Кедейлікті еңсерудің көзі – өндіріс және жұмыс

2149

0

Пандемия мен дағдарыс ел экономикасына айтарлықтай әсер етіп отырғаны рас. Осыған байланысты уақыт талабына қарай жаңа міндеттер де айқындалуда. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды қолға алу керектігін  айтқан болатын. Бұл ретте Президент бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіпөркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым деді. Десе де, кәсіпкерлер күнделікті жұмыс барысында түрлі кедергілерге кездесіп жатады. Шағын және орта бизнес саласын дамытуға пәрмен берілгенімен, түйіні тарқатылмаған мәселе көп.

Иә, кейінгі үш жыл отандық кәсіпкерлерге оңай тимегені анық. Жаңа өзгерістерге сәйкес олар жасап жатқан кәсібін ауыстырып, өзге салаға кетті немесе басқа кәсіп түріне бейімделе бастады. Бұл, әрине, уақыттың талабы еді. Мәселен, кәсіпкерлер тойхана, мейрамханаларын жауып, азықтүлік сататын дүкен немесе асхана, балаларға арналған орталық секілді бизнеспен айналысуына тура келді. Бізде кәсіпкерлер неге белгілі бір өнім шығару немесе шағын цехтар ашудан гөрі алып сатуды жөн көреді? Отандық өнімнің дамуына не кедергі? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде біз «Талқы» айдарында тақырыпты талқылаған едік. Сонымен пікір алмасуда «Квант» Қызылорда механикалық зауытының директоры Жаңабай Бекішев, «Шиелі құс» фермасының басшысы Насырбек Мырзабеков, «Атамекен» ұлттық палатасы облыстық филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов болды. Ашық диалогты газеттің аға тілшісі Айсәуле Қарапаева жүргізді.

А.Қарапаева:

Білуімізше, кейінгі бес жыл ішінде шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 24-тен 32 процентке дейін артқан. Салада еңбек ететін азаматтардың саны 21 процентке, яғни 3,4 миллионға дейін өскен. Алайда былтырғы жылы V республикалық кәсіпкерлер форумында 1 млнға жуық кәсіпкерлік субъектісі салықтан жалтарып отырғаны айтылған еді. Бұлайналып келгенде мемлекеттің қазанын ортайтатын дүние. Кейбір кәсіпкерлер салық төлеуден неге қашқақтайды? Көлеңкелі экономиканы болдырмас үшін не істеу керек? Алдымен осы тұрғыда ой бөліссеңіздер?

Жаңабай Бекішев:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құрудағы барлық іс-әрекеттерін құптаймын. Бұрынғы сарынмен жүруге болмайды, әрине. Бірақ нақты іс-шараларды біз әлі сезінбей отырмыз. Жақсылықтан үмітіміз бар. Өзім 20 жылдан аса кәсіппен айналысып келемін. Өз кәсібімнен пайда тапқаннан кейін мемлекетке салықты төлеу міндетіміз. Салықтан жалтаратындар туралы да естіп жатамыз. Қытай компанияларымен, алпауыт олигархтармен байланысқан компаниялар салық төлемейді дегенін естігенмін. Ал кіші кәсіпкерлер салықтан жалтаруына негіз жоқ. Салық органдары қызметкерлері тарапынан жүргізілетін қысымшылықтарды да жасырмаймыз. Олар бізге әсер етеді. Соған қарамастан жұмыс істеудеміз. Салық жүйесін өзгертетін кез келді. Мәселен, Үндістанда кәсіпкердің есеп шотына ақша түскенде содан белгілі бір мөлшерде салық ұсталып қалады екен. Одан кейін кәсіпкер қалған ақшасын қайда жұмсаймын десе де өзі біледі. Ешқандай салық ұсталмайды. Бізде түр-түрін төлейміз. Тіпті санын да білмеймін. Оны есепші мамандарымыз есептеп жатады. Жалпы процентке шағатын болсақ, барлық тапқан пайдамыздан 30-35 процент салық төлейміз. Осындай  заңсыз қысымшылық жасалғанда салықтан жалтаруы мүмкін. Мұндай жалтаратындардың көбі – құрылыс мекемелері. Олардың барлығы бюджет қаржысын игеріп жатады. Белгілі бір мөлшерін тапсырыс берушімен бөлісіп отыратыны жасырын емес. Оның ішінде тағы басқа да салықтар бар. Өтірік шот-фактуралар сатып алуға мәжбүр болады.

