Топшымды бекіткен топыраққа тәу етуден танған емеспін

2123

0

Фото: ашық дереккөз

Таланты, дарыны, іскерлігі, мықтылығын халық әлдеқашан мойындап қойған береннің бірі – белгілі ғалым, Сыр бойының əн, күй, мақам мұрасын ғылыми негіздеп, жоғары оқу орны бағдарламаларына енгізген фольклорист, этномузыкатанушы, эпикалық жыршылық дəстүрдің қайталанбас өкілі, дəулескер домбырашы, кəсіби əдістемелік тəсілі қалыптасқан маман педагог, «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұраларын» 3 тілде сөйлетіп, қос томдық антология етіп жарыққа шығарған еліміздегі бірден-бір маман Берік Жүсіпов.

Берік Мырзалыұлының Қазақ радиосының Алтын қорында «Мирас», «Кəнекей, тілім, сөйлеші» атты 100-ге тарта авторлық бағдарламасы сақталған. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық ТҮРІКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты. Елбасы, Ресей Федерациясы Мəдениет министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Филология ғылымдарының кандидаты, өнертану бойынша доцент. Консерваторияның «Құрметті профессоры». Дəріс концерттермен Германия, Бельгия, Қытай, Нидерланды корольдігі, Түркия, Америка, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде болған.

Бекең 300-ге тарта ғылыми, танымдық мақала, «Мырзастағы жыр мектебі», «Жиделі Байсын күйлері», «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар», «Сүлейлер», «Адырна», «Эпикалық жыршылық дәстүр: репродуктив-туындатпа, креатив-шығармашылық егіз қосарлану мәселесі» атты зерттеу еңбектер жазған. «Сыр сүлейін сұрасаң», «Маңғыстаудың музыкалық мұрасы», «Қайталанбас дауыстар» (қазақ, орыс тілдерінде) сияқты музыкалық антологиялардың авторы, ғылыми-танымдық, көркем қойылымды «Жырау», «Қаһарман», «Ақшатауды асқақтатқан асыл рух» фильм-портрет жобаларының жетекшісі.

Біз бүгін Берік Мырзалыұлымен сыр-сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Беке, екеуара әңгімеміздің кейінгілер үшін мәнді дүние болатынына сенемін. Сіздің түп негізіңіз – ата-бабаңыз өсіп-өнген жері Арал өңірі екенін көпшілік біледі. Дегенмен жалағаштық ағайындар да, «Ой, ол біздің Берік қой!» деп өзіңізбен мақтанады. Ал енді екі ауданның төл перзенті ретінде қай жағына бүйрегіңіз көбірек бұрады? Әңгімені осыдан бастайықшы.

– Жасыратыны жоқ, Арал – кіндік қаным тамған, ата-бабамның асыл сүйегі қалған жер. Алайда Жалағаш – топырағының нәрі мен сөлін берген, алау шағым өткен, ақжелең күнімнің бедер, белгісі қалған, өскен жерім ғой. Оның үстіне өмірдегі қимастарым мәңгілік байыз тауып жатқан қасиетті күрең топырақ жайында не деуге болады? Сондықтан да мен қос аудан үшін «төл» перзенттен гөрі тел перзент санатына жататын шығармын.

Адам баласы әуелі Алланың бұйрығымен, содан соң ата-ананың ықыласымен жарық дүниенің дидарын көреді. Сол екі асылдың қайсысын жаныңа жақын тұтып, айырып жақсы көруге болады? Бұл тұрғыдан келгенде Арал – әкемдей, Жалағаш – анамдай! Бәлкім, бұл теңеуді керісінше қолдануға да болатын шығар. Жаратқан иенің пендесін екі бүйрекпен жарылқағанына шүкір. Жалғыз болса қайтер едім, бір жағына тартып кетуі де мүмкін ғой. Сол үшін де бізді қос енені тел емген арда қатарына қосса да, екі кемпірдің ортасында шалқып өскен ерке балаға теңгерсе де әркімнің еркі өзінде. Әйтеуір екіжақты болып кеткен ештеңем жоқ. Туған жер, өскен елім жайындағы жалтағы жоқ, әсіре мақтаусыз сөзім керек десең, осы.

– Беке, Жалағаштың киелі сахнасы талай талант пен дарынды түлеткенін білеміз. Сізді де өнер айдынына қанат қақтырған осы сахна емес пе?

 – Иә, менің алғаш шыққан пірлі сахнам – Жалағаш аудандық Мәдениет үйінің төрі. Марқұм Мақашу – Мұхамедияр Әбжанов №202 орта мектеп директоры Әли Еркебаевты арнайы іздеп келіп, рұқсатын алып, мені аттай қалап, сұрап алып кеткені есімде. Сол күннен бастап біз аудандық «Алтын арай» ән-би ансамблінің құрамында аудан мен облыс көлемінде өнер көрсете бастадық. Ел өнерінің тұтқасын ұстаған Тынымбай Мәдиев, Жұмабек Аққұлов, Жұма Данилов, Қали Ыбыраев, Рәш Отызбаева, Мәлік Сыздықов, Төребек Бақтыбаев, Роза Боранбаева, Жорабек Смайылов, Николай Цой, Галина Хигай сияқты мықтылармен сахналас болдық.

