«Баланы ауыртып алып, дәрі іздегенше, ауыртпаудың жолын іздеу керек»

771

0

Жаһанды жайлаған індеттің елде жаппай таралуы алдын алу мен сақтық шараларын күшейтуге негіз болды.

Бүгінде әр тұрғынның карантин талаптарына, өзі және жақындарының денсаулығына салғырттық танытпауы аса маңызды. Эпидемиологиялық ахуал күрделенген уақытта балалардың да саулығы басты орында болуы керек. Осы орайда өңірдегі жағдай мен қауіпсіздік шаралары туралы облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовпен сұхбаттастық.


– Наурызбай Сейітқ­а­ли­­ұлы, бұл індет елді ғана емес, әлемді әбігерге салды. Қазір облыстағы жалпы эпи­демиологиялық ахуал қандай? COVID-19-ға қарсы қандай жұ­мыстар атқарылуда? Соңғы көрсеткіштер нені аңғартады?


– Бүгінде облыста COVID-19 індетіне байланысты ахуал күрделі, бірақ тұрақты. Қазір өңірде коронавирус індетін жұқ­тырған 2464 адам тіркеліп отыр. Сырқаттардың саны тұ­рақ­ты болғанымен, екі күнде көрсеткіш көбейгені байқалды.

Соңғы бір тәулікте 108 адам тіркелсе, оның 95-і Қызылорда қаласынан. Ал, олардың 90-нан індет скрининг барысында анықталып отыр. Бүгінде жедел жәрдем шақырушылар да азайды.

Мысалы, 7 шілдеде 1767 шақыру тіркелсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1057-ге төмендеді. Бұл бір жағынан жақсы болуы мүмкін. Бірақ ПТР тесттен коронавирустың нақты белгісі бар адамдарды өткізуге мәжбүр болып тұрмыз. Өйткені провизорлық емдеу орындары мен фильтрларда орын өте тығыз. Әртүрлі шағыммен келген науқастарды палатаға орналастыру үшін де міндетті түрде COVID-19 инфекциясын анықтайтын тест алынуы керек.

Сондықтан бірінші кезекте ауру белгісі нақты байқалатын адамдар тексерістен өтуде. Айта кетерлігі, COVID-19 вирусын жұқтырғандар азайғанымен, пневмония көбейген.

Қазір жедел жәрдем шақыртушылар мен пневмонияның азаюы «бәрі жақсарып қалды» дегендей ой тудырмауы керек. Бұл қайта айналып соғатын толқын секілді.
Осы жағдайға байланысты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан бөлек, Тасбөгет кентіндегі облыстық тубдиспансер инфекциялық аурухана етіп жасақталды. Бүгінде осы екі инфекциялық стационарда 47 орын ғана қалды.

Ал соңғы талдама нәтижелеріне сәйкес бірқатар науқас ауруханадан үйлеріне шығарылмақ. Соңғы екі айда өңірде күрделі эпидемиологиялық ахуал қалыптасқаны белгілі. Алғашында, науқастардың тыныс алуының қиындауына байланысты өкпені жасанды желдету аппараттарының жетіспейтіні белгілі болды. Бірақ бұл мәселе облыс әкімінің қолдауымен, демеушілер көмегімен қаржы бөлінуінің арқасында шешімін тауып келеді. Әлі де болса, 200-ден астам оттегі құрылғысы қажет. Өткенде қалалық ауруханада 180-ге дейін оттегі баллонын пайдаланған уақыт болды. Қазіргі қажеттілік 60-70 құрылғының шамасында.


– Осы жағдайға байланысты тағы қандай мәселелер бар?


– Қазір өкпені рентгенге түсіру үшін адам­­дардың емхана алдында көп жиналуы да аса қауіпті. Оның ішінде жолдамасыз, тек өз еркімен алдын ала тексерілу үшін, денсаулығына алаңдап келгендердің қатары қалың. Арнайы зерттеу барысында анықтадық, тұрғындар арасында «таңғы ас ішпей, рентгенге ерте барып түсу керек» деген де түсінік қалыптасқан. Техника дамыған уақыт, қазір бұлай етудің қажеті жоқ. Рентгеннің түстен кейін де, қажет болған жағдайда кешкі 8-ге дейін жұмыс істеуін қамтамасыз еттік.

Біз алдымен дәрігер міндетті түрде өкпені тексерту керек деген адамдар рентгенге түссе дейміз. Өйткені, бұл жерге сырқаттанғандармен қатар, сау адамдар да барып тұр. Олар ауру жұқтырып алса қайтеді? Иін тіресіп, көп адамның бір жерге жиналуы – вирустың таралуына қолдау көрсету сияқты дүние. Соны тұрғындар түсінсе деймін. Сондықтан, алдын ала рентгеннің бос болатын уақытын сұрап, мүмкіндігінше түстен кейін келуге тырысу керек.


– Індеттің үшінші тол­қыны балаларға қауіпті дегендей ақпарат та бар. Бүлдіршіндердің денсаулығын қорғау үшін қандай шаралар жасалуда?


– Иә, қазір ел арасында «балалар арасында ауру күшейіп барады» деген де әңгіме бар. Жуырда көрші облыстың осы салаға жауапты мамандары «бізде дене қызуымен түсетін балалар көбейіп барады, сіздерде ахуал қалай?» деп хабарласты. Содан бастап осы мәселеге ерекше көңіл бөлдік. Өйткені, БАҚ беттерінде «балаларға бұл ауру айтарлықтай қауіпті емес» деген ақпарат та тараған болатын. Осы сөз балалар саулығына салғырт қарауға негіз болды ма деймін.

Бүгінде балалар бес айдан асты, үйде оқшауланған, қашықтан білім алды. Көбіне үлкендер «далаға ойна» деп баланы аулаға шығарып жібереді. Әсіресе көпқабатты үйдің ауласында маскасы жоқ балалар толып жүр. Олар әрине, әлеуметтік арақашықтық сақтау дегенді ескермейді, бір ойыншықпен ойнайды, бір-бірінің қолын ұстайды. Оның барлығы вирустың таралуына мүмкіндік беруде.

Бала үйге кіргенде тазаланып кіре ме, оны да қатаң қадағалау қажет. Осы мәселе қиындау болып тұр. Баланың дұрыс тамақтануы, уақытылы демалуы, жеке гигиенасы ата-аналар тарапынан қадағаланып, сырқат белгісі байқалған жағдайда бірден дәрігерге хабарласса дейміз. Өйткені, баланың ауруын елемей өзінің дәрісін бере салып, арқасына май жағып, емдеп аламын дейтіндер бар. Осыған ата-аналар абай болуы керек.


– Ауруханаларда бала­ларға арналған орын саны жеткілікті ме?


– Аудандардағы ауруханаларда бала­ларға арналған арнайы бөлімдер бар. Жалпы, дүйсенбі күні облыстық балалар ауруханасына 46 бала жатқызылса, екі күннің ішінде бұл көрсеткіш 74-ке жетті. Бір тәулікте 36 бала дене қызуының көтерілуімен ауруханаға түсті.

Бұл нені білдіреді? Ата-аналар балам мұздай су ішіп қойып еді, балмұздақ пен салқын қарбыз жеп еді дегендей себеп айтуда. Осындай селқостық баланың бойындағы вирустың өршіп кетуіне жол берді ме деп ойлаймыз. Сондықтан үлкендермен бірге баланы да сақтандыру керек. Егер баланың ағзасында вирус болса, суық тигізу, салқын су ішу инфекцияны қоздыруы үмкін.

Баланы ауыртып алып, дәрі мен дәрігер іздегенше, ауыртпайтын жолын іздеу керек. Баланы оқшаулаудың, сақтаудың бұдан өзге амалы жоқ.
Осы аптада түскен 74 баланың көбі ЖРВИ, бірақ қазір тереңірек зерттетіп жатырмыз, ол пневмонияға айналып кетуі мүмкін. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда дене қызуымен түскен балалар екі есе өскен. Бірақ пневмония­мен науқастанғандардың саны бұрынғыдай. Сондықтан қатты үрейге бой алдырмағанымен, бала денсаулығын сақтау бағытында бойымызда қорқыныш болуы керек.

Бұл «бала ғой, ештеңе етпес» деп қарайтын жағдай емес. Үлкендердің пневмониясы басылған кезде, балалар пневмониясы өршісе, жағдай қиын болады. Бала ауырмасын дейміз, бірақ бала ауырса, аруханада бір емес, екі адамның жатуына тура келеді. Мұндай жағдайда оған қарайтын анасы не әкесін де тексеруден өткізу керек болады. Оның бәрі артық жүк. Қазір науқастардың өзін тексеріп үлгере алмай жатқанда, сау адамның жағдайын тексеру – бір бөлек жұмыс.

Жағдайды тұрақтандыру үшін барынша балалар ауруханасын қолмен басқаруға көштік. Дәліздің барлығы бір-біріне байланыспау үшін арнайы бөлінген. Сонымен бірге дәріханаларда балаларға керек дәрілер мен дәрумендік препараттарды жеткілікті ету жұмыстарымен де айналысып жатырмыз.

Биыл ауырған адам санының көп болуына байланысты жоспарды қайта қарап, кейінгі айда берілетін дәрі қорын ілгері жылжытудамыз. Сондай-ақ, сатып алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.


