Тұрмыстық мәдениет – көп түйткілдің шешімі

2170

0

5 маусым – Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні. Атаулы күн БҰҰ шешімімен адамзат назарын табиғат тынысын тарылтқан проблемаларға аудару мақсатында пайда болған.

Ауа сапасы, қоқыс проблемасы, қолқаны қабатын иіс. Облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаевпен мереке қарсаңындағы сұхбатымыз өңірдің осы сияқты өзекті мәселелеріне арналды.

Карантин кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматының ауасы біршама тазарып қалған көрінеді. Бізде қалай болды?

– Адамдар үйде болып, көліктер саябырсып, өндіріс жұмысы тоқтағанда қоршаған ортада оң өзгеріс байқалғаны рас. Зерттеу кезінде біз де бұған көз жеткіздік. Мысалы, Қызылорда қаласының оңтүстік өндіріс аймағында азоттың қос тотығы былтыр шекті рауалды көрсеткіштен 6,5 есе аз болса, карантин уақытында 24 есе кеміген. Азот тотығы өткен жылы 4,44 есе, ал оқшаулану жағдайында 40 есе төмендеді. Шаң көрсеткішінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Демек, табиғат құбылысына тосқауыл бола алмайсың.

Қызылорда ластанған қалалар қатарына жатпайды. Бұл тізімде ірі кәсіпорындары орталығында орналасқан Өскемен, Қарағанды, Теміртау сияқты 8 қала бар. Бүгінде өндіріс орындарына жақын елді мекендердің ауа сапасын жақсарту жөнінде іс-шаралар жос­пары жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда табиғи отын тартылған нысандар, газ құю бекеттері, газбен жүретін көліктер көбейіп келеді. Бұл қоршаған ортаны қорғаудың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Статистиканы бөліссеңіз…

– Аймақты газдандыру ісі басталғалы бері 100 мыңға жуық тұрғын үй, 140-тан көп өндірістік, 2 мыңнан көп коммуналдық-тұрмыстық нысан «көгілдір отын» игілігін көріп келеді. Ауаны ластаудың бірден-бір көзі – көліктер де ақырындап қазір газға көшіп жатыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш небәрі 2700-ден сәл асса, 2017 жылы – 6,5 мыңға, былтыр 18 мыңға көбейді. 1600-ден астам қо­ғамдық көліктің 660-тан көбі газбен жүреді. Облыста 80 шақты газ құю бекеті бар.

2009 жылы Қызылордада тіркелген 90 мыңға тарта көлік ауаға 82 090 мың тонна шамасында ластағыш зат шығарған екен. Былтыр көлік саны 145 мыңға артқан. Ауаға таралған зиянды зат көлемі керісінше 50,39 мың тоннаға азайған. Бұл табиғи отынды тұтынудың тиімділігін көрсетеді.

Ендігі сұрақ, Қы­зылордада қоқыс мә­селесі қан­ша­лық­ты қорда­ланған?

– Жыл сайын шамамен 80 мың тонна өндірістік қалдық үйіледі. Былтыр жиналған 262,5 мың тонна қал­дықтың 116 мыңы – өндірістік, 146,5 мыңы – тұр­мыс­тық. Оның қатты түрінің 14 проценті қайта өңделді. Биыл бұл көрсеткішті 18 процентке жеткізбек ойымыз бар. Қоқысты кәдеге асырумен әзірге «Ыбырайхан және К» серіктестігі ғана айналысып келеді. 2017 жылы 5,2 мың, 2018 жылы 4,7 мың, өткен жылы 6,1 мың тонна қалдықтың 10 шақты түрін сұрыптап, пайдаға жаратқан.

«Smart Rubber» серіктестігі көлік шиналарын жерасты тамшылатып суару тү­тік­терін, резеңке ұнтақтарын шы­ғаруда қол­данып жүр. 2016 жылы Қытайға 120 мың, Германияға 60 мың түтік жөнелткен. Ақтөбе облысынан да үлкен сұраныс болды. Ал резеңке ұнтақтары еліміздің 4 қаласында тұтынушы тапты.

Қалауын тапса, тұрмыстық қалдықты тауарға айналдыруға болады ғой…

– Тұрмыстық қалдықты қажетке жарату әлемдік тәжірибеде бұ­рыннан бар. Оған түрлі амал қолдануға болады. «Қызылорда жылу-электр орталығы» көмір жағуды тоқтатқалы бері айналасына миллион тонна қалдық жиналған. «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты оны цемент құрамына қосу үшін пайдалануға кірісті. Сырт көзге байқалмас, бірақ көмір қалдығы желмен бірге көтеріліп, жылу мекемесінен бөлек, жақын маңдағы тубдиспансер, іргесіндегі елді мекен аумағын, Сырдария өзенін ластап жатыр.

Жыл сайын 70-80 мың тоннаға дейін қордаланатын күріш қауызы да өртеліп немесе түрлі тәсілмен жойылып келді. Облыста 70-тен астам күріш ақтау цехы орналасқан. Кәсіпкерлер шет елдерде болып, тәжірибе алмасып келген еді. Келісім аясында сыртқа 20 мың тонна қалдық өткізді. Сұраныс бұ­дан да артатын сияқты. Оны құ­­ры­лыс материалы, мал азығы, тыңайт­қыш ретінде пайдаланады. Қауыз құрамында кремнийдің болуы астық шығымдылығын арттырады.

Ресей жалға алып отырған «Байқоңырда» бос тұрған ғи­мараттар бар. Республикалық «Инфракос» кәсіпорны соларды жою кезінде 30 мың тоннадан астам бетон қиыршық тас қоспасын шығарған. Оны жол салуда пайдалана бастадық.

Ал қомақты табыс үшін қоқыс өңдеуге ықыласты инвес­торлар бар ма?

