Құрылтай

Кремнің негізгі табиғи компоненті – қойдың құйрық майы

31

0

Қойдың құйрық майы қазақ тұрмысында ежелден қадірлі. Енді ол ғылымның зерттеу нысанына айналды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Т.Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеу ғылыми-білім беру орталығының қызметкерлері соның негізінде табиғи ылғалдандырғыш крем әзірледі. Ұлттық тәжірибені заманауи ғылыммен ұштастырған өнімнің ерекшелігі, оның адам терісіне пайдасы және өндіріске қашан шығуы мүмкін екені туралы орталықтың бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты Гүлмира Абызбекова айтып берді.

– Идея қалай пайда болды?

– Қойдың құйрық майы халық арасында бұрыннан қолданылып келеді. Біз осы табиғи шикізаттың қасиетін ғылыми тұрғыдан зерт­теп, оны заманауи косметикалық өнімге айналдыруды мақсат еттік. Сыр өңірінің табиғи-климаттық жағдайы да зерттеу бағытын таң­дауға әсер етті. Құрғақ әрі шұғыл континенталды климат терінің ылғалын азайтып, қорғаныс қаба­тына кері әсер етуі мүмкін. Сон­дықтан теріні табиғи жолмен ыл­ғалдандырып, қорғауға мүмкіндік беретін өнім әзірлеуге ден қойдық. Зерттеуге өзім және орталықтың аға ғылыми қызметкерлері, химия ғылымдарының кандидаты Гүл­жан Балықбаева, биология ғылым­дарының кандидаты Райхан Жан­дәулетова, техника  ғы­­лым­­да­­­ры­­­ның кандидаты Шол­пан Еспен­­­­бет­­ова және Анипа Та­па­л­ова, педа­гогика ғы­лымда­ры­ның канди­­даты Ка­рима Арын­ова, жас зерт­­­теуші, 4-курс студенті Ару­жан Талғатова қатысты.

– Кремнің құрамында қандай табиғи компоненттер бар?

– Өнімге бес табиғи компонент енгізілді. Негізгісі – қойдың құй­рық майы. Сонымен бірге жүзім тұ­қымының майы, ара балауызы, жалбыз және лаванда эфир май­лары қолданылады. Әр компо­ненттің өзіндік қызметі бар. Құй­рық майы теріні ылғалдандырып, жұмсартуға ықпал етсе, жүзім тұқымының майы теріні қорек­тендіреді. Ара балауызы кремнің құрылымын қалыптастырып, те­ріні сыртқы әсерден қорғайды. Ал жалбыз бен лаванда эфир майлары өнімге жағымды хош иіс береді.

– Өнімнің қауіпсіздігі қалай зерттелді?

– Крем Алматы қаласындағы «Текс» серіктестігі сынақ ор­талы­ғының аккредиттелген зерт­ха­­на­сында сынақтан өтті. Зерттеу ба­рысында өнім құрамы­нан мы­шьяк, сынап, қорғасын сияқты улы зат­тар анықталған жоқ. Мик­ро­орга­низмдер мен бактериялар да та­былмады. Өнімнің pH көр­сеткіші 6,1 болды. Бұл терінің та­биғи ортасына жақын, яғни әзір­ленген өнімнің қауіпсіздігіне қа­тыс­ты негізгі көрсеткіштер зерт­ха­налық деңгейде тексерілді.

Кремнің негізгі табиғи компоненті – қойдың құйрық майы

– Құйрық майын космети­калық өнім ретінде кеңінен қол­дану неге жолға қойылмады?

– Оның өзіндік ерекшеліктері бар. Табиғи күйіндегі құйрық ма­йының иісі өткір, құрылымы ты­ғыз. Дұрыс өңделмеген жағдайда теріге баяу сіңіп, майлы қабат қал­дыруы мүмкін. Біздің міндетіміз – осы табиғи шикізатты заманауи талапқа бейімдеу. Сондықтан құй­рық майын жүзім тұқымының майы, ара балауызы, лаванда және жалбыз эфир майларымен белгілі бір арақатынаста біріктірдік. Нәти­жесінде жағымды иісі, жұм­сақ құрылымы және теріге жақсы сіңетін қасиеті бар крем алынды.

– Крем кімдерге арналған жә­не қандай мәселелерді шешуге бағытталған?

– Негізінен бет пен қолдың өте құрғақ, жарылған, зақымдалған терісіне арналған. Өнім терінің құрғауын азайтып, оның табиғи қорғаныс қабатын қалпына кел­тіруге бағытталған.

– Өнімді өндіріске енгізу жоспарда бар ма?

– Қазір өнім зертханалық дең­гейде әзірленіп, пайдалы модель ретінде патенттік жаңалығы бе­кітілді. Бірақ патент алу жұмыстың соңғы кезеңі емес. Өнімді жаппай өндіріске шығару үшін оның сақ­талу мерзімін ұзарту, рецепту­ра­сын одан әрі жетілдіру, стан­дарт­­тау және сертификаттау жұ­­­мыс­­­та­рын жүргізу қажет. Со­ны­­­мен қатар өндірістік серік­тес­тер мен ин­вес­тиция керек. Алда­ғы мақ­са­­тымыз – ғылыми зерт­теу нәти­жесін нақты өндіріске енгізу.

– Бұл жоба отандық ғылым мен косметика өндірісіне қандай үлес қоса алады?

– Ең алдымен, бұл – жергілікті табиғи шикізатты ғылыми тұр­ғыдан зерттеп, одан отандық өнім жасауға болатынын көрсететін жоба. Болашақта қойдың құйрық майымен ғана шектелмей, өңірі­міздегі табиғи өсімдіктерді, жа­нуарлардан алынатын шикізат­тарды пайдалана отырып, өзге де органикалық косметикалық және емдік-профилактикалық өнімдер әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Қа­зақтың дәстүрлі тәжірибесінде пайдаланылған табиғи ресурс­тар­ды ғылыммен ұштастыру арқылы импортты алмастыратын отандық әрі экологиялық таза өнімдер жа­сауға мүмкіндік бар деп есеп­тейміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»