Жорабек Нұрымбетов: «Сын ширатады, шындық онан да маңызды»

1664

0

Облыстық мәслихаттың сессияларына тұрақты түрде қатысып, ақпараттандыратын болғасын, депутаттарды және олар көтеретін мәселелерді де саралай отырамыз. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді депутаттар арасында белсенділері, һәм келіп-кетіп жүретіндері де бар. Әр сессияға тыңғылықты дайындалып, бес-алты, тіпті оншақты ұсыныс-сауалды бір-ақ жолдайтындары жеткілікті. Ондайларға қуанасың, тіпті, келесі жолы барғанда «Пәленше бүгін нендей мәселелер көтереді екен?» деп отырасың. Мүмкін, ол әр адамның өзіне жүктелген міндетті, жауапкершілікті сезіне, түйсіне алғандығынан болар, әлде өмірде көрген-білген, жиған тәжірибеге байланысты ма екен? Тіпті азаматтық болмысы, ұстанған қағидасына қатысты шығар? Не десек те, халық пен билік арасындағы дәнекер депутаттың сергек, мәселені дер кезінде көре де, жеткізе де білетін, жеткізіп ғана қоймай, оның шешілуіне ықпал ететін іскер болғаны жақсы.

Сондай белсенді депутаттың бірі, «ҚазСуШар» РМК Қызылорда филиалының «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы – Жорабек Нұрымбетов. Ұстанымы айқын, өзіне сенім артқан тұрғындар алдында жауапкершілікті жақсы сезінетін азаматпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Жорабек Ибрагимұлы, білуімше, сіз облыстық мәслихаттағы «өтілі» көп депутаттың бірісіз. Бастауы қай жылдан?

– Иә, рас айтасыз, 2007 жылдан бастап депутаттық міндетті атқарып келемін. Үш рет қалалық, екі рет облыстық мәслихат депутаты болып сайландым. Былайша айтқанда, тәжірибелі депутатпын.

– Депутаттық мүдденің басты көздегені не деп ойлайсыз?

– Депутат халық пен билік арасындағы көпір деп жатады ғой, менің де мақсатым – елдің мәселесін, олардың ойын, ұсынысын, өтінішін билікке жеткізу және сол мәселенің орындалуына, іске асырылуына атсалысу. Жаңа айтып өткенімдей,  2007 жылдан бастап қалалық мәслихат депутаты болдым. Ол кезде Тасбөгет, Киров, КБИ аумағынан сайландым. Ол қаржының тапшы кезі. Есесіне, елді мекендерде әлеуметтік проблемалар  баршылық еді. Мәселен, мектептердің шатыры тозған, қабырғалары ескірген. Қазіргідей жан басына шаққанда қаржыландыру деген жоқ. Сол уақытта өзім сайланған округ бойынша КБИ шағын ауданындағы мектептің мәселесі өте күрделі болды. Бұрынғы казарманы мектеп ретінде пайдалануға берген, ал ол ешқандай талапқа сай келмейді. Осыған байланысты халықтан көптеген арыз-шағым, өтініштер түсетін.

Осыны қалалық мәслихатта, онан кейін облыстық мәслихатқа келгенде де қайта-қайта көтеріп жүріп, тіпті республика деңгейіне дейін құзырлы органдар назарына ұсынып, жаңа мектеп салуға қол жеткіздік. Бұдан басқа да бірнеше білім ордасының төбесін жаңарту, күрделі жөндеу жүргізілуіне атсалыстық. Су маманы болғандықтан ауызсу мәселесіне де көп көңіл бөлемін. Өйткені біздің өңір 55-60 пайызға дейін дарияның суын  пайдаланып келдік. Тазалау қондырғысын қойғанымен ол тұтас қаланы қамтуға қауқарсыз болды. Сондықтан сапасыз ауызсу тұтынуға мәжбүр едік. Осы орайда басқа да депутат әріптестеріммен бірге мәселені қайта-қайта қозғап, облыс басшылығы қолдау білдіріп, арнайы бағдарлама дайындалды. Соның негізінде Қызылорда қаласын таза ауызсумен қамтуға жұмыс жасалды. Оның ішінде КБИ шағын ауданында 5 скважина қазылып, сужинағыш салынды.

«Қызылжарма» жерасты суы арқылы сапалы ауызсумен қамту туралы ойымды айтып, ол жүзеге асырылды. Одан бөлек, облысқа келген соң Тасбөгет кентінің жолын жөндеу туралы мәселе көтердік.  25 мыңдай тұрғыны бар кентте жолдың бәрі 50 жылдан бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен. Осы мәселені облыс әкіміне жеткізіп, ол кісі қолдап, 987 млн теңге қаржы бөлініп, 16 көше жөнделіп, жарықтандырылды. Бұл 2018-2019 жылдар болатын.

Белкөлдегі аспалы көпір де  сондай табанды жұмыстардың арқасында салынды деп айтуға болады. Ол жерде тұрғындар теміржолды аттап өтіп, қатынайтын. 13 теміржол линиясы бар екен. Теміржолды кесіп өту кезінде талай мәрте адам шығыны да болып, түрлі оқиғалар орын алған. Осы мәселені көтеріп тіпті республикалық теміржол мекемесінің басшысына дейін бардым. Ол жақтан рұқсат алып, республикадан қаржы қаралды. Бірақ сол жылы іске аспай қалып, қаржы қайтарып алынды. Биыл толық жүзеге асырылды. Айта берсек осындай жұмыстар көп.

– «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз, бұл тұрғыда пікіріңіз қандай?

– Өзіңіз білесіз, қала және аудан әкімдері айына бір рет, облыс әкімі тоқсанына бір ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп тұр, яғни, халық өздері-ақ мәселелерін әкімдерге жеткізіп отыр. Демек, депутат – қазір халық пен билік арасындағы көпір болудан қалды, яғни, қазір депутаттар тұрғындардың мәселелерін, өтініштерін билікпен бірге жүзеге асырушы. Мен «Amanat» партиясынан сайланғанмын. Соған байланысты республика, облыс бойынша сайлауалды бағдарлама әзірленіп, жол картасы жасалынған. Онда халықтың өтініш-тілектері, ұсыныстары қамтылған. Біз енді соны орындауымыз керек. Бұрын депутаттар белгілі бір округтен сайланғандықтан, сол жердің мәселесімен ғана айналысса, қазір партиялық тізіммен сайланған депутаттарда ондай жоқ. Біз ана басы Аралдан, мына басы Жаңақорғанға дейін партияның сайлауалды бағдарламасында уәде берілген жұмыстардың жүзеге асырылуын қадағалаймыз, оның орындалуына атсалысамыз.

Әрине, бірмандатты сайланғандар да бар, бірақ олардың да бағдарламалары сол сайлауалды бағдарламаға кіріп отыр. Қазіргі жаңа Қазақстанның бізге тән қызметіндегі өзгерістер осындай. Өздеріңіз білесіздер, облыстың бюджеті жыл сайын артып келеді. Өз басым бес шақырылымның депутатымын, қазірге дейін мұндай қаржыны көрген емеспіз. Мәселен, биыл облыстың бюджеті 600 млрд теңгеге жуықтады. Бұл – өте көп қаржы. Сол қаржының тиімді жұмсалып, жұмыстардың сапалы орындалуын қадағалауымыз керек. Әрине, өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Қымбатшылық тағы бар. Соған қарамастан уәде етілген жұмыстар сапалы жүзеге асырылуы керек деп ойлаймын.

Коммуналдық қызметтер бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Сапалы ауызсумен қамту бағытында да ауқымды шаралар бар. 98 пайыз қамтылған, бірақ аймақ басшысы 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу туралы айтты. Ауылдарды газдандыруға, аяқсумен қамтамасыз етуге байланысты да нақты жоспарлар бекітілген. Қазір бұрынғыдай емес, халық жеке басының емес, қоғамның мүддесін, елге пайдасы тиетін мәселелерді көтереді. Әрине, бірлі-жарым бар. Ондай кезде депутат жеке адамның пайдасы үшін ғана жұмыс істемейтінін, елге, қоғамға ортақ мәселелермен айналысатынын айтып жүреміз.

– Қазір депутаттарға деген қоғамның көзқарасы әрқилы. Оны әлеуметтік желілерден өздеріңіз де байқайтын шығарсыздар. Әсіресе, жоғарыда отырған «халық қалаулыларына» деген көптің ренішін, сенімсіздігін жоққа шығара алмаймыз. Қандай пікірдесіз?

– Дұрыс айтасыз, өкінішке қарай солай болып тұр. Жоғарыдағы депутаттарға көзқарас дұрыс болмағандықтан біз де сырт қалмаймыз. Депутат болып сайланғанда бізге бір тиын ақша төленбейді. Депутат болуға талаптанған адам қоғамға пайдамды тигізсем, халықтың мәселесінің шешілуіне атсалыссам деп келеді. Көбісі солай енді, мүмкін арасында жеке мүддесін ойлайтын бірлі-жарымы бар шығар. Бірақ қазір әлеуметтік желінің дамыған уақыты, әр ісің, әр қадамың жұрттың көз алдында.

Өткенде бір кездесуде блогер  менен «Бәйтеректегі салынып жатқан мектеп биыл пайдалануға беріле ме, сіз не айтасыз?» деп сұрады. Сонда бір кісі «Онан несіне сұрап жатырсың, ол не шешетін еді?» деді. Осы сөз маған қатты әсер етті.  Ол жерге мен төрт-бес мәрте барып, жағдайды зерттедім. Мердігермен бетпе-бет сөйлестім. Анықтағанымдай, мердігер ақшасын басқа нәрсеге жұмсап қойып, құрылысқа қаржы таппай отыр. Тапсырыс берушімен де кездесіп, сөйлестім. Ол туралы хаттама да жасағанбыз. Сондықтан біздің тарапымыздан не істелуі керек, соның бәрі жасалды.

Шынымды айтсам, өзіме деген халық тарапынан мұндай сұрақтардың қойылғанына қуанамын. Өйткені мен әкім емеспін, қолымда қандай да бір билік не ақша жоқ, бірақ депутат ретінде жауапкершілік жүктеп, талап етіп жатқаны қуантады. Сын ширатады, бірақ шындық онан да маңызды.

– Депутаттардың көбінің қызметі не кәсібі бар. Олардың қол астында қаншама адам еңбек етіп жатыр, соған қарамастан депутаттық міндетті алып жүр. Депутат деген – қоғамдық жұмыс, халықтың аманатын арқалау ғой. Екеуі бір-біріне кедергі келтірмей ме?

– Дұрыс айтасыз, негізі үміткер депутаттыққа ойланып баруы керек. Көбісі бизнестегі кісілер, олардың жұмысы үнемі қауырт. Бір күн жұмысына көңіл бөлмесе, түсетін қаржы азайып қалады. Дегенмен халыққа қызмет жасаймын деген азамат қашан да уақыт табады. Ал біз секілді басшылық қызметтегілер жұмыс кестемізді алдын ала реттеп қоямыз. Мен өз басым солай істеймін.

Жұмыс таңертең 9.00-де басталатын болса, мен 7.30-да кеңседе боламын. Жоғарыда айтып өткенімдей, бізге депутат болғанымыз үшін ақша төленбейді. Бірақ азамат ретінде халықтың жауапкершілігін арқалап, қоғамға қызмет етсек деген ниет. Біреулер ойлайтын шығар, депутаттық төсбелгі тағып, қол көтеріп отырса болды ғой деп, мүлде олай емес! Қазір халықтың көзі ашық, соған сәйкес талаптары да жоғары, сондықтан ондай бейқам жүріске жол бермейді.

– Депутаттық сауалдарыңыздың ішінде қолдау таппай, аяқсыз қалғаны бар ма?

– Өмір болғаннан кейін ондай болып жатады. Бес-алты жыл бедерінде Тасбөгет кентіндегі №4 емхананы басқа ғимаратқа көшіру мәселесін көтеріп келе жатырмын. Бұл емхана бұрынғы пошта ғимаратында отыр. Ешқандай талапқа сай келмейді. Осы мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салуды көтердім. Республикаға да шықтым. Бірақ сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы «жаңа ғимарат салып, ақша құртқанша, босап жатқан аурухананы сол емханаға берейік» деп әкімге ақыл айтқан ғой. Әкімге барсам, солай деп отыр. Мен жақсы дедім.

Арада екі жыл өткенде мәселені  қайта көтердім. Сөйтсем, ол  аурухананы босату үшін, оны бұрынғы балалар туберкулез ауруханасына көшіру керек екен. Ал ол үшін оған жөндеу жұмыстары жасалуы тиіс. Оны жөндеу үшін 500 млн теңге қаржы керек! Ау оған осынша қаржы жұмсағанша, неге жаңасын салмаймыз. Міне, осы мәселені бір жақты ете алмай жүрмін. Бірақ бұл мәселе төңірегінде жұмыс жалғасуда.

– Қолдау табуына тілектеспіз. Ашық әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан

Айнұр БАТТАЛОВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<