Кері байланыс – жариялылық кепілі

2355

0

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап елімізде мемлекеттік қызметтің әлемдік стандарттарға сай тиімді институттары мен тетіктерін құру жұмысы кезең-кезеңімен атқарылды. Осы орайда 1995 жылы қабылданған Мемлекеттік қызмет туралы заң күші бар жарлық қазіргі заманғы жүйенің бастауы десек, болатындай. Заман талабымен саладағы талап-тәртіп те жетіліп келеді.

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні. Осы жауапты қызметтің жүгі мен салмағы, билік пен халықтың байланысын арттыру жолдары жөнінде облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Нұрман Талқанбаевпен әңгімелестік.

– Президент тапсырмасынан кейін министрлер мен әкімдерге дейін әлеуметтік желілерде жаппай аккаунт ашты. Халық үніне құлақ асатын Үкімет құрудың бұдан басқа қандай жолы бар?

– Бұл тенденция халықпен кері байланыс орнатуға оң ық­па­­­лын тигізді. Өйткені әлеу­мет­тік желілер – халыққа жақын бо­лудың тиімді құралы. Өзіңіз де байқайтын шығарсыз, қазір көп­шілік бұрынғыдай мем­­ле­кеттік орган­дарға барып, уақыт жоғалт­пайды. Әлеуметтік же­лілерде мәселені төтесінен қо­йып, оған жауап алып жүр. Біз­­дің мамандар осындай талап-ті­лек, сын-ескертпелерді күн­де­лік­ті тал­дап-таразылап отырады.

Әсіресе, бюджеттің атқарылуы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызмет барысындағы кемшіліктер туралы жазбалар жиі кездеседі. Бұлардың бірде-біреуі ескерусіз, елеусіз қалмауы керек.

Халықпен қарым-қатынасты жақсартудың ендігі бір жолы – есепті кездесулер. Ауылдық округтерден бастап аудан, қала, облыс әкімдері, министрлер өздері жетекшілік ететін саланың жұмысы мен міндеттерін жылына екі рет жариялайды. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де – осы бағыттағы ауқымды диалог алаңы. Сондықтан оның аясын, ықпалын күшейту керек деп есептеймін.

Мемлекеттік қызмет түрлерін электронды форматқа ауыстыру адами факторды азайтуға мүм­кіндік береді. Елбасы «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсеткішті 2019 жылы – 80, 2020 жылы кемінде 90 процентке жеткізуді тапсырды. Биыл бірінші тоқсанда Қызылорда облысының көрсеткіші 86 процент болды. Яғни өңірде 881 мыңнан астам қызмет түрі электронды түрде көрсетілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,1 процентке артық. Сонымен қатар, жыл басынан бері 4 рет мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті. Шара барысында тұрғындар бір мезетте бір жерден бірнеше қызмет, сала мамандарынан заңгерлік кеңес алды.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін азаматтармен ашық диалог жүргізуді күшейту керек. Әрбір мемлекеттік орган ашық есік күндерін, интернет-конференциялар ұйымдастырып, тұрғындардың өтініш-тілектері ерекше назарға алынуы тиіс.

Әңгімеміздің басында халық өтініш-шағымдарын көбіне әлеуметтік желілерде жеткізетінін айттым. Бірақ заңнамаларға сәйкес ондағы жазбалар толыққанды тексеру жұмысын жүргізуге негіз бола алмайды. Сол себепті тиісті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда немесе цифрлық қолтаңба қою арқылы «Электронды үкімет» порталына жолдануы тиіс.

Жалпы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы халықтың «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген ұлағатты сөзімен астасып жатыр. Бұл тек әкімдерге ғана емес, барлық мемлекеттік қызметшіге қатысты.

– Әлгінде әкімдердің есеп беруі жөнінде айттыңыз. Соның форматын өзгертуге болмай ма? Әйтпесе, баяндаманы судыратып оқығаннан кейін сұрақ-жауапқа уақыт жетпей жатады…

– Әрине, болады. Есеп беру жиынының қатып қалған форматы жоқ. Ол әкімнің өзіне байланысты. Ал есепті кездесу уақытын шектеуді құптамаймын. Ол жылына небәрі екі рет халық алдына шыққан соң сұрақтарды түгел тыңдап, жауап бергені жөн.

– «Кейбір шенеуніктерге қара­пайымдылық жетіспейді», – деді Президент. Сіз басқаратын әдеп кеңесінің тәжірибесіндегі әдептен озып, оны тезге салған бірді-екілі жағдайға тоқталсаңыз…

– Кейбірлеулер әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілерді жазалаушы орган деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Кеңес – жаза басқан мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетіне құқықтық баға беріп, олардың заңбұзушылығы дәлелденген жағдайда ғана тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдайтын алқалы орган. Мысалы, жыл басынан бері өткен 7 отырыста 25 мәселе қаралса, соның 14-і – тәртіптік іс. 8 адам әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 2 адам Әдеп кодексінің талаптарын бұзған. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін қылығы үшін 6 адамға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.

Ауыл әкімдерінің бірі аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімін басқарып тұрғанда Наурыз мейрамын тойлау үшін деп қарамағындағы қызметкерлерден ақша жинаған. Тәртіптік істі жан-жақты қараған кеңес мүшелері оған сөгіс жариялады. Ендігі бір елді мекеннің әкімі қыз­меттік автокөлікті мақсатсыз пайда­лануға жол бергені үшін ескерту алды.

Ескеретін жайт, биыл бірінші тоқсанда әдеп нормаларын бұзған 3 адам тәртіптік жазаға тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен (14) салыстырғанда 4,5 есе аз.

– Қызметтік көлігімен қонаққа баратын, баласын мектепке та­си­тын­дарға қандай шара қолданылып жүр?

– Әдеп жөніндегі кеңес былтыр қызметтік автокөлікті орынсыз пайдаланған 3 адамды тәртіптік жа­заға тартты. Олардың 1-уі – облыс­тық басқарма басшысы, 2-уі – ауыл­дық округ әкімі. Келеңсіздіктер әлеуметтік желілердегі жазбалар мен департаменттің WhatsApp мессенд­жеріне келген хабарлама арқылы анық­талды. Ал биыл әзірге мұндай бірде-бір дерек кеңес талқысына түскен жоқ.

Биыл кеңес отырысында облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі жұмыс есебін жариялады. Кеңес мүшелері аппаратқа артық жұмыс істеу, қызметтік көлікті белгіленген мақсаттан тыс пайдалану, басқа да құқықбұзушылық фактілеріне (заңсыз сыйлық алу, қоғамдық орындарда моральдық-этикалық нормаларды бұзу) про­фи­лактикалық бақылау шараларын жүргізуді тапсырды. Әлеуметтік желілердегі жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет­шілеріне қатысты жария­ланымдарға мониторинг жасап, дер кезінде тиісті шаралар қабылдауды ұсынды. Карантиндік шектеулерге байланысты қазір бірқатар мемлекеттік органның жұмыс тәртібі кү­шейтілген режимге көшті. Карантин аяқталғаннан кейін қалыпты жағдайда жұмыс істейді.

Дегенмен, қызметтік көлікті орынсыз пайдалану жағдайына куә болған кез келген адам дәлелдеме ретінде фото-бейнежазбамен бірге департаментке шағым білдіре алады. WhatsApp мессенджері арқылы 8 705 7872626 телефон нөміріне жолдауға да болады.

– Қызметтік көлікті пайдалану тәртібі қалай өзі?

– Күніне – 8, аптасына 40 сағат қана. Одан артық уақытқа қажет болса, мекеме басшысы қосымша бұйрық шығаруы тиіс. Артық уақыт есебінен басқа күні жүргізушіге демалыс беріледі немесе үстемеақы төленеді. Өкінішке қарай, тәртіп сақтала бермейді. Сондықтан біз мәселені реттеу үшін кешенді қадам жасауға кірістік. Облыстық іс басқармасына жұмыстан тыс уақытта қажеттілікке қарай мемлекеттік қызметшілер үшін ортақ көлік шығаруды ұсынған едік. Онымыз қолдау тауып, іске асып жатыр. Келеңсіз фактілерді анықтауда GPS құрылғылары да қолданылады.

– Мемқызметшілерді артық жұ­мыс­қа жегу мәселесі қан­шалықты қадағаланады?

– Осындай жағдайларды анықтап, жою мақсатында құрамында қоғам өкілдері бар мониторингтік топтар жұмыс істейді. Олар аймақтағы 40-тан астам мемлекеттік органда рейд жүргізді. Тиісті мекемелерге мемлекеттік қызметшілердің жұ­мыстан тыс уақытта жұмыс орнында негізсіз қалуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар ұйымдастыру ұсынылды. Шара қабылданбаған жағдайда бұл туралы Президент әкімшілігі мен Премьер-министр кеңсесіне хабарланады. Ондай мемлекеттік органдардың басшылары мен әдеп жөніндегі уәкілдерінің мәселесі әдеп жөніндегі кеңесте тұрақты түрде қаралады. Аталған профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

– Артық жұмыс істегені үшін ақы төленеді емес пе?

– Мемлекеттік қызметшілер үсте­ме жұмысқа Еңбек кодексінің 77-ба­бының 1-тармағы мен Мемлекеттік қызмет туралы заңның 32-бабының 4-тармағында көрсетілген тәртіптер не­гізінде ғана тартылуы тиіс. Ал үстеме жұмыс жасағаны үшін мем­лекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе өтемақы төленеді. Талаптың бұзылғанын байқаған адам фото-видеожазбаны қоса тіркеп, департаментке шағымданса немесе WhatsApp мессенджері арқылы 8 705 7872626 телефон нөміріне жолдаса болады.

– Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі өзгерген еді. Соған тоқталсаңыз…

– Өзгерістердің басым бөлігі әңгімелесу рәсімін жеңілдету турасында. Үміткер мемлекеттік әкім­шілік лауазым конкурсына үйден шықпай-ақ қатысады. Құ­жаттарды электронды пошта арқылы тапсырады. Бұрынғыдай мем­лекеттік органға қағаз өткізудің қажеті жоқ. Кандидат әңгімелесу сына­ғы­нан мемлекеттік органға келмей, қашықтан бейнебайланыс құрал­дары арқылы өте алады. Бұдан үміт­керлер уақытын, қаражатын үнемдейді.

Конкурстық рәсімдердің ашық­тығын арттыру үшін конкурсқа қатысушы әлеуетті бақылаушылар қатары кеңейді. Бұған дейін оның құрамында депутаттар, бұ­қаралық ақпарат құралдары, қоғам­­дық бірлестіктер мен саяси пар­тиялардың өкілдері, агент­тік және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері ғана болды. Енді кәмелет жасына толған әрекетке қабілетті әрбір азамат бақылаушы болуға құқылы. Үміткер конкурстық комиссия хатшысына алдын ала ескертіп, байқаушы шақыра алады.

Сондай-ақ, енді құжаттардың толық тізімін ұсынудың қажеті жоқ. Өзгерістерге дейін еңбек қызметін растайтын құжаттың нотариалдық көшірмесінен бастап психоневрологиялық, нарколо­гиялық анықтама бар, бас-аяғы 8 құжат тапсыратын. Қазір өтінішке диплом мен қызметтік тізім көшірмелерін ұсынса жеткілікті. Қалғанын конкурстық комиссияның оң шешімінен кейін ғана тапсырады. Бұрын шешім дауыс беру жолымен қабылданып келді. Мәселен, комиссияның кейбір мүшелері аз балл жинаған кандидатқа дауыс бере алатын. Енді бос лауазым ең көп балл иесіне бұйырады. Бұл ретте жауаптардың дұрыстығы мен толықтығы, эссенің (А-1, В-1, С-1, С-О-1, C-R-1, D-1, D-О-1, Е-1, E-R-1 лауазымдары үшін) бағасы, кандидаттың тәжірибесі, білімі мен коммуникативтік дағдылары, лауазымның ерекшелігіне байланыс­ты қойылатын критерийлер ескеріле отырып ұпай қойылады. Әңгімелесу конкурс жеңімпазын таңдау кезінде жалғыз өлшем болып есептелмейді.

Конкурсқа дейін үміткер мемле­кеттік тіл мен заңнама бағытындағы тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиет­терін бағалау сынағынан өтеді. «Б» корпусының басшы лауазымы үшін кандидаттар (басқарма басшысы және одан жоғары) бұдан бөлек эссе жазады. Конкурстық комиссия мүшелері ең үздік кандидатты таңдауда қосымша іріктеу құралдарын қолдана алады. Мысалы, саладағы проблемалар мен оларды шешу мүмкіндіктері бойынша презентация жасауды, кейстік немесе практикалық тапсырмаларды орындау­ды сұрай алады.

Тағы бір өзгеріс – мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарына түсетін үміткерлерді қайта тестілеу мерзімі қысқарды. Яғни күнтізбелік 15 күннен кейін қайтадан сынақ тапсыра алады. Осыған дейін 1 айдан кем емес уақыт керек еді. Сонымен қатар, елде төтенше жағдай режимі енгізілген кезде тестілеу сертификаттарының жа­рам­дылық мерзімі тоқтатыла тұрады.

– Президенттің жастар кадрлық резерві несімен тиімді? Онда қанша қызылордалық бар?

– Жобаға 35 жасқа дейінгі жоғары білімді, еңбек өтілі бес жылдан кем емес азаматтар қатысты. Республика бойынша жиналған 13 212 өтініштің 7 312-сі іріктеу кезеңіне жіберілді. Ұлттық комиссия үздік 300 адамды резервке қабылдауды ұйғарды. Соның 11-і – қызылордалық. Оның 3-і – жеке, 7-і – квазимемлекеттік сектор өкілі, 1-і – мемлекеттік қызметші. Резервке енген жастардың 58 проценті алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған. 6-уы – ғылым докторы, 204-і – магистр. Орташа жасы 31 шамасында.

Олардың арасынан алғашқы­лардың бірі болып өңірімізге Ерлік Мүслімов келді. Ұлыбританияда білім алған жас «Байқоңыр» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төр­ағасының орынбасары болып тағайындалды.

– Әңгімеңізге рахмет. Мереке­леріңіз құтты болсын!

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<