0

(өлең-ностальгия)

1. Таң

Шартарапқа шашып нұр,

Күн шыққанда төбеден.

Аузына сап әжем тұр,

Жас құртты алып өреден.

Көркі енер әр үйдің,

Ақ сәулеге боянып.

Бесіктегі сәби де,

Езу тартар оянып.

Қойлар шығып қорадан,

Көк шалғынға өретін.

Қыз, келіншек даладан,

Шөпшек, тезек теретін.

Гүл көмкеріп қыр бойын,

Жуа, көсік өнетін.

Сағынғандай Сыр бойын,

Киік ауып келетін.

Терең еді-ау суы да,

Айдын көлдің шалқыған.

Балқытады буына,

Жалбыз иісі аңқыған.

…Жазғы жайлау кең жатқан,

Қызығы көп мереке.

Күбі пісіп, нан жапқан,

Оттың басы береке.

2. Түс

Күн күйдіріп жер бетін,

Құшағына алғандай.

Кең даланың келбеті,

Сұрғылт тартып қалғандай.

Сағымданған төбелер,

Көкжиектен көрінген.

Маң-маң басқан түйелер,

Бір аттауға ерінген.

Қозы, лақ көгенде,

Құдды бақтың жемісі.

Ұры-қары дегенді,

Білген емес ел іші.

Шөптің басы қозғалмай,

Дала мүлгіп қалғандай.

Бұта түбін көлеңке,

Тас бүркеніп алғандай.

Өзен, көлі болса да,

Туған жердің күні ыстық.

Аптап қысымға алса да,

Жанға жайлы тыныштық.

3. Түн

Тыныштық ап маңына,

Түн қонады  салмақ сап.

Жалғыз үйдің жанына,

Байғыз қонар жалбақтап.

Міз бақпастан көлеңке,

Ай қорыса түнімен.

Тербеледі терең көл,

Әупілдектің үнімен.

Бақ құстары дамылдар,

Күндіз тынбай жырлаған.

Жеті қарақшы жымыңдар,

Үркер қызын ұрлаған.

Естілмейді дауысы,

Ит-құстың бас қатырар.

Атпа артқан қауыншы,

Қысқа таңды атырар.

Қызығына тоймаған,

Балалықтың күні ме!?

Ақсүйекпен ойнаған,

Әсем еді-ау түні де.

***

Жаз жылысып, күз келді,

Қыс та жақын қалған ба?

Қандай жайсаң із қалды,

Мына жұмбақ жалғанда.

Өмір суын тартынбай,

Қанша ішсең қандың ба?

Қайырылмастай артыңда,

Қимас күндер қалдың ба?!

Өтетұғын қас қағым,

Дүние деген бекер-ау.

Қызығы көп жас шағың,

Арман күндер екен-ау.

Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<