«Билікке байлықпен былғанбаған тұлғалар келуі керек»

2256

2

Ел тарихына қарасақ, сан алуан сындарлы сәтті бастан өткергені белгілі. Соның барлығын да бірлік пен тұрақтылықтың арқасында еңсерді. Биылғы қаңтар айының басы да елге оңай болған жоқ. Қаншама адамның қаны төгіліп, жүрегіне жара салған қаңтардың қасіретін ұмыту мүмкін бе?

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы, Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры  Бауыржан Елеусіновпен әңгімеде осындай сауалдарға жауап іздеген едік.

– Бауыржан Тәжімағанбетұлы, ел бірлігіне, тәуелсіздіктің тұрақтылығына сын сағаты туды. Мемлекетіміздің қазіргі жағдайынан кейін халық бейбіт өмірдің бағасын сезініп, ұғынды деп ойлаймын. Тұрақтылықты ұстап тұру үшін әрі қарай не істелу керек?

– Жыл басында егемен еліміз өзінің тарихындағы ең ауыр сәттердің бірін басынан өткерді. Басында сұйық газ бағасының 2 есеге көтерілуіне, оған байланысты халық тұтынатын заттар бағасының жаппай қымбаттауына қарсы Жаңаөзен қаласында ұйымдастырылған стихиялық наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Бір сәтте еліміздің 11 аймағында діни радикалдар, қылмыстық топтар, жауыз содырлар, мародерлар мен ұсақ бұзақылар бірігіп, бой көтерді. Әлеуметтік, экономикалық және саяси талаптардың орнына Конституциялық құрылысты құлату, басқару институтын бүлдіру, билікті басып алуды көздеген қарулы содырлар мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды.

Ел басына ауыр күндер туғанда халық сабырлылық танытып, жергілікті билікке барынша қолдау көрсетті. Қазақ халқы қашан да бірлік пен ынтымақты, татулықты бәрінен жоғары қойып, «Алтау ала болса, ауыздағың кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаған. Өйткені, бірлік қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында адамдар арасындағы ынтымақ пен жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі деп қалыптасқан. Аз ғана уақыттың ішінде дархан даласы бар, кеңпейіл қазақ халқының бейбіт өміріне осындай күн туады деп кім ойлаған?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы дағдарыстың алғашқы күндерінен бастап еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалу, ел ішіндегі тәртіпті қалпына келтіру бағытында батыл да әрі тағдыршешті шешімдер қабылдай білді. Қазақстан халқын бірлікке шақырған Үндеулерін жариялады. Президентіміздің нақты шешімдерінің арқасында жағдай тұрақталды.

Қаңтар оқиғалары Тәуелсіздігіміздің қадірін, тыныштығымыздың қасиетін сезіндірді.

Тұрақтылықты ұстап тұру үшін, ең алдымен, бүкіл ел болып, Президентіміздің айналасына топтасып, қабылданған шешімдерді мүлтіксіз орындауымыз керек. Жаңа жасақталған Үкімет бұқараның мүддесіне бағытталған әлеуметтік-экономикалық жаңа саясатты жүзеге асыруы қажет. Билік басына мемлекетшіл, халықтың мұң-мұқтажына қарайтын, байлықпен былғанбаған тұлғалар келуі қажет. Осы ретте халқының жарқын болашағы үшін өмірлерін еш ойланбастан қиюға дейін барған Алаштың арыстарын жиі еске аламын. Еліміздің асты-үсті толған ен байлықтың халық үшін жұмсалатын кезі келді деп ойлаймын. Мемлекет әрбір тиынын есептеп, оның босқа жұмсалмауын қатаң қадағалауы керек. Бюджеттен қаржыландырылатын қаптаған құрылымдар қысқартылып, әр мекемедегі таусылмайтын көмекші, кеңесшілер қысқартылуы керек. Еліміздің күштік құрылымдарын дамытып, құқық қорғау саласын реформалау, бюрократиялық кедергілерді жою, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жедел қолға алынғаны абзал.

–    Тарихтан белгілі, халқымыз ешқашан жүгенсіз әрекетке, бұзақылыққа барған емес. Қандай нәубет келмесін, өзінің сабырлы қалпын ұстаған. Десе де, кейінгі уақытта орын алған қайғылы оқиғаларға әрбіріміз жауапты сияқтымыз. Ұлттық тәрбиенің ақсап жатқанын көрсетпейді ме?

–    Қандай халық болсын, тұрған жердің жағдайы мен тұрмыс-тіршілігі сол халықтың болмысына, мінез-құлқына өз таңбасын салатыны анық. Жаратқан иеміз бірін-бірі сағынып, қадіріне жетіп іздеп жүрсін деп қазақ халқына осынау кең-байтақ даланы берген секілді. Сондықтан халқымыз танысын, танымасын ұшырасқан адаммен шүйіркелесіп кететін болған. Әрине, заман өзгерген сайын халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері де сәйкесті түрде өзгеріп отырған. Бірақ, ежелден келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық белгілеріміз сақталып келеді. Олар жоғалса, халық ретінде тарих сахнасынан жоғалып та кетер едік.

Халқымыз – өзінің тарихында небір нәубетті көріп, басынан талай зобалаңды кешірген шерлі халық. Жақында Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» деген кітабын оқыдым. Қазақстаннан 1933-жылдары шыққан 18500 адамнан 1956 жылы Моңғолия, Қытай, Тибет, Үндістан арқылы Түркияға 1400 қазақ қана жеткен. Көрмеген қорлықтары жоқ, жолдағы елдің адамдары өздері жылап-еңіреп, қиналып келе жатқан қазақтардың көшін тонаған, атқан, өлтірген. Сталиндік репрессия кезінде Қазақстанға жер аударылған халықтарды өздері аш-жалаңаш қазақ отбасылары қамқорлығына алып, пештің түбінен орын беріп, тыққан жылы-жұмсақтарымен бөлісіп, аман алып қалды емес пе?!

Кешегі қаңтар оқиғасы біздің ұлттық тәрбиенің ақсап жатқанын ашып көрсетті. Алдымен, мемлекеттік деңгейдегі идеология жұмыстарының төменгі деңгейде жүргізіліп жатқаны байқалды. Осы уақытқа дейін билік халықтың үніне  құлақ асқан жоқ десе де болады. Мемлекеттік каналдарда ұлттық ұстанымдарымызға мүлдем қайшы келетін хабарлар «рейтингі жоғары» деген желеумен үздіксіз көрсетілді. Жас ұрпақтың дүниетанымдық көзқарастарына аяусыз шабуылдар жасалынды. Фонограммамен ән айтып, халқын тонап жүрген әншісымақтардың өмірі бүкіл ақпарат құралдарында жарияланып, жастарға үлгі етіп көрсетілді. Қоғамымызда еңбек адамына деген, «Әлемнің әміршісі» деп аталатын еңбектің өзіне деген құрмет жоғалды. Бұрынғының адамдары қандай да бір кедергіге тап келсе, оны ақыл-парасатпен, біліммен асып өту жолын іздесе, қазіргілер еш еңбек етпей, тек таныстар арқылы бөгетті айналып өтуді мақсат етуде. Қоғамдағы отбасы құндылығы аяқасты қалды. Отбасының қазығы іспетті ер адамның рөлін, оның қоғамда алатын орнын тып-типыл қылдық.

Мұның барлығы біздің жастарымыздың сана-сезіміне оң әсер етпейтіні белгілі. Бұларға қоса жастарымыз, жастарымыз ғана емес үлкендердің өзі кітап оқымайтын болды. Рухани дүниеміз жұтаң бола бастады. Құлаққа қонымды, тәрбиелі әңгіменің орнына ұсақ, арзанқол әңгімелер айтуға шықтық. Ондай әңгімелерден жастар не алушы еді? Білім адамның ішінен шығатын нәрсе емес, сырттан келетін дүние. Сондықтан, оқымай білімді боламын дегендерді, тормен су таситындарға теңеймін. Демалыс күндерін пайдаланып, М.Мағауиннің «Аласапыран», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» атты кітаптарын оқыдым. Сол жылдардағы қаһарлы хандарымыз, батыр бабаларымыз, сұңғыла билеріміз және қарапайым халқымыздың болашақ үшін жасаған жанкешті тірліктеріне тәнті болдым. Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелейтін кітаптар жиі оқылып, көркем фильмдер көбірек түсіру қажет деп ойлаймын.

–    Мемлекет басшысы  ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажеттігін айтты. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңінің келмеске кеткенін, басымдықты техникалық мамандықтарға беруді тапсырды. Бізге дәл қазіргі уақытта қандай мамандар жетіспейді?

