«Nur Otan» – нақты істер партиясы

1421

0

Ләйлә Бегалықызы, биыл Елбасы Төрағалық ететін еліміздегі жетекші партиясының құрылғанына – 22 жыл. Мереке құтты болсын! Жалпы бұл аз да, көп те уақыт емес. Алайда, саны мен сапасы жағынан өзгелерден озық тұратын партияның ішкі жұмысы оқыр­манды қызықтыратындығы анық. Бір сәт елекке салып өтіңізші…


– 1 наурыз «Nur Otan» партиясы үшін оның құрылған мерзімі ретінде үлкен тарихи күн және партияның қа­лыптасу мен даму тарихы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есі­мі­мен тығыз байланысты. Партия елі­мізде жетекші саяси күшке айналды, ау­қымды реформаларды жүзеге асыруға атсалысты. 1998 жылы «Қазақстан Рес­публикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штаб» қоғам­дық бірлестігі құрылды. Сайлау қорытын­дысымен бұл бірлестік «Отан» саяси партиясы болып қайта құрылып, 1999 жылдың 1 наурызында бірінші құрылтай съезі өтті.
Сонымен бірге партияның құрылу тарихында біздің облыстың да алар орны ерекше. Республикада партия құ­ру жайында үлкен мәселе көтерілген кезде Сыр бойындағы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президентін сайлау жө­ніндегі облыстық қоғамдық штабтың бел­сенді мүшелері елімізде бірінші болып облыс, қала, аудандар жұртынан 5000 адам қол қойған ұсыныспен «Отан» пар­тия­сының алғашқы мүшелерінің тіркелуіне себепкер болды. Бұл дегеніңіз өңір тұрғындары белсенділігінің жоғарылығын байқатумен қатар ел өміріндегі саяси мәселелерге дұрыс ден қоятынын аңғартады.


Осы жылдардың ішінде партия өзінің қалыптасуы мен дамуы үдерісінде же­ңістерге жетелеген қиын жолдардан өтіп, соған қарамастан елдің жетекші саяси күшіне айналды. Халықтың партиясы мен елдің ең бұқаралық және ықпалды саяси күші ретінде қалыптасты.


Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы – біздің облыстың өзінде 1 аймақтық, 11 аумақтық филиалы, 44147 мүшесі, 239 бастауыш партия ұйымдары мен мәслихаттардағы 152 мандаттың 126-сын иеленіп отырған фракция мүшелері мен мыңдаған жақтастары бар үлкен саяси күш. Бұл тұрғыда партия қатарына азаматтарды тартуда санға емес, са­палық жағына үлкен мән беріледі. Бүгінде партия Жарғысы мен сайлауалды бағдарламасы партияның облыстық фи­лиалының сан салалы жұмысының те­мірқазығына айналғаны уақыт шындығы. Оның ішінде, ішкіпартиялық жұмыс әр­­қашан да алдыңғы қатарда тұрады. Өйткені, ішкіпартиялық жұмыс – барлық партия құрылымдарының бет-бейнесін ашатын және іс-қимыл белсенділігін көр­сететін айна.


Өңірде облыс, қала, аудандық мәсли­хаттарда партияның 9 фракциясы жұмыс істейді. Барлық мәслихаттардағы депу­таттық фракция мүшелері халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканың өсу қарқынын жеделдету, елді мекендердің инфрақұрылымын онан әрі қарай дамыту мақсатында өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуына жұмыс жасап келеді. Партия жанындағы консультативті кеңесші органдар жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Осы орайда партиялық ба­қылау комиссиясының, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қо­ғамдық кеңестер мен партия жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің жұмысын ерекше атап өту керек.


– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша қандай жұмыстар бар?

– Партия басшылығы алғашқы күн­нен өз алдына халықтың көкейіндегі проблемаларды шешудің тиімді жүйесін жасау және барлық жерде қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұ­мысын күшей­туде зор міндеттер қой­ды. Осыған орай, тиісті іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл ретте тұрғындармен кері байланыс орнату олардың сеніммен бас тіреп келетін орны десек болады.
Қоғамдық қабылдау өткізетіндер қата­рында облыс, қала, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, басқармалар мен бөлім басшылары, облыстық, аудан­дық депутаттық фракция мүшелері, филиал төрағаларының орынбасарлары бар. Сонымен қатар облыс, қала, аудан прокурорлары, Әділет департаменті бас­­шысы және т.б. құқық қорғау орган­дары жетекшілері де тұрақты түрде аза­маттарды қабылдау жүргізеді.


2020 жылы партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 12510 жеке және заңды тұлғадан өтініш­тер түсіп, оның 9150-і яғни 73%-і оң ше­шімін тапса, 3333 өтінішке түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 22 өтініш қаралу үстінде.


