Тұғырымызды биіктеткен тұжырымдар

3708

0

Саяси ғылымдар докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлымен сұхбат

– Мұрат Бақтиярұлы, бүгінде ел Президенті ұсынған «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымы қоғамға дендеп енді ме?

– «Әділетті Қазақстан» идеясының негізгі мәні де осы тұжырымда тұр. Саяси реформалардың жүзеге асуына да осы тұжырым қызмет етеді. Сондықтан ол қоғамға бірте-бірте ене береді. Сол ұстаным бойынша бүгінде іске асқан реформалар қанша. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар мазмұнының толыға беретінін арнайы айтқан болатын және жалпыұлттық ынтымақты, сонымен бірге билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз деген еді.

Сұрағыңа орай осы тұстан да бір жауап таба аласың. Мысалы, қазір билік қызметі ашық, кез келген журналист немесе әлеуметтік желі белсенділері мемлекеттік қызметкердің іс-әрекетін толықтай жариялай алады. Халыққа қызмет етіп жатқан тұлға жариялылықтан жасырынуға тиіс емес.

– Саясатта тоталитарлық, авторитарлық деп аталатын жүйелер бар. Осы екі саяси жүйенің айырмашылығы неде?

– Тоталитаризм жүйесінде қоғам өмірі толықтай биліктің бақылауында болып, азаматтардың конституциялық құқықтары жойылады. Оппозиция мен өзге де саяси ой өкілдері қуғын-сүргінге ұшыратылады. Бір партия арқылы идеологиялық үстемдік орнатады.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кеңестік тоталитаризмге қарсы шыққан халық буырқанысы болатын.

Авторитаризмді де жоғарыда айтылған саяси жүйенің бір тармағы десек болады. Бұл жүйеде біржақты билеу, басқарушылардың бағынушыларға үстемдік жүргізуі орын алады. Оппозициялық бағыттағы баспасөзге қатаң тыйым салынады, жеке бостандықтар мен саяси бәсекелестік шектеледі.

Бір сөзбен айтқанда, авторитарлық жүйе – билік құрушы элитаның халықтан бөлініп шығуы.

– Бұл жүйе қашан орнады, дәл осы жүйені күні кешеге дейін бастан кешкеніміз шындық…

– КСРО ыдырап, еліміз тәуелсіздік алған соң Қазақстанда 1995 жылғы Конституцияның нәтижесінде бір адамға бағынатын авторитарлық жүйе орнады. Конституция бойынша сот, заң шығару секілді атқарушы органдар формальді түрде дербес болғанымен, олардың құрамын жасақтау ісі тек Президентке бағынды.

Авторитарлық жүйеден бас тарту 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан соң басталды.

– Қазір сайлау науқаны жүргізіліп жатыр. Халық өзінің аманатқа қиянат жасамайтын білікті, абыройлы өкілдерін таңдайтын мүмкіндік алды.

Ендігі сөзді сайлаудың реформалануы туралы айтыңызшы.

– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері сайлау және саяси партиялар жүйесі өзінің даму жолында бірнеше белестен өтті. Кеңестік жүйеден босап шыққан жас мемлекетімізге лайықты жол іздеуімізге аз күш жұмсалмады,  оның ішінде сәтті болғандары да, кемшілікке ұрынған тұстарымыз да көп болды.

Бірақ, барлық қателіктерден сабақ алып, сайлау заңнамасына қатысты өзгерістер енгізу уақыт талабы еді. Соның бір айғағы – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген саяси реформалар топтамасына кіретін «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдар қабылданды.

Қоғам тарапынан бұл заңдарға қатысты түрлі сыни пікірлермен қатар, ұсыныстар да айтылды. Мұның солай болуы таңсық емес. Өйткені, әлемде мінсіз жетілдірілген сайлау жүйесі әлі де ешбір елде жоқ. Ұзақ жылдар бойы тоталитарлық жүйеде өмір сүріп, тек бір ғана монополистік партияның догмалық қағидатының шырмауында болған біз сияқты мемлекетке бір мезетте көппартиялық жүйеге көшу оңай ма. Қандай деңгейдегі сайлау болсын, ол қоғамда дау-дамай, қайшылық туғызу үшін емес, керісінше, сол қайшылықтардың алдын алып, халықтың ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, ұлтты ұйыстыруға, сол арқылы халықтың әлеуетін, тұрмысын жақсарту үшін өткізілуі керек. Сайлау процесі адал және ашық өткізілсе, халықтың азаматтық болмысын нығайтуға және қоғамның мемлекеттік билік жүйесіне сенімін күшейтуге әсер етеді. Сондықтан да елдегі сайлау процесін әділ де ашық өткізу ең маңызды мәселенің бірі екені сөзсіз. Мұны Президент үнемі айтып келеді. Осы арқылы біздің мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміздің мызғымауына айрықша мүдделілік танытатын, еліміздегі саяси орнықтылыққа айрықша ұйытқы бола алатын әлеуметтік күштерді топтастыра және тұрақты саяси жүйе қалыптастыра аламыз.