– Қоқысты сұрыптау, өңдеу ісі бірте-бірте бәсекелестік ортаға беріледі. Бұл – уақыттың ен­шісіндегі шаруа. Бірақ оған сырттан қызығушылық танытқан инвесторлар жоқтың қасы. Өйткені тәуекелге бел байлағасын құйған қаржысы өзін-өзі ақтауы керек.

Мәселе онсыз қалай шешілмек?

– Қызылорда қаласында мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобалық құны 1 мил­лиард 200 миллион теңгеден астам тұрмыстық қалдықты сұрыптау кешені салынып жатыр. 20 гектар аумақтағы нысан іске қосылған кезде онда 60 мың тонна қалдық сұрыпталады. Кешенде сегіз түрлі қалдыққа арналған конвейерлер болады.

Үй ауласында энергия үнем­дегіш шамдар мен пластик бөтелкелерге арналған жәшіктер бөлек тұр. Қалай ойлайсыз, біз оларды орнымен қолданып жүрміз бе?

– Олар халық көп шоғыр­ланатын жерлерде орналасқан. «Пайдаландың екен» деп ақы сұрап жатқан ешкім жоқ. Соның өзінде шам мен құтының орнын басқамен толтырып қоятын жағдайлар кездеседі. Тұрғындардың эколо­гиялық мәдениеті қалып­тас­пайынша бұл күрделі мәселе боп қала бермек.

Қоқыс тасталатын жер­лерді ғарыштан бақы­лаудың қандай тиімділігі бар?

– «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы 2-3 жылдан бері кос­мостық түсірілім жүргізіп ке­леді. Қызылорда қаласының 50 шақырымдық радиусындағы тұр­­мыстық қалдықты бақылау нәти­жесінде 222 стихиялы қоқыс алаңы белгіленді. Оның кімге тиесілі екенін анықтап, ластанған аумақты тазалау туралы ұйғарым бердік. Былтыр бұл жұмыс түгел дерлік орындалды. Тек көлшіктің ортасындағы қалдықтарды алып шығу, тазарту мүмкін болған жоқ. Ғарыштық түсірілім карьерлерді бақылауға да мүмкіндік береді.

Кәріз жүйелерінің қол­қаны қабатын иісінен қалай құты­ламыз?

– Ауа сапасына сарқынды сулар тастайтын аймақтардағы жағдай да әсер етіп отыр. Бүгінгі күні облыс орталығындағы биологиялық тазарту станциясының қызметін қайта жаңғырту, тазартылған суды пайдалану, сүзгі алаңын қолданыстан шығару маңызды. Сүзгі алаңының жағымсыз иісі қаланың батыс бөлігіне ғана емес, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолынан да әрі асып, тарап жатыр. Бұған бірнеше себеп бар. Биостанцияда тазартылған су бір жағынан сүзгі алаңына құйылады. №12 насос станциясынан келетін кәрізсу жүйесінің бір тармағы станцияға қосылмай, лас күйінде сол жерге жиналуда.

Тығырықтан шығудың бірнеше жолын ұсынуға болады. Алдымен, станцияда тазартылған суды қыста жинап, жазда қаланы көркейту-көгалдандыруға немесе аяқсу ретінде пайдаланған жөн. Шыны зауытына апарса да болады. Содан кейін сүзгі алаңын құрғатып, рекультивация жасап, жасыл желек алаңына айналдыру қажет.

Белкөл, Титов, Талдыарал елді мекендері мен Тасбөгетте орналасқан биостанциядағы сүзгі алаңдарынан шыққан жағымсыз иіс те қаланы басып қалуы ғажап емес. Сол себепті Белкөлдегі су тастау алаңына биостанция салу, тазартылған суды қайтадан кәдеге жарату тиімді. Тасбөгет кентіндегі модульді биотазарту станциясынан шыққан су пайдаға аспай келеді. Ал тұрып қалған су саситыны анық. Мәселені шешу үшін жазда тазартылған суды сол аймақты көркейтіп-көгалдандыруға бағыттап, қысқа дейін алаңды босату керек.

Облыс орталығындағы биостанция да модернизациядан өткізіле ме?

– Станция 2007 жылы іске қосылған еді. Бүгінде жұмыс істеу қабілеті төмендеді. Су биологиялық емес, механикалық тазартудан өткізілуде. Өйткені өндірістік жүйелердің тозығы жеткен. Кешен тәулігіне 70 мың текше метр су қабылдауы тиіс. Бұл – қаланың өсуіне қарай есептелген көрсеткіш. Бірақ бұған дейін 35-40 мың текше метрден асқан емес. Қайта жаңғыртылған соң станция толық қуатта жұмыс істеуге көшеді. Сол кезде қала ішіндегі жағымсыз иістен құтылар едік.

Сырдария өзеніндегі су сапасы туралы не айтасыз?

– Сырдария суы аса ластанған өзен саналмайды. Көктемде Келестен бастап тау басындағы қар еріп, бері қарай жылжығанда жолындағы түрлі қалдықты ша­йып, бастапқы қалпы өзгеретіні рас. Бірақ бұл адам денсаулығы үшін қауіпті деген сөз емес. Ал өңірімізде өндіріс орындарының қалдығы өзенге тасталып жатқан жағдайлар жоқ.

Мұнай өндірушілерден та­би­ғатқа келетін залал қандай?

– Бұрын облыста 11,5 миллион тоннаға дейін мұнай өндірілетін. Бүгінде ол 5 миллион тоннаға кеміді. Осыған байланысты мұнай компанияларының қоршаған ортаны ластау көрсеткіші 2,5-3 есе төмендеді.

Әңгімеңізге рахмет. Кәсіби мереке құтты болсын, істеріңіз өнімді болсын!

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<