«Ұлттық мүдде ұстанымдарына шынайы болуымыз қажет»

1814

0

Жыл басында сайлау науқаны өтіп, елдің саяси өмірінде елеулі өзгерістер болды. Мәжілістен бастап барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа құрамы бекіді. Бұрынғыдай емес, сол құрамның ішінде әйелдердің, жастардың үлесі бар.

Сонымен, жетінші шақырылым ел мүддесіне қалай қызмет етпек? Өзгешелік неде? Алдағы міндет, әрі атқарылатын істің сапасы мен сұранымы ендігі жерде қалай болмақ? 

Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовпен сұхбатымыз осы және өзге де маңызды мәселелерді сарапқа салуға арналды.  

– Наурызбай Сейітқалиұлы, алдымен өзіңізді жаңадан жасақталған мәслихатқа хатшы болып сайлануыңызбен құттықтаймын! Депутаттар корпусына кураторлық етуде тәжірибеңіз бар. Бұл лауазымды міндеттің салмағы қаншалықты ауыр?

– Құттықтауыңызға рахмет! Барлығыңызды осы Қазақстанның дамуындағы ерекше орны бар сайлау науқаны процесінің сәтті өтуімен құттықтай отырып, өзінің азаматтық позицияларын белсенді түрде танытқан тұрғындарға, сайлаушыларға үлкен ризашылық білдіреміз.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы атап өтілетін жылдың басы осы үлкен саяси науқанмен басталды. Бұл ел дамуының жаңа белесін білдіреді. Мемлекет басшысы қаңтар айы­ның басындағы «Тә­уелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында 30 жылға жақсы сараптама жасады. Еліміздің осы уақыт аралығында, ел басқарудағы демократиялық қағидалары өзінің кезең-кезеңдерімен даму үстінде. Соның ішінде, осы егемен еліміздің тарихында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі өкілді органның да жұмысының маңызы, жауапкершілігі артып келеді. Яғни, осы уақытта барлық деңгейдегі мәслихаттар азаматтық қоғам институттарының бірі болып табылатын құрылым ретінде өзінің белгілі тағылымдық соқпағынан өтті. Мәслихаттардың жұмыс маңызы артып, осыған сәйкес елімізде қабылданып жатқан құқықтық нормалар да жетілдірілуде. Сонымен бірге барлық қоғам мүшелерінің ел басқаруға араласуы уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Қолға алынған «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір бағыты  осы жергілікті өкілді биліктің органдарына тікелей қатысты деп айтуымыз керек.

Шын мәнінде, мәслихаттар­ға жергілікті өзін-өзі басқару органдарының барлық белгілері тән: олардың халықтың дауыс беруі арқылы сайланатындығы және жергілікті сипаттағы сұрақтарға тікелей араласатындығын айтуға болады. Сондай-ақ, мәслихатты өзіндік бюджеті бар және өзіне берілген құзыретке ие орган болып қалыптасты деп айта аламыз.  Жалпы мәслихат өзінің жергілікті жердегі халықтың әл-ауқатының дамуын, тұрмыс-тіршілігінің жетілдірілуін, әлеуметтік-экономикалық дамуын жергілікті атқарушы билікпен бірге іске асыратын деңгейге келді.

Бірінші сессияда депутаттар мәслихаттың хатшысы ретінде ашық дауыс беру арқылы мені сайлады, ал хатшы – тұрақты негізде жұмыс істейтін және мәслихатқа есеп беретін лауазымды адам. Мәслихат хатшысы өзінің өкілеттіктерін Заңға және регламентке сәйкес жүзеге асырады. Хатшы ретінде мәслихат аппаратының жұмысына жетекшілік жасайды. Аппаратпен бірге депутаттардың өз мәртебесі аясында жұмыс­тарын атқаруын үйлестіреміз. 

Жергілікті мемлекеттік бас­қаруды тиісті аумақтағы ах­уалға жауапты мәслихат және  әкімдік жүргізеді. Тұрғындар билікке тікелей әсер ете алғанда саясат адам үшін және адам арқылы жасалады. Әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар қаншалықты ма­ңызды орын алғанымен солардың бәрі адамдардан, олардың іс-әрекетінен тұрады. Адамдарды қобалжуға итермелейтін негізгі себеп – мұқтаждық пен мүдде. Облыстық мәслихат жұмысы осы өңірдегі тұрғындардың мұқтажы мен мүддесіне бағытталған. Сондықтан да жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары халыққа барынша жақын, олар елдің  уайымы мен үмітін ішінде жүріп біледі, жақсы түсінеді.