– Мұрат ағай, мен сонау тоқсаныншы жылдары өзіңізден дәріс алған студенттің бірімін. Институтта оқып жүргенімізде кеңестік дәуірдің сайлау жүйесін сынаған ұстаздарымыздың: «Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлағанда көбіне малшылар, егіншілер, көміршілер таңдалатын. Олар кез келген заң қабылданғанда тек қол көтерушілердің қатарын толықтырушылар болды. Сондықтан заң шығарушы органға заңгерлер мен құқықтанушылар, ғалымдар сайлануы керек», – дегені есімде қалды.

Тәуелсіз еліміздегі сайлаудың пропорционалдық тәсіліне қандай пікір білдірер едіңіз?

– Осы сұраққа біраз ой жүгірту керек. Депутаттар құрамының отыз пайызын жастар мен әйелдерге беру – «Демократияның негіздерімен сәйкес келе ме екен?» Осындай сұрақты өмірдің өзі көлденең тартпасына кім кепіл? Міне, өзің де соның жайын қозғадың.

Депутаттың біліктілігі, өмірлік тәжірибесі оның жасы мен жынысына қарай ма? Кім өзінің қарым-қабілетін, біліктілігін көрсетсе, саяси додада шынайы оза шапса, халық соған сенеді.

Сонда ғана барлық қоғамдық тартыс пен дау жаңа демократиялық үрдістер қалыптастырған заңдарға, институттарға, рәсімдерге сәйкестендіре отырып шешілетін болады.

Уақыт бір кезде депутаттарды таңдаудың бұдан да үздік тәсіліне орын берер. Осы мәселені өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, тағы бір саралаған дұрыс болады деп санаймын.

– Мемлекет басшысы ұсынған негізгі тұжырым бойынша Президенттің өзі, оған бағынышты орган басшылары саяси партиялардың құрамынан шықты. Кейде көппартиялық дегенді «бас-басына би болу» деп те ойлауға болар еді, бірақ мұны әрине, дамудың даңғыл жолы деп түсінеміз. Сіздің ойыңыз?

– Президенттің саяси бейтараптығы, партияның мемлекет ісіне араласпауы да еліміздің саяси өмірінде жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Өйткені, саяси монополия – билік үшін сан жағынан ұтысты болғанымен, сапа, моральдық жағынан ұтылыс. Саяси бәсекелестік жоқ жерде тоқырау, дағдарыс орын алады. Біз оны басымыздан өткердік. Саяси бәсекелестік елдің дамуы, болашағы туралы балама бағдарламалар тудырады. Жасырын, астыртын тәсілдердің үлесі азаяды, белсенді, білікті, жаңа тұлғалы азаматтар саясат сахнасына шығады.

– Кешегі билік тұсында «озық отыз елдің қатарына кіру», Қазақстан – 2030» деген сияқты тұжырымдар болды. Қазір олар жоқ…

– «Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде  орындағанын қалайды».

«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Ел басшысының тұжырымдарына зер салып қарасаңыз, онда нақты іске асатын, орындау механизмдері бар мәселелер қамтылған. Қашан болатыны белгісіз нәрсе айтылмайды.

Мысалы, саяси партияларды тіркеу үшін ол ұйым жиырма мың адам жинау керек болатын. Ал, қазір партия құру үшін бес мың адам саны жеткілікті. Бұл тұжырым осы кездің өзінде іске асырылды. Жаңа партиялар тіркеліп жатыр.

Бұрын аудан, қала әкімдерін жергілікті мәслихат депутаттары сайлайтын болса, қазір оларды халық сайлайтындай тәсіл енгізілді. Сол секілді Конституциялық соттың құрылуы, күштік құрылымдардың сотқа ықпал етпеуі секілді көптеген тұжырымдар іске асырылып келеді.

– Біз басымыздан өткеріп отырған қоғамнан ақиқатты таба аламыз ба?

– Ақиқатты іздемейтін жан жоқ. Бәріміз де іздеп жүрміз. Бірақ, оның тұрағын дәл білетін «жол сілтеуші» бұрын да болмады, қазір де бар дей  алмайсыз, келешекте кездесе ме, жоқ па, оны келешек иелері көреді.

Бүгінде біз үшін, тәуелсіз ел азаматтары үшін бір ғана ақиқат бар. Ол баршамызға парыз болған іс – қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін келер ұрпаққа аманаттап тапсыру.

Сұхбаттасқан,

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<