«Әділдік және жауапкершілік мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс». Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген болатын. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі. Ал әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз.
Қоғамда әділдіктің орнауын қадағалап отыратын органдардың қызметі сан түрлі. Облыстық әділет департаменті өткен жылды жемісті қорытындылап, бекітілген нысаналы индикаторға қол жеткізіп, республика бойынша алдыңғы қатарда болды. Осы орайда біз департамент басшысының орынбасары Жамбыл Асадинұлымен сұхбаттасқан едік.
– Жамбыл Асадинұлы, өткен жылды жақсы нәтижемен қорытындыладыңыздар. Жалпы әділет органдарының басты бағыты қандай?
– Әділет органдарының басты бағыты – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарын жүйелі үйлестіру. Құрылым осы бағытта тұрғындарға 12 түрлі қызмет көрсетеді. Мәселен, «Egov.kz» электронды үкімет порталы арқылы онлайн тәртібімен коммерциялық емес заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды тіркеу, таратылуын тіркеу және заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің басшысын ауыстыру мүмкіндігі енгізілді. Бұл бастамашылық заңды тұлғалардың ХҚК орталығына бару уақыты мен шығынын үнемдейді. Сондай-ақ департамент өкілдері ресми құжаттарға апостиль қою жұмыстарын электрондық үкімет порталы арқылы да жүргізуде. Осы аталған мемлекеттік қызмет 1 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Жыл көлемінде 1100 құжатқа апостиль қойылған.
Департаментте 10 мемлекеттік және облыста 72 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. Аяқталған атқарушылық іс жүргізулердің жалпы санынан толық көлемде орындалған атқарушылық құжаттардың үлесі 75,3% құраған. Ал атқарушылық іс жүргізудің орындауындағы жалпы санынан аяқталғаны 53,2%.
– Мемлекет кірісін өндіруді бақылау – сіздердің міндеттеріңіз. Сот орындаушыларының атқарушылық құжатына қаншалықты мониторинг жүргізіледі?
– Департамент мамандары жеке сот орындаушыларына жоспарлы бақылау жүргізгенде 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі атқарушылық құжат тексеріліп, оны аяқтау үшін тиісті шаралар атқарылуда. Мемлекет кірісіне өндіру санатындағы атқарушылық құжаттар бойынша барлық мәжбүрлеп орындау шараларына және борышкерлердің республика аумағынан шығуына уақытша шектеулерге тұрақты мониторинг жасалады.
Атқарушылық іс жүргізу саласындағы жаңашылдықты айта кетейін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 19 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заңды орындау үшін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, «Оңайлатылған іс жүргізуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Әділет министрінің м.а. 2024 жылғы 16 тамыздағы №697 бұйрығы қабылданды. (22 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді).
Оңайлатылған іс жүргізу дегеніміз – аумақтық әділет органы атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асыратын атқарушылық құжаттардың автоматтандырылған орындалуы (сот орындаушыға дейін).
Ол жеке тұлғаға қатысты қозғалады және жиырма АЕК дейінгі соманы мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы. Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстер бойынша шығарылған сот қаулылары, әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды тұлғаның) қаулылары, әкімшілік жаза қолдануға уәкілеттік берілген орган (лауазымды адам) берген айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалар, берешекті өндіріп алудағы салықтық бұйрықтары туралы атқарушылық құжаттар қабылданады.
Оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде атқарушылық құжат бойынша берешекті төлеу жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлемей жүзеге асырылады. Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда, айыппұлдың 25% сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады.
Жеке тұлғадан жиырма АЕК дейінгі соманы өндіріп алу туралы өткен жылдың тамыз айының 22-нен бастап
31 желтоқсанды қоса алғанда облыс бойынша 13 102 атқарушылық құжат 297,3 млн теңгеге қабылданып, 2212 атқарушылық құжат 49,2 млн теңгеге аяқталды. Оның ішінде нақты орындалғаны 2204 атқарушылық құжат 49 млн теңге, яғни ЖСО қызметіне төленетін 25 пайыз қызмет ақысы шамамен 12,2 млн теңгеге үнемделді.