Ал, осы жылдың 2 айында партияның облыстағы филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 401 азамат өті­нішпен келіп, оның 181-і яғни, 45 проценті оң шешімін тапқан, 192 азаматқа құ­қықтық кеңес берілген. Сондай-ақ, 28 өтініш зерделеніп жатыр. Бұл дегеніміз – халықтың партияға деген үлкен сенімінің көрінісі. Алдағы уақытта қоғамдық қа­былдау жұмыстарын бастауыш партия ұйымдарында да өткізу қолға алынатын болады. Ең бастысы, бірде-бір өтініш қараусыз қалмайды. Эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырып, қабылдау он­лайн форматта да өткізілуде.


– Әлеуметтік топтарға бағытталған жобалар туралы айтыңызшы…


– «Nur Otan» партиясы құрылған күннен бастап-ақ, барлық мәселелерге дер кезінде назар аударып, келеді.
Әлемді шарпыған пандемия кезінде Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «BIZ­BIRGEMIZ» акциясы аясында өңірімізде 29 мыңнан астам азаматқа 50000 тең­геден қаржылай, ал 15 мыңнан астам азаматқа азық-түлік, басқа да заттай көмектер көрсетілді.


Партия еңбек заңдылықтарында орын алған түйткілдердің шешілуіне де ықпал етуде. Мәселен, партиялық бақылау ко­миссиясының араласуымен еңбек құ­қығы бұзылған «АГМ-Табыс» ЖШС-ның 328 қызметкері жұмысына қайта оралса, мекеме таратылып, 5 ай жалақысыз қалған Қызылорда облысының бала­лар мен жасөспірімдерге арналған ту­беркулезге қарсы санаторий қызметкер­лерінің айлық жалақылары өтелді. 100 қызметкері тұрақты жұмысқа орналасты.
Жаңақорған ауданы, Байкенже ауылы бойынша тұрғындардың ақпарат құрал­дарында көтерген таза ауызсу жөніндегі мәселесі партиялық бақылауға алынып, ауыл халқына таза ауызсу жеткізілді.


Партияның тікелей қолдауымен өңір­дің солтүстік аудандары Ауыл шаруа­шылығы министрлігі бекіткен маман­дандырылған кестеге енді. Нәтижесінде өңірде әртараптандыру жұмыстары қар­қын алып, республикалық бюджеттен жыл сайын 13-14 миллиард теңгедей қолдау көрсетілуде. Соның ішінде, алма, жүзім өсірумен айналысатын шар­уалар шығынының 25 проценті суб­си­дияланады. Облыстың 51 шаруа қожа­лығы партияның араласуымен 160 млн теңге көлемінде субсидияға ие болды.


Жаңақорған ауданы, Жайылма ауыл­дық округіндегі 40 жыл жөндеу көр­меген апатты жағдайдағы «Жиделі» су қоймасын күрделі жөндеуге де «Nur Otan» партиясы ықпал етті. Бүгінгі күні жалпы ұзындығы 830 метрді құрайтын стратегиялық нысанның қаупі сейіліп, Жайылма, Сүттіқұдық ауылдық округтері тұрғындарының игілігіне берілді.
Алғашында 9, кейін 22 жобамен жұ­мыс жасаған партия қазіргі таңда нақты әлеуметтік топтарға бағытталған 6 бастамашыл жоба аясында жұмыс атқаруда.


«Кедергісіз келешек», «Бақытты от­басы» партиялық жобалары аясында мүм­кіндігі шектеулі азаматтар мен әлеу­меттік тұрмысы төмен отбасылар және балалардың құқығын қорғау мәселелері күн тәртібінен түскен емес.


«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында аймақтың ардагерлерімен тұ­рақты түрде кездесулер өткізіліп тұрады. Бұл шараларға белсенділер, бастауыш партия ұйымының төрағалары және «Jas Otan» мүшелері атсалысуда.
Партия бастамасымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Евразия», «Мұз айдыны» және «Теннис орталығы» спорт кешен­деріне әлеуметтік аз қамтылған 80 от­басының балаларына тегін спорттық секцияларға сертификаттар табысталды. Ал басқа санаттағы отбасы балаларына 50 проценттік жеңілдік көзделген.


Биылғы сайлау ерекше сипатта өтті. Де­путаттар құрамы жаңарды. Өзіңіз об­лыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісісіз. Жалпы сайлауға дейінгі праймериз, фракцияның жаңа құрамы, алдағы міндеттер төңірегінде айта отырсаңыз…


– Елбасының «Сенім. Диалог. Бола­шаққа нық қадам – «Nur Otan» партия­сының 7 серпіні» бағдарламасы аясында партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі негізінде праймериз өткізілді.


