Ас-су – тәннің азығы, тәрбие – ұлттың қазығы

3797

0

Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Сағатбек Болатбекұлы Сүлейменмен сұхбат

– Сағатбек Болатбекұлы, қазіргі таңдағы сот саласында бұрынғыдан өзгерек қандай жаңалықтар бар?

– Ел Президенті сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне баса назар аударып, осы бағытта нәтижелі жұмыстарды да көре бастадық.

Атап айтқанда, сот және құқық қорғау қызметіне озық IT-технологияны енгізу және цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Сотта қаралатын істердің басым бөлігі электронды форматқа көшірілді, қатысушыларға тиімділігі жақсаруда. Судьялар корпусы мен құқық қорғау органдарындағы жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән беріліп келеді.

Ең басты жаңалықтың бірі осыған дейін қызмет етіп келген Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық соттың құрылуы болды деп айта аламыз. Ол Ата заңымыздың ережелерін мүлтіксіз сақтауды, азаматтарымыздың өз сауалдарын еркін жолдауын қамтамасыз етуге бағытталды.

Конституциялық сот Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жемісті жұмыс атқарған еді. Ол кезеңдерде адамдардың конституциялық құқығына қайшы келетін актілерді қабылданған жағдайда осы органға жүгінетін.

1995 жылғы Конституциялық өзгерістерге байланысты, еліміз суперпрезиденттік басқаруға көшкендіктен бұл жүйе түбегейлі жойылды десек те болады. Қазіргі таңда осы жүйе әлемнің озық елдерінде де қолданып келеді. Сондықтан мемлекет басшысының бұл ұстанымы құқықтық қамтамасыз етудің жаңа кезеңінің бастауы болды.

Конституция мен заңдардың қорғалуына, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауда басты қызмет атқаратын судьялар корпусын іріктеуде Жоғарғы сот кеңесінің  маңызды рөл атқаратынын ескере келе, оның төрағасын тағайындаудың Сенатқа берілуі Жоғарғы сот кеңесіне берілетін сенімді одан әрі үдете түседі.

Сондай-ақ, судьяларды іріктеуде конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау да заманның талабы әрі ашықтықтың таптырмас үлгісі, яғни, конкурсқа жұртшылықтың ешқандай күмәні болмайды.

– Біз сіздің алқабилерге қатысты оң пікірлер айтып жүретініңізді жақсы білеміз. Қазақы тәрбиенің тіні босап бара жатқаны туралы жанайқайыңызды да естіп жүрміз.

– Президент Алқабилер сотының құзіреттілігін көтеру жайына да баса көңіл бөлді.

Осыдан 15 жыл бұрын өмірге келген бұл сот осы уақытқа дейін өзінің оң нәтижесін беріп келді. Осыған дейін тек қана аса ауыр санаттағы істерге қатысса, алдағы уақытта алқабилердің қарауына басқа да қылмыстық істердің санаттарымен толығады.

Тәжірибе көрсеткендей, алқабилердің қатысуымен өткен сот процестері өте жоғары деңгейде жүргізіледі. Өйткені, алқаби құрамындағы қарапайым адамдардың көзін жеткізу үшін мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының уәждері мен дәлелдері өте сауатты әрі нанымды болуы қажет.

Сондықтан қылмыстық істерді қарау барысында сот жүйесіне қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік берілмек.

