Сыр қауыны аймақ брендіне айнала ма?

602

0

Облыста көкөніс, бақша шаруашылығының жай-күйі қалай? Брендке айналған Сыр қауындарының сапасы қандай? Бақша өнімдері өндірісін қалай жолға қоямыз? Осы және өзге де өзекті сауалдар төңірегінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ жаратылыстану институты директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановпен аз-кем әңгімелескен едік.


Самалбек Оразбайұлы, бірнеше жыл бұрын Сыр қауыны сорттарының таза қасиетін қалпына келтіруге бел шеше кіріскеніңізді білеміз. Қазіргі нәтижесі қандай?


– Өкінішке қарай, облыста бақша шаруашылығын ұйымдастыру әлі жолға қойылған жоқ. Осыдан он жыл бұрын бұл мәселені көтергенде жағдай қандай болса, қазір де сол күйі. Алға ілгерілеу жоқ. Төрт жыл бұрын облыстық әкімдіктің 019 жобасы аясында бастапқы тұқым шаруашылығын ұйымдастыру мақсатында 4,5 млн теңге бөлінді. Осы қаржыға арнайы агротехникалық шаралар, қажетті жабдықтар алып, қара күләбі сортына клондық іріктеу жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде Қызылорда облысында қара күләбінің төрт түрі тарағанын анықтадық. Біз оны төрт массивке бөліп қарастырдық. Атап айтқанда, Келінтөбе, Айдарлы, Іңкәрдария және Қармақшы ауданындағы Жаңақала массивтері. Сондай-ақ өзіне тән типтік белгілері сәйкес келетін қара күләбінің сорттарын іріктеп, тұқым жинауға кіріскен едік. Өкінішке қарай, бұл жұмыс аяқсыз қалды. Себебі, қаржы бір жылдық экспериментке ғана бөлінген. Бұған қоса, өзіміздің қауындар ішкі-сыртқы нарықта сұранысқа ие болмай, Өзбекстанның «Мырзашөл» немесе ел ішінде «Торпедо» деп аталып кеткен қауын сортының саудасы қызды да біздікін нарықтан ығыстырып тастады. Бір қуанарлығы, бақша дақылдарын Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болып тұрған уақытта басым дақылдар қатарынан түсірген жоқ. Тіпті, тұқым шаруашылығын ұйымдастыруды, қайта өңдеуді жолға қоюға барынша ықпал жасады. Бақша дақылдарын қайта қалыпқа келтіру бір жылда немесе бір мезгілде бітетін шаруа емес. Біз бір жылда қара күләбінің 4 сортын, массивтерін ғана анықтап қойдық. Әрі қарай жұмысты жалғастыру үшін қаржы қажет. Сапалық қасиеттері жоғары сұрыптарды анықтау кем дегенде 4-5 жылды талап етеді. Сол уақыттан ұтылыңқырап тұрмыз.


Сыр қауыны несімен ерекше?


– Бірегейлігімен, дәмділігімен. Солай болуы заңды да. Себебі, Сыр өңірі еліміздегі қауын өсіретін негізгі аймақ саналады. Жалпы әлемде жоғары сапалы күздік қауын өсетін ірі үш эпицентр бар. Олар: Өзбекстанның Хорезмі, Түркіменстанның Шаржоу облысы және Қазақстандағы Қызылорда облысы. Сондықтан Жаратушының берген осы мүмкіншілігін пайдалана білуіміз керек. Топыраға, климаты қауын егуге өте қолайлы. Басқа аймақта піскен қауындар дәл біздің өңірдікіндей сапалық қасиеттерді бере алмайды. Өкініштісі сол, осындай жерде отырып, өз брендімізді қалпына келтіріп, ұқсата алмай жатырмыз.


