Хұсейн ӘМІР-ТЕМІР: «Жастар театры бәсекелес емес, мұраттас»

1658

0

Қаратау мен Арал аймағының арасын алып жатқан атақонысымыз 1938 жылдың 15 қаңтар күні Қызылорда облысы деген атауға ие болды. Содан бері 85 жыл уақыт өтті. Осы аралықта Сыр елінде тарихи өзгерістер орын алды. Барлық саланың тыныс-тіршілігі түрленді. Соның бірі – мәдениет саласы. Оның ішінде іргетасы сонау 1960 жылы қаланған театрымыз да бар. Ендігі сөзді Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрының талай жылғы көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Хұсейн Әмір-Темірмен сабақтаған едік.

– Хұсейн аға, өнердің талай жылғы тарихы өзіңізге аян. Әңгімені Сыр бойындағы театр мектебін қалыптастырған тұлғалардан бастасақ…

– Өзіңе белгілі, театр 1955 жылы Талдықорғанда құрылып, 1960 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. Жалпы театрды қалыптастырған негізінен режиссерлар ғой. Театрдың тұңғыш бас режиссері Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Жақып Әбілтаев болды. Кейін бұл қатарға Мен Дон Ук, Р.Андриасян, М.Байсеркенов, Т.Тұңғышбаев, Т.Өтебаев, Е.Оразымбетов пен мен де қосылдым.

Ал бүгінгі дәрежеге жетуімізге театр іргесін қаласып, алғашқы күннен сахнада ойнаған актерлер Б.Балғынбаев, Ш.Мәрденов, Х.Саурықов, Ш.Бәкірова, К.Көпбаева, Қ.Көпбаев, С.Рақышев, Т.Айнақұлов, Р.Тәшібаева, А.Манасбаева, Ж.Бағысова, Ә.Кәнетов пен С.Шотықов ықпал етті. Оған өз саласының нағыз майталмандары бас суретшілер Ә.Әбдірахманов, Ж.Әбіров, С.Пірмахановты қосыңыз. Одан беріде де талай таланттар театрдың өз көрерменін табуына көмегін тигізді.

Өзі режиссерлар мен актерлардың ынтымақтастығынан туатын дүниелер театрды әр уақытта алға бастырады.  Ал ондағы негізгі фигура – режиссер. Оның біліктілігі, шеберлігі, білімі, ұстанымы өнер ордасын биікке жетелейді. Мысалы, 1990-2000 жылдары Ерғали Оразымбетов деген режиссер жұмыс істеді. Уақытында керемет спектакльдер қойды. 1992-1995 жылдар ел есінде қиын кезең ретінде қалды. Сол аралықта ол кісі театрды тұралатпай ұстап тұрды әрі жақсы дүниелерді өмірге әкелді. Сөзімнің мысалы – осы.

2003 жылы туған жерге оралып, осы қызметті қолға алдым. Мен келгенде өзім білетін артистерден оншақтысы қалыпты. Қалған 15 адам – жаңа буын. Ешқайсысын танымаймын. Артистер – әр саланың маманы. Бірі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің би факультетінің, бірі ән-күй факультетінің түлегі дегендей.

Жалпы таза театр мамандығын бітірмегендер көп болды. Солардың басын біріктіріп, труппа шығардық. Ал қатарға көбіне Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академиясы мен Шабыт университетін бітіргендерді алдық.

Мен Талдықорғанда да, осында да бір күнді шығармашылыққа арнайтынмын. Мәселен, Шилдердің «Жылымық пен махаббат» деген пьесасын аламын. Бұл шығарманы бұрын қойғанмын. Онда екі адамға арналған диалог көп. Ал ол актерлерді тәрбиелеуге өте ыңғайлы. Міне, соны екі құрамға беріп, салыстырмалы түрде баға береміз. Қарым-қабілетін байқаймыз, түзетеміз, жетілдіреміз. Бұл әдіс оларды актер ретінде шыңдауға мүмкіндік берді.

