Күні кеше Сырдың тұңғыш телеарнасының көрерменге жол тартқанына 35 жыл уақыт толды. 1991 жылы 30 сәуір күні өз қызметін бастаған «Qyzylorda» арнасын қазір қызылордалықтар ғана емес, Жер шарының кез келген нүктесінен облыстың жаңалығын көріп-білуге мүмкіндік бар. Тәулігіне 15 сағат бойы хабар таратады. Отыз бес жыл тарихында телеарна ОблТВ, КТV, «Қазақстан Қызылорда» және «Qyzylorda» деген атаумен бірнеше ребрендингтен өтті. Ел аумағындағы және аймақтағы жаңалықтарды камтып, елді мекеннің тарихи-мәдени ерекшеліктерімен, туристік әлеуетімен, инвестициялық тартымдылығымен таныстыру телеарнаның басты бағыттарының біріне айналды. Осы ретте біз телеарна директоры Нұрбек Әмишамен сұхбаттасқан едік
– Нұрбек Шынтемірұлы, телеарнаның 35 жылдық мерейтойы құтты болсын! 35 жыл тарих таразысына тартқанда көп уақыт болып көрінбегенімен, бір ұжымның қалыптасу, орнығу, даму жолында сындарлы кезең саналады. Осы уақыт тезін елекке салғанда телеарнаның басты жетістігі деп нені айтар едіңіз?
– Ең басты жетістігін марапаттармен өлшемеу керек сияқты. Алғашқы онжылдық телеарнаның қалыптасу кезеңі болды. Бірақ сол уақыттағы мамандардың техниканың жоқ кезінде көп нәрсені түпнұсқа ретінде сақтап қалуы дер едім. Біздің алтын қорымызда 1991 жылдан бастап облыстың тарихындағы оқиғалар сақтаулы. Мәселен, оралмандардың атажұртқа келгенін түсірген Болат Омарәлиев суреттерінің бейнежазбасы бар. Эфирдің алғаш шығуы, 2000 жылға дейінгі ірі-ірі оқиғалар, Кеңес одағының батырлары, тарихи тұлғалар жазылған. «Әнші балапан», «Таңшолпан» бағдарламалары – сол кездегі телеарнаның негізін салушы тұлғалардың алғашқы жұмысы. Бұл дәстүрлі түрде жалғасып келе жатыр. Қазір «Әнші балапан» өтпесе де ол «Таңшолпан», «Ботақан» деген хабарларға ұласты. 1995 жылы тұңғыш рет «Сыр саңлақтары» тележобасы ұйымдастырылған. Осы бағдарламаға қатысқан КСРО Халық артисі Роза Бағланова, ақын Иран-Ғайып, Шөмішбай Сариев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Мәдина Ералиеваның өнері таспаланған түпнұсқа қордың алтын қазынасында тұр. Әбдіжәлел Бәкір ағамыз өзінің естелігінде былай деп айтады: «Телеарна ашылды. Оның бағыты қандай болады деп ойланғанда, біріншіден арна ақпарат береді, екіншіден Сыр елі жыршылардың мекені болғандықтан, рухани-мәдени хабарлардың болғанын қаладық» дейді.

1993 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Қызылордада бас қосты. Халықаралық жиында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері Арал өңірінің мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және Арал аймағын экологиялық сауықтыру жөніндегі бірлескен келісімге қол қойды. Сол кезде сұхбат алған Баян Исламбаева, марқұм Оразбек Мақсұтұлының жазбалары – құнды мұралар. Телеарнаның алтын қоры – баға жетпес байлығымыз деп айтар едім. Бұл – тұтас қазақ телевизиясының тарихы. Телеарнаның жетістігі ретінде 2024 жылы «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының жеңімпазы атанғанымызды айтсақ болады. Бұны біз «Құдайы қонақ» бағдарламасы арқылы алдық. Бұл – осыған дейін тер төккен әріптестеріміздің еңбегі. Өткен жылы «AMANAT» медиа сыйлығын алдық. Бұл «Qyzylorda Expedition» – өшкен өркениеттер ізімен» деген жоба. Саураннан бастап Аралдағы Кердері қаласына дейінгі аралықта экспедиция жасалды. Соған осы сыйлық берілді. Былайша айтқанда потенциалы бар мамандар шоғыры бар бізде. Қолымнан келгенше оларға шабыт беру, жағдай жасау, дұрыс бағыт-бағдар беріп, үйлестіре алсақ біздің менеджер ретіндегі жұмысымыздың орындалғаны деп білем.
– Тұтас бір тарихты аз ғана сұхбатта айтып тауысу мүмкін емес, дегенмен алғашқы эфир туралы да айтпай кетпеуге болмайтын секілді. Алғашқы дикторлар, алғаш хабар таратқан журналистер жайында айта кетсеңіз. Ең бірінші көрерменге қандай хабар көрсетілді?