Қазақы тәрбиеге келсек, бұрынғы ата-әжелер балаларын «ұят болады», «жаман болады» деген қарапайым сөздермен-ақ тәрбиелеген. Қазіргі балалар осы сөзді түсінбейді емес, соны айта білмейміз. Ол қуатпен, ұятпен айтылатын сөздер. Бұл жердегі бір кілтипан – отбасында. Қазір бала тәрбиесі кейіндеп, ақша табу талабы алдыға шықты. Баланың немен айналысып жатқанында әке-шешенің шаруасы шамалы. Бұл жұрттың бәрінде бар жағдай деуден аулақпын, осындай ата-аналар да жоқ емес. Ондай отбасынан шыққан балалар әлсіз деген сөз аз, арсыз болып шықпағанда қайда барады? Оларға өлімнен ұят күшті екенін бесігінен ұқтырмағасын, арғы жағы қиындау…

– Қиындау демекші, ауыр қылмыстар көбейді, өлім демекші, өлім жазасына тыйым салынды…

– Өлім жазасы арам шөптің басын қиып отырғанымыз секілді, оның тамырын кеспесе өсе беретіні белгілі. Сондықтан, біз алдымен «бесігімізді түзеуіміз керек». 2003 жылы елімізде өлім жазасына ресми түрде мораторий жарияланған болатын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңарудың құқықтық қатынастағы тетіктерінің бірі – өлім жазасына біржола тыйым салу бойынша Ата заңымызға өзгеріс енгізуді ұсынып, ол қолдау тапты. Бұл арқылы біздің дамыған елдер қатарына біртабан жақындай түсетініміз анық. Қазіргі таңда өлім жазасы Қытай, Солтүстік Корея, Вьетнам, Сирия және осы секілді жиырма шақты елдерде қолданылады. Ал біздің жаңа даму жолымыз басқаша болғандықтан аталған жаза түрін алып тастау арқылы әлемдегі адам құқықтары басты назарда тұрған елдердің қатарына енетініміз хақ.

– Жаңа біз отбасылық тәрбие жөнінде ой қозғадық. Қазіргі кезде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың да көбейіп отырғаны жасырын емес.

Осыған қатысты не айтасыз?

– Сол жағдайға байланысты ажырасу көп. Ұрысып, жанжалдасып ажырасу былай тұрсын, бұрынғы қазақ қоғамында күйеуі қайтыс болған келіншектердің өзі түскен әулетінде тұрақтап қалған. «Ерден кетсем де, елден кетпеймін» деген. Қазір «ішіме сыйған перзентім сыртыма да сыяды» деген мақал күнделікті сөзге айналып кетті. Сондықтан біздің қоғам отбасылық дау-жанжалға бей-жай қарамау керек. Осы бір жаман үрдіс ел дамуын тежейтін бір жағымсыз құбылыс болып отыр. «Тасты бассаң кетілер, сазды бассаң жетілер» дейтін астарлы сөздеріміз қайда, біз неге баланың ығына жығылатын ата-анаға айналып кеттік? Айтып отырған жанжал дегеніміздің өзі – ерлі-зайыптылардың өзімшілдік, өркөкіректіктерінен өрбитін мінез әдеті. Ондайларды кеш те болса тәртіп қалыбына салып илеу – қоғам міндеті.

Ас ішпесе адам әрі кетсе бір ай ғана тіршілік етеді, сол секілді тәрбие – қоғам қазығы, қазығы босаған қоғам – ұлт есебінде азып-тозудың бір белгісі.

Ел Президенті тарапынан алдағы уақытта расымен де мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызу немесе жатқызбау туралы Бас прокуратураға тапсырма берілді. Меніңше, зорлық-зомбылықтың осы түрін қылмыстар санатына қосып, оның жазасын қатаңдату арқылы бала мен әйелдердің құқығын қорғай аламыз және шын мәнісіндегі әлеуметтік елге айналамыз.

– Мемлекет басшысы жыл сайын жариялайтын Жолдауларында сот жүйесіне жүктелетін тапсырмаларды нақтылаумен қатар, сала жұмысына сын-ескертпелерді де айтады…

– Біздің міндетіміз – сол сыннан барынша нәтиже шығарып, жұмысты жетілдіру.  Сол кезде сот саласы жұмысының дұрыс үйлестіріліп, қабылданған реформалардың нәтижелі екені көрінетін болады.