Жеке сот орындаушыларына 202,3 млн теңгені құрайтын 8911 атқарушылық құжат берілді және 267 борышкер 8,3 млн теңгеге атқарушылық құжат талаптарын оңайлатылған тәртіппен орындаудан бас тартты.
Оңайлатылған іс жүргізу шеңберіндегі атқарушылық құжат орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 1 қызметкер азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп, жұмыс атқаруда.
– Қазір өкінішке қарай, елімізде алимент төлеуден жалтаратындар азаймай отыр. Біздің өңірде ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен жалтарғандар көп пе?
– Алимент төлемдерін өндіріп алу санаты бойынша есепті кезеңде 15255 атқарушылық құжат орындауда болып, оның 2684-і аяқталған. Ал 12 571 атқарушылық іс жүргізудің 3839-ы мерзімді орындауда болса, 4516 борышкер алиментті өз еркімен төлеуде.
– Алиментті мүлде төлемейтін борышкерлерге қандай шара көріледі?
– Алимент төлеуден жалтарып жүрген 379 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 87 борышкерге қатысты ұсыныс қылмыстық қудалау органына жолданды. Нәтижесінде «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» жүйесіне 27 материал тіркеліп, 18 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бірінші саты сотының айыптау үкімімен 18 сотталушыға 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылды.
Былтыр борышкерлерге арналған «Бос орындар жәрмеңкесі» 6 рет өткізіліп, 107-сі жұмысқа орналастырылды және ЖСО 251,8 млн теңге алимент берешегін өндірді. Одан бөлек, алимент берешегі есебінен 1 үй, 4 жер борышкерден өндіріп алушының атына аударылып берілді. Сондай-ақ Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудандарда полиция қызметкерлерінің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен борышкерлердің және олардың көлігінің орналасқан жерін анықтау бойынша рейдтер ұйымдастырылып, автокөліктер қамауға алынды.
– Борышкерлерді әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартудағы атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Бұл жұмыстарды күшейту әрі сапалы ету үшін Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарына арнайы біліктілік тәжірибесі жоғары 1 мемлекеттік сот орындаушы бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жеке сот орындаушылардың борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған 318 ұсынымы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, қаралды.
Сондай-ақ өңірімізде департамент, жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы, прокуратура, ішкі істер органдарымен бірлескен өзара іс-қимылдың нәтижесінде, 152 борышкерге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, сотта қаралды.
Жалпы сот орындаушылардың өндірісіндегі атқарушылық құжаттар бойынша 489 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ҚК-тің 139, 425, 430-баптарымен борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 96 ұсыныс қылмыстық қудалау органдарына жолданған. Осылайша 36 материал «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» жүйесіне тіркеліп, 18 қылмыстық іс сотқа жолданды. Айыптау үкімімен 18 сотталушы 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді.
– Зияткерлік меншік құқықтарын қорғауда қандай шаралар жүзеге асуда?
– Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында құқықтық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін зияткерлік меншік объектілерін пайдаланушы тұлғалармен, кәсіпкерлермен мекеме, ұйымдарда 127 ақпараттық-насихаттық шара өткізілді. Әділет министрлігі жанындағы Ұлттық зияткерлік меншік институты жыл сайын түрлі конкурстар ұйымдастырып келеді. Сәуір айында «Ортақ болашақ үшін инновация және шығармашылық» тақырыбында үздік материал конкурсы жарияланған болатын. Конкурс нәтижесінде журналист Мұрат Жетпісбаев 1-орын иеленді. Жүлдегерге Әділет вице-министрінің дипломы мен ақшалай (150 000 теңге) сыйақы табысталды. Сонымен қатар, қыркүйек айында оқушылар арасында «Үздік эссе» республикалық байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауда да Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ақнұр Мұсабаеваның жазған эссесі ең үздік танылды (200-ден аса оқушы қатысқан).