 Ол кезде ұжымда кәріс ұлтының өкілі көп. Қарақұмға, малшы қауымға концерт қоюға жиі шығамыз. Рульде Феруза Кенжебаева апамыз. Алыс шақырымдарды еңсеріп, қара жолдың шаңын будақтатып келе жатады. Шалғайда жатқан шопандарға жеткенше, одан елге қайтқанша, арамызда неше түрлі әңгіме, анекдот, бір сөзбен айтқанда бітпейтін күлкі-думан, риясыз ойын-сауық. Аудандық көркемөнерпаздар ұжымының концерті біткен соң, кешкі қонағасы үстінде де еңбекші қауым тағы да өнер көрсетуді сұрайды. Енді кәрісіңді кәйтсін, оларға мақпал мақаммен сылқылдатып соғып отыратын Сыр сүлейлерінің сөзі қажет. Ақ домбыраны бауырға алып, шарта жүгініп отырып мен кірісемін. Содан таң қылаң бергенше жырлайсың. Сол кездің өзінде бір күн, бір түнді бүктейтін репертуарым бар еді. Томағамды алып топқа түсіп, алқаға жыр айтуым осы кезде басталды. Шамамен 8-9 сыныпта оқимын. Әлгіндей сапардың бірінен кейін Қарақұмнан бір жүк көлігіне 20 бас жандық тиеп, 1 тайлақ артып жіберді. Бұл – мен жыр айтқан шаңырақ иелерінің «жырау балаға» сүлейлер рухы үшін атағандары еді. Зейнеткер ата-анамды сөйтіп бір шала «байытып» тастағанмын.

– Беке, сіз осы өзіміздің Еленамен құрдас емессіз бе, бұл қарындасымыз да қазір елдің мақтанышына айналды. Екеуіңіз де үлкен өнерге Жалағаштан қанат қақтыңыздар-ау?

 – Әрине, қазақ өнерінде Еленаның орны бөлек қой. Жалағаштық оқушылар арасында құрдасым һәм өнердегі жақаттасым әнші, ақын, композитор, ғалым Елена Әбдіқалықова екеуміздің атымыз қатар шықты. Сол кездің өзінде Елена аудандық «Жаңадария» газетіне мақала жазып тұратын. Менің республика жұртшылығына танылуым ақын Фариза Оңғарсынова басқаратын «Пионер» журналына өнерім жайында ақын Айсұлу Рүстемова жазған мақаладан кейін басталды. Ол кезде аудандық комсомол комитетінің төрағасы Тұрсынбек Тұрлашев ағамыз сыныптасым Әлиакбар екеуміздің «оқушыға сай емес қылық жасап», досым тәртіп сақшыларының қолына түсіп, комсомол қатарынан шығарған «ауыр жазаны» кешіріп, комсомол билетін қайтып берген уағы. Соның алдында ғана Елена, Әлиакбар үшеуміз облыстық комсомол жастары айтысына қатысып, өз бағытымыз бойынша жүлделі бірінші орынды алып, дүрілдеп тұрған шағымыз ғой. Қайран, жастық десеңші!

1987 жылы Жалағаштан тура Алматы мемлекеттік консерваториясына жол тарттым. Соның алдында бір жыл бұрын ауданға халық мұрасының жанашыры, Сыр бойы фольклорының жинаушысы Мардан Бәйділдаев келіп, 60 жылдық мерейтойы туған ауылы Аққошқарда аталып өтіп, маған Алматыға келу жайында кеңес беріп, ерекше ықылас танытып кеткен. Сол сапарда ақын Сағи Жиенбаев, Иранбек Оразбаев, Қомшабай Сүйенішевтер тілектестігін білдіріп, ақ жол тілеген. Сөйтіп, жыр жамылған Жалағаш біздің қанатымызды қатайтып, белімізді буып, шет-шегі жоқ өнер мен ғылым жолына елдің батасымен шығарып салған. Мен сол үшін де қайран Жалағашты ерекше жақсы көремін. Құрметім де солай, топшымды бекіткен күрең топыраққа тәу етуден бір танған емеспін. Лайым солай бола бергей!

 – Беке, облыста үлкен бір саланың басшысы болдыңыз. Мені бір қызықтырғаны, сонда бір байқалған жайт қатарыңыздан әлдеқайда ересек көрінесіз. Болмысыңызда заманның жаңалықтары мен «жақсылықтарына» қарағанда көнекөздерге деген құрмет сезіліп тұрады. Бұл атаның қанымен, тәрбиесімен, ананың ақ сүтімен бойға сіңген қасиет пе, әлде басқаша бір себептері бар ма?

– Жасыратыны жоқ тым ерте есейдік, оған себеп көп. Заманның жаңалықтары мен жақсылығынан да кенде қалған жеріміз жоқ. Бізді өнерде де, ғылымда да новатор қатарына жатқызатынын білетін шығарсыз. Бірақ біздің бойымызға біткен қасиеттің әуелдегі асыл төсегі ескі. Ол енді пенденің қалауымен болатын заттық сипаттағы нәрсе емес деп ойлаймын. Содан кейін тағдыр дегеннің әуелде пешенеге жазылатынына сенбей көр. Жалпы маған дүние есігін ашқанда Сыр бойының әдебиеті, фольклоры, музыкалық мұрасын жүйелеуге орай ерекше бір аманат жүктелген болу керек. Әйтпесе табиғи қабілетімді басқа салаға бағыттаса менен тәп-тәуір дәрігер, білікті ауыл шаруашылығы маманы, экономист немесе заңгер де шығуы мүмкін еді. Осы саладағы ғылым түрлеріне тер төксем де елге пайдам шаш етектен болары сөзсіз. Өйткені, аталмыш саланың қай-қайсысына да кет әрі емеспіз. Бейімділік дегенді содан байқаймын. Бірақ амал қанша, біздің тағдырымызды мүлдем басқа арнаға бұрған Алланың құдіретіне не шара?

 – Сонда балалық, бозбала, жігіттік кезеңде осы кәсіппен, фольклортану ғылымымен айналысамын деп өзіңізді дайындадыңыз ба, Беке?