Бүгінгі сайланған 7-ші шақырылымның мәслихат депутаттары осыған дейінгі депутаттардың, өкілді биліктің өзіне жинаған тәжірибесін, дәстүрін әрі қарай жалғастырып жұмыс істейді деп сенім білдіре аламыз.

– Биылғы сайлау алдыңғы саяси науқандардан өзгеше өтті. Депутаттыққа кандидаттар бұрынғысынша өзін-өзі ұсынған жоқ, партиялық тізіммен ұсынылды. Cіздің ойыңыз­ша, бұл сайлаудың, яғни жаңа форматтың елдің саяси ахуа­лына ықпалы қаншалықты болмақ?

– Қайсы  сайлаудың болсын өзіндік ерекшелігі бар. Кей кезде біз соны жауыр болған сөз сияқты қабылдаймыз. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, сая­си дамуында әр уақыттағы сайлау процесінің  өзіндік рөл атқарғандығын мойындауымыз керек. Сонымен қатар, бізде мынадай мәселелер бар. Әрбір сайлаудан кейін сан түрлі пікір болады. Бірі сайлауды барынша қолдап жатса, екінші жағынан сайлаудың қорытындысы шыққан соң өздерінің наразылығын білдіріп жатады. Бұл – табиғи нәрсе. Себебі әрбір доданың, жарыстың соңында қызу пікірталастың болатындығы анық. Қалай болғанда да, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында өтіп келе жатқан әрбір сайлау өзінің тиісті міндетін атқарып келе жатыр. Ал бұл сайлаудың, шынында да, үлкен ерекшелігі бар. Оның бірнеше ерекшелігін атап өтейін. Бұл сайлаудың әлемдегі пандемия кезінде өтуі біздің жұмыс стандарттарымызға көптеген өзгеріс­тер әкелді. Мысалы, пандемия кезінде біз тікелей хабарласа алғанымызбен, тікелей қатыса алмайтын жағдайда өмір сүруге үйреніп келе жатқанымыздың өзі бір ерекшелік. Сондықтан қатысқан барлық партиялар, жаңа форматта жұмыс істеуге талабы бар екенін көрсетуде.

Екінші үлкен ерекшелік, бұл 2007 жылдан бастап біздің жоғары Заң шығарушы органымыз Парламент, оның ішінде Мәжілістің партиялық тізімімен сайланып келсе, осы кейінгі сайлау барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының да партиялық тізіммен сайлау жүйесін енгізді. Сайлау туралы Конституциялық Заңға да өзгеріс енгізілді және жүзеге асты. Өздеріңіз білесіздер, бес саяси партия осы сайлауға тікелей қатысты және өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Партиялық тізім не үшін керек деген мәселе бар. Бұл біріншіден, біздің демократия­лық принциптеріміздің артуына, оның ішінде саяси партиялардың рөлінің күшеюіне ықпал жасайды. Өйткені, саяси билік жүйесінде саяси партияның орны ерекше. Сондықтан партиялар өздерінің бет-бейнесі, беделі үшін жаңа тұрғыда жұмыс істеуге мәжбүр болады. Әр партия өзінің тізімдерін жасақтады. Оның ішінде «Nur Otan» партия­сы сайлауалды праймериз өткізді. Яғни, партия ішіндегі жаңа тұлғаларды шығару, белсенді азаматтарды анықтау мақсатында өтті. Оның қандай деңгейде өткендігі, өзінің мақсатына қаншалықты жеткенін уақыт көрсетеді. Десе де, дұрыс қадам деп есептейміз. Бұл – бір жағынан біз айтып жүрген Парламентаризмді дамытудағы көппартиялық жү­йені жетілдіруде жақсы бастама. Өздеріңіз білесіздер, Парламент Мәжілісіне үш партия өтті. Депутаттар өзінің партиясының беделі үшін таласты деуге болады. Олар елдің, сайлаушылардың алдында  партияның өкілі болып саналады. Депутаттардың халықпен тығыз байланыста болып, жергілікті жердегі өкілді биліктің жұмысына белсенді қатысуын, партия өзінің жауапкершілігіне алады. Бұрын жекелеген депутаттар өзінің округі бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, кейін сайлау­шылар тарапынан сынға ұшырап жататын. Ал қазір, бар жауапкершілік партияларға артылған. Яғни, партия келесі сайлау­ға дайындық жұмысын бүгіннен бастап жүргізуі керек.

