«Бизнес – қағидалардан тұратын қызық ойын»

2771

0

Өнегелі де өнімді істердің басы-қасында жүрген айтулы азамат Сабыржан Зайнидинов – әлеуметтің ойындағыны байқап қана қоймай, оны шешудің сан алуан жолын қарастырып, ұтымды қарекет танытып жүрген азамат. Ол онға жуық кәсіптің басын біріктіріп, үлкен корпорацияны  басқарып отыр. Бүгінде әңгіме желісі кәсіп, мамандыққа бағдар туралы өрбімек.

– Бүгінде еліміздегі көпшілік кеңінен білетін белгілі кәсіпкерсіз. Әрине, бұл деңгейге жету үшін көп тер төгіп, үлкен сынақтардан өтуге тура келген болар?

– Кәсіпкер болудың өз қыр-сыры бар. Өзіңнің тірнектеп жинаған қаражатыңа, әрбір басқан қадамыңа есеп беріп, бақылап отырмасаң бір күнде еткен еңбегің еш кетуі мүмкін. Әрине, тиыннан теңге құрау оңай болмады. Ал теңгені еселеп өсіру тіптен қиын. Нарықты әбден зерттеп, біліміміз бен тәжірибемізді үнемі жетілдіріп отырдық. Кәсіпкер – ешқашан қателесуден қорықпайтын, кеткен қателіктен ой түйіп қоймай, еңбек ету арқылы нәтижеге қол жеткізе алатын адам. Сәтсіздікке ұшырап, бастаған ісін тастап кететін жандар шынайы кәсіпкер бола алмасы белгілі. Өзгелердің жетістігіне қызығып, менің жұмысым неге өрге баспады деп қаймығуға мүлде бой алдырмаған дұрыс.

Сонымен қатар, кәсіп бастамақ ниеттегі адам өзінің ресурстарына қарау керек. Нақтырақ айтқанда білім, күш, ақша, қабілет-қарымын есептей біліп, тәуекелдер мен сәтсіздіктерге дайын болуы қажет. Кез келген нәрсені түсіндіру үшін салыстырмалы мысалдарға жүгінеміз. Қазіргі кәсіпкерлер бизнесті майдан деп түсіндіреді. Майданда адам стратегиясын таңдап, қауіп-қатерлерден аман қалудың жолдарын барынша ойлап жүретін болса, бизнесте де дәл солай деген сөз. Жеңіл жеткізу үшін әйгілі кәсіпкер Стив Джобстың «Бизнес дегеніміз – аз ғана қағидалардан тұратын қызықты ойын» деген сөзін қолдансақ болады.

– Білуімше, үлкен бір істі яғни, көмекке мұқтаж  жандарды белгілі бір мамандыққа баулып, қоғамда өз орнын тауып кетуіне ықпал етуді қолға алыпсыз? Осы жайында кеңінен айта кетсеңіз?

– Менің негізгі бағытым – қайырымдылық. Мұқтажға азық-түлік немесе қаржылай көмек бересің. Оны ішіп-жеп, ертесіне қайтадан алақан жайып отырады. Сол себепті де, «Сабыр» деп аталатын қоғамдық қор аштық. Қаңтар айынан бастап өз жұмысын бастады. Екі-үш айдан бері жүгіріп, құжаттарын әзірлеп, бәрін дайындап, рұқсатын алдық. Бұл қордың мақсаты – «Балық берме, қармақ бер» дегенге саяды, яғни көмекке мұқтаж жанның бойындағы қандай да бір қабілеті болса, оны қысқа мерзімде оқытып, үйретіп, өз кәсібін ашуға ықпал жасау. Көмекке мұқтаж жанды кәсіпке шыңдап, жұмысқа орналасып, өмірден өз орнын табуына жағдай жасауға бағытталған. Айталық, тігіншілік қасиеті бар әйелді нағыз ісмер етіп дайындап, қажетті тігін машинасын және керекті құрал-жабдықтарын алып беріп, жалға алған орынның алғашқы айларын төлеп, өз кәсібін дөңгелентіп кетуіне көмектесеміз. Айта кетейін, бұндай қор елімізде жоқ. Бұл қордың басты ерекшелігі біз ешкімнен ақша сұрамаймыз және ешкімге ақша бермейміз. Тек қарым-қабілеті бар жандарға бағыт-бағдар беріп, жол сілтейміз.

Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасының балаларына да үлкен мүмкіндік. Себебі, оқуға, білімге деген ынтасы зор, сабақ үлгерімі жақсы, әлемнің озық елдерінен білім аламын деген жастарға жағымды жаңалық деп есептеймін. Мәселен, оқығысы келетін 50 баланы алып, бір жыл бойы оқытып, жан-жақты дайындап, құжаттарын әзірлеп «Болашақ» бағдарламасының аясында оқуға түсуіне жол ашамыз. Біздің қазақ балалары өте білімді, талантты, дарынды. Тек, көп балалардың білім алуына мүмкіндіктері жоқ. Өзім осындай жеткіншектерге демеу болуды азаматтық парызым деп санаймын.