– Жоқ, фольклортану, этнография, тарих, музыкатану, мәдениеттану, журналистика саласымен шұғылдану деген ой әуелде үш ұйықтасам түсіме кіріп-шыққан емес. «Кім боласың?» деген еркін тақыпқа «Шаштараз боламын!» деп шығарма жазғаным күні кешегідей есімде. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең жаздым, бірақ ақын болуды армандаған жоқпын. Есіл-дертім көне дүниеге – Сыр саздарына ауа берді. Шалдардың қоңыр дауысына есім кетіп ынтызар болдым. Бар ынтам сүлейлердің асыл жырына жығылды. Сөйтіп жүріп сөз өнерінің «дертіне» шалдықтым, есті әңгіменің соңынан кеттім, еркімді басқа бір тылсымға билеттім. Тіпті, кейде жер басып жүргенімді сезбейтін едім, үнемі қалықтап ұшып жүретін тәріздімін. Бойымды сондай бір алапат күш биледі. Сол сезім өмірі сөнбейтіндей, әлсіреп, азаймайтындай көретін. Тек «бір жерде сондай көнекөз бар екен» дегенді естісем болды, қалай да қасынан табылып, көкірегіндегі қазынасын қауғалап отырғаным. Дүниенің бояуы да бөлек болып көрінетін. Адам баласының сондай бір алтынға айырбастағысы келмейтін кездері болады екен, Тұреке.

 Күн санап солардың тылсым әлеміне сіңе бастадық. Оған өзім сондай қайыл болдым, сол сырға малшынған рақат әлемнен шыққым келмеді. Сөйтіп жүріп балалықтың не екенін түсінбей қалдық. Мұным «балалығым, шалалығым болған жоқ, елден ерекше едім» деген сөзім емес, әрине. Қателігім Қап тауынан да зор, білместігім Оман дариясынан да терең. Амал қанша, енді не айтқанда оның қайтып оралмайтын күндер қатарына өтіп кеткенін жақсы білемін. Енді тек іштегі бүкпені ретіне қарай сыртқа шығарудан басқа амал жоқ. Сыр бойының күрең топырағы бізді шалдар киген көнетоз шапанның шалғайына салып өсірді. Ол кезде мен мына жарық жалғаныңда солардың айтқан сөзі, салған әні, тартқан күйі, толғаған жыры, мөлдіретіп иірген мақамынан артық қызық пен байлық бар деп ойлаған жоқпын. Оны ажырата алатын халде де емес едім. Біздің балалық шақтың дариға-дәурені осылай өтті.

– Беке, бұл өзі дерт қой, иә? Кәдуілгі, өнерге шын ғашық жанның дерті емес пе?! Ғашықтар дүниеден безіп, ынтызарының соңында баз кешіп кетеді екен. Сізге де бұл дерттен арылу үшін бір әрекет жасау керек болған шығар?

– Шежіре, жырға деген шөлімді басып, мейірімді қандыру үшін 12-13 жасымда ел аралап, фольклор жинауға бекіндім. Әкем марқұм бір зейнетақысына «Романтик» деген магнитофон сатып алып берген. Жұрттың баласы сондай техниканы би алаңына сүйрелеп, итіңдеген бірдеңелерді тыңдап жүргенде, біз қайда, қандай кемпір-шал бар десе, солардың есігін тоздырып, балалық қуат көзінің нәрін мұра жинауға жұмылдырдық. Сақалы белуардан келетін сол жарықтықтар мені жатырқаған жоқ, керісінше, туған баласына айтпаған сыры мен шынын менен аямады, аппақ пейілдерін тосты. Қиялымның бір бұрышында білімге қатысты бұлыңғыр бірдеңе жылт ете қалған күннен бастап фольклор жинауға құнығуым үдей түсті. Дұрыс па, жоқ па, ажыратып жатқан мен жоқ, басы-көзіне қарамай жинай бердім. Сөйтсем, Алла өзі пендесін бағыттап отырады екен ғой. Сол бала күнгі жиған-терген материалдарым әлемдік фольклортануда қалыптасқан мұра жинау мен қолжазба хаттау заңдылығының ізінен онша ауытқи қоймапты. Әлгіндей түйсігіме кейін өзім де таңғалдым.

– Біздің ауыл – Аққыр жақтағы Байнияз, Жаңаталаптағы Абай, Матай, Мәлік, Мәдениеттегі Қитарбек ақсақалдардың дауысын бұрын-соңды таспаға түсірген ешкім болмады. Жарықтықтар, таңды таңға ұластырып жырлайтын еді-ау. Біздің ауылға Қармақшыдан Шамшат апамыз келіп, үйге түсіп, бір түн жырлағанын көзім көрді. Сол жыршыларды ауылдағы еті тірі ағаларымыз баяғы совет заманындағы столдың үстінде тұратын үлкен магнитафонға жазып алып жүретін. Ондай құрал екінің бірінде жоқ, санаулы ғана үйде болатын. Бірақ солар жазып алғандарын кейін іске асыра алды ма, жоқ па, білмедім. Әр жерде қалды-ау, шамасы. Көзі кеткесін, балалар қайтсін ондайды.

– Тұреке, бұл Жалағашта менің бармаған жерім, баспаған белім, дерек алмаған адамым сирек. Сол Аққырдағы Байнияз Желдербаев, Жаңаталаптағы Абай Әлішбеков, Матай Ғаниев, Мәлік Тоғызбаев, Мәдениеттегі әйгілі Дәуімшар бидің жиені Рахмет пен Қитарбек (Сары), Таңдағы Әубәкір Есжанов, Қаракеткендегі Жадырасын Тасбергенов, Жәниіс Нұрбаев, Калининдегі Құлмұрат Мысатаев, Әбжан Шарапов, Аққұмдағы шежіреші Әлмеш, Ібән Аралбаев, Байділда Сәрсенов, Сұлтанбек Ысқақов, Жалағаштағы Сақып Әбжанов, Мырзағали Ақжолов, Мырзаш Итемгенов, Серік Қанзадаев, Гәжденбек Қуанышев, Коммунизмдегі Мылтықбай Ақмырзаев, Ақсудағы Әлмағамбет Ахметов дейсіз бе, міне, осылар айтқан сан түрлі дерек пен солар орындаған ән, күй, мақам үлгілерін толық таспаға түсірдім. Бұл – тек Жалағаш ауданы бойынша бала күнімде жазып алғандарым ғана. Кейін Қызылорда облысының қалған 6 ауданы, студент кезімде Қазақстан толайым, көрші Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстанды аралап жеке экспедиция жұмысын жүргіздім. Оған қоса Қазақ радиосы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Орталық Ғылыми кітапхана, Орталық Мұрағат қорында сақталған материалдарды ел ішінен жиналған мұрамен беттестіріп, әбден елеп, екшеп, керегімді толық көшіріп алдым. Консерваторияда оқып жүрген жылдары соның денін санаға сіңіріп, жүрекке жазып, жадқа алумен айналыстым. Несін айтасыз, мұра жинау, оны іске асыру оңай шаруа емес.

– Мына әрекетіңіз ғажап екен. Аудан, облыс, еліміздің сан қиыры, көрші мемлекеттер… Бұл не сонда, Беке, жанкештілік пе әлде өлермендік пе?! Таңданыстан туған сұрақ қой. Бір ұққаным, өнер мен ғылым жолында өзіңізді аямағаныңызды білдім. Әйтсе де, қазақта тек деген ұғым бар емес пе? Жеке басыңызды ешкім кеміте алмас, дегенмен түп негізіңізде де үлкен қасиет болып тұр ғой, сірә?

– Атаның қаны, ананың сүті арқылы келетін тұма бастауы тұнық болмаса, бәрі бекер. Шешем Ұлмекен Еркеғұлқызы Кішкене Жолшараның Ашабай тармағының қызы еді. Нағашы жұртым бәйгеге бұқа қосып, бірінші келтірген Қабыл бастаған атақты «Сегіз Қасқа». Түп нағашым Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясындағы Қален – барымташы Мұраттың Көптілеуі һәм сол Әбеңнің өзі. Өз әкем Мырзалының ескіден хабары мол болды, әкесі Жүсіп ағайынның дау-шарына араласқан, билігіне жұрт жүгінген ақсақал. Оның әкесі Жақып Өтеулі баласы – бәби Тілеулес ишан Нұрсейітұлымен бірге Түркістанда пірге қол берген софы. Оның әкесі Өтеулі Қоңырұлы – төрт түлігі тең өскен, қауқарлы қазақ. Асыл сүйегі Кіші Аралдың бойында, Көкаралдың жонында жатыр. Сол төңіректегі үлкен қорым әз бабамның есімімен аталады. Арғы тегім Бәйімбет Көгісұлы – Шектінің старшыны, Әбілхайыр ханға қызмет жасаған, Кіші Орданың елшісі Құтлымұхаммед Тевкелевпен тамыр болып өтіпті жарық жалғаныңнан. Тарихи бейнесіне жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романынан ойып орын берген. Жұрттың қалай қабылдайтынын білмедім, Аллаға аян, өзіме белгілі шыққан сойымыз осы! Бойымдағы қасиеттер жиынтығын іздесеңіз тірелетін нүктені сол төңіректен табасыз.

– Беке, Сыр бойының жыршылық, жыраулық өнерін сізден асырып зерттеген ешкім жоқ десем қателеспеймін-ау. Бұл жайында монографияңыз, бірталай зерттеу, тармақты мақалаларыңыз жарыққа шыққанын білеміз. Кейін докторлық диссертация жаздыңыз. Сыр бойында қалыптасқан жыршылық мектептер басқа өңірден несімен ерекшеленеді? Сыр бойындағы қазіргі жыршылық өнердің бағыт-бағдары, деңгейі қалай, жалпы бұл саланың көрнекті өкілдерінен кімді айтар едіңіз?

– Сыр бойында қалыптасқан жыршылық өнердің басқа өңірлерден айырым ерекшелігі көп. Түркі-моңғол жұртындағы эпик жыршыларға тән күңіренген бурдон дыбыс пен қобыз аспабының арасындағы келісті үйлесім Сырдың қобыз үнді жырауларына әсер еткені анық. Басты ерекшеліктің бірі – осы. Мен сол қобыздағы бурдон дыбыстардың түрлі бағытта шашырай тарамдалуын көмейдің құмығыңқы үні арқылы дүниенің жаратылу актысын сипаттайтын керте ретінде көрсеттім.

Әрине, бұл үлкен жұмыстағы шағын ғана мәселе. Десе де, бізге дейін әлгіндей үдерістен пайда болатын ішек тербелісіне дауысын қосқанда кеңістікте шиыршық атып, шашырай бұралатын алабөтен негізді, сол арқылы көрініс табатын қыл ішек пен көмей тілдің табиғи түрде өзара кірігуінен пайда болатын бурдон феномені Сыр бойындағы жыршылық дәстүрмен байланыста көрсетілген жоқ. Сыр бойы мақамдарының екінің бірінің ырқына көне бермейтін ерекшелігі де осында ғой. Олай болса, мұны жете зерттеп алмайынша, Сыр бойы жыршылық өнеріндегі генезис, антогенез, филогенез, футурогенез дегендерді түсіну қиын. Біз осы үдерістің Сыр бойы жыршылық дәстүрімен қалай бетпе-бет келіп, шешім тапқанын ажыратып бердік.

 Сыр бойындағы бүгінгі жыршылық өнердің бағыт-бағдарын сыңар ауыз сөзбен түйіп айтсақ, қазір бұрын-соңды болмаған соны құбылыс – сахналық өнер шеруі желкен керді. Жыршылықтың төлқұжаты болып саналатын көне жырларды қамтыған байырғы жыршылық репертуар да, оның тыңдаушысы да құрдымға кетіп бара жатыр. Мен ол үшін заманауи жыршыларды жазғыра алмаймын. Бұл – әлемдік үдеріс. Бірақ тап осы кезде «бізде бәрі жақсы, жыршылық дәстүр дамып келе жатыр, оқу орындарынан кафедралар ашылуда…» деп, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп жалған сөйлеудің қажеті жоқ. Тірі ағза үшін жан тапсыру оңай ма? Бұл – суға кеткен жанның тал қармауындай ғана әрекет. Қазір жыр, терме өнерін, мақам үлгілерін түрлі дәрежеде насихаттап жүрген Айбек, Арнұр, Серік, Амандық, Ұлжан, Айгерім, Ақмарал, Руслан, Майра, Бисенбек, Берік, Эльмира, Марат, Күнсұлу, Мұхамедәлі сияқты сахнагер өнерпаздар бар. Осылардың ішіндегі эпикалық қарымы кең, байырғы эпикалық жыршылық санатқа толық жауап бере алатыны Алмас Алматов. Ал көненің көзінен қалып тұрғаны жыршы Бидас Рүстембеков, термеші Жұмабек Аққұлов, әнші Әлмырза Ноғайбаев.