– Енді мәслихат құрамына келсек. Депутаттар корпусы қанша процентке жаңарды?

– Сайлау қорытындысы бо­йынша Қызылорда облысында 73,9 процент сайлаушылар өздерінің көзқарастарын білдірді. Барлық деңгейдегі аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттарда біздегі сайлауға түскен 5 партияның да өкілі бар.

Жалпы, сайлау қорытындылары бойынша, біздің облыста барлық партия өкілдері мәслихаттарда мандат иеленді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 152 мандат берілді. «Қазақстан Халық партиясы» – 4, «Nur Otan» партиясына – 126, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына – 5, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясына – 15, «ADAL» саяси партиясына – 2 мандат берілді. Енді облыстық мәслихатқа келетін болсақ, депутаттық корпустың  үштен екісі жаңарды. Бұл бір жағынан жаңа леп әкеледі. Сайлаудағы тағы бір ерекшелік, әйелдер қауымы мен жастар құрамының артуы. Облыс­тық мәслихаттың 6-шы шақырылымында 2 ғана әйел кісі болған. Бұл 6,8 процентін құрады. Ал бүгінгі жетінші шақырылымда әйелдер саны 24 процентке жетті. Сонымен бірге жастардың үлесі артты. Бұрын облыстық мәслихатта жастар болмады десек те болады. Қазір 33 депутаттың 12 проценті жастар. Сондай-ақ 29 депутат болса, қазіргі таңда 33-ке көбейді. Облыстық мәслихатқа 25 депутат «Nur Otan» партиясынан, үш депутат «Ауыл» партиясынан, үш депутат «Ақ жол» партиясынан сайланып отыр.

– Алғашқы сессияда төрт тұрақты комиссия құрылып, оның төрағалары сайланды. Тұрақты комиссияның міндеті, мәс­лихат шешімдерін жүзеге асырудағы маңызы жайлы айтып берсеңіз…

– Мәслихат өз өкілеттігінің мерзіміне бірінші сессияда депутаттар қатарынан мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін жүзеге асыруға ықпал ету, өз құзыреті шегінде бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін тұрақты комиссиялар құрады. Тұрақты комиссиялардың тізбесі, саны және құрамы жеке-жеке дауысқа салынады. Олардың сандық және дербес құрамы сессия төрағасының, мәслихат хатшысының ұсынысы бо­йынша айқындалады.

Жалпы, облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымында 4 тұрақты комиссия болған. Депутаттардың қолдауымен қазіргі таңда 4 тұрақты комиссия саны өзгерген жоқ. Құрамында 8 депутаттан бар. Бірінші, экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі комиссия. Бұл негізінен облыс­тың қаржысына тікелей араласа алатын бірден-бір комиссия болып табылады. Бұл комиссияның төрағасы болып, «Ақ жол» партиясының өкілі, белгілі қаржыгер Талғат Өмірзақұлы Жақып­баев сайланды. Одан кейін әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия бар. Оның төрағасы болып, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Бабабекқызы Есқалиева бекітілді. Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі комиссия төрағалығына Бақдаулет Еркінбекұлы Махашов, кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі комиссия төрағасы болып білікті маман Мақсұт Ыбрайханұлы Нәлібаев сайланды. Жалпы айтсақ, билік саласында комиссия көп. Ал бұл тек депутаттардан құралған комиссия, дербес, ешкімге тәуелді емес. Тұрақты комиссиялар, әркез өзінің бағытындағы жұмыс­тарды қарап отыруға, қандай да бір мәселелерді сессияға шығару керек екендігі, осы саладағы сыртта жүрген басқа мамандар, ардагерлер, т.б басын біріктіріп, сол сұрақтың қаншалықты өзекті екендігін анықтап отырады. Олардың жұмысы ашық. Барлық сессия, мәслихаттың ішкі аппаратының жұмыстарына сәйкес кері байланысты барынша дамытып, халықтың алдында жұмысымызды көрсетіп отыруға  күш салатын боламыз. Тұрақты комиссиялардың ерекшелігі осында. Олар өкілді биліктің негізгі органдары ретінде үлкен жұмыс атқарады. Одан кейінгі ортақ шешімдер сессияда қабылданады.

– Бірінші сессияда 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысын дамыту бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама жайлы тарқатып айтсаңыз…

– Бірінші сессияда белгіленген  2020-2025 жылдарға арналған облыстың даму бағдарламасы – біздің бірден-бір үлкен стратегиялық құжатымыз. Бұл бірнеше рет сараптаудан өтті. Қазіргі өзгешелік партиялық тізіммен болғаннан кейін, сайлау қорытындысы бойынша көп дауысқа ие болған  партиялар, халық алдында өздерінің сайлауалды бағдарламаларының нақты орындалуына тікелей жауап беретіндей жүйеге еніп келеміз. Демек, сайлауалды бағдарламасы біздің облыстың дамуымен түп-тамырлас құжат болуы керек. Олай болмаған жағдайда, әр депутат өзінің сайлауалды бағдарламасын жасайды. Ал оның кейбір жағдайлары облыстың ортақ даму мүдделерімен сәйкес келмейді. Осыдан кейін сайлаушылардың арасында реніш пайда болады. Сол үшін депутат өзінің айтқан мүдделеріне сәйкес, халық алдында толық жауап бере алатындай болуы керек. Сайлауалды бағдарламаларының ішінде, сайлаудың үгіт-насихат кезінде жинақталған материалдары қосымша қосылып отырды. Соның нәтижесінде, ортақ бағыттағы құжат дайындалды. Дегенмен, бұл әлі толығымен пісіп-жетілген құжат деп айтуға болмайды. Өйткені, бұл уақыттың ағымына байланысты  тағы сол сияқты қосымша жағдайларға сәйкес дамып отырады. Қазіргі кезде партиялар тарапынан осыған қосымша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қабылдап жатырмыз. Оны кезең-кезеңімен сессияда қараймыз. Жалпы айт­қанда, осы даму бағдарламасына қарай біздің бюджетіміз жұмыс істейтін болады. Депутаттар бекіткен бағдарламасының қаржылық негізін осы депутаттар корпусы бақылауға алады. Мысалы, «Nur Otan» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасын 5 жылға бөлді. Ол республикалық деңгейдегі бағдарламасы болса, облыстық, аудандық, қалалық сайлауалды бағдарламасы жасалды. Атап айтқанда, 9 сайлауалды бағдарламасы бар. Мысалы, Арал ауданы мәслихаты өзінің ауданындағы сайлауалды бағдарламаның орын­далуын тікелей қадағалап отырады. Себебі, көп дауысты «Nur Otan» партия­сы алып отыр. Ол жерде 2021 жылы қай ауылда, қандай көше жарықтандырылады, қандай ғимарат жөнделеді соның барлығы көрсетілген. Осыларды орындамаған жағдайда, кез келген сайлаушы сайлауалды бағдарламадағы орындалатын жұмыстардың ­жауапкершілігін сұрауға мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл өңірдің даму бағдарламасы көбіне прагматикалық негізде жасалды.

Даму бағдарламасын шартты түрде үлкен бірнеше бағыттарға топтауға болады. Біріншіден, аймақ экономикасы және азаматтардың әл-ауқатының өсуі. Әрбір азамат тұруы үшін қолайлы аймақ, жаңа өмір сапасын қамтамасыз ету мәселесі және қауіпсіз аймақ. Бұл алдағы 5 жылда атқарылатын негізгі бағыттарды айқындап берді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандырудың нақты шаралары енгізілді. Екінші – жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін арттыру. Атап айтқанда, 579 шақырым жергілікті жерді жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп отырмыз. Сонымен бірге осы 5 жылдың ішінде 12 көпір жөндеу­ге енгізіліп отыр. Биылғы жылдың өзінде облыс­тық маңызы бар 59 шақырым, аудандық маңызы бар 52 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл облыс көлемінде 3 көпірге күрделі және орташа жөндеу жасалады. Үшіншіден, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі. Қазіргі таңда ауылдан қалаға көшу үдерісі күшейіп келе жатыр. Алдағы 5 жылға 3 млн 782 мың шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Биыл 644 мың шаршы метрді құрайтын 5607 пәтерді салу жөнінде жұмысты бастап отыр. Оған жергілікті атқарушы билік органдары жұмыс жасауда. Төртіншіден, тұрғындарды газбен қамтамасыз ету мәселесі. Көптеген елді мекендердің сұранысы «көгілдір отынның» игілігін көру. Оның ішінде үш аудан орталығын газдандыру жақын арада іске қосылады деп ойлаймын. Облыстағы 17 елді мекенге газ жеткізу межеленуде. Бұл мәселелер көбіне республикалық деңгейде шешіледі. Олар қазіргі таңда облыстың даму бағдарламасында көрініс тауып, орталықтағы мемлекеттік билік органдарымен өзара келісім негізінде жасалды. Сонымен қатар, өңіріміз үшін маңызды агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 87 инвестициялық жоба дайындалған. Мемлекеттің қолдауымен жоғарыдағы жобаларды іске асыру бізге сын. Қабылданған жоспарлар облыс әкімінің басты назарында. Кез келген жобаны қаржыландыра берудің қаншалықты тиімділігі бар екенін де байқауымыз керек. Мәслихаттың бірден-бір жұмысы – қабылданған шешімдердің тиімді болуын зерделеп, қадағалау.