Тіпті уақытында 11 адамды Түркістан университетінің актер факультетіне сырттай оқыттық. Негізінде актерлер сырттай оқымайды. Бірақ әр саладан болса да, театрда жұмыс істеп жүр. Сол уақытта режиссер Райымбек Сейтметов Түркістан университетінде сабақ беретін. Кейін өзінен бітірген түлектердің басын біріктіріп, театр ашқан. Қазір ол Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды- драма театры атанды. Таныстығымыз болғасын байланыс жасап, бір-бірімізге гастролдік сапарға шығамыз. Кейін ағамызға «Университет бітіргендер мен колледж бітіргендердің арасында айлық айырмашылығы жер мен көктей. Бірінде айлық тәуір болса, екіншісінде аз. Сырттай оқуға мүмкіндік жасап беріңізші, шақырған кездеріңізде оларды жіберіп отырамын» деп жағдай айттым. Ол кісі сөзімді жерге тастамай, ашып берді. Алғашқы жылы оқу ақысының жартысын театрдың атынан төлеп бердік. Келесі жылы мекеменің оқу ақысын төлеуіне болмайтыны туралы хабар келді. Әрі қарай өздері іліп әкетті ғой. Сонымен 11 адам бітіріп шықты. Қазір солар бұрынғылардың жолын жалғап, еселі еңбек етуде.

– Өткен мен бүгінде айырмашалық байқалатын шығар… Театрдың репертуары туралы пікіріңіз қандай?

– Бүгінде театр шығармашылық өсіп-дамудың шырқау биігіне көтерілді. Ұжым қазір серпінді ізденіс үстінде. Репертуарды әлемдік, ұлттық классикалармен байыта отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелері көрініс табуда. Сырбойылық көрерменге ұсынылған бояуы қанық репертуарлардың ішінде М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Т.Ахтановтың «Ант», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы, А.Чеховтың «Три сестры», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Вишневскийдің «Оптимистік трагедия», Ә.Тәжібаевтің «Майра» және Ш.Айтматовтың «Ақырзаман» қойылымдарын айтуға болады.

Тіпті кейінгі жылдары сахналанған Ә.Ақпанбеттің «Түнгі көбелек», М.Сәрсековтің «Тендерге түскен келіншек», Ж.Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы», Т.Әліпбайдың «Исатайдың барында…», Б.Айдарбековтың «Қара мең», Е.Төлеубайдың «Абай», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», Ә.Тәжібаевтің «Екі дәурен, бір ғұмыр» («Көңілдестер»), Иран-Ғайыптың «Қорқыт», М.Әуезовтің «Қарагөз», Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмалары көрермен көзайымына айналды.

– Түсінікті. Ал кейінгі уақыттағы қойылымдар көрерменін тапты деп ойлайсыз ба?

– Біз қазір сырттан режиссер шақырамыз. Өйткені кейінгі уақытта мен спектакль қоюды тоқтаттым. Оған себеп – денсаулығымның нашарлауы. Кейінгі бірнеше жылда 13 адамнан тұратын көркемдік кеңесте бір драматургі таңдайтын болдық.  2021 жылдан бері Данияр Базарқұлов, Дина Жұмабаева және өзге де режиссерлармен жұмыс істедік. Мәселен, олар таңдауға 2-3 пьесаны жібереді. Таңдағаныңды қояды. Мысалы, Қасым Қуандықов деген елімізге белгілі режиссер 4-5 спектакль қойды. Бұл – кейінгі 4-5 жылдың көлеміндегі жағдай.

Сосын өзіміздің қоятын спектакльдер бар. Біз театрдан лаборатория аштық. Қазір оған да 2 жыл болды. Онда эксперимент жасап, жас актерлеріміз спектакль қойып жатыр. Мысалы, Қанат Арқабаев «Кім?», Ұлболсын Қылышбаева «ҰБТ кілті», ал Санат Жүзбай «Шыны керек» деген спектакль қойды. Осылайша, жас режиссерлар мен актерлерді өзімізден өсіріп шығарудамыз. Тіпті, Санат Жүзбай Мәскеуге барып оқып қайтты. Ара-тұра жастарды 2-3 айға шетелге жіберіп, тәжірибе жинатамыз. Қазір баяғыдай жылдап емес, бірнеше айда оқып келетін, қысқа мерзімді тәжірибе алмасатын мүмкіндік бар.

