Жыр – ғұмыр

1449

0

Білмесем де қанша екенін сый-бағам,

Шүкір етем, Өмірге өлең сыйлаған.

Шүкір етем, ақ параққа төгілген,

Жырларыма жүрегіме сыймаған.

Ақ қағаздан жасап алып ақ айдын,

Жүзін көрем дана, дара Абайдың.

Күзін көрем жырмен жауған жаңбыры,

Ізін көрем жыр ерттеген талайдың.

Анда-санда бебеулесе құс-қалам,

Ерді көрем жыр-семсерді ұстаған.

Тілмесем де өткір тілмен өлең ғып,

Ойларым бар Махамбетке ұқсаған.

Жауабы жоқ кей түйткілдің сұрағы,

Жүрегіме құйылып кеп тұрады.

Осындайда дүбірлейді кеудемде,

Желіп жеткен жыр-тұлпардың тұяғы.

Құлағыма шалынғанда бір дүбір,

Тулайтындай шаттығымның шырқы бір.

Кісінеген кіл ойларды тізгіндеп,

Жүрегімде шұрқырайды жылқы-жыр.

***

Өзіме ғана сенемін!

Болғанымен шын көңілін бөлетұғын достарым,


Ғазиз жүрек сырластыққа бəрін бірдей қоспады.


Көргеніммен күнгей жағын, бар аласын бүккеннің,


Көлеңкеге айналуы – бұл жалғанда қас-қағым.

Салып кетсе салқын достар кірпігіме титтей мұң,


Мамыражай мазам қашар əупілінен иттердің.


Сол үшін де күйін тыңдап, жүрегіме сенемін!


Өз жайымды менен өзге бес күнімде күйттер кім?

Арамдықты көре қалсам, шыбын жаным шырқырап,


Кезе берем, кезе берем жыр-сарайдың кілтін ап.


Өкінішпен өрілсе де, кешірімге малынған,


Жыр жазамын өмірімнің бір парағын жыртып ап!..

Жаман сырды сыналатпай, досқа ойымды айтармын,


Жеңілдермін, бəлкім, сəл-пəл?!


Жүректегі қайтар мұң?

Естуімше, тоқтамайды бұ дүниеде бітпеген,

О дүниеде тіресуі періште мен сайтанның!

Ботакөз  ҚҰРМАНАЕВА,

педагог-зерттеуші,

Шиелі ауданы,

Жөлек ауылы,

№152 қазақ орта мектебі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<