Кешегі соқпақ – бүгінгі белес

1804

0

Еламанов Бекмырза Қайыпұлы 1950 жылы өмірге келген.

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, Мәскеу халықаралық  бизнес және информациялық технологиялар университетін бітірген.

Қармақшы ауданы шаруашылықтарында мамандығы бойынша еңбек етті.

«Қуаңдария» кеңшарының  директоры, «III Интернационал» ұжымшары  басқармасының төрағасы болып қызмет атқарды.

Аудандық Кеңес төрағасының орынбасары, төрағасы, Қармақшы ауданының әкімі қызметінде болды.

«Шапағат» ЖШС директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Жаңақорған ауданының әкімі, облыстық мәслихат хатшысы қызметтерін атқарды.

2014-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  депутаты болып сайланды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Сенаторлар  Кеңесінің мүшесі.«Парасат», «Құрмет» ордендерімен және бірнеше медальдармен  марапатталған. Қызылорда қаласы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарының  Құрметті азаматы.

Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толуы осы кезеңдегі тарихи оқиғаларды тағы бір зерделеуге мүмкіндік берді. Жылдар жылнамасына, естеліктер сырына, тұлғалар өмірбаянына үңілуге жетеледі.

Газет тілшісі аймақта жауапты қызметтер атқарған, аудан мен шаруашылықтарды басқарған Бекмырза Еламановпен сұхбаттасып, облыстың тарихы туралы әңгіме қозғады.  

– Бекмырза Қайыпұлы, облыстың 85 жыл тарихын сіздің отыз жылдан аса өмір жолыңызбен байланыстыра аламыз. Сонау 1984 жылдан 2014 жылға дейін аймақтың тіршілігімен біте қайнаса еңбек еттіңіз.

Аудан басқарған жылдарыңыз экономиканың құлдырап жатқан кезеңімен тұспа-тұс келді.

Сол уақытқа ой жүгіртіп өтсеңіз…

– 1974 жылы Алматы  зоотехникалық-малдәрігерлік  институтын бітіріп келген соң тоғыз жыл мамандығым бойынша шаруашылықтарда түрлі жұмыстар атқардым.

Бойымызда жас маманның жұмысқа деген жігері, үйренсем, білсем, алғыс алсам деген құлшыныстың атойлап тұрған шағы. Осы талпынысым тәжірибелі аудан басшысы Елеу Көшербаевтың көзіне ілінсе керек. Бір күні шаруашылық басында жолыққан бірінші хатшы: «Партия қатарында барсың ба?» – деп сұрады. Партияда жоқ едім. Сол кісінің ұсынысымен партияға өттім.

 Содан бір жылдан кейін мені аудандық партия комитетінің  нұсқаушылығына шақырды. Мұнан әрі «III Интернационал» колхозының  партия комитеті хатшылығына сайлады. Сосын «Қуаңдария» совхозының  директоры болдым. Қызметке сатылап көтеру кеңестік кезеңнің дәстүрі еді. Шаруашылықтың, төменгі қызметтің қыр-сырын тоқып білген жоғары басшылардың табысты жұмыс істеу сыры да сонда болатын. 

Мен Қармақшы ауданының әкімдік қызметіне «III Интернационал» колхозының басқарма төрағалығынан бардым.

Төраға кезімде облыс әкімі болып келген Бердібек Сапарбаев шақыртты. Сол кезде үш мың гектар күріш егетінбіз, техникамыз сайлы. Салыстырмалы түрде жұрттан ілгерілеуміз. Келе облыс өмірін зерттеген Бердібек Машбекұлы біздің  осындай тыныс-тіршілігімізге мән беріп, маған аудан басшылығына барыңыз деп ұсыныс жасады.

Бұл уақытта еліміз қалыптасып қалған жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көше бастаған. Шаруашылықтар шатқаяқтап, өндірістердің өркені үзіліп, күнделікті өмірімізде өте қиын жағдай қалыптасқан болатын. Жұмыс орындары жабылып, іргелі ұжымдар ұсақталып жатты. Бюджеттің жағдайы мүшкіл. Бірнеше ай жұмысшылардың, бюджеттік қызметкерлердің еңбекақылары мен көпбалалы аналардың жәрдемақылары берілмеді. Айлық жалақыны есеп айыру қағаздары, вексель арқылы төлейтін кездер болатын. Әйтеуір, тырмалап дән сепсең жарықтық Жер-ана жерге қаратпайды. Басқа табыс жоқ. Сол кезде күрішпен бірге бидай, мақсары егеміз. Біздің бидайдан сапалы нан шықпайды. Құнары төмен, ұнға айналдырғанда басы бірікпейді. Мақсарыдан асқатық майын сығамыз. Жайма базарларды жағалап жүріп, салық жинаймыз. Оларға да сендердің салықтарың арқылы бір қарт зейнетақысын, бір бала жәрдемақысын алады деп үгіт жасаймыз. Қазір салық төлемедің деп сотқа тартады. Олай етуден бұрын насихат жұмыстарын жүргізу маңызды. 