– «Qyzylorda» телеарнасы 1991 жылы 30 сәуірде өз жұмысын бастады. Оған дейін өзге облыстарда облыстық телеарна болғанмен, Сыр өңірінде тек радио хабар таратып келген. 1989 жылы облыста теледидар құру туралы мәселе көтеріліп, алғашқы шаралар қолға алынған. Мерзімді басылым беттерінде облыстық телеарнаны құру төңірегінде қызу пікірталастар болған. Оны ашуда қиындық та, кедергі де көп кездескен. Сондай қиындыққа қарамастан Жақсылық Бекқожаевтың табандылығы мен іскерлігі нәтижесінде облыс халқына төл телеарнадан жаңалықтар жол тартты. 1990 жылы облыстық атқару комитетінің төрағасы Виталий Брынкиннің көмегі көп болған. Ғимарат мәселесін шеше алмай жүрген Жақсылық Асқарұлына алғаш қолдау жасаған сол кісі. Қажетті құрал-жабдықтар мен техникаларды Мәскеуден, Санкт-Петербургтен алдырған. Кәсіби инженерлер мен техниктер Юрий Ефанов, Бақытжан Шөкенов, Мұхамедия Абылаев, Мұрат Шалабаев, Жәнібек Жұманов облыстық телеарнаны өз қолымен құрып, құрал-жабдықты жан-жақтан жинап, алғашқы сигналын халыққа жеткізген. Осылайша 35 жыл бұрын 30 сәуірде облыстық телеарна өзінің тарихи шежіресін бастады. Жергілікті уақыт бойынша 21 сағат 15 минутта эфирге шықты. 30 минуттық бағдарлама берілген. Келесі күні 1 мамыр парадынан журналист Баян Исламбаева мен Айткүл Шалғынбаева жылжымалы телестанса арқылы бірінші рет орталық алаңнан тікелей репортаж жүргізді. Менің білуімше осы 30 минуттық хабарға 100-ден астам адам тартылған. Алғашқы эфир, алғашқы тарихи оқиға болған. Оған іріктеу де өте тартысты өткен. Екінші қабаттағы концерт залында кастинг болғанын облыстың белгілі адамдары қатысқанын да білеміз. Іріктеуден өтіп, ең алғаш эфирге шыққан Асылбек Жамансариев пен Айгүл Оразова еді. Екеуі де қазір зейнет демалысында. Айгүл Оразова Астанада, ал Асылбек аға Алматы облысы Іле ауданында тұрады. Күні кеше ғана ол кісілермен сөйлесіп, жылы лебіздерін естідік. Алғашқы режиссері Хұсейін Әмір-Темір. Көрермен назарына ұсынылған тұңғыш туындыны әзірлеуге білікті режиссер Асқар Бапишев арнайы Алматыдан келіп көмек берген. Жергілікті радионың командасының да көмегі көп тиген. Телеарнаны құрған Жақсылық Бекқожаев болса, одан кейін ұжымды белгілі ғалым, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір басқарды. Бұл кезеңдерде ақпарат тарату мүмкіндігі жетілді. Журналистердің хабар беру тәжірибесі толығып, шеберлігі артты. Содан кейін Серік Пірназар, жазушы-журналист Орынбасар Әлжік, ғалым Амантай Шәріп басқарған. Көп жыл басқарған Жағыппар Қарабала ағамыз болды. Ол өзінің іскерлігімен, тәжірибесімен арнаның дамуына үлкен үлес қосты. 35 жылда сан белестен өткен арнада кадрлық шоғыр қалыптасты. Біз телеарна негізін салушы аға буынды құрметтейміз.
– 35 жыл ішінде телеарна қаншама маманды тәрбиеледі. Алды шетелде оқып, сонда қызмет етіп те жүр. Арнадағы кәсіби мамандар туралы айтсаңыз…
– Бұл жер мықты ұстахана десе болады. 35 жылда осы жерде шыңдалған, бұрынғы буыннан тәлім-тәрбие алған ұрпақтар бар. Одан кейінгі буын тек қана Қызылордада емес, республиканың медиа саласында, тіпті шетелде жұмыс істеп жүр. Әсия Нұрлыбаева, Ғалымжан Бәйімбет, басқа да мамандар шетелде қызметте. Жағыппар Қарабаланың кезінде көп жұмыс жасалған, ол әлі де жалғасуда. Дегенмен заман басқа, қазір Digital медиа басталып кетті. Әлеуметтік желі бар. Онымен бәсекелесе алу керек. Бірақ ол желімен жағаласу емес, желіні пайдалана отырып, сол арқылы конвергентті дамытып, ақпаратты онлайн тарата береміз. «Qyzylorda TV» деген сайт арқылы эфирге шығамыз. Одан бөлек телеарнаның өзі бар. ҚазСат жүйесі арқылы тараймыз, тікелей эфир жасаймыз. Тәулігіне 15 сағат шығамыз. Қазақстан телекорпорациясында 15 сағат тарайтын екі филиал бар, соның біреуі біз. Таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін үш рет тікелей эфирде жаңалықтар көрерменге көрсетіледі. Қалған уақытта түрлі бағдарламалар көп.
– Өзіңіздің келгеніңізге де үш жылға таяу уақыт болып қалды. Телеарнаны жаңа деңгейге көтеру үшін қандай жобаларды қолға алдыңыз? Қазіргі телеарнаның тынысы қандай?
– Шығармашылық өкілдерінің әлеуеті бұрыннан жаман емес. Жалғыз жүріп ештеңе істей алмайсың. Әріптестерің қолдау білдіріп, жұмыла кіріссе ғана жақсы дүние жасалады. Телеарнаға келген соң журналистермен, режиссерлермен, операторлармен бөлек-бөлек ақылдасып, кездесу өткіздік. Жалпы әр маман «шығармашылық потенциалыма сәйкес дүние жасап жатырмын ба?» деп өз-өзіне сұрақ қойып отыруы қажет. Жаңалықтарда көбіне тікелей қосылымдар жасауды жолға қойдық. Тікелей эфирде жұмыс істеу тілшіні шыңдай түсетін рас. Кейбір бағдарламаларды ребрендинг жасап, бағытын өзгерттік. Бұрынғы тікелей эфирдегі «Қайырлы күн», «Өзекжарды», «Ұлт саулығы» бағдарламалары қалды. Одан бөлек «Өмірдің өзі» хабарына ребрендинг жасап, оны Айсұлу Жұмабайқызы жүргізіп бастады. Жаңалықтардан кейін мәселені талқылауды қолға алдық. Жаңалық көру үшін теледидарды қосқан көрерменді экран алдында ұстап қалу мақсатында «AnyqTIMES» атты жаңа шығарылымды іске қостық. Тікелей эфирде журналист сол күнгі немесе аптадағы басты оқиға бойынша спикермен сұхбаттасады. Көбіне эфир сыртында жұмыс істейтін тележурналистің шыңдалуына бұл үлкен мүмкіндік. Көпшілікпен тікелей байланыс орнату шығармашылық әлеуетінің артуына, ой жинақтауына әсер етеді. Эфирден соң бір мәселені талқылайды. Бұл бір жағынан спикерге де жақсы. Бар болғаны 10 минут ішінде журналистің де шеберлігі шыңдалып, тез сөйлеп, қысқа-нұсқа жауап алады. Аптасына үш рет тек қана жаңалықтың журналистері шығады. Байқауымызша, студиядағы өзгеріс те көрерменге ұнады.

«Құдайы қонақ» реалити хабары халықтың сүйікті бағдарламасына айналды. Бұған дейін де ауыл туралы хабарлар болған. Бірақ мұның ерекшелігі – аудиториясының ауқымдылығында. Оған Дәулетхан мен Лемараны таңдап алдық. Бұл хабарда әр адамның тағдыры, күнделікті өмірі шынайы көрсетіледі. Ондай адамдар қалада да бар. Кейде жанымыздағы адамның қандай күйде жүргенін білмейміз. Мәселе үлкен ерлік жасау емес, қарапайым өз отбасы үшін де ерлікке тең тынымсыз тіршілік етіп жүрген қаншама адам бар. Ауылдарға барғанда біз сондай жандарды көп кездестірдік. Әр ауылға жүргізушілер жолға шыққанда ешкімге ескертпейді, ешкімнің келісімінсіз кез келген үйге құдайы қонақ ретінде кіріп барады. Тіпті журналистерге «жолға шықтық» деп желіде stories те салғызбаймыз. Ауылдың боямасыз бейнесін, тұрғындардың ақ пейілі, алғаусыз көңілін осы бағдарламадан көруге болады. Бұрынғы қазақтың табиғатына тән дәстүрін қазіргі кезбен сабақтастыру десек те болады. Тағы бір ерекшелігі – шынайылығында. Барғанда ешкімді дайындап қоймаймыз, дастарқан жайып, әдемі киініп күтіп отырмайды.
«Параллель» атты бағдарлама жарыққа шықты. Жаңалық күнде өзгереді, ақпарат тез ұмытылады, ал бұл жобадағы мақсаты – айтары бар азаматтардың көзқарасы мен пікірін алтын қорға жазып алып қалу. Бұл бағдарламада уақытты ұтуымыз керек болды. Өңірде кадр тапшылығы сезіледі, өйткені журналистер өздерінің жүргізетін хабары, бағдарламалары бар. Оған арнайы бір адамды шақырып, сұхбат жазып журналист отырғанша, одан да келген қонағымызды камераға қаратып, монолог айтқызғанды жөн көрдік. Облыстағы белді-белді ақын-жазушылар, одан бөлек Асанәлі Әшімов, Асқар Жұмаділдаев қонақ болды. Негізгі мақсатымыз – архив жинау. Соны келесі ұрпаққа жеткізгіміз келді.