Қазір балалар ауруханасында әртүрлі диагнозбен 130-дай бала емделуде. Оның ішінде дене қызуымен түскен балаларды ғана қабылдайтын 100 орындық провизорлық бөлім ашып қойдық. Балалар алдымен фильтрдан өтеді әрі олардан тест алынады. Егер тест нәтижесі оң болған жағдайда 20 орындық инфекциялық бөлімдегі арнайы орында емделеді. Қазір үш бала инфекциялық ауруханада, төртеуі балалар ауруханасында ем алуда.


– Байқауымызша, үл­кен­дердің өзі көбіне жеке гигиенаны сақтау, маска тағып жүру талаптарын ескер­мейді. Балаларды қалай үйретуге болады?


– Өзімнің де немерелерім болғандықтан, үйде барынша оқшауланып жүруге тырысамын. Өйткені күні бойы көпшіліктің ортасында, аурухана аралап жүргендіктен, сақтық шараларына салғырт қарағым келмейді. Тіпті, наурыз айынан бері төрт немеремді құшақтағаным жоқ. «Ата» деп алдымнан жүгіріп шыққанда, алдымен қолымды антисептикпен сүртіп, маскамды тағып барып әңгімелесемін. Олар да соған үйренген. Бұл немерелерімнен алыстау емес, олардың болашағына алаңдау мен қажеттіліктен туған дүние болып тұр.

Әжесінің айтуы бо­йынша үйге кіргенде олар да қолдарын антисептикпен сүртеді, сабынмен жуады. Тамақты күнделікті шаюдың өзін ойынға айналдырған. Қазір көшеде өзінде бар, бірақ баласында мас­ка жоқ адамдарды байқап жүрміз. Бұл – өте қауіпті дүние. Бала ауырмайды емес, оның жас организмі алғашында мойындамайды. Бірақ вирус жоқ емес, бар ғой.


Биыл ерекше жыл болып тұр. Ата-аналар өзінің ата-аналық борышын бұрынғыдан бірнеше есе арттырып, бүлдіршіндерге қарауға мәжбүр. Баланың интернеттің иірімінен шыға алмай, телефонға үйір болуы да өте қауіпті. Ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты реттеу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Олар осындай уақытта үйде баламен бірге сурет салып, кітап оқып, ойын ойнауы, т.б. қажет. «Ұйықтап алайын, сен аулада ойнап кел» деген көзқарас баланың денсаулығына да, психикасына да әсер етеді.


– Пандемияны оңай әрі тез еңсеру үшін не істеу керек?


– Бұл вирус ұлтқа, жынысқа, ұлттық ерекшелікке қараған жоқ. Ауа жұтатын адамдардың бәріне бірдей болып шықты. Көпті шақырып той жасау қанымызда бар бауырмалдылық, менталитетіміз шығар. Бірақ осының бәріне енді жаңа көзқараспен қарау керек. Әр нәрсенің артында сұрауы бар. Вирус, ең бастысы, адамзат бөлініп емес, бірігіп өмір сүру керегін ұқтырды.


Қазақ ұлты да өзара ішкі бірлікті күшейтіп, ортақ жауапкершілікті арттыруы тиіс. Қазір таласатын емес, жарасатын уақыт. Қиындық басымызды біріктіруде. Кәсіпкерлер де, қоғам белсенділері де, мемлекеттік қызметкерлер де, барлық қоғам мүшелері де ынтымақтастыққа ұмтылуда. Бұл – ұлттың бірігуіндегі рухани жаңғырудың көрінісі. Жайма-шуақ уақытта пендешілігіміз қандай болса, қиындық кезде өзара адамгершілігіміз сондай көп болуы тиіс.


Көбісі «Қытайда екен, Испанияда ғой» деп індет бізге келмейтіндей ойға берілді. Бірақ әлем бір-бірімен тығыз байланыста ғой. Той жасаған дұрыс. Бірақ той керек пе, адамның амандығы керек пе? Тойдың арты қайғылы жағдай болса, кім кінәлі? Сосын «келіннің аяғынан болды, кесірлі келін келді» дейтіндер де бар. Олай болмайды.

Сондықтан, менің ұсынысым: табиғаттың заңымен ұлдың үйленіп, қыздың тұрмысқа шығатын уақыты келсе, үлкендердің батасын алып, некесін қи. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазір ешкім ешкімге күлмейді. Бұрын «баласына той жасап бере алмай жүр ме?» деген жалған намыстың жетегіне ерсе, қазір оның уақыты өтті. Бұл – шын намыстың уақыты. Өзімізді ғана емес, бәрінің жағдайын ойлап, ұлтты сақтап қалуымыз керек.


– Уақыт бөліп, сұхбат­тасқаныңызға рахмет!

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз