Аймақ дамуының бағдары айқын

2210

0

Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл. «Елу жылда ел жаңа» дейтін халықтық көзқарас тұрғысынан баға берсек, елдің екі мәрте жаңаратын кезеңі. Демек, алаштың анасы атанған Сыр елі де осынау уақыт аралығында қарқынды даму кезеңін өткеріп, қоғамдық-саяси һәм әлеуметтік сипаттағы қадау-қадау оқиғалардың тарихын түзді.

Осы орайда өңір тарихында өзіндік орны бар мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Алмагүл Божановамен әңгімелесіп, облыстың кешегісі мен бүгіні жайлы ой бөліскен едік.

– Осынау уақыт шеңберінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы қарыштап өсті десек, қателеспейміз. Ал осы жұмыстардың басы-қасында болған  білікті кадрдың бірі өзіңіз. Аудан басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қоғам алдында тұрған қауырт мәселелерді шешуге атсалыстыңыз. Осы ретте өңіріміздің бүгінгі өзгерісіне қандай баға бересіз?

– Иә, 85 жыл – облыс болып құрылғалы бергі уақыт өлшемі, болмаса Сыр өңірінің тарихы тереңде жатыр. Ол шежіре бүкіл қазақ халқының басынан кешкен небір нәубет, небір зұлмат кезеңдермен тығыз байланысты, ғасырлар бойы бірде шапқыншылықты, қуғын-сүргінді, соғысты, халық шаруашылығын қалпына келтірудің алапат бейнетін бүкіл қазақ халқымен бірге Сыр бойы тұрғындары басынан өткерді. Осы жолда талай ел қорғаған батырлар, көсемдер, шешендер, билер, ел басқарған қайраткерлер, еңбек майталмандары жанын пида етті. Олардың есімдері аймақ тарихында алтын әріппен жазылып қалғаны сөзсіз.

Ең басты тарихи оқиға, тоқсаныншы жылдардың басында хақ жарылқап, қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізді. Бүгінгі бейбіт заманымыздың негізі қаланды. Мемлекетіміз алғашқы қиындықтардан аман өтіп, дербес даму жолына аяқ басты. Оның ішінде Қызылорда облысының да  әлеуметтік-экономикалық ахуалы  қарыштап өсті десек, қателеспейміз.

Облыс орталығы – Қызылорда қаласы үлкен құрылыс алаңына айналып, заман талабына сай тұрғын үйлер бой түзеген, инфрақұрылымы дамыған, жаңа индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асқан заманауи қалаға айналды.  Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қала салынып, сәулетті құрылыстарымен бой түзеп келеді.

Сыр өңірінің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша шолу жасап көрсек, өткен 2022 жылды жақсы нәтижелерімен қорытындылады. Аймақ әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша алдыңғы қатарда. Қазір де облыста тың жобалар өркен жайып, ауқымды инвестициялар тартылып, тіректі салаларда серпінді қадамдар жасалуда. Негізгі капиталға салынған инвестиция қарқыны, басқа да салалар бойынша Сыр өңірі тәуір көрсеткіштерге қол жеткізді. Алдағы 3 жылға жоспарланған Ұлттық жоба аясында құрылыс көптеп салынуда. Биыл да өңірде жаңа нысандар салынады. Оның 10-ы – «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа мектептер құрылысы. Ірі нысандар қатарында Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеретін 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысын айтуға болады. Мәдениет саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Өңірде тұрғын үй саласы да қарқынды дамуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы, 7 аудан орталығы мен елді мекендердің ішкі көшелері жаңартылады. Сондай-ақ аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға жергілікті меценаттарды көптеп тартып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Осындай жарқын істердің тізбесін жалғастыра беруге болады, осы келтірген мәліметтердің өзі Қызылорда облысының даму деңгейін айқындай түседі. Қорытындылай келе, туған өлкеміз өсу-өркендеу жолында деп батыл айта аламыз. Сыр бойы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайының қазіргіден де жақсара түсетініне сенімдіміз.

– Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Расында, ауылдық жерде шешімі табылмай тұрған мәселе жеткілікті. Сіз бұған қандай ой қосар едіңіз?

– «Ауыл – ел бесігі» деген қанатты сөз өте сәтті айтылған, өйткені біздің республикамыздың 43 пайыз халқы ауылда тұрады. ауыл – береке бастауы, ұлттық  салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың, тіліміз бен діліміздің, дініміздің қаймағы бұзылмай сақталып отырған мекені. Ауыл – облыс тұрғындарын азық-түлікпен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір құрылым. Сондықтан Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» – үлкен талдаумен, дер уақытында қабылданған бағдарлама.

Қазір біздің облысымызда ауылдық елді мекендерді дамыту жөнінде біршама жұмыстар атқарылуда, әрбір ауданда тірек ауыл орталықтары бой көтерді, барлық дерлік елді мекендерде әлеуметтік салада нысандар салынып, көгалдандыру-көркейту жұмыстары жүргізіліп, көшелер асфальттанып, ауызсу, аяқсу, ауылдарды түгел жарықтандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Оған  жақында жарияланып, алғашқы қорытындысы шығарылған «Үлгілі елді мекен» байқауының өткізілуі де – үлкен қозғаушы күш. Жоғарыда аталып кеткен тұжырымдаманы іске асыру бойынша әлі де болса шешілмеген өзекті мәселелер жеткілікті. Заманауи жобаларды іске асыру, апатты, үш ауысымды мектептерді жаңадан салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, елді мекен тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, ауыл мен қала айырмашылығын  барынша азайту сияқты шешімін табатын мәселелер бар. Осы жұмыстарды қарқынды іске асыру үшін ауылдық жерлерге жастарды көбірек тарту керек. «Дипломмен – ауылға!» қозғалысын әрі қарай дамытып, қазір ауылдарға жетіспейтін мал мамандары (зоотехник, ветврач), гидротехник, агроном, инженер-механик, энергетиктерді дайындауға басты назар аударып, жастарды осы мамандықтарға баулу үшін жағдай  жасау керек деп ойлаймын. Сонда ауылдардың келешегі бұдан да жарқын болады.

– Облысқа қарасты Сырдария  ауданын басқардыңыз. Ауыл  өміріне, шаруашылықтың сан саласына қатысты мәселе жетерлік. Сондай-ақ, оның ар жағында тұрғындардың тұрмысын жақсарту талабы тұр.  Осы қызметіңізден қандай тәжірибе түйдіңіз?

– Әр кезеңнің өз міндеттері мен жауапкершілігі болады. Қиын да күрделі, өтпелі кезеңде бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданының әкімі қызметінде болдым. Жалпы өзім осы ауданның тумасымын, бұған дейін сатылап барлық қызметтің тезінен өттім. Бұл аудан экономикасы мен әлеуметтік салалардың дамуындағы ең күрделі кезең болатын. Өндіріс, құрылыс салаларындағы бұрын қалыптасқан байланыстар үзіліп, жаңа нарыққа сай өндірістік қатынастар әлі орныға қоймаған, қаражаттың тапшылығы кей нысандардың мүлдем тоқтап қалуына әкеліп соқтырған еді. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының материалдық-техникалық базаларының тозығы жетіп, оларды жаңадан салу, күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігі жоқтың қасы болатын. Ең ауыр жағдай ауыл шаруашылығында қалыптасты. Біздің ауданымыз ежелден  аграрлық аудан болғандықтан, ауыл шаруашылығы ауыл тұрғындары үшін әрі күнкөріс, әрі табыс көзі болып отырған. Саланың дағдарысқа ұшырауы ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреді.

Осы жағдайлардың бәрін байыппен, сабырмен жаңа қоғам, нарықтық қатынас, жүргізіліп жатқан экономикалық-әлеуметтік реформалар тұрғысынан зерттеп, талдап, саралап, бірінші кезекте шешілетін мәселелерді іріктеп, шара көріп, шешім қабылдай бастадық. Алдымен қолынан іс келетін, жаңа нарықтық қатынастарды ауыл өміріне батыл ендіре алатын, сынақтан өткен, білімді кадрларды таңдап, оларға шешуші салаларды сеніп тапсырдық. Әр сала бойынша қорытындылап, келешек атқарылатын, бүгін орындалатын іс-шаралар нақты орындаушысымен, мерзімімен белгіленді. Ол кезде атқарылған жұмыстарды санамаласақ, бір сұхбаттың шеңберіне сыймаған болар еді. Құрылыс, кіші кәсіпкерлікті дамыту, қаржы саласын сауықтыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, спорт, мәдениет салаларының материалдық-техникалық базасын дамыту, елді мекендерді көркейту-көгалдандыру, ең өзекті мәселе тұрғындарды ауызсу, аяқсумен қамтамасыз етуге байланысты шешімдер қабылданды. Әрбір сала бойынша қабылданған шешімдер қатаң бақылауда болды.

Жүзеге асқан шаралардың арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы біртіндеп оң бағыт ала бастады. 1997-1998 жылдары барлық салалар бойынша көрсеткіштер көтерілді. Осы арқылы облыстың дамуына өз мүмкіндіктеріміздің аясында үлес қоса бастадық. Аудан халқының тұрмыс жағдайы түзеле бастады. Өтпелі кезеңнің экономикалық дағдарысын, әлеуметтік жетіспеушілікті жеңу жолында біраз тәжірибе жинақтадық. Барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Біздің ауданның ол кездегі бюджетін қазіргі миллиардтармен салыстыруға келмейді. Бірақ  сол  аз қаражатты берекесін келтіріп, үнемді, мақсатты, дер мерзімінде жұмсап, игеріп, бәріне жеткізуге тырысатын едік. Қазіргі уақытта барлық  салалар бойынша бөлініп жатқан миллиардтаған қаражаттың үнемді,  өз мақсатына жұмсалып, дер кезінде игеріліп, қазіргіден де тиімді нәтижелерге қол  жеткізіп, халықтың игілігіне айналса үлкен  жетістік, ең мықты тәжірибе болар еді. Сыбайлас жемқорлық деген қоғамды жегідей жеген қылмыспен жүйелі күрес бір сәт те толастамау керек, бұған бүкіл қоғам атсалысса құба-құп.

– Сонау жылдары  қыс мезгілінде Сырдария өзені тасып, ел іші әбігер болып жататын. Дария беті мұз құрсанып жатқанда, уақытты үнемдеу үшін еш қорықпай, қызметтік көлікпен дарияның арғы бетіне өткеніңіз жайлы әңгіме айтылады. Бұл қадамға  екінің бірі тәуекел ете алмайды. Осы жайында өзіңіз айтып берсеңіз…

– Бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданында балабақша меңгерушілігінен аудан әкіміне дейін 40 жылға жуық  қызмет істедім. Сол уақыт ішінде атқарылған қызметтер бойынша мен туралы аудан тұрғындары арасында біршама аңызға айналып кеткен әңгімелер бар.  Бұның себебі: мен ұзақ жылдар аудан  халқының көз алдында болғандықтан мінезіңді де, жұмыс әдістеріңді де, осал жерлеріңді де ел біліп отырады. Бір сөзбен айтқанда, бойлары үйреніп кетіп, айтқаныңды орындамай кетуі де мүмкін. Сондықтан мен үнемі ізденіп, жұмыс стилімді де өзгертіп, күтпеген шешімдер қабылдап, қауіпті тәуекелдерге барып отыратынмын. Сырдария өзені  тасып, сең жүргендегі дариядан өтуім сол тәуекелдердің бірі және бұл бір жыл, бір рет емес, көпір салынғанша  ондаған  жыл бойы қайталанып отырды. Өйткені дарияны кесіп өту жүздеген шақырымды үнемдейді, уақыттан да ұтылмайсың, тапшылық заманда  жанар-жағармайды да үнемдейсің. Мұз енді ұстаған кезде жеңіл машинамен, сең жүріп  жатқанда жалпақтау мұздардың арасымен жаяу өтіп кете беретінмін. Бұл бір жағынан жұмыстың көптігі, уақыттың жетпейтіндігінен болса, екінші жағынан ұзақ жылдар көпір құрылысын салу жөнінде жоғары органдар алдына қойған ұсыныстарым уақытында шешілмеген соң, көрсеткен қарсылығым да болар деп ойлаймын. Бұл  қауіпті тәуекелді ерлік деп есептемеймін,  бірақ сол  кезде бірге қызмет атқарған  азаматтар өтіп кетейік деп дария жағасына алып келгенімде «кешіріңіз, бұндай қадамға бара алмаймын, артымда бала-шағам бар» деп баспайтын. Сондықтан жалғыз өзім кете беретінмін.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<