Айта кетерлігі, жыл сайынғы байқауларда Қызылорда облысынан қатысқандар жүлдесіз қалған емес. Мысалы, алдыңғы жылы «Үздік эссе» байқауына біздің облысымыздан қатысқан екі оқушы 2-орынды иеленген болатын. Бұл – үлкен жетістік.
Әділет департаменті жеке және заңды тұлғалардың арызы негізінде тауар таңбаларының сақталуына қатысты тексеру жүргізеді, яғни тауар таңбасының заңды иесі өзінің құқығы бұзылғаны, өзінің тауар таңбасын өзге біреу оның рұқсатынсыз пайдаланғаны туралы әділет департаментіне арыздана алады. Өткен жылы заңды тұлғалардан түскен өтініштер бойынша зияткерлік меншік объектілерін пайдаланатын субъектілерге 5 тексеру жүргізілді, 3 құқықбұзушылық анықталып, 3 әкімшілік іс қозғалды. Құжаттар сотқа өткізіліп, соттың шешіміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– 2022 жылы 20 маусымда ұлттық заңнамаға «Географиялық нұсқама» атты жаңа өнеркәсіптік меншік объектісі енгізілді. Географиялық нұсқамаларды тіркеу жұмыстары басталды ма?
– Тіркеу мәселесінен бұрын, түсінікті болу үшін географиялық нұсқама дегенге тоқталып кетсем. Бұл – «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заңға сәйкес географиялық объектінің аумағынан шығарылатын, белгілі бір сапасы, репутациясы немесе басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен байланысты тауарды сәйкестендіретін белгілеме. Осы географиялық объектінің аумағында тауардың сипаттамаларының қалыптасуына елеулі әсер ететін, оны өндірудің кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылуға тиіс. Ол тек белгілі бір аумаққа қатысты өнімнің шыққан жерін көрсететін болса ғана географиялық нұсқаманың қызметін атқара алады. Қорғалатын географиялық нұсқама өз иесiне стандарттарда белгіленген технологияны пайдалана отырып, басқа тұлғалардың оған ұқсас өнiмдердi өндiруiне тыйым салу құқын бермейдi. Әдетте, географиялық нұсқаманы қорғау нұсқама қызметін атқаратын белгіге құқықтарды алуға негізделеді. Нұсқама ауыл шаруашылығы өнімдеріне, тамақ өнімдеріне, шараптар мен спирттік ішімдіктерге, қолөнер мен өнеркәсіп өнімдеріне қолданылады. Бұған дейін географиялық нұсқама статусы Алматының әйгілі апортына берілген болатын.
Департамент облыс әкімдігімен бірге өндірілетін танымал өнімдерді сараптап, оларды ұлттық бренд ретінде тіркеу жұмыстарын жүргізді. Жыл бойы атқарылған шаралар нәтижесінде 9 өнім географиялық нұсқама ретінде тіркеліп, мемлекеттік тізілімге енгізілді. Олардың ішінде Қызылорданың күріші мен тұзы, Жаңақорғанның жүгері сусыны, Жайылманың қарбызы, Қазалының конфеті, Арал теңізінің көксерке сүбесі, Аралдың түйе сүтінен жасалған және жантақ өсімдігі қосылған емдік сабыны, Қазалының сабыны бар. Сондай-ақ Шиелінің құрты, түйе сүтінен жасалған балмұздағы және Жаңақорғанның баларасын тіркеуге арыз беріліп, қазір сараптама жасалуда.
Өткен жылы облыс негізгі даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында үздік үштікке енді. Өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласының дамуы бойынша да алдыңғы саптан көрініп келеді. Географиялық нұсқама ретінде тіркелу әлеуеті жоғары өнімдердің көбі осы салаларда өндіріледі. Бұл Қызылорда өңірінің ұлттық брендтер санын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндігі мол дегенді білдіреді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<