«Кешкі show» басқа форматта жүргізілуде. Өңірдің әлеуетін көтеруге үлес қосып жүрген өзіміздің брендтерді танытатын «Қызылордада жасалған» бағдарламасы да жаңа бағытта көрерменге жол тартты. Сондай-ақ «Qyzylorda» арнасының Байқоңырдағы өкілдігі ашылды. Тікелей, эксклюзивті ақпаратты бүгінде басқа арналар бізден алып таратуда. Бұл қаладағы ақпараттық қауіпсіздік үшін маңызды деп есептейміз.
«ҚызықОрда» хабарын Мұхтар Ниязов жүргізеді. Оны бүкіл республика таниды. Сондықтан оның потенциалын пайдаланғымыз келді. Жасыратыны жоқ, өзімен келістік. Мұхтардың айтыскерлігінен бөлек, айтқыштығы, суырып салмалылығы, өткір әзілдері, логикалық байланыстары өзгеше. Хабардың атын да бірге таңдадық. Қазақтың біртуар азаматтары келіп хабардың қонағы болды. Ақын Жүрсін Ерманов, Қызылордадағы Ақылбай Ақанов деген айтқыш ағамыз келді. Бұл хабарларды желіге жүктегенде шетелдегі қандастарымыз көріп, жылы лебіздерін білдіріп жатады.
Одан бөлек «Қызылордада жасалған» бағдарламасы кәсіпкерлікті насихаттайды. «Пайдалы подкастты» шығардық. Кәсіпкер Ерлан Райымов жүргізеді. Осы салада жүрген жандардың жеткен жетістіктері жайында сөз қозғалады. Тағы бір жаңалығымыз, деректі фильм шығарамыз. Былтыр Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына байланысты деректі фильм түсірдік. Мәліметтерді осы жерден, Алматыдан, Президент архивінен, орталық мемлекеттік архивтен алдық. Ұлттық кітапханаға барып сирек кездесетін қолжазбаларды таптық. Ғалымдардың пікірлерін тыңдадық. Былтыр «Соғыс жесірі» деген деректі фильм түсірдік. Оған өзім тікелей атсалыстым. Идеясы – жесір әйелдің ішкі трагедиясын көрсету. Кейіпкерінің өмірде тірі болғаны маңызды еді. Өкінішке қарай, Сыр жерінде ешкім қалмаған. Қазақстан бойынша екі-ақ адам бар екен, соның біреуін Тараздан таптық. Жамбыл облысы, Бостандық ауданының бір ауылында тұрады екен. Ол кісінің үйіне барып, сөйлетіп алдық. Жарын қалай қан майданға шығарып салғанын, одан кейінгі өмірін айтады. Біз оны түсіріп, актерларды ойнатып, эфирге бердік. Бұл – деректі фильм мен киноның синтезі. Мұндай дүниелерді жалғастырып жатырмыз. «Біртуар» деген жобаны қолға алдық. Мұнда қазаққа еңбегі сіңген тұлғалар жайлы түсіріледі және оны архивке сақтаймыз. Сондай серияларды шығарғымыз келеді.
Мен жалпы «аймақтық арна», «өңірлік журналистика» деген айдарларды онша қуаттай бермеймін. Журналистика біреу, оның принципі біреу, ол – ақпарат беру. Ал аудитория кабельдік операторлар, уеб сайт арқылы онлайн немесе әлеуметтік желі арқылы әлемнің кез келген нүктесінен сені көре алады. Сондықтан өңірлік деңгейде қалып қоймай, әлемдік трендтерді қолдану, аймақ аудиториясы ғана емес, шетелдегі қандастар көретін бағдарламалар жасау мақсатымыз да бар. Бізді көретін қандастар көп. Оны желіге салынған бағдарламаларымызға деген алыстағы қандастарымыздың фидбэгі, пікірі, тіпті қырғыз ағайындардың комментарийлері арқылы байқап отырмыз. Сондықтан өңірмен шектелуге болмайды деп ойлаймын.
Осылайша ойға алған жұмыстарымыздың аз бөлігі орындалды деуге болады. Алдағы уақытта жаңа форматтағы жобалар жүзеге аспақ. Бастысы көрерменіміздің көңілінен шығып, сұранысын қанағаттандырсақ, еңбегіміздің еленгені деп білеміз.
– Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!
– Рахмет!
Сұхбаттасқан
Айсәуле ҚАРАПАЕВА, «Сыр бойы