– Енді жаңадан шақырылған мәслихаттың алдында қандай меже тұр? Алдағы жоспармен бөліссеңіз…

– Әрине, алдағы атқарылатын жұмыстарымыз өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы және қоғамдық-саяси тұрақтылығын күшейту бағытында болады. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға байланысты жергілікті жердегі халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігіне өкілді және атқарушы билік бірдей жауапты. Мәслихат депутаттары Парламенттегі әріптестерімен қарым-қатынас жасау арқылы республикалық бюджет, заңнамалық жұмыстарға атсалысуда біршама мүмкіндіктерге ие. Сондықтан да республикалық деңгейде өңірге қатысты шешім қабылданарда, жергілікті депутаттардың ұстанымдары мен пікірлері көбірек ескерілуіне көңіл бөлеміз. Аумақтардың үні естілуі тиіс.

Біз халықаралық деңгейде шекарамызды бекіттік. Әлемдік деңгейде өзімізді таныттық. Қауіпсіздігіміздің барлық шараларын қамтыдық. Енді біз ішкі тұрақтылығымызды, адами тұрғыдағы көзқарастарымызды, ұлттық құндылықтарымызды жандандыруымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің өткен жылғы қыркүйектегі Жолдауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру», – деп нақты тапсырма берді. Осы бағыттағы жұмыстарға өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Ұлтымыздың жаңа сапаға көшуі үшін, әрқайсымыз ұлт дегендегі ұстанымдарымызға шынайы болуымыз қажет.

Тұрғындар және мекемелермен тығыз кері байланыс орнатуға күш саламыз. Өйткені, әрбір ақпараттың артында «сигнал» тұр. Сол дабылдың белгісін сараптап, мәслихаттың жұмысын да болжап отыруымыз қажет. Әрбір азамат заң шеңберінде өз көзқарасын білдіруге құқылы. Ал заң аясынан шығудың барлығы  қоғам мүддесіне кереғар әсер етуі ықтимал. Кейде, бізде пікірін білдіруде мәліметтің шына­йылығына көз жеткізбей, сараптамай, жұрт айтып жатыр ғой деп ақпаратты жариялай салады. Ешкімге де өзінің амбициясы үшін, басқаның құқығына қол сұғуға рұқсат етілмейді. Бұл да елдігімізге сына қағып, ағайынның арасын суытуға ықпал етуі мүмкін. Әрбір ақпаратты сараптап, заң аясында іс-қимыл жасаймыз. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлерге қа­рағанда, өкілді органдағы депутаттар дербес болғандықтан, ұсынымдарды жасауға мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда біздің ең басты міндетіміз – бүгінгі шешіммен ғана құтылу емес, сол шешімнің алдағы уақытта қандай нәтиже беретіндігіне аса назар аударып, сол тұрғысында үйлесімді жұмыс жасау.

Қажетсіз ақпараттар ағыны талайды шатастырған қазіргі әлемде нақтылық – ең ықпалды күш. Нақтылықсыз нарықтың да дамуының мүмкіндігі шектеулі. Алдымызда талай сынақтар тұр. Осы талаптарға сай барлығымыз бірлесіп жұмыс жасауға тиіспіз. Көне заманның бір данышпаны: «Қанағаты бар адам қашан да бай. Қанағатсыз адам – алтын тонға оранып отырса да кедей», – депті ғой. Бүгінгі жеткеніміздің қадірін түсініп, ынтымақтың арқасында жаңа белестерді еңсеруге күш салғанымыз жөн.

Наурызбай Сейітқалиұлы, ой-пікір бөліскеніңізге рахмет. Халық қалаулылары сол халқының мүддесі үшін адал еңбек етеді деп сенеміз.

Сұхбаттасқан

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<