Туған жер тарихы – тұнған шежіре

1240

0

Жерлесіміз, танымал тарихшы-этнолог ғалым Өтеген Әбдіраман – Сыр өңірінің тарихына қатысты 5 жинағы жарық көрген қаламгер. Қаламгердің құнды деректерден тұратын 40-қа жуық еңбегі баспадан шыққан. Айталық, 2018 жылы сол жылдардағы ҚР Мемлекеттік хатшысы, бүгінде облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың алғысөзімен жарық көрген «Қамысқала – Ақмешіт – Перовск – Қызылорда» атты тарихи жинағында Ресейдің әскери деректерінен алынған тың мағлұматтар бар.

Әл Фараби атындағы ҚазМУ-дың тарих және археология факультетін бітірген Ө.Әбдіраман 1978 жылы Алматыда БДДҰ медициналық конференциясы қарсаңында академик Т.Шарманов ұйымдастырған Қазақстан медицинасы мұражайының аға ғылыми қызметкері ретінде осы мұражайдың іргесін қалаушылардың бірі болды. Тарихшы қаламгер медицина ғылымына ден қойып, оған қоса шығармашылықпен айналысты. Медицина тарихын талмай зерттеді. Қазақстан медицинасының өткеніне қатысты маңызды деректерді жарыққа шығарды. Орта Азия деңгейінде отандық медицинаны дәріптеуде ондаған том еңбегі басылып, сала мамандарының сұранысын өтеді. Жазушының айтуынша, бұл еңбектері академик Мұхтар Әлиевтің  қолдауымен жарық көрген екен. Әңгіме арасында Өтеген Жексенбайұлы ағамыз осыған байланысты бір қызықты деректі алға тартты.

– 1964 жылы «Жұлдыз» журналында «Ғалым трибунасы» айдарымен айтулы медик-ғалым Сайын Балмұхановтың «Қатер қайдан?» деген көлемді мақаласы жарияланды. Мақалада мұсылман дәстүріндегі ер баланы сүндетке отырғызудың артықшылығы туралы ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып, жан-жақты айтылған. Сол уақыттағы кеңестік идеологияға қайшы келген осы мақала үшін «Жұлдыз» журналының сол кездегі бас редакторы, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қызметінен алынып, әлгі мақаланы журналға дайындап берген дәрігер-жазушы Зейін Шашкинге қатаң сөгіс берілді. Ғалым Сайын Балмұханов та жұмыссыз қалды. Сөздің қысқасы, сол бір мақала Орталық комитетте үлкен дүрбелең туғызып, соңы әлгіндей жазалаумен әзер басылды. Кейін арада екі-үш жыл өткенде атышулы мақаланың авторы Сайын Балмұханов ойламаған жерден Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесіп қалады. Өзін оның алдында жазықты сезініп, қобалжып тұрғанда  Әбдіжәміл Нұрпейісов келіп құшақтай алыпты. Бұл аң-таң. Сонда әйгілі жазушы, қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі сол жұмыссыз қалған уақытында «Қан мен тер» романын жазып шыққанын айтқан екен. «Әрбір істің қайыры бар» деген осы болар. Шығармашылық адамдарының өмірінде осындай тосын оқиғалар болып тұрады, – дейді Өтеген ағамыз.

Қаламгердің «Қазақ елінің астаналары» атты танымдық кітабы да үлкен сұранысқа ие болады. Ол кітапқа еліміздің әр кезеңдегі астаналары туралы деректер жинақталып, сонымен бірге, егеменді елдің жаңа астанасы – елорданың бой көтеруіндегі ерекше естеліктер енгізілген. Автордың айтуынша, Елбасы Н.Назарбаев осы кітаптың 50 данасын алдыртып, «Бұл кітап әрбір аппарат басшысының алдында тұруы тиіс» деп тапсырма берген екен. Сондай-ақ, «Жалаңтөс баһадүр – Самарқан қаласының әмірі» атты фотоальбомы да республикалық, халықаралық көрмелерде ел назарын аударады. Ал «Қыпшақ қайраткерлері» атты кітабы үш мәрте басылып шықты. Ол үшін жер-жерден деректер жиналған. Кітаптың тұсаукесеріне қатысушылар «Бұл кітапқа қыпшақтан шыққан ғұлама ғалымдар, ел билеген билер, батырлар, әулиелер мен бақсылар туралы деректер молынан енген. Олардың аруағы да Өтегенге риза болса керек…» деп жүрекжарды лебізін білдірген. Одан бөлек, «Қазақтың халық медицинасы», «Есабыз әулие», «Қазақтың қара емдері», «Қазақтың үш жауы», «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері», «Қазақстан медицина тарихына қатысты маңызды деректер», «Қоқанның соңғы ханы Әлімқұл Әмірлашкер», «Ұлт мақтанышы – Сағадат Нұрмағанбетов», «Ұлы ел Үндістан әсерлері», «Қырғыз өнерінің шолпан жұлдызы – Саламат Садықова», «Тәуелсіз Қазақстан теміржолдары», тағы басқа  жинақтары дүниеге келді.