 Қазіргі адамның жанын қолына, яғни сағатына байлап қойған ғой. Тыңдаушының салалы жырларды бастан-аяқ тыңдап, әңгіме сапырып отыруға уақыты жоқ. Сананы да, тұрмысты да техногенді өмір салт жеңіп, күнделікті өмірімізге үстемдік орнатып болған. Сол үшін ендігі көп қисынның тізгінін ғылымға, осы сала мамандарына ұстату керек. Жыршылық коммуникация жүйесін жедел түрде өзгерту керектігі жайында екі күннің бірінде зар қағып айтып отыратынымыз сондықтан. Алайда ғылымның сөзі жанға жайлы сылқылдақ жыр емес. Кейде оның мүлдем қатқылтым болуы да ықтимал. Оны жұрттың бәріне бірдей майдай жағады деп тағы да өтірікші бола алмаймыз. Сол үшін біздің жұртқа таңдау жасау қажет. Көлгір сөйлеп, бір-бірімізді жорта мақтап, осы барымыздан да айрыламыз ба? Жоқ, әлде шындықтың бұжыр бетіне тура қарау арқылы байырғы жыршылық дәстүр келіп тірелген заманауи мәселелердің шешімін тауып, көл-көсір мұраның бағын өркениетке лайық ашатын соны соқпақ іздейміз бе?

– Беке, уақыт бір орнында тұрмайды, алдыңғы буын кетіп, кейінгі толқын жастар келеді. Біз көзіміз көрмеген ұлттық өнердің қайнары болып саналатын қаншама дүлдүл өмірден өтіп кетті. Бұрынғылар жүріп өткен жол мен бүгінгі күн талабы арасында сабақтастық байланыс бар ма, өнерге кейін келген інілеріңіз бен қарындастарыңыз осы байланысты қамтамасыз ете алды ма? 

 – Көзі тірі айтушылардың өнеріне қатысты төрелікті мырза уақыт өзі бере жатар. Жүйе жоқ жерде бірдеңе айтудың өзі қиын. Ал өмірден өтіп кеткен жыршылардың жайына келсек, онда сұрағыңның көтерген туы бүгін түспейді, Тұреке. Музыкалық антология, энциклопедия жасау тәжірибемдегі тырнақалдым «Маңғыстаудың музыкалық мұрасы» (96 ән, күй, мақам) болатын. Сондай жұмыстың келелісі қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі Қазақстандағы 17 конфессияны тұтынатын 100-ден аса этнос өкілдерінің өнеріне қатысты «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұрасы» («Музыкальное наследие этносов Казахстана», «The musical heritage of ethnic groups in Kazakhstan») деген еңбегім 2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық-саяси институтының құрылғанына 20 жыл толуына орай Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен жарық көргенін білесіз.

Сыр өнерінің жанашыры, марқұм Қаһарман Бабағұловтың қаржылық көмегімен жарық көрген «Сыр сүлейін сұрасаң» антологиясына Қызылорда облысының 7 ауданынан (Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған) шыққан 67 әнші, күйші, жыршының репертуары жайында мәлімет, 298 ән, күй, мақам үлгілерін топтап берген болатынмын. Сыр бойында Мәдениет басқармасына басшылық жасаған жылдары осы жұмысты күрделендіріп, «Қайталанбас дауыстар» («Неповторимые голоса». Антология мастеров Сырдарьинского региона) деген атпен 237 Сыр саңлағы жайында құнды мәлімет, жеке жинау жұмысымның нәтижесінде түрлі мұрағат қорларынан алып жүйелеген 523 ән, күй, мақам үлгілері, терме, толғау, хат, жауаптасу, эпикалық жыр үзінділері, сондай-ақ әнші, күйші, жыршы, ақын, актер, жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлерінің дауысын топтап бердім. Солардың арасында мен Рүстембек Жиенбаев, Нұғыман Молыбаев, Рахмет Мәзқожаев, Күндебай Алдоңғаров, Әбілда Жүргенбаев, Сүйібай Ақбаев, Балқашбай Жүсіпов, Берекет Омаров, Көшеней Рүстембеков, Алшынбек Сәрсенбаев, Темірхан Ерғалиев, Болатбек Ердәулетов, Сұраған Мырзаев секілді дүрлерді тыңдаудан жалықпаймын. Әрине, ол қалғандарын мүлдем тыңдамаймын деген сөз емес. Заманы бір айтушылар арасында мақамды осы жайсаңдар секілді құбылтатын жыршылар тым сирек еді.

– Беке, біраз уақыт Қызылорда облысының руханиятына, мәдениетіне қызмет еттіңіз. Үлкен саланың басшысы болып жүргенде қыруар жұмыстар атқарылды. Оны күнде көзіңізге айтып жатпаса да, көзіқарақты ел біледі. Алғаш рет «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі өтті, әлгінде өзіңіз айтқан «Қайталанбас дауыстар» музыкалық антологиясы, «Сыр сұлуы», қайдасың?», «Жанымның жарты қобызы» үнтаспасы, «Сыр өңірінің мәдениеті» тарихи анықтамалық альбомы, жауынгер ақындардың хат өлеңдерін құрастырып «Майданнан хат» жинағын шығардыңыз. Осының өзі бір институт атқаратын жүк қой. Сіз соны жалғыз жүріп-ақ ретке келтіріпсіз.