– «Қасіретті қаңтар» кезінде қиналған жандарға демеу болды деп естідік. Осы жайында айта кетсеңіз?

– Ондай сәтте азды-көпті мүмкіндігің бола тұра үнсіз, әрекетсіз қалу азаматтығымызға сын болар еді. Сондықтан қолымыздан келгенше, қаржылай да, басқалай да көмек қолын создық. Жалпы серіктесім екеуміз қосылып, 60 миллион теңгенің материалдық көмегін көрсеттік. Қалада жаппай тәртіпсіздік пен дүрбелең басталған күні интернет өшіріліп, түрлі қаржы ұйымдары қызмет көрсетпек түгілі, тоналып жатқанда адамдар өз есепшоттарындағы ақшаларына қолдары жетпей қалды. Сол күндері шамамыз келгенше 1000 адамға 20 мың теңгеден таратып шықтық. Ондағы ойымыз, тұрғындар ең болмаса негізгі қажетті азық-түліктерін алсын деген ниет еді. Оған қоса, қаңтардың 5-і мен 8-і күндері аралығында Алматы қаласы ІІД қызметкерлерін тәулік бойы ыстық тамақпен қамтамасыз етуге атсалыстық. Сондай-ақ қалаға кіреберістегі барлық блок-бекеттерде тұрған әскери қызметкерлерге түскі және кешкі астарын жеткізіп бердік. Осы күндері партия мүшесі ретінде «Аманат» партиясының қалалық филиалына өтініш білдірген тұрмысы төмен бірнеше отбасына азық-түлік себетін таратып шықтық. Біз мұны ешқандай мақтаныш немесе жарнама үшін емес, азаматтық борышымыз деп атқардық. Сол күндері арнайы күзет жасақтарын ұйымдастырып, қалада үйлерінде жалғыз қалып қойған қарт кісілерді қорғап шықтық. Жалпы, 35 пәтерді күзету үшін өзіміздің туыс інілерімізге өтініш жасадық. Кейбірінің үйіне қарындастарымызды уақытша күтуші ретінде қойдық. Ел іші дүрлігіп жатқанда ұры-қарылар да қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтарды, қарттарды торитыны белгілі. Ал оларды қорғау керек еді. Сондықтан мұның барлығын жалғызбасты қарттарымыз үрейленбеуі үшін жасадық.

«Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының іс-тәжірибелерімен жалғасып келеді. Сол игі істі қолымнан келгенімше атқарудамын. Тамыз айынан бері «Балаларды мектепке дайындаймыз» акциясында 250-ге жуық баланы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттім. Одан бөлек Арыс қаласында болған апаттан зардан шеккендерге он үй тұрғызып бердік. Қала берді, Қостанай қаласында болған өрттен қиналған халыққа, екі фура азық-түлік жібердік. Ал күні кеше Өскемен қаласындағы жылу істен шыққан уақытта 40 миллион теңге қаражат жұмсадық. Айталық, жылыту апараттары мен төсеніштер және азық-түлік, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз еттік.

– Туған ауылыңызға жиі келіп тұрасыз ба? Ауылдағы ағайынға да көмек қолын созасыз ба?

– Ауылыма жылына кемі үш-төрт рет ат басын тіреп тұрамын. Ағайын-туыспен амандасып, ақсақалдардың басын қосып ас беріп, туған жерде, туған үйімде аунап-қунап қайтатыным бар. Ауылда 70-ке жуық отбасыға ай сайын көмек көрсетіп тұрамын. Мешіт имамымен үнемі байланыстамын. Айына бір-екі ірі қара сойып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратып тұрамыз. Бірнеше үйге қажетті көмірін түсіріп беруге қаржы бөлемін. Ауыл – қазақтың алтын тамыры. Одан ажырап қалуға болмайды деп ойлаймын. Сондай-ақ, Хорасан ата кесенесінің қасына үлкен қонақ үй салынған болатын. Оған да қомақты қаражат берілді. Кесене жанынан салынып жатқан музейге көмектестік.

– Ізгілікті ниетпен жасаған қайырымды іс халықтың атынан алғыс болып оралып жатыр екен. Мақтау, марапаттар сіздің жұмысыңызға шабыт бере ме?

– Еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күні Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталдым, «Алғыс хат» алдым.

Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Әрі қарай осы қалпымнан таймай жұмысымды жалғастыра беремін.

Әңгімелескен

Әсел РЗАЕВА,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<