Жүректен өшпеген Жамбыл жыры

664

0

Жыл басында «Жетінші арнада» Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) туралы «Ладога көлі – өмір жолы», «Құрсаудың қирауы» – «Прорыв блокады» деген деректі көрініс негізінде түсірілген көркем фильм көрсетілді.

Соғыстың алғашқы айларында әлі жеңіліс дәмін татпаған саны мен сапасы жағынан басым жаудың солтүстік тобы қаланы және шекаралы аудандарды қоршауға алды. Қаланы үлкен жерден бөліп, халқын аштық пен жалаңаштыққа ұшыратып, Кеңес одағына моральдық-рухани соққы бермекші болды. Ленинград адам төзгісіз қиын жағдайда жеңіске деген құштарлықпен қорғанып өмір сүрді. Блокада жылдарында фашистер қаланы 250 мың авиабомбамен, снарядпен атқылап қиратқан. Осының салдарынан тіршілік көздері мен коммуникациялық орындары істен шығып, аштық пен ауру жайлағанын тарихтан білеміз. Қаһарман жауынгерлер «Қызыл тулы» Балтық флотының жанкешті теңіз әскерлері қорғап, Ладога көлінің өмір жолы арқылы үлкен жермен байланыс үзілмеген. Осы жолмен блокада жылдарында 310 мың Кеңес жауынгері шығарылған. Ленинград майданының жауынгерлеріне 10 халықтық дивизия, 16 батальон, 7 партизан полкі мен жау тылында қимыл жасайтын полктер мен топтар көмек берген. Қала тұрғындары жаудың нөсер бомбасы мен артиллерия атыстарының астында жүріп, қираған өндіріс орындарын жөндеп, 2 мың танк пен 1,5 мың ұшақты, мыңдаған атыс құралдарын, әскери кемелерді жөндеп, майданға жөнелтіп отырған.

Ленинградты қорғаушы әскер қатарында мыңдаған қазақстандық да бар еді. 1944 жылдың 27 қаңтарында Қызыл әскердің екпінді күшімен Ленинград қаласы жау құрсауынан азат етілді. Биыл осы жеңіске жетпіс бес жыл толды. Оны қорғауда құрбан болған мыңдаған қазақ жауынгері Неваның сызды да батпақты ормандары мен көлдерінің астында мәңгілік жайда жатқанын бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Қираған ғимараттар мен үйлер сол күйінде Нева, Лиговской, Лес даңғылдарында, Васильев аралы аудандарында сақталған. Сондай-ақ «Азаматтар! Бұл көшелерде артиллерия атысынан сақ болыңдар!» деген жазу сол күйінде тұр.

Мұның бәрін тәптіштеп жазып отырғаным, осы қаһарман қалада екі ай болып, соғыста да, бейбіт еңбекте де аты мен тарихы әйгілі болған жерді өз көзіммен көріп, тарихи орындарын аралап, санамда қалған әсерлерімді оқырманға хабардар ету еді.

Өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдары аудандағы кәсіптік-техникалық училищенің директоры болдым. Осы саланың басшы кадрларының білімін жетілдіретін жалғыз институт Ленинград қаласында еді. Оқу орны ауласы атшаптырымдай Лиговский даңғылының бойындағы ғимаратта екен. Институттың екі бөлімінде Кеңес Одағының оқу орындары басшылары, социалистік елдерден келгендер білімдерін жетілдіреді. Барлық жағдай жасалған. Екі адамға бір бөлме, сабаққа дайындалатын жай, арзандатылған тамақ, қысқаша айтқанда, заман талабына сай жабдықталған.

Ленинградқа алғаш барушылар таныстықты «Эрмитажды» аралап көруден бастайды. «Қысқы сарай», «Кунсткамера», «Жеңіс» алаңы, «Ленинградты қорғаушылар» монументін тамашаладым. Есімде қалғаны – Ленинград қорғаушыларының музейі. Онда қаланы түрлі шетел басқыншыларынан қорғау ұрыстары, соғыс жылдарындағы қорғау, блокада қайғы-қасіреті, қаланың құрсау кезіндегі ерліктері сол қалпында қойылған. Әр секцияда егде тартқан сол музейде қызмет атқарып, зейнетке шыққан бақылаушылар бар. Олар қойылған дүниелерді баяндаудан жалықпайды. Бәрі де – тартымды, тарихи дүниелер. Осылай қызықтап келе жатқанымда алдымнан Жамбыл Жабаевтың өзіміз көріп жүрген суреті көзіме оттай басылды. Екі секцияның бұрышына орналастырылған ақынның үлкен суреті ағаш жақтауға салынған. Ұзақ тұрғаннан ба, сарғайыңқыраған. Суреттің астында ақынның өмірбаяны, ол кісі туралы айтылған ақын-жазушылардың сөздері, «Ленинградтық өренім» өлеңі қазақша, орысша жазылған. Ақынның жазушы, артис, қайраткерлермен түскен суреттері мен домбырасы, тұтынған заттары қойылыпты. Кезінде жергілікті билік айтарлықтай мән берген сияқты.

Менің тапжылмай қарап тұрғанымды білді ме, экскурсовод әйел қасыма келіп:

– Қайдан боласыз? – деп сұрады.

– Қазақстаннанмын, – дедім.

– Жамбыл ақынның елінен болдыңыз ғой.

Ақын экспонатының жағдайын көріп:

– Неге толықтырылып жаңартылмаған? Күтімі де мәз емес. Ұлы Отан соғысы жылдарында блокада құрсауында қалған ленинградтықтарды өз баласына теңеп шыдамдылыққа, қайсарлыққа, жаудан кек алуға шақырған үндеу өлеңі бүкіл Кеңес халқына тарағанын білесіздер, – дедім.

– Дұрыс айтасыз, – деді экскурсовод. – Ұлы ақынды, оның Ленинград үшін шайқасқан жауынгерлер мен қала халқын жауды жеңуге үндеген «Ленинградтық өренім» өлеңін мен сияқты құрсауда болған азаматтар жақсы біледі. Біз ұлы ақынға басымызды иеміз. Барлық қиындықты басымнан өткіздім. Үлкендермен қатар жаралыларды емдеп, зауыттарда жұмыс істедім. Сонда бізге, пионерлерге «Ленинградтық өренім» өлеңін госпитальда, зауыттағы жұмысшыларға мәтінімен қайта-қайта жаттатып оқытатын.

– Ленинградцы, дети мои!

Ленинградцы, гордость моя!

Мне струе степного ручья

Виден отблеск Невской струи, – деп шырқай жөнелді.

Қойылған дүниелер мен күтіміне көңілім толмай тұрған мен ашуым тарқап, риза кейіппен қолын алдым.

Рысбай Кәрімұлы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз