Жергілікті сорттарға жеңіл қарауға болмайды

1983

0

Кезең келбеті ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөлуді алдымызға тосып отыр. Ал мұның күрішті Сыр өңірі үшін аса маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Ғылымға мықтап мән беретін уақыт жетті.

Аймақтың басты дақылы – күрішке жґне оның сорттарына қатысты түрлі пікірлер де айтылып жүр. Шын мәнінде біздегі егіншілік мәдениеті қалай өріс алып барады?

Бұл орайда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутына артылар жүк аз емес. Өйткені, институт ғалымдары күріш өндірісінен бөлек егістікті ґртараптандыру, мал азығындық дақылдарын дайындау, бақша өнімдерін молайту, тыңайтқыштарды жґне өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, су үнемдеу технология­ларын пайдалану секілді шаралар жөнінде шаруашылықтарға ғылыми бағыт-бағдар беріп отыруы қажет. Ал тұқым сапасын жақсарту, селекция жұмыстарын жүргізу сынды бұрыннан айналысып келе жатқан  ғылыми жобаларын одан ґрі жалғас­тыра беру де күн тґртібінен түспейтіні анық.

Институт директоры Бахытжан Дүйсембеков­пен болған сұхбатта басылым тілшісі осы мәселелерді жан-жақты қамтуға тырысты.

– Бахытжан Әлішерұлы, соңғы уақыттары институт ғалымдары күріштің бірқатар жаңа  сорттарын шығарып, оны тәжірибеден өткізіп жатқаны белгілі. Бұл жұмыстардың бүгінгі барысы қалай?

– Осы уақытқа дейін рес­публика брендіне айналған «Ақмаржан» сорты аймақтың экономикалық және әлеу­меттік жағдайын қалыптас­тырушы тауар ретінде кең танымал болды. Соңғы жылдары еліміздегі ғылымға бөлінетін қаржының тапшылығына қарамай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Нәтижесінде күріштің «Ару», «Арал-202», «Түгіскен-1», «КазНИИР-5», «КазЕр-6» сорт­тары шығарылып, өндіріске ұсынылды. Соңғы жылы күріштің «Сыр Сұлуы», «Ай-Керім» сорттарын шығарып, өндіріске ендірілуде және кезекте бірнеше жаңа сорт үлгілері тұр. Бұл сорттар аймақтың табиғи-климаттық, топырақ мелиоративтік жағдайына бейімделген, потенциалды өнімділігі мен дәмдік қасиеттері жоғары, ору, бастыру және өңдеу кезіндегі механикалық әсерлерге төзімді, соның нәтижесінде бүтін дәндердің жоғары шығымдылығын қамтамасыз етеді.

Жаңа сорттардың өнім­ділігі Ресей сорттарымен шамалас – гектарына 60-70 центнер. Ерекшелігі – «Янтарь», «Лидер» сорттарымен салыстырғанда 10-15 күнге ерте піседі, дәні ірі ұзынша, өңдегенде бүтін дән шығымдылығы 65-70%, тауарлық түрі, сапасы, шынылығы жоғары. Бағасы аталған сорттардан кемінде 10% жоғары болады. Бұл табысты 1 гектардан қосымша 50 мыңнан 80 мың теңгеге көтереді. Отандық сорттардың үлесі көбейген жағдайда Ресей сорт­тарына төленетін роялти мен тұқым экспорты азаяды.

2019 жылы «Сыр Сұлуы» 60 гектарға егілсе, 2020 жылы 828 гектарға ұлғайды. Оның ішінде: институтта – 300, «Ер Әлі» ШҚ – 300, «Мағжан и К» ЖШС – 40, «РЗА-Агро» ЖШС – 60, «Жаңажол» ЖШС – 80, «Қызылдихан» ШҚ 48 гектар алқапқа өсіруде. Бұл жұмыстың мақсаты отандық сорттардың үлесін көбейту. Жоба әлі жалғасуда, толық нәтижесі 2021 жылдың егісінен көрінеді.

– Ауыл шаруашылығын әртараптандыру мәселесінде нендей басымдық бар?

– Мемлекет ауыл шаруа­шылығы саласын жүйелі түрде жетілдіруге және әртараптандыруға бағытталған саясат жүргізуде. Әрине, облыс аудандарының топырақтық-климаттық жағдайы ескерілуі тиіс. Қызылорда облысының топырағы сазды батпақты, сортаң топырақ десек, күріш егілетін жерлердің топырағы өте қатты, су өткізгіштік қабілеті төмен. Топырақтың 30 см қабатына дейін қарашірінді мөлшері 2%-тен аз мөлшерде. Бұл дегеніміз – топырақтың құнарлығы нашар. Климатына келсек, жазы ыстық және ұзақ мерзімді. Құрғақшылық – облыс климатының ерекшеліктерінің бірі. Жауын-шашын өте аз түседі. Бұл облыстың топырағы күріштен бөлек жылусүйгіш мәдени бақшалы көкөністерге ыңғайлы. Айта кетсек, облыс негізінен күріш өндірумен айналысқандықтан, су қорының басым бөлігі осы дақылды суғаруға кетеді. Суғару режимінің нормалары бұзылғандықтан, екінші ретті тұздану, батпақтану процесін байқап отырмыз. Облыстың барлық проблемасын емес, экологиясы жағынан сауықтыру ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жаңа аумақтық технология­лар мен ауыспалы егістікті дұрыс құру, ғылыми негізде жасау талап етіледі.

Әртараптандыру дақылдарын енгізбес бұрын, олардың агротехникасына, суару режиміне, биологиялық ерекшеліктеріне көңіл бөлген жөн. Дақылдардың агротехникасы ғылыми ұсыныстарға сәйкес қолданылса, өнім артып, топырақтың бұзылуын тоқтатып, экономиканы нығайтады. Мысалы, егіншілікті дамытуда топырақ құнарлығын жоғарылату үшін фитомелиоранттарды (көпжылдық бұршақ тұқымдас дақылдары, бүркеме дақылдар) егу біршама пайдалы. Күрішті суару жүйелеріндегі мелиоративтік жағдайды жақсарту және күріш өнімділігін арттыру жолдарының бірі – дақылдың ауыспалы егісіне суды аса қажет етпейтін (сафлор, рапс, соя, сорго және майлы дақылдар) дақылдарды енгізу. Олар күріштен кейін ылғалсыз және фитомелиоративті қасиеттерге ие суарусыз жоғары өнім бере алады. Бұл дақылдар топырақты су мен жер эрозиясынан, арамшөптерден қорғау қызметін атқарады. Көпжылдық бұршақ тұқымдас дақылдар, сояны өсіру өсімдік тамырларындағы түйнек бактериялары арқылы азот жинақтап, топырақты құнарландырып қана қоймай, арамшөптердің шығуына кедергі жасайды. Топырақ денсаулығының жағдайы өзгерген кезде өсім­діктердің даму динамикасы да өзгереді. Неғұрлым құнарлы болса, өнім де жоғарылайды.

– Жыл өткен сайын су тап­шылығы айқын сезілуде. Осы ретте облыс диқандарына қандай ұсыныстар айтылуда?

– Бұл мәселеден суды көп қажет ететін күріш дақылының көлемі азаяды. Жергілікті диқандарға күріш егудің технологиясын дамыту шараларын ұсынып отырамыз. Топырақ өңдеу, жерді тегістеу және суару режимі секілді агротехнологиялық іс-шараларды сақтап отыру қажет. Егілетін танаптың тегістігі үлкен рөл атқарады. Күрішке кететін судың мөлшерін азайту мақсатында суару жүйесі жеңілдетілген автоматты құрылғыларды ұсындық. Ол қажетті су мөлшерін өзі реттеп отырады. Осы шараларды орындау арқылы күріштің өнімділігін көтеруге болады. Әрине, егілетін күріш сорты да маңызды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында күріш ауыспалы егістігіне топырақтық-климаттық жағдайына қарай суды көп қажет етпейтін басқа да дақылдарды егу ұсынылуда. Оның қатарында майбұршақ (соя), қант құмайы, жүгері, т.б. дақылдар бар.

Су тапшылығына байланысты әр ауданның топырақ-климат ерекшеліктерін ескере отырып, еңбек өнімділігін ұлғайту мақсатында біздің институт төмендегі ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жөнінде ұсыныс жасайды. Қазалы ауданы бойынша – қант құмайы (сахарное сорго), жүгері, майбұршақ (соя), мақсары, бақша дақылдары.  Қармақшы ауданы бо­йынша – майбұршақ (соя), қант құмайы (сахарное сорго), жүгері, мақсары. Жалағаш ауданы аумағында – жүгері, қант құмайы, картоп, майбұршақ, бақша дақылдары. Сырдария ауданы бойынша – қант құмайы, майбұршақ, жүгері, бақша дақылдары, картоп. Ал Шиелі ауданы диқандарына – көкөніс-бақша дақылдары, картоп, жүгері, майбұршақ, тары, қант құмайын өсіру ұсынылса, жаңақорғандық­тарға жүгері, қант құмайы, майбұршақ картоп, көкөніс-бақша дақылдарын егу қолайлы.

Ескере кетерлік жайт, Шие­лі, Жаңақорған аудандарының топырақ-климат жағдайы көкөніс-бақша, картоп дақылдарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Жалағаш, Сырдария аудандары үшін қант құмайының көлемін ұлғайтқан тиімді. Мысалы, қант құмайы өсімдіктері топырақты құнарсыздандыр­майды. Керісінше, жүгері және басқа да дақылдармен салыстыр­ғанда, ол гектарына 16-18 тонна құрғақ органикалық тамыр қалдықтарын қалдырып, топырақтан пайдаланылған минералды қоректік заттарды тез арада қалпына келтіреді. Өзінен кейін егілген күріш, тағы басқа  дақылдардан мол өнім жинауға мүмкіндік туғызады. Қант құмайының құрамында топырақ бетінде жасыл массасы мен қуатты тамыр жүйесі микробиологиялық ыдыраудан кейін топырақтың ең құнарлы бөлігіне, яғни қарашірікке айналады. Сондықтан топырақ құнарлылығын жақсарту үшін, тұзды топырақтарда ауыспалы егіске орналастыруға болады. Қант құмайы 8-6 танапты күріш ауыспалы егісінде күріштің үлесін 37,5%-тен 50%-ке дейін төмендетіп, қант құмайының үлесін 25%, 16,7% өсіруге болады. Қазалы, Қармақшы аудандары үшін майбұршақ, қант құмайы, жүгері дақылдарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. «Тұрмағамбет», «Жаңа Жол» ЖШС-ның тәжірибесін пайдалану қажет.

Жасыратыны жоқ, ал­ғашқы кезекте топырақтың жай-күйі алаңдатады. Облыс­тың ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлерінің құнарлылығы өте төмен жағдайда. Негізінен топырақ құнарлылығын арттыру бір-бірімен тығыз байланысты үш кешенді шараны жүзеге асыруды талап етеді. Олар – топырақтарды агробиологиялық, агрохимиялык және мелиоративтік жа­ғынан жақсарту.

Аймақтың жер, су ресурс­тарын тиімді пайдаланып, АӨК саласының өнімділігін 3-4 есе көтеру – өте күрделі мәселе. Соған байланыс­ты «жасыл» экономика кон­­цепциясына сай институт ғалымдары су және ресурс үнемдегіш технологияларды зерттеп, ұсынымдар да­йындауда. Күрішті жалға егу, өндіріп егу, топырақты минималды өңдеу, экологиялық таза өнім өндіру, органикалық егіншілік және тағы басқа технологиялар өздерінің тиім­діліктерін көрсетті. Ерекше назар аударатын мәселе – топырақтың құнарлылығын қал­пына келтіру және күріш өндірісі қалдықтарынан биотыңайтқыштар дайындау. Осыған байланысты күріш сабаны және қауызынан микробиологиялық препараттар қолдану арқылы биотыңайт­қыш дайындап пайдалану технологиясы әзірленді. Мұның болашағы зор.

Институт жұмысының үлкен бір бағыты – өсімдіктерді зиянды ағзалардан қорғау. Бұл ретте ресейлік және отандық әріптестермен тығыз жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге түрлі биопрепараттар, пестицидтер тіркеу сынақтарынан өткізіліп, өндіріске ұсыныстар бе­рілуде.

Президент ауыл шаруа­шылығындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде суармалы жер көлемін таяу жылдары 3 млн гектарға арттыру міндетін алға қойып, Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Үкіметте суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Күріш – соңғы жылдары аймақтағы бірден-бір экспорттық әлеуеті артып, нарықта оңтайлы жағдай қалыптастырып отыр­ған дақыл.

Күріштің жылдан жылға гектарына беретін өнімі көтеріліп жатыр. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Дегенмен, осы нәтиженің топыраққа деген қазіргі таңдағы жағдайы мәз емес. Мысалы, топырақ өңдеу әдістерінің ғылыми негізсіз айдау жұмыстары ондаған жыл бойы соқамен бір тереңдікте жүргізілуінен топырақ құнарлылығындағы гумус мөлшері төмендеп, соқамен айдау тереңдігінде топырақасты ұлтан пайда болып, тиісінше тұздылығы артуда. Сондықтан топырақ өңдеу мәселесінде әр өңірдің табиғи-климаттық жағдайы ескерілуі тиіс. Әсіресе суармалы егіншілік жағдайында мұқият болуымыз керек. Өйт­кені, күріш суармалы жүйесінде топырақ 90-100 күн су астында болғаннан кейін ол жерде элювиалдық процесс жүріп, органикалық бөлігі тез шайылып кетеді.

– Институттың ғылыми-өндірістік алаңдары туралы айтып өтсеңіз…

– Қазіргі таңда институт күріштің отандық және ресейлік аудандастырылған сорт­тарының бастапқы тұ­қым шаруашылығын жүргізіп, өндіріске жоғары репродукциялы тұқымдар ұсынуда (суперэлита, элита, 1-репродукция). Биыл тәжірибелік учаскесінде дәнді дақылдар, оның ішінде күздік бидай – 30, жаздық бидай – 70, қант құмайы – 80, арпа –20, түйе­жоңышқа – 10, сұлы – 5, майбұршақ 2 гектар жерге  егілді. Күріш 631 гектарға егіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, тұқымды өңдеп, сауықтыру мәселесін көтерудеміз. Себебі бір ғана егілетін күріш тұқымдарының өзі 7 түрлі аурумен залалданып отыр. Оның 5 түрі саңырау­құлақтық, 2 түрі бактерия­лық-патогенді ауруларға шалдыққан. Осы бағытта инс­титут ғалымдары бірқатар оң тәжірибелерді ұсынуда.

– Облыс шаруашы­лық­тарына ішкі қажеттілікті өтеумен қатар, өнімдерін сыртқа шығарып, пайда табуы үшін қандай дақылдар өсіруге кеңес бересіздер?

– Соңғы кезде шаруалар отандық сорттарға емес, шетелдік гибридтерге қызығушылық танытуда. Шаруалар үшін бір жылғы алынатын өнім басты назарда. Сол себепті бірінші жылы ғана өнім беріп, келесі жылы егу үшін тұқымдыққа жарамайтын, тұқым алған күннің өзінде берген өнімі кеткен шығынды өтемейтін шетелдік гибридтерді егу өте тиімсіз. Ал егер отандық сорттарды ексе, біріншіден өнімділігі жоғары, екіншіден, келер жылға егетін тұқымға шығын шығармай, жиналған өнімнен алып қалуға болады. Сорттық қасиеті мен өнімділігін жоғалтпайтын отандық сорттар жетерлік. Мысалы, біздің институтта ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі жоғары, үлкен сұранысқа ие сорттар шығарылған. Мәселен, «Сыр Сұлуы», «Ай-Керім» сорттары. Сонымен қатар күріш ауыспалы егісіндегі басты алғы дақыл – жоңышқаның институт селекционерлері шығарған «Түркістан-15» сортына үлкен үміт артылады. Бұл сорт қолайлы жағдай болғанда 4 рет орып, гектарынан 80-100 центнер жинауға болады. Суармалы егіншіліктің ауыр топырақ мелиоративтік жағдайында түйежоңышқаның орны ерекше. Бұл бағытта біздің шығарған «Алаула» сорты өзінің шығымдылығымен ерек­­­шеленіп, топырақтың структурасын жақсартып, тұз­­дылығын азайтады және құра­мында кумарині жоқ жоғары өнімділікте.