 Қаламгердің өнер және мәдениет саласында да қолтаңбасы бар екенін байқаймыз. Алматыға оқуға түсемін деп алып-ұшып келгенде арманы бірден орындала қоймады. Осы уақытта ол 1966-1967 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қыз Жібек» фильмінде режиссер С.Қожықовтың көмекші ассистенті бола жүріп, көпшілік көріністерге қатысқан. Одан кейінгі жылдары Шиелі аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, «Қазақтелефильм» студиясында әкімші, фильмдердің директоры болып қызмет атқарады. Алдына қойған мақсатына жетіп, ҚазМУ-дың тарих факультетін бітірді. Ел тарихын, оның ішінде медицина тарихын  зерттеуге ерекше ден қояды. Әр жылдары Орынбор, Ташкент, Мәскеу архивтерінен қазақ тарихына қатысты тың деректер тапты.

Ол қоғамдық бастамаларға белсенді араласа жүріп, 1977-1979 жылдары Алматы облысы, Талғар аудандық кеңесінің депутаты болып сайланады. Осы жылдары аудандық «Алатау жұлдызы» газетінде алғашқы мақалалары жариялана бастаған еді. Ал 1977-1994 жылдары Қазақстан медицина және денсаулық сақтау тарихы мұражайының аға ғылыми қызметкері қызметін абыройлы атқарады. 1986 жылы Ташкентте өткен Шығыстың ғұлама дәрігері Ибн Синаның мыңжылдық мерейтойына арналған халықаралық жиында, 1994 жылы Түркияның Қайсері қаласында өткен халықаралық конгресте қазақ медицинасына қатысты маңызды тақырыптарда баяндама жасап, аталған ғылымның сыр-сипатын аша түседі.

Ө.Әбдіраман 1996 жылы «Оқшы ата» қорымында ашылған мешіттің «Есабыз ата мешіті» деп қайта аталуына, сол сияқты, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, дәрігер-жазушы Зейін Шашкиннің есімін ардақтауға байланысты сүбелі еңбектерімен де белгілі. 2013 жылы «Сарыағаш» шипажайында Д.Қонаевтың еңселі ескерткішінің орнатылуына да бастамашы болғандардың бірі. Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтың, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі Мұхтар Әлиевтің  еңбектерін насихаттауға көп үлесін қосты. Халық қаһарманы С.Нұрмағанбетов атындағы қордың құрылып, жас ұрпақ үшін көптеген танымдық жұмыстардың атқарылуына ықпал етті.

– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылын қарсы алып отырмыз.  Осы уақыт аралығында бар зейінімді шығармашылыққа арнадым. Елдің, жердің тарихын танытуға қалам тарттым. Еңбегі ерен, тұғыры биік тұлғалардың есімдерін есте қалдыру бағытындағы шараларға барынша үлесімді қосып келемін. Соның ішінде Сыр өңірінің дара перзенттері Мұхтар Әлиев, Дүкенбай Досжан, Сұлтан Қожықов, Шахмардан Есенов сынды азаматтардың еңбегін бағалап, есімдерін ұлықтауға тереңірек мән берілсе, – дейді қаламгер. Сонымен бірге, республикалық, облыстық деңгейдегі ономастикалық комиссия назарына Шиелі ауданындағы жаңадан салынған аурухананы Ұлы Отан соғысының ардагері, «ҚР Еңбек сіңірген дәрігері», «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Смайыл Кәрімбаевтың есімімен, ал Шиелі стансасындағы «Теміржолшылар саябағын» КСРО құрметті теміржолшысы, Шиелі ауданының құрметті азаматы Лепес Жанияздың есімімен атау жөнінде ұсыныстарын жеткізуді жөн көріпті. Қаламгер сөз арасында қазақтың салт-дәстүрі, мәдени құндылықтары, сондай-ақ, көше атауларына қатысты көкейінде жүрген пікірін білдірді. Бұл ретте кең ойланып, мол пішіп барып, шешім қабылдау орынды екенін айта келіп, өскелең ұрпақ туған жерінің тарихына құрметпен қараса дейді.

Қаламгердің сөзінен аңғарғанымыз, табиғат заңдылығымен жас ұлғайып, қариялық жасқа бет алған шақта туған жерге оралып, ағайынның арасында болуды көңілі қалайтынын жасырмады.

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<