Жолдауда көтерілген осы бастамалар арқылы азаматтарымыздың еркіндігі мен бостандығын, олардың құқығын қорғаудағы жаңа белеске көтерілеміз. Қоғам дамыған сайын мемлекеттік басқару формасы да өзгеріске ұшырайтыны белгілі. Демек, осы өзгерістің сәті келді деп ойлаймын. Сондықтан, әділетті Қазақстан құру жолында әріптестерімді азамат құқықтарының мейлінше қорғалуына атсалысуға шақырамын.

– Өткен жылдың дүрбелеңге толы қасіретті қаңтар оқиғасымен басталғаны көз алдымызда. Сол кезде қаланың қақ ортасындағы соттар ғимараты өртенді, көп дүние бүлінді. Қазіргі жағдайларыңыз қалай?

– Еске алуға ауыр бұл оқиға кезінде өзіңіз айтып отырғандай сот ғимаратына да шабуыл жасалды. Нысанның бірінші, екінші, үшінші қабаттары, кеңсе-техникалық құрал-жабдықтары, жиһаздар, қызметтік автокөліктер өртеніп, кей мүліктер тоналса, кейбірі жарамсыз күйге түсті. Талай жылғы еңбекпен жасалған тарихи мұражай, фронт-офис сынды соттың ажарын келтіретін дүниелер бір сәтте жойылып кеткен-ді.

Осы оқиғадан соң есеңгіреген сот ұжымы біріге отырып, қыс мезгіліне қарамастан демалыс күндері шұғыл шаралар қабылдай білді. Сот істері мен қолдануға жарамды құрал-жабдықтарды сақтап қалып, ғимаратты күл-қоқыстан тазалап, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізді. Өрт пен судан төменге опырылып түскен төбе мен қабырға сылақтары, күйік әсерінен істен шыққан құрылғылардың барлығын қосқанда алпыстан астам автокөлікпен қоқыс шығарылды.

Халыққа уақытылы қызмет көрсетіп, жұмысты тоқтатпау үшін жарық қосылып, сынған есік-терезелер жабылды. Істен шыққан сот залдары қолда бар құралмен қайта жасақталды. Судьялар мен қызметкерлердің бір бөлігі жылуы жоқ ғимаратта жұмыстарын жалғастырып, сот істерін қараса, бір бөлігі өзге ғимаратқа уақытша көшуге мәжбүр болды.

Бүлінген электрондық құралдар мен кабельдер дереу қалыпқа келтіріліп, аудио-бейнежазба қондырғылары қосылып, «Төрелік» бағдарламасы мен «Сот кабинеті» сервисі үздіксіз қызмет көрсетті. Сот жұмысы бір күнге де тоқтаған жоқ.

Облыстық және қалалық сот ғимараттарының фронт-офистері қайта жаңартылып, келуші тараптар үшін күту залына LED экран орнатылды. LED экранда үздіксіз көрсетіліп отыратын бейнероликтер арқылы қажетті ақпаратпен қатар жоғарғы сот пен облыстық сот басшылығының жеке қабылдау күндері туралы мәліметпен, QR код арқылы талап қою үлгілерімен танысуға мүмкіндік берілді.

Сыр өңірінде сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуынан сыр шертетін мұражай қалпына келтірілді. Өрттен аман қалған мұражайға тиесілі құнды жәдігерлер сұрыпталып, өңделіп, қайта қойылды.

Алдағы уақытта жаңаша сипатқа ие болған еңселі ғимарат ішінде сот төрелігін іске асыру бұрынғыдан да оңтайлы, қызмет көрсету халыққа бұрынғыдан да қолжетімді болмақ.           

– Президенттің сот жөніндегі реформалар тұжырымдарының негізгі мәні не?

– Сот және құқық қорғау жүйесін жетілдірудегі басты мақсат – заң үстемдігін, әділеттілікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені анық.

Сот жүйесі осы бағытты басшылыққа алып, халыққа адал қызмет ете береді деп сенемін.

Сұхбаттасқан,

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<