Ата Заң тұрақтылығымыздың кепіліне айналды

1584

0

Өмір бір орнында тұрмайды. Ол өзгереді, жаңа бастамаларға жол ашады. Сол сияқты биыл Қазақстан өз тәуелсіздігінің жылнамасындағы айтулы күнді атап өтпекші. Тәуелсіздігіміздің символына айналған Қазақстан Конституциясына – 25 жыл.

Елдің көз алдында, 1991 жылы Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Одан кейін, Қа­зақстан Республикасының жа­­ңа Конституциясын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев ұсынып, оны Қазақстан хал­қы 1995 жылы 30 тамыздағы Рес­­пуб­­ликалық референдумда бір ауыз­дан мақұлдады. Конс­титу­­ция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жа­­уап­­кершілік жүктеді. Ата Заң­да атап көрсетілгендей, Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті – халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостан­дық­тарының нақты кепілі деп нақ­тыланды.

Ал, Ата Заңда еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық көрсе­тілген еді. Яғни, біздің елімізде қандайда бір қылмыс жасалса да барлығы Заң шеңберінде шешіліп, тіпті қылмыс жасағанның да құқықтары қорғалады.

1995 жылы Конституцияда адамның табиғи құқықтары мо­йындалып, оларды негізгі конс­титуциялық құқықтар мен бос­тандықтарда бекітіп, Ата Заң оларды қорғау механизмін қам­тамасыз етті. Республика Конституциясымен құқықтар мен бостандықтарды қорғайтын екі маңызды тәсілі бекітілді. Ол сот арқылы және әкімшілік жауап­кершілік арқылы жүзеге асырылады.

Сондықтан елімізде адамның бостандығы олардың  жасаған әрекеттері тек заңға қайшы келгенде ғана, Қазақстан  заңнамасына сәйкес, сот арқылы шектеу қо­йылмақ. Өйткені, біздің Заңның ең бірінші міндеті  адам өмірін сақтау және оның құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмеу. Қазақстан Республикасының азаматы болсын немесе басқа елден келген қонақ болсын мейлі, біздің еліміз адамға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін  әрқашан қызмет атқарады.

Көптеген зерттеушілердің пікі­рінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.

Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген  Негізгі Заң да осы – 25 жыл бұрын қабылданған Конституция. Қа­зір келтіріліп жүрген ресми мәлі­меттерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның бір мың бір жүзі Конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда Конс­титуциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибе­лерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», – деген болатын.

Шынымен де бүгінгі Ата За­ңымыздың басты ерекшелігі қандай? Қоғам қайраткерлерінің сөзіне сүйенсек, мұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымға, біріншіден – қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден – экономикалық даму, үшіншіден – қазақстандық патрио­тизм, төртіншіден – маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу принциптерімен негіздейді. Ата Заңымыздың бі­рін­ші бабына енгізілген осы төрт мәселе арқылы Қазақ­стан­ның жан-жақты дамуына жол ашыл­ған.

Қалай десек те, Ата Заңымыз егемен еліміздің дамуына даңғыл жол салып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып, демократиялық жолмен даму бағытын айқындап, нә­ти­жесінде бүгінгі жеткен же­тіс­тіктеріміздің баршасы Ата Заңымыздың тиімділігінің арқа­сы екеніне көз жетіп отыр. Оның ішінде құқықтық мемлекет қа­лып­тастыру қағидалары қоғам­да және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде.

Ал ондай дағдарыстар туын­дауының бір негізі консти­ту­циялық қайшылықтар­дан, даму бағытын айқындаудың олқы­лы­­ғынан туындап жатқаны да бел­гілі болуда. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі – қолданыстағы Ата Заңды алтын арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент- Елбасының дәйекті саясатының жемісі.

Бұл орайда Елбасы «Консти­туцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуы­ның және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауы­мыз керек» деп атап көрсеткен болатын.

Бұл Мәңгілік Елдің тұғыры бекем, шаңырағы берік болуының кепілі болып табылады.

Сәкен СЕРІКБАЕВ,

тарих ғылымдарының кандидаты, 

«Өрлеу» ұлттық орталығы

Қызылорда филиалы директорының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<