Насырбек Мырзабеков:

– Көлеңкелі экономиканы болдырмас үшін әр кәсіпкердің есеп шоттарын қарап отырған дұрыс. Келешекте нақты ақшамен есеп айырысуды тоқтатып, тек аударыммен жұмыс істесе, тапқан табысы да көрініп тұрар еді. Одан белгілі бір мөлшерде салық алыну керек.

Ғалымбек Жақсылықов:

– Кәсіпкерлердің жиі кездесетін проблемасы – заңнамалық құжаттарда көрсетілген талаптардың орындалмауы. Жақында ғана облыс әкімінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың  жаңа тұжырымдамалық жобасын талқылау өтті. Шарада Кәсіпкерлер палатасы атынан хабарлама жасап, саладағы проблемаларды көтердім. Былтыр Палатаға кәсіпкерлерден 541 өтініш түсті. Оның 136-сы бизнесті қорғау бағытындағы шағымдар. Сарапшылар түскен өтініштердің 40 процентінде (51) оң шешімге қол жеткізе алды. Нәтижесінде 1000-нан аса кәсіпкердің құқығы қорғалды. Қосымша 965,2 млн теңге қаржысын да сақтап қалды. Кәсіпкерлерден құқығын қорғауды сұраған 136 өтініштің 44-і жер мәселесіне қатысты болып отыр. Бұл алаңдатарлық жайт. Кәсіпкерлерде мәселе өте көп. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары 1-2 салаға тоқтап кетейін. Жер қатынастары саласындағы заңнамаға сәйкес аукцион өткізілетіні туралы алдын ала кәсіпкерлер хабардар етілуі керек. Бірақ қала, аудан әкімдіктері бұқаралық ақпарат құралдарында да, кейде ресми интернет-ресурстарында да жарияламай отыр. Жер комиссиясы отырыстарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін аудио, бейнежазба жүргізілу керек, жергілікті атқарушы органдарымен бұл талап та орындалмай отыр.

Аукцион жарияланғанда жер учаскелерінің нақты мекен-жайы көрсетілген орналасу сызбасы қоса жариялану қажет. Бұл талап та орындалмай, сол жағалаудан жер алған кәсіпкерлердің кейбірі тіпті ұтқан жерлерінің қайда орналасқанын да білмейді. Облыс әкімінен осы мәселелерге қатысты жауапты мемлекеттік органдарға нормативтік-құқықтық акті бойынша талаптардың орындалуына тапсырма беруін сұрадым. Бұл кәсіпкерлерде кездесетін мәселелердің бір бөлігі ғана.

Өзім де кәсіпкер болып көрдім. Сол тәжірибемнен де айтайын, жалпы салық жүйесі барынша оңтайландырылу керек.

А.Қарапаева:

Кәсіпкерлер кейінгі үш жылда қиын кезеңдерден өтуде. Бұрынғыдай тауардың өтімі жоқ екенін де білеміз. Кейбір кәсіпкерлер заман сұранысына сай басқа салаға ауысып не кәсібін қызмет көрсету саласына өзгертті. Өңірдің кәсіпкерлері тек тойхана ашумен шектелетін секілді көрінеді маған. Басқа шағын өндіріс орындарын, фабрика не цехтар неге ашпасқа?

Жаңабай Бекішев:

– Кәсіпкерліктің барлық саласына кейінгі жылдар өте ауыр тиді. Оның салалары бір-бірімен тығыз байланысты. Бірінің затын бірі алады деген секілді. Сондықтан барлығы қиналды. Бізде кәсіптің қызмет көрсету түрі жақсы жұмыс жасайды да, өнім шығару жағы кемшін. Өйткені, өндіріске кез келген адам бара бермейді. Ол үлкен қаржыны, табандылықты талап етеді. Тіпті үлкен олигархтардың өзі өндіріс ашуға құлықсыз. Одан пайда көлемі аз. Дегенмен, өндіріссіз де күніміз жоқ. Соның салдарынан шетелге тәуелді болып, шикізат сататын мемлекет болып отырмыз.  Мәселен, Өзбекстан бірде-бір шикізатты сыртқа шығармайды. Алтын өндіруден алдыңғы орында болғанына қарамастан, оны шикізат ретінде шығармай, тек бұйым түрінде сатады. Мемлекет оған шектеу салған. Бізде мемлекет тарапынан өндіріс ашуға үлкен қолдау керек. Елдегі кедейлікті жоюдың бірден-бір көзі өндіріс орындарын ашып, адамдарды тұрақты жұмыспен қамту. Ай сайын алатын тұрақты жалақысы бар адам  алаңдай бермейді. Өндіріс орындарын көптеп ашсақ, бағаны да реттер едік. Несие алып, кәсіп ашқысы келетіндер көп. Бірақ біздегі екінші деңгейлі банктердің жылдық мөлшері өте жоғары. «Даму» қоры арқылы 6 процентпен де қаржы алып жұмыс істеу дәл қазіргі кезде қиын. Оны төлей де алмаймыз.

Ғалымбек Жақсылықов:

– Жалпы өнім шығару өте күрделі процесс. Оны кәсіпкер болып, өнім шығарумен айналысып көрген адам жақсы түсінеді. Кәсіппен айналысуда рентабельді бизнес түрін таңдаған әріптестеріме құрметпен қараймын. Ал шағын цехтар ашпайды деген сұрағыңызға қатысты: ол үшін жергілікті атқарушы орган тиісті инфрақұрылымды әзірлеп, көмек көрсету керек. Оның орындалу деңгейі – ол енді басқа әңгіме.  

А.Қарапаева:

Қандай да бір кәсіп бастау үшін алдымен қаржы керек екені түсінікті. Алайда сол қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып, идеясын іске асыра алмай жүргендер де жетерлік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін «бизнеске адалдық презумпциясы» қағидаты заң жүзінде бекітілді. Бұл даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнесті үш жылға дейін тексеруден босату туралы мораторий күшіне еніп, нәтижесінде мұндай субъектілерді тексеру көлемі 8 есе қысқарды. Алайда аталған саланың бойына әлі де болса қан жүгірмей тұр. Әсіресе субсидия беру мәселесінде ашықтық, жариялылық жоқ. Субсидия алуды жеңілдету, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін Президент те айтты. Оны бөлу ережесінде белгіленген сәйкестік көптеген критерийлердің түсініксіздігінен сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі. Жалпы субсидия алуда кәсіпкерлер қандай кедергілермен бетпебет келеді?

Жаңабай Бекішев:

– Ауыл шаруашылығын дамытуда субсидиясыз  жүру қиын. Оны алуда сыбайластықтың орын алатынын да жасырмаймыз. Барлық жерге субсидия әкімшілік арқылы келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығының дамымай отырғаны осы. Кейбір жеңілдетілген несиелер әкімшілік арқылы келеді. Оған жариялылық жасамай, таныс- тамырына бөліп беретіндерін білеміз. Жергілікті әкімшілікпен жұмыс істеу өте қиын. Отандық өнім бізде саусақпен санарлық. Ол көп болмағандықтан, бәсекеге шыдамайды. Егер бізде ауыл шаруашалық өнімдері көп болатын болса, сыртқа тәуелділік азаяды. Тасымалдау мәселесі де өздігінен шешіле түсер еді. Жергілікті жердің  өнімі нарықты да тұрақтандырған болар еді. Ал тұрақтылық экономикалық өсімге апарар жол.

А.Қарапаева:

– Насырбек Аябекұлы, сіз айтыңызшы, бір сұхбатыңызда бес жылдан бері субсидия ала алмай келе жатқаныңызды жеткіздіңіз. Оның жайы қалай болды?

– Рас, мен 5 жылдан бері ешқандай субсидияға қол жеткізе алмай келемін. Өйткені жұмыртқа өндіруге субсидия өте жоғары нормативпен беріледі. Шағын шаруашылықтарға субсидия беру жағын жеңілдетіп, нормативтік шектеуді қайта қарау керек. Үлкен кәсіпкерлер, шаруашылықтар алып жатыр. Субсидия мәселесі қайта пысықталмай болмайды. Кәсіпкерлердің бетпе-бет келетін кедергілері әлі де жетерлік. Мәселен, екінші деңгейлі банкілерден несие алу қиын. Көп құжат, есеп, кепіл талап етеді. Салық саясатын да оңтайландыру керек. Кәсіпкерлерге жергілікті билік ынта-ықылас танытса дейміз.

Ғалымбек Жақсылықов:

– Дұрыс айтасыз, субсидияға қатысты да проблема бар. Былтыр Палатаға осы мәселемен 13 өтініш түсті. Саладағы бюрократиядан, ақпараттық жүйелердің күрделілігі мен талаптарда кездесетін қиындықтардан кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Оған берілген қаржы бірнеше жылдан кейін «құжаттарда қателік кетті» деген желеумен қайта қайтаруды талап етілуі мүмкін. Сондықтан, тексеруші органдардан (Қаржы полициясы, Прокуратура, Ішкі аудит қызметі, т.б. органдар) субсидияның заңсыз берілуін тексеру барысында кәсіпкерлерге мейлінше зияны тимейтін жағын қарастыруды ұсынамыз. Біздің жағдайымызда, субсидия алған кәсіпкердің емес, оған дейін құжаттарын тексеріп, қабылдап алған жергілікті атқарушы органның қателігі. Осы жағы ескерілу керек. Сондай шағымдардың біріне ғана тоқталып өтсем. Қызылорда облысының шаруалары бір құжаттың салдарынан 20,6 млн теңгені мемлекетке қайтаруға мәжбүр болған еді. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жауапты органнан дер кезінде түсіндірме хатын алып, мәселені шешіп берді.

2021 жылдың қазанында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына бір топ шаруа қожалық иелерінен ұжымдық өтініш түсті. Өтініште шаруалар жергілікті атқарушы орган мемлекеттен алған субсидияны қайтаруды талап етіп жатқанын жеткізіпті.

«Шаруа қожалықтары 2019 жылы күрішті өндіру шығындарын ішінара өтеуге бөлінген субсидияны алған болатынбыз. Алайда 6 қазанда ауыл шаруашылығы басқармасынан 14 күннің ішінде субсидияға берілген қаржыны қайтару туралы хат алдық. Аталған мәселені шешуге көмек көрсетулеріңізді сұраймыз», – деп жазылған шаруалардан түскен хатта.

Жеті шаруа қожалықтан қайтаруды қажет ететін сома 20,6 млн теңгені құрайды.

Жергілікті атқарушы орган кәсіпкерлер субсидияны алуға арналған өтінімді беру барысында өңдеуші кәсіпорынмен жасаған ауыл шаруашылығы өнімін тапсыру туралы шарттарды тіркемеген деп отыр, яғни субсидия  заңсыз төленген деп тұжырымдаған.

Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары аталған бағытта субсидияны төлеуге арналған нормативтік-құқықтық құжаттарды толықтай зерттеп, шаруалардың құжатынан қателік таппады.

Кәсіпкерлер өтінім беру барысында келісім-шарттардың сканерленген нұсқасын тіркемегенімен құжаттың нөмірін, қол қойылған күнін көрсеткен. Бұл жағдайда нақты бағасын уәкілетті орган ғана бере алады. Сол үшін біз өтінімге қоса шарттың сканерленген көшірмесін тіркеу міндеттілігіне қатысты түсіндірме беруді сұрап Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жаздық. Министрлік Кәсіпкерлер палатасына көп күттірмей жауабын жолдады. Онда: «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №107 бұйрығымен бекітілген «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында» өтінімге қосымша ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің өңдеуші кәсіпорынмен жасалған ауыл шаруашылығы өнімін тапсыру туралы шарттардың сканерленген көшірмесін тіркеу талабы көрсетілмеген», – деп жазылған. Бұл түсіндірме хат кәсіпкерлер тарапынан кемшілік жіберілмегенін дәлелдеді. Нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер мемлекеттен бөлінген субсидияны қайтармай, 20,6 млн теңгесін сақтап қалды.

А.Қарапаева:

– «Атамекен» ұлттық палатасының облыстық филиалына кәсіпкерлер көбіне қандай шағымдармен келеді?