Институт зерттеуле­рі­нің үлкен бағыты – малазықтық дәнді дақылдардың селекция­сы. Арпаның «Сыр Аруы», «Алтын Арай» және «Іңкәр» сорттары шығарылып, мемлекеттік сынақтан өтті. Қазіргі таңда олардың бірегей тұқым шаруашылығы жолға қо­йылған. Түрлі отандық және шетелдік сорттардың агро­экологиялық сортсынамалары жүргізілуде, нәтижесінде ауылшаруашылық тауар өндірушілерге ұсынылады. Құнарлы мал азығының берік қорын жасауға толық мүмкіндік бар.

Облыста ­көкөніс-бақша, картоп дақылдарының ма­ңызы ерекше. Қауынның «Сырдария», «Дәмелі», «Ната», «Балшекер», ­«Альтаир-1» сорттары шығары­лып, аудандастырылуда. Бұл сорттар дәмділігімен, жоғары қанттылығымен (14-15%), сақталғыштығымен ерек­шеленеді. Картоптың жер­гілікті «Бірлік» сорты әр гектардан 20-22 тоннаға дейін өнім беріп, ұзақ сақ­тал­ғыш­тығымен сипатталады. Сонымен қатар картоп, асқабақ, қияр, қызанақ дақылдарының агроэкологиялық сортсынақтары жүргізіліп, өндірушілерге өнімді және тиімді сорттары ұсынылуда.

Мал шаруашылығының маңызын ескере отырып, соңғы жылдары құнарлы­лығы жүгеріден кем түс­пейтін африкалық тары және сорго дақылдарын зерттеуге мән берілді. Бұл дақылдардың дәнімен құстарды, жас төлдерді азықтандыруға, ал вегетативтік массасын балауса шөп және сүрлем түрінде қолдануға болады.

– Соңғы жылдары об­лыс­та жеміс-жидек өсіруге талпыныс байқалады…

– Жалпы өңірдің топырақ-климаттық жағдайы жеміс-жидек және жүзім шаруа­шылығымен айналысуға қолайлы. Соңғы жылдары Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында 7, Жалағаш ауданы  Мақпалкөл ауылында 5 және Таң ауылында 5, Қазалы ауданы Өркендеу ауылында 10 гектар аумаққа алма бақтары егіліп, шаруалар жеміс-жидек саласына бетбұрыс жасап отыр. Мамандандырылған 3 ғылыми-зерттеу институттары (топырақтану және агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы және күріш шаруашылығы) оң ғылыми қорытындыларын берді. Егер мемлекет тарапынан қолдау табылып, субсидия бөлініп тұрса, жеміс-жидекті неге арттырмасқа?!

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отан­дық аграрлық ғылымды дамыту деңгейі айтарлықтай төмендегенін, соған байланысты салада болашағы бар жас ғалымдардың пулын жасақтау қажет дегенді айтты. Қандай жоспарларыңыз бар?

– Өзіңіз айтып өткендей, Президенттің тапсырмасын орындау үшін бізде институт жанынан «Агропарк Қызылорда» құрып, институт зертханаларын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жас ғалымдарға тәжірибе жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажет. Жас ғалымдар шетелдің озық тәжірибелерін толық меңгеріп, болашақ ауыл шаруашылығы мамандарын өндірістік тәжірибеден өткізуге және өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне озық тәжірибе нәтижелерін көрсетіп, ғылыми бағыт-бағдар беруге және таратуға мүмкіндік туар еді.

Агропарк – жоғары оқу орындарының студенттері, магистрлары мен PhD докторлары, аграрлық-техникалық колледжінің студенттері және ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлердің өндірістік тәжірибеден өтулеріне ықпал жасайды. Сонымен қатар, Агропарк бірден-бір аграрлық сектордағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру алаңына айналар еді.

Қазіргі таңда осы бағытта біршама жұмыс бар. Институттың жас ғалымдары облыс көлеміндегі «Білім тарату орталықтарынан» та­ғылымдамадан өту арқылы өз тәжірибелерін жүзеге асыруда.

Демек, Президент тапсыр­масын орындауға негіз қаланып келеді.

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<