–    Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында жасаған баяндамасында Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін модернизациялау, күштік құрылымдарды реформалау,  халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, білім жүйесін жетілдіру және басқа да түйткілді мәселелерге тоқталды. Оның ішінде сапалы білімге қолжетімділік жасау, білім орындарын техникалық жабдықтаумен қатар, мұғалім біліктілігіне назар аудару қажеттілігін, мамандық алуда гуманитарлық бағыттан гөрі техникалық мамандықтар игеруге баса көңіл бөліп, елімізді сапалы инженерлермен қамтамасыз етудің маңызын айтты.

Адамзат баласы өзінің тарихында 3 өнеркәсіптік революцияны бастан кешірді. Қазір әлемнің дамыған елдерінде 4-өнеркәсіптік революция орын алған. Оның негізгі белгісі – жаһандану процесі, өнеркәсіпке жаңа информациялық технологияларды жаппай енгізу, толығынан цифрландыру, бизнес-процестерді және жасанды интелектті масштабты түрде автоматтандыру. Осы талаптарға сай елдерді 4.0 индустрия қоғамы деп атайды.

Әлемдік тәжірибе 4.0 индустрия қоғамы елдеріндегі білім жүйесінің түбегейлі өзгеруі қажет екенін көрсетуде. Мектеп бітіруші түлек болашақ қоғамдағы өмірге дайын болуы керек. Ол үшін түлектің бойында жоғары технологиялық өндірісте жұмыс жасауға қажетті XXI ғасырдың түйінді құзыреттіліктері мен дағдысынан құралған интеллектуалдық қабілеті болуы керек.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында АҚШ жоғары технологиялы өндіріске қажетті білікті мамандардың жетпей қалуына байланысты үлкен қиыншылықтарға ұшырады. Осыдан кейін, бұл елде STEM білім беру бағыты туындады (Science, Technology, Engineering, Matemetics). Яғни, нақты өмірде кездесетін міндеттерді шешу үшін жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің информатика, технология және инженерлік біліммен интеграциясы негізіндегі ортақ білім беру бағыты.

Сөйтіп, әлемде алғаш рет АҚШ білім жүйесінде пәнаралық байланыс пен қолданбалы білім беру мәселесімен айналыса бастады. Жеке пән бойынша білім алу деген өзінің өзектілігін жоғалтады, кез келген өндірістік немесе күнделікті өмірдегі міндеттерді шешу үшін оқушы, маман ғылымның көптеген облысындағы білімді пайдалануға мәжбүр болады. STEM білім беруде ғылыми әдістер, техникалық қосымшалар, математикалық модельдеу, инженерлік дизайн пайдаланылып, оқушыларда инновациялық ойлау және XXI ғасыр дағдысы қалыптасады.

Эксперттер жуық арада әлемде IT мамандар, нано және биотехнология мамандары, жоғары технологиялық өндіріске қажетті мамандардың, оның ішінде сапалы инженерлік мамандардың жетіспейтіні жайында болжам жасауда.

Сондықтан,  Президент өзінің сөйлеген сөзінде елімізде 2025 жылға дейін сапалы инженерлерді дайындау үшін шетелдік 5 жоғары оқу орнының филиалдарын ашуды тапсырды. Сонымен қатар, еліміздің батыс өңірінде 2 техникалық бағыттағы университет ашу қажеттігіне айрықша тоқталды.

–    Қазақстан дамуының жаңа белесіне көшті. Не күтесіз?

–    Қазіргі жаһандану жағдайында әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері білім, ғылым саласына және жаңа технологияларды игеруге едәуір қаржы бөлуде. Өйткені, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Ал, білім беру саласы Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – халқымыздың қанында бар қасиет. Бабаларымыз сонау бағзы замандардың өзінде «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Бәсекеге қабілетті білімді жастарымызды көбейтуге, олардың ғылыммен айналысуларына жағдай жасау қажет.

Мемлекет басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында «Қасіретті қаңтар сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» атты мәлімдеме жасап, жаңа Қазақстан жолын айқындап берді. Осы ұсыныстарды сапалы орындау мақсатында ел болып, Президентіміздің айналасына топталуымыз қажет.

Әлемде 210-нан аса мемлекет болғанымен, біздің жалғыз ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік ұғымы біздің еліміз, халқымыз үшін қасиетті, киелі ұғым. Сондықтан, бүгінгі таңдағы біздің басты міндетіміз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, керемет әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай етіп сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдырайық, ағайын!

– Мазмұнды пікіріңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<