Тап сол кезде бұрын көңіл бөлінбеген қылқалам шеберлерінің шығармашылығы ерекше бағалана бастады. Бірнеше Республикалық суретшілер пленері өткізілді. Соның қорытындысымен Ө.Мамақованың, Қ.Зәкірұлының «Құс жолы», Р.Шегебаевтың «Қорқыт менің жүрегімде», «Сыр мұражайының ғажайыптары», С.Пірмаханның «Қылқалам шерткен жыр ғалам», «Тәуелсіздіктің сырлы бояулары» альбомдары мен талантты режиссер Ә.Хұсейннің «Сол бір жаңа жыл» кітабы шықты. Жоғалдыға саналып жүрген Н.Кенжеғұлұлының «Тағаймұрат» дастаны, Манап пен Мұхтарға дейінгі айтыстың 27 жылын қамтитын «Сырда өткен сөз сайыс», ұстазың Манап Көкенов жинағанмен зерттеусіз қалған Қ.Алдабергеновтың «Асылмын әлі күнге танылмаған», сүлейлер ізін жалғаған өлең иелерінен екшеп «Сыр саңлақтары» жинағы, «Жырау» ғылыми-танымдық, көркем қойылымды фильм жасалды. Соларды құрастырып, алғы сөзін жазып, жауапты редактор, өмірбаяндық деректерін жазу жұмыстарын да атқардыңыз. Арасында Астана, Алматы, Өскеменде Қызылорда облысының күндерін өткізіп жататын едіңіз. Зыр қағып жүріп 7 ауданды аралап, солардың мәдени жұмысына бағыт-бағдар беретінсіз. Мен өз басым таңғаламын, тіпті миыма сыймайды, осының бәріне қалай үлгеріп жүрдіңіз?

Көзіқарақты, көкірегі ояу азаматтар осыншама жанкешті еңбекті көрер, түбі ескерер деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, меніңше сіз еліңізге беретініңізді бір адамдай-ақ бердіңіз, тіпті сыбағалы үлесіңізді асырып жібердіңіз. Ал енді елден не алдыңыз, соны айтыңызшы?

– Академик жазушы М.Әуезовтың «Біздің Мардан бар жерде құлдың керегі жоқ екен ғой» деген сөзін ерекше ілтипатпен айтып жүретін, иманды болғыр Мардекең. Сол айтқандай-ақ болған да қойған екен, Тұреке. Дегенмен рақмет, бір адамның ескергені мың адамның қош көргені деп қабылдадым бұл ілтипатыңызды. Әрине, кезінде талай істің арқауына мұрындық болған шығармыз, көп жағдайда идея қосқан болармыз, ретін тауып болар жағын көрсеткен, облыс басшысына түсіндіріп, мәдениеттің мың сан мәселесіне көзін жеткізіп, сенім шақыратындай етіп жасандырған кезіміз аз болмаған шығар. Оны Алла біледі. Әйтеуір, қанша жыл басшы болғанда, ешкімге сөйлейтін сөзімді жаздырып көрген жоқпын, өзіміз де қағаздың мөріне қарауды білмей кеттік.

Басшыға сөз келмеу жағын ойлап, көпаса өзім жүгіретінмін. Қызылорда қаласының ортасында «Сүлейлер» деген аллея бар. Соның идеясын ғылыми негіздеп, Сержан Нәметшаның авторлығындағы бір ұшы қалам, келесі ұшы найза тектес стелланың мән-мағынасын ашып, «Сүлейлер» деген сөзден бастап, жағалай тасқа қашалған мәтіндерді түгел өзім жазып шыққанмын. Әрине, мемлекеттік қызметте жүріп, бір жағы шығармашылықпен айналысу адамды шаршатады. Шаршағанда да, біржола сөліңді сығып алады ғой. Есесіне, қазір қандай, көрген адам сүйсінетін ескерткіш болып қалды.

 Десе де, сол жобаның құрылысы кезінде қалып қойған ерекше бір детальді кейін ешкім қолға алмады. Бір әкімнің игі жұмысын соның орнына келген басшы жалғастыра бермейтіні қасірет қой. Негізі, «Сүлейлер» аллеясында дыбыс ұлғайтқыштан күндіз-түні «Сыр сүлейін сұрасаң» музыкалық антологиясына енген, басқа да көне ән, күй, мақамдар айтылып тұру керек болатын. Әсіресе көктем, жаз, күз айларында, аллеяда жүріп серуендеген Сыр халқы, келімді-кетімді меймандар сол көне саздарды тыңдап, рухани тоғайсын деген ізгі ойымыз іске аспай қалды. Кім біледі, мүмкін осы сыр-сұхбаттан кейін ол мәселені қайтадан қолға алуы мүмкін ғой. Мәдениет саласына келген басшы Асқарбек Есжанов немесе қала әкімі Ғанибек Қазантаев осы жұмысты жаңғыртса, құба-құп емес пе? Ең бастысы идея дұрыс, ал оны идеологияға айналдыру басшылардың міндеті. Осындай аллеяны әр облыстың орталығынан ашып, сол аймаққа тән дәстүрлі ән, күй, мақамдарды күні-түні саңқылдатып қойса, қандай жарасымды болар еді. Мәдени насихат пен саяси жарнаманың да үлкен түрі осы емес па? Ең болмаса қазіргі әулекі әуендерден миымыз тынығар еді.

Қызылорда облысының Мәдениет басқармасы мен Халық шығармашылығын дамыту орталығында, бұрынғы көзкөргеннен қазір кімдердің қалғанын білмеймін, жұмыс жасайтын қыздардың қай-қайсының да еңбегі ерен, тапқан наны адал ғой, шіркін. Күн, түн деп уақытпен санаспай, бай, бала, жанұя деп алып қашпай, жанын жалдап жүрген жандар ғой. Әйтпесе, іс-шара деген кім-кімді болсын сарқып, қажытып жіберетін нәрсе. Жыл бойы халықтан алған батаңды бір шарада микрофон шиқ ете қалса, болды, бәрін жуып-шайып, кім жаман «Түгенше оңбаған!» болып шыға келесің. Мен өткізген іс-шаралардың шешімін көбіне сценарист, режиссер Орынкүл Бұрханова мен Оңталап Нұрмаханов жасайтын. Өзім де салаға еншілі болған соң, олармен барынша түсінісіп бақтым. Әрине, екеуі де мінезге кең емес, менің де жібектей есіліп тұрғаным шамалы. Алайда, жонға салсаң жүйрік, жолға салсаң жорға сол екеуінің менен қандай пайда көргенін білмедім, өз басым осылардың жұмысынан көп нәрсе түйдім.

Жасыратыны жоқ, Мәдениет министрлігі беретін салалық «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алып беруге жоспарлы түрде жұмыс жасадық. Салаға маңдай терін төгіп, ғазиз ғұмырын арнаған жан еңбегінің жемісін дер кезінде көргені игі ғой. Қазақ «Атымды ата да, сыбағамды итке таста!» деген жоқ па? Мәдениет басқармасында Сәуле Камалова, Алма Қойшығұлова есімді екі қыз болды. Екеуі де жалағаштық, салаға 30-35 жылдан еңбек сіңірген. Сол екеуін атақты ету үшін барымды салдым. Өйткені, басқармада жұмыс жасайтын бір қызметкер еленбеген. Осындай көзқарастан соң олардың өзі кімді елегендей? Мұндай «Хақ жарылқап» жағдайдан мекеме басшылары да құр қалған жоқ. Ондағы ойым: өзінде атақ жоқ басшы оны өзгеге де қимайды ғой. Өзіме дейінгі 10 жылға зерделеу жасағанда, облыс бойынша алғаны 10 шақты екен. Менің тұсымдағы 5 жылда 40 шақтысын бүктедік. Аз ба, көп пе, ол жағын білмедім. Мен аз да болса шарапатымды тигізуді ғана ойладым. Бұл жайында кезінде досым Дүйсенбек Аяшұлы «Қазығына байланған қасиет» деген мақаласында келімін келістіріп жазды.

Міне, мен осындай жандардың алғысына бөлендім. Әрине, ол тізімге де қаңғалақтаған бір-екі көлденең көк атты кіріп кеткен болуы мүмкін. Оны жасырмаймын. Демек, солай болуы тиіс еді. Алғыс дегеннен шығады, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, шешен тілді Сейілбек Шаухаманов бізге қаратып, «Шымшықты да қасапшыға сойдыру керек екен ғой» дегені бар еді. Мен сол Секеңнің батасын алдым. Тұңғышымның үйлену тойында «Асығың алшысынан түссін!» деген сувенирді қолыма ұстатып тұрып, «Берікжан, апаң екеуміз әдейі ырым етіп алып келдік, менің бағым жұғысты болсын!» дегені бар еді. Өмір алда ғой, батасын Раббым өзі қабыл еткей! Шешен адам еді, мен оның қалың топта қашан, қанша сөйлегенде әуелгі сөзін қайталамайтын, көп кісіде кездесе бермейтін сирек әдетін үйренуге тырыстым, өзін ұстаз тұтындым. Сол арқылы жазушы, «Тұран-Қазалы» газетінің бас редакторы Әлмәмбет Әлішевпен араластым. Кейін Әлекеңнің 70 жылдығында баяндама жасап, бір мерейтойында шығармашылығы жайында үлкен мақала жаздым. Осы жиыннан кейін ҚР тұңғыш премьер-министрі Ұзақбай Қараманов ағамен қойын-қолтық араласып, ақырғы күндеріне дейін баласындай болып қызметін жасадым. Жақсыдан жұғысты болатын шарапат пен шапағат дегенің осы емес пе?!

Біздің елдің үлкендері бір-бір белес қой. Қазақстанның халық артисі Серік Шотықов, режиссер Әмір-Темір Хұсейін, актер Бақытбек Алпысбаев, суретші Серік Пірмаханов, журналист Ахат Жанаев ағамыз кездескенде «Берікжан!» деп тұрушы еді. Өкінішке қарай, дені келместің кемесіне мініп кетті ғой. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров ағамыз бен ақын Қадыр Мырза-Әлидің арасында үлкен достық бар еді. Бірақ ол кісінің қызметі қолбайлау болды да, Қадыр ағаны күтіп алу, Сырдан қашан қайтқанша қасында болу, қосын жегу, шығарып салу бақыты ақыры бізге бұйырды. Көкірегіндегі қазынасы сарқылмай кеткен, белгілі орындар тарапынан жазып алынбаған нар қазақтың бірі осы. «Берікжан, белгілі бір уақыттан кейін қызметті таста, шығармашылыққа көш!» деумен кетті. Қадекеңді тану арқылы оның поэзиясын жатқа соғатын, Сыр сүлейлерінің сарқытындай Сәпен Аңсатов ағамызбен етене болып кеттік. Қайсы бірінің атын атай берейін, Сыр бойының жеті ауданы, қаласы мен даласындағы үлкендеріміздің бәрімен араласып, қызмет бабында жүріп тәлім алудың өзім үшін соны жобасын жасап, сол діттегенімді іске асырғандай болдым.

Қаншама азаматтармен танысып, сапарлас, дәмдес болып, туған елдің топырағын армансыз араладық. Шынын айтқанда, біз елді білмейді екенбіз. Балалық шақ өз алдына, ал есейіп, еңсе тіктегенде келіп, қызмет жасап, аға-інімен араласудың жөні бір басқа болады екен. Міне, сол аралас-құраластықтың ізі әлі жалғасып келе жатыр. Айнымас адал дос жинадық, тасада тұрып тас ататын дұшпан да тапқан болуымыз мүмкін. Онсыз бекер екен, ет пен сүйектен жаралған пенденің жолы тақтайдай түзу болмайтынына, ақ пен қараның айқасы мәңгі жүріп отыратынына елде жүргенде көзім жете түсті. Сыр бойында мыңға тарта тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштің ізі бар. Соның біршамасы сақталған. Өзіме қатысты болған соң, қызмет жайымен жүріп солардың тарихын қайта танып, бүге-шүгесін анықтап, бұрын беймәлім болып келген сырларын ашып, өзімді тарих пен археологияға жектім. Елге келіп еңбек етпесем, мүмкін сол қырымыз жабулы қазан күйінде қала берген болар ма еді, кім білсін? Мұны 20 жыл өткенде қайта табысып, өзгеше танысқан туған жерден жұғысты болған олжа демегенде не деуге болады? Бұл жағынан біздің алғанымыз шаш етектен.

Ел бізге ерекше ықылас танытты. Жүрген жерімізде қошемет, құрмет көрсетті. Қарымтасына, біз де бедірей болмауға тырысып бақтық. Бірақ кім біледі, қате басқан жеріміз де бар шығар? Пенденің жаза баспайтын кезі жоқ қой. Адамтану деген арнайы ғылым саласы жоқ, бірақ барлық ғылым соған келіп сүйкене береді. Абайша айтқанда, туған топырақ төсінен сол заһири ғылымның дәмін таттық. Бірақ ол өте ұзақ көктеп, тамыр алып, бүршік атуының өзіне жылдар жіберетін күрделі үдеріс. Ең бастысы санаңа, жүректің түбіне соның ұрығы егілсе болды. Қай нәрсенің де ақырын тек Алла біледі. Өйткені, адамның табиғаты құбылып тұрған сағым сияқты. Алла жаратқан табиғатпен адам табиғатының арасында сөзсіз ұқсастық бар. Десе де, қатар әліптеуге келмейтін құбылыстар.

Кейінгі кезде елге жиі барып тұрамын. Алайда, бірен-саран ілтипаты үзілмеген, сөзіңді түсінетіндер болмаса, басқа ешкімнің мазасын алып, ретсіз хабар салып, бұйымтайлатуға жоқпыз. Көбіне Ақбасты, Бөген жағын айналдырып кетеміз. Заманында 17 мың қылқұйрық біткен 8 мың шаңырақ Кішкенеге билігі өткен атақты Нұрбай бидің ұрпағы, ағайынға сәулесі түскен Аманбай Ерхатов есімді қазақ бар. Сол екеуміз етенеміз, табиғатпен бетпе-бет келіп отыратын аңсақ әдеттен құр алақан емеспіз. Бұл да елден еншілеген, тумасақ та туғандай болғаным. Орысқа қылыш көтеріп, мінез көрсеткен қасқа шалдардың төбел туған бүгінгі бүтін тұяғы, арғы атасы Ақжайықты жайлаған Теке батыр, кейін ескі көңінің орны Орал атанған есілдердің сарқыты Жалғасқан Құлекенов деген бауырым бар. Міне, әуелі Алланың, содан соң елдің маған қосақтап берген «олжасы» осылар. Көбінің түсін түстеп, атын атай алмадым, ол тарапта кейін үлкен өкпеге қалуым бек мүмкін.

– Беке, жас шағында арман қуып, Алматыға кеткен ақын-жазушылар үлкейгесін елге оралып жатыр. Адам пенде қалай болғанда да туған топырақты аңсамай тұрмайды ғой, Сіз де ел ағасы жасқа келдіңіз, бір Сыр бойы ғана емес, Қазақстанға қажет мамансыз, елге қайту ойыңызда жоқ па?

– Алла сәтін салып елге барып, азды-көпті қызмет жасап, ағалармен, азаматтармен сыйласып, оң-солымызды танығаннан кейін елде қалып қою керек еді, негізі. Арғы жағымда ондай ізгі ойдың болғанын жасырмаймын.  Өйткені, осы уақытқа дейін біз жиып-терген тәжірибе мен өнер, ғылым, педагогикалық ой-толғамдар қазаққа, соның ішінде туған топырағым – Сыр бойына керек екенін жақсы білемін. Елге құр қол баруға болмайды ғой. Біз барсақ, руханият саласы тек олжалы болмақ. Бірақ кеудесін кек кернеген Махамбеттің әлгі бір айта беретін толғауындағы «Лашын құстың тепкіні» секілді бір «екпін» Астана арқылы бізді Алматыға қайта алып келді.

Жетісуға екінші мәрте оралғаннан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Үлкен-үлкен жобаларға қатысып, «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты 3 тілдегі қос томдық Мәдениет министрлігі жасаған ерекше жобалар қатарына еніп, жоспарлы түрде жарық көрді. Жаңылмасам, еңбегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы Қаулысымен баспа бетін көрген қазақ әзірге біз шығармыз. Сондықтан, Қазақстанның қай түкпірінде жүрсек те елді ойлап, сағынып жүретініміз рас. Баяғы сөзі уәлі Сейілбек Шаухаманов аға берген жария бата қате кетпесе, бұйырса біз әлі Сыр бойының күрең топырағынан табылып, елдің кәдесіне жарап, әдемі қарттық өткізуіміз керек. Пенде алдын болжап білген емес, білуші тек жалғыз Алла тағала «Ал, құлым!» деген күні досыңды өзің күтіп аларсың.

– Беке, бүгінгі әңгімені осы жерден түйіндейік. Сәтін салған күні әлі жалғастырармыз. Ал енді өткен жылды қорытып, Құдай қаласа, тағы бір жылдың үзеңгісіне аяқ іліктіргелі отырмыз. Алған марапатыңыз, келе жатқан жаңа жыл мерекесі құтты болсын, амандықта қауышайық!

Сұхбаттасқан

Тұрақ АДИСҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<