Ілдалдәлап деген айтыла бермейтін сөз бар, сол ілдалдәлап тіршілік еттік.

Күзде күрішпен есептесеміз деп жанар-жағармайды да, азық-түлікті де, барлық күнкөріс керек-жарағын қарызға алатынбыз. Сол кездегі адамдардың бір- біріне деген сенімі, қайырымдылығы керемет.

Шаруашылықтар бөліне бастағанда ең кемінде бір үйден бір адам шаруашылықта жұмыс істеу керек деген тікелей ұстанымда болдық. Олай болмаса, бір отбасының аш қалу қаупі бар еді. Солай жасадық, тығырықтан шықтық.

Қармақшы ауданында Қылышбек Әбішов басқарған «Жаңажол» мен Васиб Гейдаров басқарған «III Интернационал» бөлінбей, екі шаруашылық өз тұтастығын сақтап қалды. Бірлікпен көктейтін

тірліктің ерен үлгісін паш етті.

– Иә, айтса сенбейтін заман болды. Кейде мен қазіргі жастарға сол кездері ел басқарған кісілер кезек-кезек лекция оқыса ғой деп ойлаймын. Олар отыз жылдың қалай қалыптасқанын біле бермейді. Жас буын өткен күндер қиындықтарын білу арқылы тәуелсіздіктің қадірін сезіне түсері анық.

– Расында, солай. Біз лекцияны сол кезде-ақ күн сайын оқитын едік.

Жұртқа айтатын әңгімеміз – еліміз енді еңсе көтеріп келе жатыр, бұл күндер де өтеді, бәрі жақсы болады дейміз.

Ақиқатында, сол қиын кездерден біздің халықтың шыдамдылығы мен еңбекке еңкейген ер болмысы алып шықты. Кешегі соқпақтан басталған бүгінгі белеске оңай жолмен жеткеніміз жоқ.

2023 жылға арналған аудан бюджеті 24 млрд теңге болса, ол кездегі жылдық бюджет небәрі 29-30 млн теңге көлемінде еді. Осының өзі көзіқарақты адамға біраз сырды аңғартады.

Жаңа мен сол кездің адамдарының болмысы туралы айттым ғой. Соған қатысты оқиғалар көп. Көктемгі егіс кезінде аудандық мұнай базасында сақтауда тұрған мемлекеттік резервтің қорынан қарызға жанармай бөлдіртеміз. Жетпегенін Байқоңырдың әскерилерінен аламыз. Бұл жерде кейбір мәселелер заңдылықтарға қайшы келеді. «Адам заң үшін тумайды, заң адам үшін жазылады» деген тәмсіл бар. Сондай қадамдарға барғанда адамдар арыз жазбай, бәле қумай, дұрыс түсіністікпен қарайтын.

Осындай еңбекпен жүріп, жыл қорытындысында ауданымызды алдыңғы орынға шығардық. 1998 жылы Қармақшы ауданы барлық көрсеткіштерімен облыс бойынша озық деп танылды.

Қиын жағдайға қарамастан ауылдардағы мәдениет үйлерінің, клубтардың, кітапханалардың жұмыстарын тоқтатпадық. Өздері жалақысыз жүрсе де елдің көңілін көтеріп, еңбекке құлшынысын арттыруда мәдениет қызметкерлері аянған жоқ.

Өзің айтқандай, бүгінгі жастарға сол кезеңде қызмет істеген тек басшылар емес, мәдениет қызметкерлері, қарапайым жұмысшылар, әр қайсысы бір-бір танымдық, тәрбиелік лекция оқи алады.

– Бекмырза Қайыпұлы, облыс әкімінің орындасары болып тұрған кезіңізде тікелей қандай жұмыстарға басшылық еттіңіз? Солардың бірлі-жарымын айта отырсаңыз…

– 2004 жылы облыс әкімінің орынбасары болдым. Ол кезде облыс басшысы Икрам Адырбеков еді. Бұл жағдайымыздың енді түзеліп, жан-жағымызды қымтай бастаған кезіміз. Шаруашылықтарда мал жоқ, бәрі қиын күндері азық-түлік, жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш алу үшін бартермен кеткен.

Сол кезде облыс басшысы сырттан мал сатып әкелуге қолдау көрсетті. Менің ұсынысым бойынша Солтүстік Қазақстан облысының «Зинченко» дейтін шаруашылығынан 300 бас сиыр алдырдық. Оны жүз-жүзден Қазалы, Сырдария, Жаңақорған аудандарына бердік.

Қазалыдағы атақты «РЗА» серіктестігінің бүгінгі жетістіктерінің негізін осы жүз сиырмен байланыстыруға болады. Іскер, тәжірибелі маман Самұрат Имандосов сол сиырлардың өзін де, өнімін де көбейтіп, көптің ризалығына бөленді. 

Келесі бір жұмыс – күріш тұқымына қатысты ісіміз.

Сол кездері күріштің «Ақмаржан» сорты ауырып, өнімі ала-құла бола бастады.

Бұл – облыс басшылығына Мұхтар Құл-Мұхаммедтің келген кезі. Ол кісіге осы мәселені түсіндіріп айттық. Облыс әкімі бұған бірден қолдау танытып, жүз миллион ақша бөлдірді.

Сөйтіп, 2007 жылы күз айында Құрманбек Бәкіров, Қылышбек Әбішев, Ұзақ Оралбаев, Алдаберген Құлбаев, Наятулла Қарақожаев, Төрехан Қарлыханов, Абзал Ералиев секілді облыстағы агроном, ғалым мамандарды алып, Краснодарға бардым.

Бұл жерде Одақ кезінен күріш ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Кеңестік дәуірде арнайы тұқым шаруашылықтары болды. тұқымды арнайы зерттеп, минералдармен байытып, жаңа сұрыптарын шығарып отырмаса, ол ауырады, тозады, тасқа, күрмекке айналады.

Осылайша, бүгінде Сыр күрішіне айналып кеткен «Лидер», «Янтарь» сорттарын вагондап әкеліп, шаруашылықтар түлеп, көтеріліп қалды.

– Сізге бір тосын сұрақ қояйын. Кей кісілер бұрынғы күріш суға салғанда лайланып, крахмалы бетіне шығып тұратын, қазіргі күріш тостақтағы суда жылтырап жата береді дейді. Бұл сіз айтып отырған күріш сұрпының сапасыздығы емес пе?

– Неге сортқа бөледі, өйткені, әр сорттың қоректік қасиеттері әртүрлі болады. «Ақмаржан» – жұмсақ, оның палауы да ботқа секілді, өзбектің шашпалауындай шашырап тұрмайды. Жұмсақ болған соң суда да тез жібиді. «Лидер» – қатты, ол суды тез сіңірмейді. Алғашқы кезде бұл қатты сорттан қандай палау шығады дегендер де табылды. Әлгі крахмалы бетіне шықпайды деген сөз күріш сортының өзіндік қасиетін білмегендіктен айтылған болар. Ал енді «Лидер» палауының қандай дәмді болатынын екеуіміз де жақсы білеміз.

– Әрине, шіркін, Сырдың ақ алтыны ғой, күріш!

Тағы бір сұрағым, Парламент қабырғасында қандай заңдардың қабылдануына, талқылануына атсалыстыңыз?

– Парламентте әуелгі үш жыл экономика және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комитетте болдым.

Бұл – мәселесі өзекті, міндеті ауыр комитеттің бірі. Ел дамуының ең алдыңғы сатысында экономика саласы тұрады. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту, оған қолдау жасау жөніндегі көптеген заңдарды талқылауға қатысып, қордаланған мәселелердің оң шешім табуына бір көмегім тиді деп сенемін.

Кейінгі үш жыл ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комитетте жұмыс істедім.

Өзім қиын кезеңде шаруашылыққа, аграрлық ауданға басшылық жасадым. Сондықтан мен ауыл шаруашылығының қажеттілігін жақсы сезінемін. Комитетте отырған үш жылда шаруашылық пен шаруа адамдарының мәселелерін шешетін заңдар қабылдауға атсалыстым.    

– Бүгінгі облыс жағдайынан да жақсы хабардарсыз. Бұл жайында не айтасыз?

–Сыр өңірі соңғы жылдары көз қызығарлықтай өзгерістерге толы десем, артық айтпағаным.

Құрылыс қарқыны өсіп, жолдар жөнделіп, көпірлер салынып жатыр. Қай еңбек ұжымынан да толастамаған қызу еңбек ырғағын көруге болады.

Облысымызда соңғы үш жылда 150-ге жуық көпқабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биылдың өзінде екі мыңға тарта жерлесіміз жаңа пәтерлі болады деп күтілуде.

Облыс, аудан орталықтарындағы көшелердің абаттандыру жұмыстарын айрықша атауға болады. «Жөні түзу ауылдың жолы түзу болады» дегендей, аймақ басшысының осы мәселеге ерекше мән беруі қуантады.

Алдағы уақытта Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы, «Анаға тағзым» орталығы, Неке сарайы, Өнер орталығы, тағы да басқа нысандар ел игілігіне табысталмақ.

Жалпы алғанда облыс өзінің 85 жылдық мерейлі күніне мақтанышпен, марқайған кейіппен жетті.

– Мереке құтты болсын, аға. Бұл игілікте сөз жоқ, қиын кезде ел басқарған өзіңіздің де үлкен үлесіңіз бар.

Әңгімелескен

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<