Жаңабай Бекішев:

– «Атамекен» палатасының қолынан көп жұмыс келгенімен, қауқарсыз. Себебі, оларға түскен шағымдарды қарап, тек ұсыныстар береді. Оның қолында күш жоқ. Кәсіпкерлердің берген шағымы бірден шешіле қоймайды. Өте қиын. Кейбір шағымдар жылдап әрең шешіледі. Палатаның қолында күш болмағандықтан, құқық қорғау орындарына хат жазып, ұсыныс  бергеннен басқа құзырет жоқ.

Насырбек Мырзабеков:

– Біздің өңірдегі «Атамекен» палатасының жұмысы өте белсенді деп айта аламын. Оларға құзырлылықты берген жөн. Кешегі пандемия кезінде күндіз-түні тынбай жұмыс істегенін білеміз. Ондағы мамандарды әртараптандыру керек. Қай кәсіпкер қандай саламен айналысқысы келеді, сол саланы жетік меңгерген маман болу керек. Заманауи талапқа жауап беріп, кәсіпкердің жұмысы жолға қойылғанша онымен бірге жұмыс жасау мүмкіндіктері болғаны абзал.

Ғалымбек Жақсылықов:

–  Қабылданған шаралардың негізінде кәсіпкерлердің қызметін жүргізуге кедергі келтірген 7 мемлекеттік қызметкер тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкерлерден түскен арыздар бойынша 31 жүйелі мәселені жинақтап, реестрге енгіздік. Оның 18-і жергілікті жерде шешуді қажет ететін проблемалар. Бүгінде оның 9-ы оң шешілді. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасының мақсаты мен міндетіне сәйкес Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі жұмыс істейді. Ол кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мен қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелерді жедел әрі жүйелі шешу үшін құрылған. Былтыр кеңестің 12 отырысы өткізіліп, 16 мәселе қаралды. Кеңес арқылы кәсіпкердің құқықтарын қалпына келтіру бойынша мемлекеттік органдарға 21 ұсыныс беріліп, оның 14-і қолдау тапты. Нәтижесінде 500-ден аса кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді. 

А.Қарапаева:

– Отандық өнімді қолдау және оны әрбір қазақстандық тұтыну үшін бізге не жетіспейді? Жігер ме әлде басқа себептері бар ма?

Жаңабай Бекішев:

– Отандық өнім бізде саусақпен санарлық. Ол көп болмағандықтан, бәсекелестікке шыдамайды. Мемлекет жергілікті жердің кәсіпкерін қолдап, қаражат бөлсе, экономикамыз тез көтерілер еді. Кәсіпкерлер көбіне өз ісін әрі қарай дамыту үшін қаражаты жетпейді. Несие алайын десе проценті көп. Мемлекет процентсіз қаражат беріп қолдау керек. Кәсіпкер әрі қарай өз жұмысын алып кетеді. Егер өндіріс ашып жатса, ол кәсіпкер бірнеше адамды жұмыспен қамтып, тұрақты табыс салығын мемлекетке төлеп отырады. Одан мемлекет еш ұтылмайды. Бұл ретте кәсіпкер ауыл шаруашылық өнімдерін өндірер болса, ол стратегиялық өнімдер деп айтуға болады. Қажетті азық-түліктер жетіп тұрса, елде мәселе туындамайды.

Насырбек Мырзабеков:

– Меніңше отандық өнімге қолдауды барынша күшейтіп, сырттан келетін тамақ өнімдерін шектеген жөн. Біздің жұмысымыздың жүрмеуіне алып-сатарлар кедергі келтіреді. Импорттық азық-түлік өнімдерін азайту керек. Бұл ретте отандық өнімге деген жарнама көбірек жасалып, жанашырлық  болса дейміз.

Ғалымбек Жақсылықов:

– Жалпы тұтынушы тауарды немесе қызметті таңдағанда екі нәрсеге мән береді: бағасы және сапасы. Біздің өңірге қатысты жергілікті кәсіпкерлердің ұсынып жатқан өнімдеріне сұраныс бар, сапасына қатысты да тұтынушылар оң пікірде. РЗА-ның «Дәмдісіне», Сыр күрішшілерінің,  «Далатекстің» өнімдеріне, соңғы кезде «Бастау Бизнес» жобасын оқып, жартылай фабрикат өнімдерін шығарып жатқан кәсіпкерлердің, өзге де өнім шығарып жатқан әріптестерімнің тауарлары сұранысқа ие деп айта аламын.

А.Қарапаева:

– Шетелден келетін тауарлардың қымбат болуы түсінікті. Ал отандық өнімдер неге қымбаттап жатыр?

Насырбек Мырзабеков:

– Шетелден келетін тауарлардың ортасында делдалдар бар. Ол өз жерінде арзан болғанымен делдалдар үстіне  екі-үш есе баға қояды. Ондай өнім бізде өндірілмегендіктен, қымбат болғанына қарамай халық алады. Ал отандық өнімдер бағасының қымбат болуы электр энергиясы, жанар-жағармайға тікелей қатысты. Отандық кәсіпкерлер жоғары процентпен несие алып шаруасын жүргізіп отырғандықтан, оны жабу үшін де бағасын көтереді.

Ғалымбек Жақсылықов:

– Өнімді өндіру барысында баға нарықтағы өзгерістерге тәуелді. Тіпті отандық өнім болса да. Бір өнімді шығару үшін кәсіпкерлер қаржы, уақыт, өзге де көзге көрінбейтін ұйымдастыру шараларымен үлкен ресурс жұмсайды. Алдымызға дайын өнім түрі болып келемін дегенше талаптарға сәйкестендіріледі. Сол жағын да ескерсеңіздер.

А.Қарапаева:

– Бізде қандай мамандар жетіспейді? Болашақта кәсіптің тізгінін ұстаймын деушілерге қандай кеңес айтасыздар?

Жаңабай Бекішев:

– Өндіріс орындарына нағыз іскер мамандар керек. Оны дайындау қажет. Біз 30 жыл бойы гуманитарлық бағытта мамандар дайындап келдік. Егер өндіріске бет бұрар болсақ, техникалық мамандар дайындауымыз керек. Инженерлер, механиктер, токарьлар жетіспейді. Мұндай мамандар даярлануда. Кәсіптік білім беру оқу орындарында оқытылуда. Олар өндірістік тәжірибеден өтетін жер жоқ. Өндірісте қалып, жұмыс жасап үйрену керек. Саусақпен санарлық өндіріс орындары бар. Алдымен жұмыс, өндіріс орындарын ашпай болмайды. Болашақта  кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан міндетті түрде қолдау болып, процентсіз несие берілсе, жас кәсіпкер аяғынан тұрып кетеді. Басында идеясы көп, бірақ қаржысы жоқ ынталы азаматтар  жетеді.

Насырбек Мырзабеков:

– Жергілікті өңірге азық-түлік өнімдерін өндіретін технологтар, техниканың, құрал-жабдықтардың тілін білетін мамандар, электрик, құрылысшылар жетіспейді. Мектепте 9 сыныптан бастап әртүрлі мамандықтарға бейімдеп оқыту керек. Кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттеріне жоғары стипендиялар тағайындап, қызығушылығын арттырған жөн. Алдағы уақытта кәсіп ашқысы келетіндер бастысы қорықпағаны дұрыс. Ол үшін демеу керек, әрине.

Ғалымбек Жақсылықов:

– Кәсіпкерлердің соңғы уақытта көтеріп жүрген проблемаларының бірі – жұмысшы мамандықтарының тапшылығы болатын. Әсіресе техникалық сала мамандарына. Оны Президент биыл да көтерді. Бұл проблеманың шешімі – дуальді оқыту бағдарламасы. Осы бағытта Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдері және облыстық білім басқармасымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландырудың енгізілуі бағдарламаға жұмыс берушілердің де қызығушылығын тудырып отыр.  Жақында Кәсіпкерлер палатасы «Квант» механикалық зауытымен бірге пилоттық жобаны қолға алды.   Білім басқармасымен бірлесе отырып Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің базасына кәсіпкердің сұранысындағы мамандықты даярлаудың қосымша модулін енгізді. Енді студенттер қосымша мамандықты алып қана қоймай, аталған зауытта іс-тәжірибеден өтіп, сол жерде жұмыспен қамтылу мүмкіндігіне ие болады.

А.Қарапаева:

– Ашық пікір білдіргендеріңіз үшін рахмет. Бұл бүгіннің еншісімен шектелетін тақырып емес. Алдағы уақытта да келелі ойлар сарапқа салынып, кәсіпкерліктің дамуына дәнекерлік арта түседі деп сенеміз.

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<