Өткенге сәл шегініс жасайықшы. Тарихи деректерді ақтарып отырсаңыз, көптеген қызықты мәліметтерге жолығасыз. Тіпті, «мұнда өсетін қауынның үлкендігі соншалық, ар жағындағы есек көрінбей қалады» деген әңгімелер тараған еді. «Шиелі ауданында қауынның пәлегін жұлып, есекке жегіп сүйрейді де ізінен екі адам түскен қауындарды жинап отырады» деген аңызға бергісіз дерек те кездеседі. Оның үстіне, біздің географиялық орналасу жағдайымыз да ерекше. Барлық ауданды, қаланы теміржол, автожол және дария кесіп өтеді. Кеңес Одағы кезінде қызылордалық бақшашылар әңгелегін, ақ жәмбілшесін, колхозшысын, әміресін, қара күләбісі мен торламасын, саржауын теміржол бойындағы әр аудан орталығында орналасқан ірі қауын базаларына өткізетін болған. Расында, КСРО тұсында Сыр бойы дәмі тіл үйіретін қауындарымен шартарапқа танылды. Алайда, 1990 жылдары диқандарға суперэлиталық, элиталық тұқымдарды өндіріп, үлестіріп отырған Қызылорда қаласының Айнакөл ауылындағы тұқым шаруашылығы тоқырауға ұшырады, әр стансада тіршілігі қайнап жататын қауын базалардың жұмысы тоқтады. Бақшашылар тығырыққа тірелді. Ол аздай, дүкенде нанды кезекпен алатын, жалақыны айлап ала алмайтын заман туды. Әркім өз күнін өзі көруге көшті. Бәрінен бұрын көңілді жабырқататыны, аймақтың күріштен кейінгі басты брендіне айналған қауындары – қара қауын, торлама, әміре, қайбаш, саржау, калайсан сорттары «ата-бабасынан» келе жатқан «жақсы мінезінен» айырылып, қазіргі таңда жойылып бара жатқандығы. Қазір базар сөрелерінен олардың ізін де таппайсың. Түрі көз тартып тұрғанымен, дәмдісін табу қиын. Осы мәселелерді көтеріп, қанша жылдан бері дабыл қағып келе жатырмыз. Шұғыл шаралар қолға алып, жүйелі жұмыс істелмесе, бал татыған қауын сорттары сағынышқа айналуы мүмкін.


Қауынға төнгендей қауіп қарбызда жоқ па?


– Жоқ. Қарбыз дақылын өсіруге біздің оңтүстік аудандардың шаруалары әбден маманданып алған. Мәселен, Жайылма массивінде 1000 гектарға дейін қарбыз өсіріледі. Ал қауынға маманданған шаруа қожалықтары облыста атымен жоқ.


Мысалы, Түркіменстанда қауын­ды бренд ретінде ұлттық дең­гейде насихаттайды…


– Иә, солай. Тамыз айының екінші жексенбісі Түрікіменстанда «Қауын күні» деген үлкен ұлттық мереке аталып өтеді. Бұл іс-шараға мемлекет басшылары арнайы қатысады. Тіпті, қауын, қарбызға ұқсайтын архитектуралық ескерткіштер, ғимараттар бар. Өз­бекстан да қауын-қарбыздың қадіріне жеткен және бұл шаруаны жақсы жолға қойған.
Қазіргі таңда біз республика аумағы түгілі өз аймағымызды өз өнімімізбен қамтамасыз ете алмайтын жағдайда отырмыз. Бұл деген – трагедия, проблема. Біздің күйінетініміз де осы. Қауын дақылдары сорттарын және олардың дәмдік қасиеттерін келешекте өткен шақпен еске алуға жеткізбеуіміз қажет.


Біздің кәсіпкерлер бақша дақыл­дарын, соның ішінде қауын егуге неге ынталы емес?


– Сыр өңірінде күріш егетін, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіп­керлердің атын атап, түрін түстей аласыз, ал қауын өсіріп, шекесі шылқып отырған кәсіпкерді көрмейсіз. Жылда көктемде бақша егеді, бірақ жұмсалған шығынды ақтамайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тұқымның сапасы жоқ. Қазір тұқым шаруашылығымен айналысып жатқан мекемені таппайсың. Өңірдің негізгі өндірушілері қауынның әртүрлі сорттарын бір алқапта егіп, ғылыми негізделген кеңістік оқшаулауды қолданбағандықтан өзара шағылысып, көптеген будандар, тегі белгісіз популяциялар көбейген. Оның үстіне өндірушілердің негізгі мақсаты пайда табу болғандықтан, сапасы жоғары қауын жемістері сатылымға шығарылып, тұқымға пісіп жетілмеген сапасыз түрлері қалдырылады. Тұқым алудың, жинаудың өз әдіс-тәсілі бар. Бірақ оған мән беріп жүрген адамды көрмедім. Ашығын айтқанда, жергілікті тұрғындар арзан сапасыз тұқымдарға ұрынып жатыр. Бүгін базардан тұқым алсаңыз, оның сізге өнім беретініне кепіл жоқ. Ол қай жақтан алынды, сертификаты бар ма, белгісіз. Екіншіден, топырақтың тұздануы, арамшөптердің бейімделіп алуы, «қауын шыбыны» деп аталатын зиянкестің шығуы кәсіпкерлердің қолын байлап отыр.


Тұқым шаруашылығын дамытуға кәсіпкерлер арасында қызығушылық танытқандар болды ма?


– Менің білуімше, облыста жылына бақша дақылдарының орналасуы 8 мың гектардан аспайды. Ал көрші Түркістан облысының бір ғана Мақтаарал немесе Сарыағаш ауданында бұл көрсеткіш 30 мың гектардың үстіне жетіп жығылады. Олар 19 млн халқы бар Қазақстан мен 150 млн халқы бар Ресейді бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Оның ар жағында Өзбекстан да қалысып жатқан жоқ. Алайда бұл нарықта Сыр қауындары өз орнын таппағаны алаңдатады. Бұл біздің жұмысымыздағы жүйесіздікті көрсетеді. Мен биыл да «тұқым шаруашылығын ашайық» деп облыстық әкімдікке өтініш білдірдім. Бесарық елді мекенінен «Абай – Дәулет» ЖШС жанынан ашуға ұсыныс бердім. Серіктестік басшылығы да қолдап отыр. Бірақ, елде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілген соң шаруаны ұйымдастыру кейінге шегерілді.


Бақша өнімдері өндірісін жандан­дырудың жолы қайсы, яғни нақты ұсынысыңыз бар ма?


– Облыс басшылығы қолдап, бақша дақылдарына көңіл бөліп, басым ауыл шаруашылығы дақылдарының қатарына қосса, осы бағыттағы жұмысты қайта жандандыруға болады. Ең алдымен, көкөніс-бақша дақылдарын өсірушілердің ассоциациясын құруды ұсынамын. Себебі, Қызылорда облысының фермерлері көптеген қиыншылыққа тап болып отыр. Оларға біздің сөзбен емес, іспен көрсеткен көмегіміз өте қажет.


Ассоциация немен айналысады?


– Біріншіден, тұқым шаруашылығын ашып, облыстың фермерлерін, халықты сапалы тұқыммен, тыңайтқышпен, екіншіден, жер өңдеуге, тұқым себуге арналған шағын техникалармен қамтамасыз етеді. Үшіншіден, жиналған өнімдерді өткізетін механизмдерді үйлестіреді, яғни бақша өнімдерін сататын қала, аудан орталықтарынан орындар, базалар ашуға ықпал жасайды. Төртіншіден, сатылмайтын дақылдарды қайта өңдеу процесіне жіберуді ұйымдастырады. Осындай бақша дақылдары кластерін құрудың реті келіп тұр. Оған мүмкіншілігіміз жетеді. Бақша шаруашылығымен айналысатын фермерлердің басын біріктіріп, осындай нақты көмек беру керек. Облыс басшылығы ұсынысымызды ескереді деп ойлаймыз. Бұйырса, осы жұмыстарды бір жүйеге келтірсек, Қызылорданың дәмді қауын сорттарына сұраныс қайта артады деп ойлаймын.


Ассоциация құрылса, бақша еккісі келетін кәсіпкерлердің жолында кездесетін кедергілерді де жоюға көмектесе ме?


– Әлбетте, солай болуы тиіс. Мәселен, біздің облыстың әр ауданында топырақ құнарлылығы әрқалай. Сондықтан Аралдың Ақбайында қауын егудің әдісі бөлек, Шиеліде бақша дақылын өсірудің технологиясы басқа. Осындай сәтте ассоциация фермерлерге материалдық, ғылыми тұрғыда қол ұшын созады. Сонымен бірге, жоғарыда атап өткен кедергілерді жоюға, шығындарды азайтуға жәрдемдеседі. Жаңа технологияларды ендіруге де ықпал жасайды. Ассоциация құрып, әр ауданнан бір немесе екі шаруа қожалық таңдап алып, тұқыммен, басқа да қажетті материал­дармен және шағын техникалармен қамтамасыз еткеннен кейін қайта өңдеу жұмысына назар аудару керек.


Осыны тарқатып айтсаңыз…


– Бақша дақылдарынан түрлі өнім жасауды қолға алу керек. Біз осы бағытта әрекет етіп көрдік. Байқағаным, нарықты жаулап алған ерте пісетін мырзашөл қауынынан гөрі, жергілікті қауын сорттарынан жасап шығарған өнімдер дәмдірек.


Қандай өнім жасап шығарып едіңіздер?


– Чипсы (қытырлақ). Қорқыт ата университетінің жаратылыстану институты лабораториясында қауынды кептіріп, қытырлақтың картопты жұқалап кескендей түрін және таяқша тәрізді түрін жасадық. Екеуі де дәмді. Оны бір жеп көрген адам айналып келіп тағы сұрайтынына – қауыннан жасалған қытырлақты аңсап тұратынына кепілдік беремін. Қазір нарықта сатылып жатқан жасанды қытырлақтар адам ағзасына зиян ғой. Мынау – таза табиғи өнім.


Өңірде қияр, қызанақ егіп, табыс тауып отырғандар бар. Ғалым ретінде олардың аяқалысын қалай бағалар едіңіз?


– Көкөніс пен бақша шаруашылығы ажырамайтын салалар саналады. Қазір аймақ тұрғындары, кәсіпкерлері көкөніс өсіруге бейімделді. Былтыр бір ғана Шиелінің қызанағы Түркістан облысына тасымалданды. Бұл көп нәрсені аңғартады. Бізде потенциал бар деген сөз. Қазір көкөніс пен бақша отбасылық бизнестің айналасынан шыға алмай отыр. Сондықтан, шағын шаруа қожалықтарын үлкен өндіріс орнына айналдыруымыз керек. Яғни отбасылық бизнесті ұжымдық бизнеске, алып компания, холдингке ауыстыру керек. Бұлардың бәрі не үшін керек? Ұлттың денсаулығы, сапалы өнімді тұтынуы үшін қажет. «Ауру – астан» деген даналық сөз тегін айтылмаған. Егінге ерінеміз. Есесіне базардан да­йын өнім алуға жүгіреміз. Ол сенің дастарханыңа қандай жолмен келіп тұр, білмейсің. Базарға келген көкөністің, бақша дақылдарының, жемістің қай сорт немесе қай жерде өсірілгенін сұрау қажет. Жалпы, тұтынушы мәдениетін көтеруіміз керек. Бұл – қолдан келетін іс.


Жайылма жерінде эксперимент өткізіп жатқаныңыздан хабардармыз. Оның маңызы неде?


– Шетелдің селекция нәтижелерін жергілікті жерде сынақтан өткізудеміз. Қазір әлем елдерін бақша, көкөніс тұқымдарымен қамтамасыз етіп отырған бірден бір ел – Голландия. Біздегі будандардың барлығы дерлік шетелдің өнімдері. Будандардың ерекшелігі – ерте піседі, әрі өнімділігі жоғары. Қазіргі таңда қарбыздың екі түрін сынақтан өткізіп жатырмыз. Жалпы тәжірибелік алқап көлемі – 2,5 гектар. Мұнда да, ескі технологияларды алмастырып, қол жұмыстарының барлығын дерлік механикаландыруымыз керек.


Жеміс ағаштарын егу де біздің өңірде дәстүрге айналып барады…


– Иә, бақ өсіру қарқынды дамып жатқаны қуантады. Алайда оның да өзіндік қиыншылығы кездесуде. Дегенмен, бетбұрыс жасалды. Әрбір адам, әрбір отбасы өзін-өзі қамту керек. Біздің шағын жылыжай салуға дайын жобаларымыз бар. Осы саланы жаңғыртып, ұрпаққа дәріптеуіміз керек.


Сұхбаттасқаныңызға рахмет.

Әңгімелескен

Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз