Қазыбай Құдайбергенов: «Біз тоқырап қалған ойдан арылуымыз керек»

2484

0

Бүкіл әлемді жайлаған дерт қалыптасқан шаруашылық жүйесін қожыратып, адамзаттың тіршілік-көзқарасын жаңа арнаға бұра  бастады. Қазір біздің өмірге қатысты үйреншікті дағдымыз өзгеріп, көп нәрсені байыптан өткізуге ден қойылды. Әлем қайда барады? Қазір қандаймыз? Ертеңіміз қандай болады? Осы сауалдарға жауап іздеген біз белгілі ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергеновке жолығып, әңгіме-сұхбат құрған едік.

Ж.А: – Құрметті Қазеке, ғұмырыңыздың сегізінші белесіне жақындаған ғалым ретінде Сіздің өмірден түйгеніңіз көп. Жақсыны да, жаманды да сана тезінен өткізе білесіз. Қазақтың кеше өзіміз білетін ХХ ғасырда басынан өткізген қасіреті – талай жылдарға жүк болатын зұлмат. Салыстырмалы түрде алғанда қазақтың мұңсыз, жайма-шуақ өмір сүрген кезеңдері қандай еді?  Бүгінгі дағдарысты қалай сипаттар едіңіз?

Қ.Қ: – Иә, күтпеген қиындық­тарға кезіктік. Сауалыңның бірін­ші бөлігінен бастасам, тым ұзағы­рақ кететін сыңайым  бар. Қысқаша айтқанда, жоңғар шапқыншы­лы­­ғынан бергі уақыт­тағы 400 жыл ішіндегі кезеңде халқымыздың жалпы тыныштықта өмір сүргені ғасырға да жетпейді. Осы жылдары қоғамдық форма­циялар бірнеше рет өзгерді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ кеше тәуелсіздігіне 15 млн-ға жуық адам­мен жетті. Саны қазақтан көп ха­лықтардың тәуелсіздігін ала алмай жүргенін ескерсек, бұл – біз үшін бақыт. Кейде мен ойлаймын, бәлкім, бұл бақыт сан жылдар көрген қасіретіміздің өтеуі шығар деп.

Өмір – жалпы, күрделі феномен. Бұрынғылар мұны жақсы айтып кеткен. Ұлы Мағжан «Сұм өмір абақты ғой саналыға» депті. Сол Мағжандар күресті ғой. Өліп кетем деп ойлаған жоқ. Кезінде ізгі ниеті іске аспаса да, арманы орындалмаса да оны бүгінгі ұрпақ игілікке жаратып жатыр. Демек, Абай айтпақшы, «Құдайдың бары да, сөзі де рас». Демек, Алла қарасты, ал біз оны қаншалықты дәрежеде қадірлеп, қастерлеп отырмыз? Әңгіме, міне, осы сауалдың төңірегінде болуы тиіс деп ойлаймын.

Әдетте, біз пенденің басын қиындық бұлты торлағанда оны бөлісе отырып, «Сізге Алланың жіберген сынағы бұл. Берік болыңыз, ақырын күтіңіз» деп сабыр болуға шақырамыз. Қазіргі бүкіл әлем жұртшылығы бастан кешіп отырған індетке байланысты жағдай Алланың бүкіл адамзатқа жіберген сынағы болуы керек деп ойлаймын. Бүкіл әлемді жаратушы – Алла. Сондықтан бұл қасірет жеке мемлекеттер мен ұлттарды емес, бүкіл әлемді шарлады. Алла жер мен көкті, жан-жануарларды, жыл мезгілдерін, табиғатты, адамды бір-бірімен үйлесімді етіп жаратты. Қазақта «құдай шебер» деген сөз осыны меңзейді. Мұны Жүсіп Баласағұн: «Қалады да, жаратты бар болмысты, «Бол» деді де, бірден бәрін болғызды» деп жырлады. Құран аятында: «Саған не қайғы келсе де Алла тағаланың рұқсатымен келеді», бастарыңа келген бәле-жәле қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен, бірақ Алла тағала оның бәрін кешіреді» делінген.

Біз бұл сынақтан өтеміз. Бірақ қиналып өтеміз. Осыған дейін нені дұрыс істемедік? Өтпелі дәуірде барлығы бола береді. Тез байығандар болды. Барлар мен жоқтардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей деңгейде қалыптасты. Батыс иелігіндегі әлемді билеген трансұлттық корпорациялар өз дегендерін өзге жұртшылыққа әмірін жүргізіп жатыр. Енді жаңа жағдайда біз, Тәуелсіздігін жаңа алған тәуелсіз мемлекет, қандай болуымыз керек? Біз, әрине, алпауыттармен арпалыса алмаймыз. Бірақ ол біз ендігі әлемде жойылып кетеміз деген ұғымды білдірмейді. Аман қаламыз, өз орнымызды табамыз деген үмітпен өмір сүруіміз керек.

Ж.А: – Ғалымдар, саясаткер­лер пандемиядан кейін әлем өзгереді деген пікір айтады. Бұл орайда пікірлер қарама-қайшы­лығы көп. Қалай өзгереді? Біз нені басшылыққа алуымыз ке­рек? АҚШ-тың бұрынғы прези­денті Франклин Рузвельт: «Сая­сатта, өмірдегі құбылыста ештеңе кездейсоқ болмайды. Егер бола қалған жағдайдың өзінде оны осылай болуға тиіс деп қабыл­дауымыз керек» депті…

Қ.Қ: – Философия ұғымы осыған меңзейді. Рузвельттің билігіндегі АҚШ екінші дүниежүзілік соғыста бейтарап саясат ұстағысы келді. Бірақ Гитлердің одақтасы Жапония оның қытығына тиіп, Тынық мұхитындағы әскери базаларын бомбалап, күл-талқан етті. Руз­вельт осыдан кейін Жапонияға қар­сы соғыс жариялады. Соғыста Англиямен, Кеңес Одағымен бірге жеңіске жетіп, кейін бүкіл әлемге билігін жүргізді. Міне, әлем 80 жыл өткеннен кейін осы үстемдікті жоюға талпыныс жасайды деген үміт бар. Өйткені АҚШ-тың әлемді ұзақ жыл билеп-төстеуі жақсылыққа әкелген жоқ. Мағмұд Қашқари: «Ақылмен арыстанды ұстауға болады, ал күшпен тышқан да ұстай алмайсың» депті. Ал сол АҚШ-тың байырғы президенті Бенджамин Франклин: «Тәжірибе мектебі – өте қымбатқа түсетін мектеп, бірақ ақымақтар үшін одан басқа үйренетін мектеп жоқ» деген екен. Енді ойланып көріңіз. Тәжірибе мектебі дегенде Франклин үлкен-үлкен қателіктерге ұрынып барып жөнге келу деген ұғымды айтып отыр. Ал қазіргі АҚШ қайта-қайта әр нәрсеге ұрына берсе құрып бітеді. Күшке үнемі сене беруге болмайды.

Менің ойымша, дерттен кейінгі әлемдік өмірді реформалау өте ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі халықаралық экономикалық, қар­жы институттарын қайта құру жөнінде көп әңгіме айтылуда. Әлем жұрт­шылығы олардың барлығы АҚШ-тың ықпалымен жүретінін айтады. Бірақ олардың қолынан келетін дәрмен жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйы­мында дауыс бергенде АҚШ жағына қарай ойыса кетеді. Бүкіл әлемге Батыс түгелімен ықпал жүргізіп отыр десе де болады.

Қазақстанның жаңа әлемдегі ор­ны қандай? Бізде, өзің білесің, жаратқан иеміздің берген жақсы­лығы көп. Қазір мұнайдың жай-күйіне алаңдайтындар бар. Иә, алаң­даймыз, бірақ қазақ мұнан өткен зорлық пен қорлыққа шыдаған жоқ па еді?! Әлеуметтік желілерді қосып қалсақ, жатқан түңілу. Жақсы жақтарымыз бар ғой, социализмнен капитализмге өткен 30 жыл ішінде халық бірдеңеге қол жеткізген шы­ғар. Қол жеткізбесе анау оң­түс­­тіктегі көкөніс өндірушілер «өні­мімді сатып алыңдар» деп жар салар ма еді!? Бұл нені білдіреді? Қазақ жұмыс істеп жатыр.

Ж.А: – Өзекті тақырыпты жалғастырғым келеді. Дағдарыс­тан біршама қиналып шығамыз. Әлем экономикасының тұрақта­луы 1,5-2 жылға созылуы ықти­мал. Сарапшылардың пікірін­ше, мұнай бағасы 2020 жыл соңына қарай көтеріледі. Бірақ оншалықты жоғары болмайды – 42-45 доллар шамасында қалып­тасуы мүмкін. Көптеген елдер 2020 жылды ауыр қорытындылайды. Халықаралық валюта қоры әлем экономикасы 2020 жылы 9 триллион доллар жоғалтады деген цифрды алға тартуда. Салыстырмалы түрде айтсақ, АҚШ-тың 2019 жылғы ішкі жалпы өнімі 23 трлн долларды құраған болатын.

Сарапшылар пандемиядан кейін бірқатар елдер оқшаулануы мүмкін дегенді айтады. Бірақ бұл әп-сәтте мүмкін емес, сонымен бірге оңай іске аса қоятын тірліктің қатарына жатпайды.

Қазақстанда жыл сайын 13-14 млн тонна астық өндіріледі. Біз ұнды экспорттаудан әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатары­на қосыламыз. Сол сияқты алтын, уран қоры жөнінен жетекші орын­дамыз. Атакәсіп – малға деген көзқарас өзгере бастады. Қа­зақстан Орта Азиядағы транзит көлігінен көп пайда табатын бо­лады. Осылардың барлығы мұ­най кірісінің жоғалтқанын тол­­тырады деген пікірлер айты­луда. Қазақстан жаңа кезеңде динамикалық бағытта өз ұстаны­мына көптеген өзгерістер енгізеді деп ойлаймын.

Қ.Қ: – Ойыңды жалғастырғым келеді. Қазақ – жақынын қиын кезде далаға тастамайтын халық. Байлық адамдардың арасындағы қатынасты ажыратса, кедейлік оларды жақын­дастыра түседі. Жоқшылық, яғни материалдық қиындық адам­дар­дың бір-біріне көмек қолын созуға итермелейді, мейірмандыққа жете­лейді. «Біз біргеміз» деген девиз сөзіміздің дәлелі бола алады. Дағ­дарыс халқымызды үнем­шіл­дікке, ысырапсыздыққа, құнт­тылық­қа, барды бағалай білу­ге, нанның қадірін сезінуге дағды­ланды­рады деп ойлаймын. Бұған дейін еңбектері онша елене бер­мейтін ұстаздар, ақ халатты абзал жандар, өнер қайраткерлері, тәртіп сақ­шылары, жазушылар мен жур­налистер халықтың басына түскен ауыр кезеңде өздерінің жанқиярлық еңбектерімен ерекше көзге түсті.

Қазақтың қарабайыр даңғойлы­ғын пайдаланып, қыруар қаржыға кенелетін фонаграммамен өлең ай­татын әншілер мен жұрттан жалына қол шапалақ тілейтін асабаларға шектеу қойылды. Жанды дауыспен айтатын әншілер мен жыршылар халық құрметіне бөленуде. Оқушы­лар мен студенттер, ұстаздар қазіргі жоғары ақпараттық технологияны пайдалануға машықтанып, он­лайн режимімен білім алуды тоқ­тат­пай жетілдіре түсуде. Бұл – үрдіс дамыған көптеген елдерде бұ­рыннан да бар дүние. Қысқасы, біз дағдарыстан кейін өзгеруге тиіспіз деп ойлаймын. Біздің қалауымыз емес, бұл – өмірдің қалауы.

Коронавирус індетіне шалдыққан көптеген мемлекеттерге қарағанда Қазақстандағы адами шығынның аз болуы мемлекетіміздің атқару­шы органдарының дұрыс ұйымдас­тырушылық әрекеттерінің жоғары дәрежеде екенін көрсетті.

Ж.А: – Қалай ойлайсыз, бізге қазір ертеңгі күнге деген сенімді жоғалтпау барлығынан маңызды сияқты. Сеніммен бірге жанкешті еңбек ғана қиындықты жеңе алатынын түсінгеніміз абзал…

Қ.Қ: – Жаратылыста біз біл­мейтін сырлар көп. Өмірде болған жағдайды айтайын. Мәшһүр Жү­сіпке бала көтермей жүрген бір әйел: «Тұмар жазып беріңіз, септігі тиер ме екен», – деп өтініпті. Тұмарды алған әйел екі ұлды болып, оны қастерлеп сақтапты. Қартайып өлерінде тұмарды балаларына тап­сырып жатып, осы тұмарды алған соң олардың дүниеге келгенін айтыпты. Бірнеше жылдан соң екі ұл тұмарды ашып оқыса, ондағы дұға араб қарпімен жазылған «Я, Алла, мені Мәшһүр етіп жаратқаның рас болса, осы әйелге бала бер», – деген сөздер екен.

Сенімнің күші деп, міне, осыны айт! Ертедегі Шығыс ғұламасы Әбу Сайд Әбу Қайыр: «Тоқырап қалған ой мен ұшқары пікірден қаш, бетіңді тағдырың боларлық ойларға бұр» депті. Ойға жетелейтін ұлы сөз.

Әңгімелескен 

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<