Кезекті «Сыр-сұхбаттың» қонағы КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Қызылорда облысының құрметті қайраткері және құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Маханов.
– Тұрғанбай аға, сіздің атыңыз айтылса, біздің ойымызға облыстық медициналық орталық түседі. Осы алып құрылыстың өмірге келуіне сонау жылы КСРО депутаты ретінде сіздің сіңірген еңбегіңіз зор. Бұл қанша айтса да ескірмейтін ерен оқиға, осы жөнінде тағы бір нақтылап айтып бересіз бе?
– Негізі ОМО ғана емес, облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығының салынуында да менің біршама еңбегім бар.
1990 жылдың орта шенінде Қызылорда жерінде мұнай өндіру басталды. «Құмкөл» кенішін игеру қарқын алып, материалдық-техникалық базалар салынып жатқан-ды. Кеніштің бас директоры Мұрат Саламатов болатын. Осы кезде «Құмкөлден» өндіріс ошағы ашылатын жерге жұмысшыларды емдеу мекемесі де қажет болды. Осыған қатысты ойымызды облыс әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасары Фарид Фаткульдинов екеуміз облыс басшысына жеткіздік. Ол кісі төрелігін түйіндеді:
– Егер солай дейтін болсаңыздар, «жығылсаң нардан жығыл», сіздер неде болса тәуекел деп аурухана салу үшін жұмыс жүргізіңіздер. Тиісті орынға мәселені осылай қойғанымыз жөн болар. Оның кілті КСРО Мұнай-газ министрлігінің қолында. Министрі – Л.И.Филимонов. Жаңағы ұсыныспен сол кісіге бару керек, – деді.
«Темірді қызған кезде соқ» деген, араны суытпай Мәскеуге жол тарттық. КСРО Мұнай-газ министрі Филимоновтың жеке қабылдауында болдық. Министр ұсынысты мақұлдап, КСРО-дағы Болгарияның сауда өкілдігіне өз атынан қатынас жолдады.
Қатынаста «Құмкөл кен орнын кеңейту және әлеуметтік мәдени-тұрмыстық объектілердің құрылысын жүргізуші «Главболгарстрой» мекемесін жалпы сомасы 8,1 миллион клирингтік АҚШ долларымен қаржыландыру 1990 жылғы 28 желтоқсанындағы КСРО мен Болгария арасындағы сауда келісімінің қосымшасында қаралған қаржы есебінен жүзеге асырылады» деген сөздер бар еді.
Сөйтсек, сол жылдары Болгар мемлекеті аталған министрлікке 8 миллион клиринг қарыз екен. Сондықтан құрылысты «Главболгарстрой» мекемесі жүргізетін болды. Жұмысты бастау үшін аурухана жобасын жасау керек. Осы орайда болгарлар жағының аурухана жобасы жөніндегі пікірлерін тыңдадық. Олардың ойынша Болгарияға барып, бірнеше аурухананы көруіміз керек. Табылған жағдайда құрылысты тез бастауға болатын түрі бар. Уақыт оздыру ұтылу емес пе, тез жолға шықтық. Пловдив, София қалаларының бірсыпыра ауруханаларын аралап көрдік. Жасыратын несі бар, біз көрген ауруханалардың ғимараттары көңілге қона қойған жоқ. Болгария мемлекеті Балканның жартылай аралына орналасқан. Ауа райы өте жайлы да жылы. Сол себептен ғимарат құрылыстарына көбіне қалың әйнектерді пайдаланған. Ал біздің жерде ауа райы өзгеше. Сөйтіп жүріп, София жобалау институтының Ресейдің Серпухов қаласына дайындап жатқан аурухана жобасына кезіктік.
Аурухана жобасы біз іздегендей болып шықты. Көлемі жағынан да сай келіп тұр: 660 төсектік, 1200-ге дейін қабылдау бөлімі, 250 орындық пансионаты, 400 емхана қызметкерлеріне баспана, 50 орындық балалар яслиі, т.б. бар.
Біз үшін сәті түсіп тұрған істің салмағы ауыр болса да жеңіл ғой. Сол арада жарты жұмыс аяқталғандай көрінді. Аурухананың жобасы ішінара өзгертіліп, қолымызға тиді. Бұл кезде КСРО ыдырап жатқан-ды. Бұрын қолдау көрсеткен министр Филимоновтан енді қайыр болмайтыны анық. Министр облыс басшысының шақыруымен Қызылордаға келіп те кеткен еді. Енді көпсалалы аурухана құрылысы қалай басталуы керек? Қаржы мәселесі қалай шешіледі? Бізді осындай ойлар мазалай бастады. Жоба бойынша аурухана құрылысына 81 миллион АҚШ доллары қажет екен. Өз басым тәжірибелі Сейілбек Шаухаманов бір амалын табар деген сенімде болдым. Мың қосшыдан бір басшы дегендей.
Аурухана салу менің депутаттық аманатым емес, алайда халық қажетіне жарар тұста намысымды қайрадым білем, осы іске бар күш-жігерімді сарп етуге шықтым.
«Басқа түссе баспақшыл» дегендей, облыс басшылары ойлана келе облысқа, өзіндік құнымен мұнай сатып алып, оны өңдеп сатуды, содан түскен пайдаға аурухана салуды жоспарлады. Ол үшін сол кездегі мұнай бағасымен 720 мың тонна мұнай қажет екені айқындалды. Енді тәуелсіздігін жаңадан алған Қазақстан үкіметі қаулы қабылдауы керек. Аурухана жайында үкімет назарына ұсыныс жібердік. Онда облысымыздағы экологиялық жағдайдың қолайсыздығынан түрлі дерттің дендеп кеткені дәйекті көтерілді.
Содан салынатын аурухана жобасы республика деңгейінде қайта қаралды. Көп кешікпей оның қорытындысы да қолға тиді. Бұл жөнінде сол кездегі құрылыс және архитектура министрі А.Көлебаев өз қолымен «Бұл ТМД елдерінде теңдесі жоқ жоба» деген қорытынды жазып берді. Көп ұзамай облыс басшыларының беделі арқасында 720 мың тонна мұнай алып сату туралы Үкімет қаулысы да шықты.

Ол ҚР Министрлер кабинетінің 1992 жылы 25 наурызында қабылдаған №280 «Арал өңірінде тұратын тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсарту шаралары туралы» қаулысы еді. Осыдан кейін қаржының көзі табылғандай болды. «Главболгарстрой» басшылары мен мамандары құрылысты салуға кірісе бастады. Сөйтіп, Қызылорда қаласында «Казахболгарстрой» мекемесі дүниеге келді. «Көп ойлаған табар, көп үрлеген жағар» дегендей, ісімізге жан бітті.
Жауапты басшылар қол қойған шартта көпсалалы аурухана құрылысы 1992 жылы басталып, 1996 жылы аяқталады делінген болатын. Бірақ аурухана құрылысын алда нендей жағдай күтіп тұрғанын ешкім білмейтін. Олай дейтінім де себепсіз емес. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығы біздің құрылысымызға да өз әсерін тигізді. Десек те негізгі мәселе – аурухана құрылысын қалайда бітіріп, науқас жандардың жағдайын біршама жақсарту күн тәртібінде тұрды.
Мені біздің облыста салына бастаған құрылыс нысандарының тоқтап қалғандығы, сонымен бірге құрылыс материалдарының талан-таражға түсе бастағаны қатты қынжылтты. Аурухана құрылысына қаражат табу қиынға түсті. Барлық жерде зейнеткерлер зейнетақысын, жұмысшы-қызметкерлер жалақысын ала алмай жатқан кез еді, бұл. Осындай жағдайда, еліміз мынадай өтпелі кезеңде тұрғанда облыс басшылары арасынан да, министрліктерден де, тіпті ел арасындағы кісілерден де аурухана құрылысының не керегі бар дегендей әңгімелер құлаққа шалына бастады. Өкінішке орай, мұндай алыпқашпа әңгімелер өз әріптестерімнің арасынан да байқалды. Ал менде уақыт көрсетер деген бір ғана ой болды. Құрылысты қолдаушылар аман болсын деп жүрдім. Уақыт озып барады. Баяғы сатылатын мұнай бірде сатылып, бірде сатылмай, ақшасы бірде түсіп, бірде түспей жатты, оған қоса мұнай бағасы құлдырап арзандай бастады.
Үкіметтің көмегі керек бола бастады. Тек құрылысшылармен толық есептесуге 420 мың тонна қажет-ті. Тағы да үкіметтің жауапты кісілерін жағалауға тура келді. Алайда кадр саясатына байланысты республикалық деңгейдегі басшылар жыл сайын алмасып жатты. Бұл жағдай біздің құрылысымызға кері әсерін тигізді.
Дегенмен қиын сәттен Сәкеңнің басшылығы мен Фаридтің іскерлігі арқасында сүрінбей шығып кеттік. Дәлірек айтсақ, бұған ҚР Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 25 қаңтарда қабылданған №78 «Қызылорда қаласындағы көпсалалы аурухана құрылысына қаржы бөлу туралы» қаулысы куә. Қаулының 1-бабында ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігіне 1995 жылы Қызылорда облысы әкімшілігінің басшылығына Оңтүстік мұнай-газ өндірістік бірлестігінің сыртқа және Қазақстан республикасы көлемінде сатуға 400 мың тонна мұнайды өзіндік құнмен бөлу міндеттелген.
Сонымен есеп бойынша мұнайдан түскен 39 миллион АҚШ доллары «Главболгарстрой» әкімшілігімен есептесуге кетті. Бұл 1996 жыл болатын. Ал құрылыстың біткен бөлігіне қарыз – 18,5 миллион АҚШ долларын құрады. Соған қарамастан көпсалалы аурухана құрылысы жүріп жатты. 1995 жылы Сәкең сенатор болып сайланды да, облыс әкімі болып Бердібек Сапарбаев келді. Бұл азаматпен үкіметтен қаулы шығарту мәселесімен жүргенімде кездескенмін. Ол үкімет қаулысын тездетіп шығартып беруге талай рет жәрдемдескен еді.
Бұған дейін аурухана құрылысын қаржыландыру мұнай есебінен болып келсе, енді ол бюджеттен төленетін болып шешілді. «Харрикейн» компаниясына өтті. Бірақ аурухана құрылысын В.Бубев бастаған «Казахболгарстрой» мекемесі тоқтатқан жоқ. Осы жылы облыс әкімі Бердібек Машбекұлының үкімет басшыларына тағы да есеп беруіне тура келді. Әңгіменің төркіні баяғы бір әуен. Бұл құрылыс біткеннен кейін оның коммуналдық шығынын қалай өтеуге болады деген мәселе. Біз оның нақты жауабын бердік. Бұл кешен – жалғыз аурухана болып қалмайды. Онда бірнеше емдеу мекемесі болады. Коммуналдық шығын мөлшері 5-6 таблицалық көрсеткіште айқын көрсетілген.
1996-1998 жылдары осы көпсалалы ауруханаға үкіметтен және облыс бюджетінен 24 миллионнан аса АҚШ доллары жұмсалды. Соның нәтижесінде аурухана құрылысы біршама бітіп, кезең-кезеңмен пайдалануға мүмкіндік туды. Оған облыс әкімінің шешімімен ауруханаға қажетті дүние-мүлік алуға 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді. Сөйтіп, 1998 жылдың 18 желтоқсанында бес жерге орналасқан балалар ауруханасы және облыстық аурухананың терапиялық бөлімшелері көшіріліп, Президенттің қатысуымен көпсалалы аурухананың ашылу салтанаты болды.
Сонымен бұл аурухананың құрылысы 1992 жылы қазан айында басталып, 48 айда, яғни 1996 жылы қазанда бітуі керек болса, қаржының уақытылы түспеуіне байланысты 2001 жылғы қараша айында аяқталды.
– Рахмет, аға. Бұл медорталық пен диагностикалық орталықтың шапағатын әлі қанша жыл қанша жұрттың көретіні аян. Сол халықтың алғысы сізге жақсылық әкеле берсін.
Әріптестеріңіздің кейінгі буыны осы жайлы да заманауи жабдықталған жерде жұмыс істеп жатыр. Солар қалай істеп жатыр, ел ішінде ақы дәметеді, бермесең қарамайды деген сөз есіп жүреді әлде айлықтары аз ба?
– Баяғыда КСРО денсаулық сақтау министрі Семашко деген кісі Сталинге барып: «Дәрігерлердің айлығын көбейту керек», – дейді.
Сонда Сталин: «Жақсы дәрігер болса, оның айлығы өзінен-өзі көбейе береді. Жаман дәрігерге жақсы жалақы төлеудің керегі не?» депті.
Осының астарында көп сыр бар. Жақсы дәрігерге емделуші адамның өзі-ақ рахметін айтпай кетпейді.
Негізі талапкер дәрігерлікті өзі қалауы керек. Бізде баласының болашақ кім болатынын ата-ана таңдайды. Қателік осы жерден басталады. Ол бала ықылассыз алған мамандығын терең игере алмайды.
Қазір ақылы оқу деген бар. Медициналық мамандықты ақылы оқумен алуға болмайды, одан білімі толық маман шығады деп айту қиын. Бүгінде біздің елімізде 5 ірі мединститут бар. Оған қоса басқа бағыттағы институттар мен университеттер медициналық факультеттер ашып алған.
Осы үш-төрт жыл көлемінде маған бір институттың басшысы келіп, өзінің емдеу ісі факультетін ашпақшы екенін айтып, кеңес сұрады. «Қазақстанда дәрігерлер дайындайтын арнаулы оқу орындары бар. Менің беретін кеңесім, сендер медициналық білім берем дегендеріңді доғарыңдар», – дедім.
– Жас дәрігерлерге не айтасыз?
– Осы мемлекеттік қызметкерлерге Әдеп кодексі дегенді үйретіп жатады емес пе, дәрігерлерге бұл әдепті біздің заманымызға дейінгі Гиппократ айтып кеткен. Ол дәрігердің антында да бар. Сондықтан жас буын мамандарға айтарым, әдептен озба. Дәрігер мейірімді, әдепті болғанда ғана емі шипалы болады. Себебі, ауру адамға ондай дәрігердің емі екі есе тез сіңеді.
– Аға, енді сізге өзге райдағы бір сұрақтар қоймақпын. Дұшпаныңыз болды ма, қиянат көрген кездеріңіз бар ма?
– «Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем, әйтеуір жүрген жерім сайран кілең» деп Мұқағали айтпақшы, қасымда жүргендерден дұшпан іздеген адам емеспін.
Ал қиянатты әлі үлкен өмірге енбей жатып-ақ көре бастадық. Сондықтан мен оған кейін мән де бермейтін болдым. Себебі, ақиқаттың алдында қиянат қашан да қармақтың қалтқысындай қылпылдап тұрады.
Студент кезімде «бытсектор» бастығы болғанмын. Төртінші курста жүргенде жатақханада ыстық су болмай қалды. Бұл жайында жатақхана комендантына айтып едім, мән бермеді. Комендант орыс әйел еді. Қайталап айтсам да, пысқырмады. Содан шыдамай, не үшін жалақы алып отырсыз, тоңып жатқан балалардың жағдайына қарамайсыз ба деп дауыс көтеріп кеткенмін. Ертеңіне ректордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Молдашев маған ұрысты, «комендантқа жөн үйретер халге жетіп қалдың ба» деді. «Ол өз жұмысына жауапсыз қарайтын адам» дедім қасқайып. Ал, ол кісі болса жұдырығымен үстелді бір қойып, үстіндегі қаламсапты ұшырып түсірді. Мен бетіне тіке қарап сәл тұрдым да, жүре бердім.
Бұл менің әділетсіздікке қарсы шыққан алғашқы оқиғам шығар.
Оны айтасың, институттан шығып кете жаздағаным да бар.
Студент кезіңде көп нәрсеге үлгеруің керек. Өзім велоспортпен айналысам, сабаққа дайындалуым керек. Жас болып киноға бармасаң, онда бар қызықтан құралақан қалғаның. Соның бәріне үлгеремін.
Сөйтіп, бір күні жатақханаға кеш оралсам, астаң-кестең. Біздің студенттер Гурьевтен спорттық жарысқа келген балалармен шатысып, аяғы төбелеске ұласыпты. «Бір таяқ қата тиеді, бір таяқ бата тиеді» дегендей, біреудің басы жарылып, біреудің көзі шығып, мұның арты ректор Дайыровқа дейін жеткен. «Сені ректор шақырып жатыр» деген хабар алдым. Дайыров мені күтіп отыр екен, ал, кеп айқайға салсын. «Хулигансың, арақ ішесің, төбелес бастайсың, оқудан шығарамын», – деді. Жаладан қызыл ала болып шықтым. Мұнан артық қиянат бар ма?
Мен туралы ақпар жеткізушілер комендант пен Молдашев екен. Үндемей сабағыма қатыса бердім. Бір-екі күн өткен соң Мералиев деген оқытушы: «Слушай Маханов, ты отчислен» деді. Бұйрықты қабырғаға іліп қойыпты.
Менің оқиғам «құланның құлағын қасуы, шүріппенің басуы» дегендей болыпты. Сол күні обком ректорды шақырып, институттағы тәртіп мәселесіне қатысты ескерту жасапты. Онан кейін мені оқудан шығармағанда қайтсін.
Не істерімді білмей, теңселіп комсомол комитетінің хатшысына бардым. Әділдік іздеп жүрмін.
Сол жерден таяныш таптым. Хатшы Бәшіров деген азамат еді, үш-төрт коммунист оқытушыны жинап, ректорға кіріп, менің кінәсіз екенімді түсіндіріп, оқуда қалдыруды сұрапты. Болмаса студенттер байкот жарияламақшы деп қосыпты.
«Бір жыл темір қорыту зауытына барып жұмыс істеп келсін» депті ректор. Бірақ, мәселе оған жеткен жоқ, стипендениядан қағылып, жатақханадан шығарылып, оқуымды жалғастырдым. Міне, қиянат…
– Дәрігердің жұмысында күнде бір қиындық кездесетіні аян. Алғашқы қиындықтарыңыз есіңізде ме?
– 1963 жылы институт бітіріп келген соң мені облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жалағаш аудандық ауруханасына жіберді. Бас дәрігер Сақы Қалыбаев әрі оташы-хирург, әрі акушер-гинеколог ретінде жұмысқа алды. Екі жылдан соң бұл екі жүктемеге судмедэксперт деген қызметті және қосты. Алғаш рет қиындықтармен осы кездері бетпе-бет келдім.
Бір күні түн ішінде қонақта отырған жеріме жедел жәрдем жетті. «Таң» ауылынан учаске фелдьшері телефон соғып, босанған әйелден әлсін-әлсін қан кетіп, жағдайы нашарлап бара жатқанын айтыпты.
Содан орнымнан атып тұрып, керек-жарағымды алып, отыз бес шақырымдай жердегі ауылға бардым. Мен науқас халін тез түсіндім, бірден «эфирный наркоз» қолданып, жатырда қалып кеткен қалдықты алдым. Оны «кусочек плацента» дейді. Мұны алмаса, қан тоқтамай, өлімге алып барады. Сөйтіп, қалдықты алған соң жұмырықпен уқалап қан тоқтаттым.
Сөйтіп, «Таңнан» таң ата қайтқаным бар.
Қазір мұндай қиындық кездесе бермейді. Айы-күні жеткен аналар алдын ала тексеріліп, перзентханаға жатқызылады. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
Ойымнан әлі күнге шықпайтын мынадай да бір оқиға өтті.
Сол кезде «Жаңадария» совхозы салынып жатқан. Осы құрылысқа түу, Белоруссиядан ақша таппақ болып келген екі жігіт қатысады, екеуі де бұрын сотты болған азамат екен. Содан екі жігіттің бірі атылып қалады, әрине, өліп кеткен. Жағдайдың қалай болғанын тексеру үшін судмедэксперт есебінде құқық қызметкерлерімен бірге мен де совхозға бардым.
Барған соң мәйіттің ішкі құрылыстарын ашып, оқ тиген жерді суретке түсірдім. Әлгі өлген жігіттің жолдасы маған оның өзін-өзі атып алғанын қайта-қайта айтты. Оқ шамамен екі жарым метр жерден тиген, медициналық мәлімет осыны көрсетті. Бұл жерде өлген жігіттің өзін-өзі атып алуы мүмкін емес. Құқық қызметкерлері менің қорытындыма қарайды. Сол бойынша екінші жігіт жауапқа тартылмақ.
Бұлар түнде шошқа, қабан секілді аңдар келіп су ішетін «скважина» басында аңдып жатып, мылтық атады екен. Мен әлгі жігіттің сөзінен «өтірік» сезсем де, бет-әлпетінен «кінәсіздігін» көріп тұрғандаймын. Оқиға асығыстықтан, аңғармаушылықтан орын алған сияқты. Жолдасын аңмен шатастырып алуы да ғажап емес, басқа қисын жоқ.
Әлгі жігіттің бар ынта-назары менде, екі көзі жәудіреп қарайды. Бұл өзі жеті жыл қамауда болған, тағы қамалса, қалған өмірі не болмақ?
«Қиналған Жамбыл жері осы» дегендей болдым, не айтам, не істеуім керек. Ақыры, жігіт өзін-өзі атып алған деген қорытынды бердім. Сондағы әлгі жігіттің кірпігінен ыршып түскен жас та оның кінәдан таза екенін танытты.
– Сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақал ретінде айтыңызшы, қазір ас пен той көп, осыған көзқарасыңыз қалай?
– Ас берудің асқынып бара жатқаны шын. Басқа жұмыс қалмағандай. Біздің үйдің айналасында үш жерде ас беретін, табысты кәсіпкер төртіншісін салып жатыр. Соның есебінен шағын болса да өнім шығаратын бір жұмыс орнын салса, шіркін.
Сонау екімыңыншы жылдың басында ас беру айына екі-үш мәрте кездесетін. Қазір алты күн ас, жеті күн той болады. Шыны керек, кейбіреулер асты осы жұрттан қалам ба деп береді. Әр нәрсенің ретімен болғаны дұрыс. Мәселе, оның санында да емес, мәнінде. Ысырапшылдық көп. Тойға келіп жатқан кісілер бір-бірін танымайды. Қуанышыңа ортақтасатын ағайынның аз бөлігін ғана шақырып қоя салса да болмай ма, бұл жерде де бәсекелестік тұр.
Былтыр имамдар бас қосып, осы мәселеге мән берді. Сол жиынға біз де барғанбыз. Сонда ас пен тойдың дастарқаны қандай болу керек деген шектілік белгіленді. Бірақ, өзгерген ештеңе жоқ, неге белгіледі, кім оны іске асырмақ, қайдам?
Мысалы қайтыс болған жерге барсаңыз, дастарқаны жайнап тұрады. Бейнелеп айтқанда, құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Араның ашылып, көңіл-күйің көтеріледі, қайғыға келіп отырғаныңды ұмытып кетесің.
Біздің қоғам қалыптасқан осы әдеттен арылса, қазір көп нәрсе бір ізге түсіп келе жатыр. Сондықтан болашақтан тек жақсылық қана күту керек. Күтіп отырмау керек, әрбір азамат сол бағытта барын салып еңбек етуі тиіс.
– Аға, сізге рақмет, ұзақ та ұжымақ ғұмыр иесі болғайсыз!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»