Бұл жаңа саяси мәдениетті қа­лып­тастырып қана қоймай, қоғам бел­сен­ділерімен қатар қарапайым азамат­тар­дың саясатқа араласуына жол ашты. Облыстан праймеризге 501 үміткер қа­тысып, бақ сынасты. Халықаралық тә­жірибеде мойындалған партияішілік ашық іріктеу тәсілі жалпы жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды.


Праймериз арқылы іріктелген 235 үміткер облыстағы 281 партияластар қа­тарында сайлауда бақтарын сынады. Осылай «Nur Otan»-ды «қайта жандан­дыру» бойынша алға қойылған міндеттер орындалды. Соның ішінде облыстық мәслихаттағы 33 мандаттың 27-сі «Nur Otan» партиясы еншісінде. Осыған орай «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен облыстық мәслихатта партияның фрак­циясын құру туралы шешім қабылданды.


Облыс бойынша мәслихаттардағы депутаттық фракциялар құрамы 67,5 процентке жаңарды. Жаңа құрамның 47,6%-і әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады.


Ләйлә Бегалықызы, сырт көз сыншы демей ме? Шынында, өзіңіз айтып өткен биылғы сайлауға «Nur Otan» партиясы үлкен дайындықпен келген секілді…


– Дұрыс айтасыз. Бұл саяси до­даға «Nur Otan» партиясы үлкен да­йындықпен қатысып, жеңіске жетті. Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны қайта жаңғыр­ту бағытындағы тапсырмалары орын­да­лып, жүйелі жұмыс атқарылды. Рес­публика бойынша 216 сайлауалды бағдарлама әзірленді. Бірде-бір облыс, қала, аудан бағдарламадан шет қалған жоқ. Сайлауалды басымдықтарымыз Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асы­ру аясында халықпен, оның ішінде шал­ғай елді мекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау қорытындысы бо­йынша дайындалды. Праймериз ке­зін­де үміткерлеріміз Сайлауалды бағдар­ламаны жан-жақты таныстырды. Сол кездің өзінде біз азаматтардан 1000-ға жуық ұсыныс жинадық. Біз әрбір аудан, қаланың өзекті проблемаларын сараптап, оны бағдарламаға енгіздік. Мұнан бө­лек, үгіт-насихат кезеңінде облыс бо­йынша сайлауалды штабтарының қо­­ғам­дық қабылдау бөлмелеріне тұр­ғын­­­дардан 616 ұсыныс пен аманат келіп түсті. Бар­лық ұсыныстардың 85%-і ай­мақтық бағ­дарламаларды бекіту кезінде ескерілді. Сондықтан Мәжіліс пен мәс­лихаттардағы басым мандатты иеленуші партия ретінде сайлау алдындағы уәделерді орындау мақсатында арнайы Жол картасын бе­кітіп отырмыз.


Осы Жол картасының көтеретін жүгі туралы тарқатып берсеңіз…


– Қалай дайындалды дегенге келсек, бұл – бір күндік немесе бір айлық жұ­мыс емес. Мұның арғы жағында терең талдау жұмыстары тұр. Аймақтың көзге көрініп тұрған проблемалары ғана емес, жоғарыда атап өткен тұрғындардың барлық ұсыныстары негізінде дайын­далды. Негізгі міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірді дамыту.

Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев «Өз­герістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын та­ныс­тырғанда бізге нақты міндеттер жүктеді.
Алдағы 5 жылды қамтыған облыстық Жол картасында барлығы 611 көрсеткіш және 1776 іс-шара бар. Аталған шаралар арасында жыл сайын 1000-ға жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасылардан шық­қан 3,5 мың студентке қоғамдық көлік­тер­де жол жүруге әлеуметтік көмек бөлу, 1 жастан 6 жасқа дейінгі бала­лар­ды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылуын 81%-ке дейін арттыру, балаларды инклюзивті білім­мен қамтуды 100%-ке жеткізу, «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 мың жасты жыл сайын оқыту, жастардың жұмыссыздығын 3,9%-ке тө­мендету, 9-дан астам инвестициялық экспортқа бағдарланған жобаларды жү­зеге асыру, 5 жылда 67 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту, жыл сайын «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дарламасы аясында кем дегенде 40 кәсіпкерге жеңілдетілген несие беру, жергілікті маңызы бар 578,9 шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу, 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны мен 12 жаңа мектептің құрылысын жүргізу және аяқтау, өңір жұртшылығын сапалы жол, таза ауызсу, «көгілдір отынмен» қамту мәселесі бар.


Жол картасына енген әрбір іс-шараға нақты индикаторлар қойылған және олардың мерзімінде сапалы орындалуы үшін жауапты басқармалар мен депу­таттық фракция мүшелері бекітілді.
Бүгінгі күні партияның депутаттық корпусы бұл жұмыстарды іске асыруға кірісіп кетті.


Әңгімелескен М.СНАДИН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<