Әлі есімде, 2014 жылы бізге Қанат Арқабаев келді. Содан бері актер болып жұмыс істейді. Көптеген жақсы рөлдері бар. Санат та жақсы қалыптасып келе жатыр. Олар жұмыстан бос уақытта жастарды тәрбиелейді. Түрлі спектакльдер қойып, шеберлігін шыңдайды.

Шілде айында Алматыға гастролдік сапармен бардық. «Мәңгілік елдің алтын адамы», «Жәмилә», «Кездесу мен қоштасу» деген үш спектакль қойдық. Ал төртінші спектакль кіші залда өтті. Онда Қанаттың «Кім?» деген спектаклі қойылды. Оны сонда болған барлық сыншылар мен театр майталмандары жоғары бағалады. Болашағынан үміт күттіретінін айтып, мына жігітке қамқорлық жасаңдар деп ақыл қосты. Осының өзі біздің театрдың болашағы барын аңғартады. Бұл қарқыннан айнымасақ, алдағы жылдары сырттан режиссер әкеліп, олардың қойылымын қоюды доғарамыз. Жаңа буын осы кемшіліктердің орнын толықтыратын болады. Қазіргі басты мақсатымыз – осы.

Мысалы, сәуір мен мамыр айларында Қанатты қасыма алып, екеуміз Сұлтан Раев деген қырғыздың драматургінің «Ақ ләйлек» деген пьесасын қойдық. Керемет премьера болды. Келген көрермен риза болып қайтты. Алда қыркүйек айында да оны қоямыз. Бір сөзбен айтқанда, кейінгі уақыттағы қойылымдар да көрерменін тапты деуге толық негіз бар.

– Жартығасырлық тарихы бар театрдың шығармашылығына өтсеңіз…

– Ел өмірінің айнасына айналған театрымыз күннен-күнге дамып, алыс-жақын шетелге өз өнерін көрсетіп, еліміздің танылуына үлес қосты. Бүгінде репертуарымызда әлемдік және қазақ классикалық туындылармен қатар, түрлі жанрдағы қойылымдар бар. Жалпы саны 58 спектакль болса, оның ішінде 35 драмалық қойылым, 8 жастар труппасының, 15 балаларға арналған қойылымдар бар. Жылына 200-ден аса қойылым көрерменге ұсынылады.

– Театрды тәжірибе шыңдайтынын білеміз. Ал халықаралық фестивальдарға қатысу, өнер бәйгесінде бақ сынау қандай нәтиже береді?

– Ол енді өнердің бәсін көтереді. Өзіңнің күнделікті көрерменіңе ойнау бөлек те, сыртқа барып, жаңа ортада ойнау бір бөлек. Онда бір-бірімен байланыс орнатады, өнерлерін сарапқа салады, артық-кем тұсына көз жүгіртеді, әртүрлі көзқарастағы сыншылардың пікірін тыңдайды, жаңа дағды қалыптастырады. Актер үшін тиімдісі де – осы. Артист шетелдегі көрсеткен дәрежесін ұстап қалып, жаңа бір эстетикалық мәнерде ойнай бастайды. Бұл таза актердің өсуіне, жаңа деңгейге шығуына ықпал етеді.

Басынан тарқатсақ, театр ұжымы бүгінге дейін 23 халықаралық, республикалық конкурстар мен фестивальдарға қатысты. Оның ішінде 11 жүлделі орынға ие болып, лауреат атанды. Сонымен қатар 6 рет шет мемлекеттерге гастрольдік сапарға барып, қойылымдарын ұсынды. Оның ішінде Англия, Шотландия, Түркия, Татарстан, Әзербайжан, Өзбекстан секілді елдерде үлкен іссапарларда болды. Осының өзі ауыз толтырып айтарлық жетістік деп ойлаймын.

– Қызылордалық көрерменнің театрға келу мәдениетіне берер бағаңыз қандай? Қойылым соңын қызықтамай залдан шығып кететін жастарды жиі көреміз…

– Ол енді спектакльдің деңгейіне байланысты, балам. Мысалы, қазір жаңа спектакльдермен бірге осыдан 10 жыл бұрын қойылған қойылымдар жүріп жатыр. Олардың біразы былай қарасаң, ескірген. Сосын енді жастардың сүйіп көретін өз тақырыбы болады. Оларды қызықтырмайтын, жанын қозғамайтын қойылымға қинап әкелмеу қажет. Мұның бір себебі осы шығар.

Ал негізі кейінгі спектакльдерде көрермен қарасы қалың. Бүгінде театрға 60-70 көрермен тұрақты түрде келіп тұрады. Тіпті шапалақтап тұрып алады. «Тағы да бола ма? Қашан қоясыздар?» дегендей. Ал көне спектакльдерде кей нәрсе әсерлі шықпай қалады. Өйткені артистер де кейде бір ойнаған рөлін қайта сомдағанда рөліне мән бермей жатады. Ал негізінде актер бір қойылымды мыңыншы рет ойнап тұрса да, алғаш ойнап тұрғандай ойнау керек. Сонда ғана ол әсерлі шығады. Көрермен жүрегіне жетеді. Бізге кейде сол нәрсе жетіспей қалады. Басты кемшілік – осы. Бір көрермен бір спектакльге екінші мәрте келуі мүмкін. Ал ол алғашқыда алған әсерін қайта ала алмаса, жаңағыдай нәрселер орын алады.

– Жастар театры жайлы ойыңызды білсек…

– Біздің театрдың республика деңгейінде аты қалыптасты. Спектакльдің кемшілігі болса немесе жеткізе алмай жатқан жеріміз болса айтады. Бірақ театр мен оның актерлерінің деңгейі төмен деп ешкім айта алмайды. Өйткені мықтылығын талай додада дәлелдеген.

Енді, міне, біздің қасымызға жас театр келіп қосылды. Бұл – жалпы Сыр өңірінің өнердегі деңгейін көрсететін құбылыс. Өнерге елдің ықыласы ауғанының белгісі бұл. Қазір бұл театр А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде спектакль қойып жүр. 1960-1985 жылға дейін біз сонда жұмыс істедік. Сол қарашаңырақтан талай актер өсіп шықты. Талай туынды сонда дүниеге келді. 1985 жылы осы күнгі ғимарат Н.Бекежанов театрына көшіп келдік.

Ал енді қазір сол жерде Жастар театры бой көтеріп, жаңадан репертуарын қалыптастыруда. Жаңа театрды өсіруге көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмахановтың қабілеті жетеді. Бұл өнер ордасы бұған дейін көркемөнерпаздық дәрежеде өнер көрсетсе, қазір кәсіби дәрежеде жұмыс істеуге жол ашылып отыр. Олар қойған «Қызылорданың қыздары», «Олимптің күйреуі», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…», «Алғашқы махаббат», «Қыз қасқыр», «Отырардың жасыны», «Неге?», «Ұлардың дауысы», «Екі бала – екі шал» спектакльдері актерлік құрамның қарқыны жоғары екенін аңғартады.

Осыған қарап олар көрермендерге жаңа үрдістерді көрсете алады деп ойлаймын. Оған енді біз аға театр есебінде мүмкіндігінше көмектесуге, жылдар бойғы тәжірибемізді бөлісуге әзірміз. Тіпті білікті актерлеріміздің оларға барып сабақ беруіне де жол ашық. Байланыс бұрын да бар, енді кәсіби түрде жан-жақты байланыс орнайды.

Жастар театры бізге бәсекелес емес, мұраттас театр болады. Біз өнерді, ондағы жақсы туындыларды дәріптеп, Сыр халқын руханиятпен сусындатуға мүдделіміз. Бәсекелестік тек шығармашылық деңгейімізді көтеруде болу қажет. Мәселен, жастар бізді тықсырып бара жатыр деп, спектакльдерімізді жаңа деңгейге көтерсек, бұл бөлек әңгіме, яғни, жақсылыққа жарысып, өнердің озуына атсалысуымыз қажет. Томас Ман «Театр тобырды ұлтқа айналдыратындай күшке ие» деген екен. Рас сөз. Жас театрмен осындай деңгейде жұмыс істейміз деп ойлаймын.

– Өзіңіз айтқандай, өнер өркениетке жетелей берсін. Әңгіме-сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<