Қоршаған ортаға қамқорлық қалай?

852

0

 «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму  –  еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе.

Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен  шет қалуға болмайды».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Қызылорда – Тұран ойпатында орналасқан, оңтүстіктен батысқа қарай созыла жатқан өңір. Халықтың 70 проценті аймақты кесіп өтер Сырдария жағасында мекендейді.

Республика бойынша жер көле­мінің 8,3 процентін құрайтын біздің өлкенің климаты күрделі. Жазы құрғақ, қысы суық. Қыста қар сирек жауады. Жауын-шашын аз. Жылдық мөлшері 110 мм асар-аспас. Үнемі желді. Көбіне солтүстік не шығыс­тан соғып тұрады. Бәрінен бұрын Арал теңізінің тартылуы экологиялық жағдайды тіпті күрделендіріп жіберді.

Ал аймақтағы орман қоры – 6 млн 672 мың 968 гектар. Мамандар осылай дейді. Айтпақшы, мұның өзі үшке бөлінеді. Облыстың тікелей өзіне қарасты мемлекеттік орман мекемелерінің жері 6 млн 509 мың 717 гектар. Ал республикалық «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының жері 163126 гектар болса, «Қазақстан темір­жолына» қарасты 125 гектар жер бар.

Осыншама гектар орман-тоғай мен ондағы жануарлар дүниесіне жауапты мекеме жоқ емес. Облыстық «Орман шаруашылығы және жануарлар дүние­сі аумақтық инспекциясы» РММ өз құзыреті шегінде өңірдегі орманның сақталуын, қорғалуын және оны өсіру мен қалпына келтіру жұмысымен айналысады. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен жануарлар дүниесінің сақталуына да жауапты.

Әуелі орманды айтсақ

Бізде орман алқаптарын қорғайтын 8 мекеме бар. 390 орманшы қызмет атқарады. Міндеті жоғарыда айтып өткендей. Өңірдегі орман мен тоғайлы жерлердегі бар қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, қосымша оны өсіру.

– Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биология­лық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн.

Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді, – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы Жолдауында.

Енді қараңыз. Біздегі теңіздің тартылуы облыстағы экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жібергені баршаға аян. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, барлық тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, суы құрғаған аймақтан ұшқан құм дауыл ұзыннан 400, көлденеңінен 40 шақырымға дейін жетеді екен. Шаңды дауылдардың радиусі 300 шақырымды қамтып тұр.

Мамандардың есебінше, теңіздің құрғаған ұлтаны 4,5 млн гектар. Осынша гектардың 2,2 миллионы Қазақстан аумағында деп көрсетілген. Аз жер емес. Бұлай құрғақ аймақтың тұз басып, шөлейтті жер аумағын көбейткені былай тұрсын, ондағы тіршілік иелеріне жағымсыз әсерін берері анық емес пе?! Жануарлар мен өсімдіктердің көбеюіне қарсы мұндай факторларға бірден-бір амал не болар екен?!

Экологтар қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтау үшін теңіз ұлтанына сексеуіл, сарсазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктер көптеп отырғызылу керектігін айтады. Тәжірибе осыны дәлелдеп отыр. Бір нәрсе белгілі, сексеуілдің бір түбі 10-нан 100 тоннаға дейін құмды бөгеп, ұстай алады екен.

Құрғаған ұлтанға көрік бергендер

Бүгінде қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтайтын бірден-бір амал – ұлтанды орманға айналдыру. Құрғаған теңіз орнына сексеуіл, сарсазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктерді егу екендігі соңғы жылдардың тәжірибесінен-ақ әбден дәлелденген дүние.

Осы бағыттағы жұмыстар өткен ғасырдың соңында басталды. 80-жылдардың ортасында Қазақ орман ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жасаған жоба бойынша 1993 жылға дейін біршама жұмыстар атқарылған. Сол уақытта теңіз ұлтанына барлығы 54 мың гектардан аса көшет отыр­ғызылыпты. Барлық орман мекемелерінің күшімен сексеуіл, сарысазан, жыңғыл егілген. Қазір содан 20,7 мың гектар сексеуіл, 11,7 мың гектар сарсазан, 1,5 мың гектар жыңғыл екпелері табиғи көбею деңгейіне жеткен.

2001 жылдан бастап жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрғаған ұлтанға жылына 1-1,5 мың гектарға де­йін сексеуіл отырғызылды. Кейінгі жылдары 7000 гектарға дейін егуге қол жеткізілді. Оның ішінде 4000 гектарына сексеуіл тұқымы себілсе, 3000 гектары көшет арқылы егіліпті.

Бір жақсысы, бұл жұмысқа халықаралық ұйымдардан қаржы тарту да қарастырылды. Дүниежүзілік даму банкінің қолдауымен «Ормандарды сақтау және республиканың орманды жерлерін көбейту жобасы» дайындалып, осының аясында 2008-2014 жылдары 57 мың гектардан астам сексеуіл, сарсазан, т.б. ағаш-бұта тұқымдары егілді.

Ал 2018-2020 жылдар аралығында Оңтүстік Корея мемлекетінің қолдауымен 13300 гектар сексеуіл көшеті отырғызылыпты. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде теңіз беткейде орманды алқаптар қолдан жасалды. Ашық қалған ұлтан тоғайға айналып, жан-жануарлар мен құстардың, басқа жәндіктердің тіршілік ортасына айналды.

Қазір де құмға айналған өлкені жасыл желекке айналдыру жұмыстары тым қарқынды. ҚР Президенті Әкімшілігінің Арал теңізінің құрғаған табанында 1 млн 100 гектар жерге сексеуіл егу туралы ұсынысына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында мол сексеуіл егілмек. Оның ішінде биыл 100 мың гектар, 2022-2025 жылдары әр жылына 250 мың гектарды көркейту жұмыстары жүрмек.

Осыған байланысты, биыл сексеуіл тұқымын 64547 гектар жерге аэро себу арқылы, 19903 гектарға механикалық тәсілмен және 16229 гектар сексеуілдің табиғи өсуіне жәрдемдесу шараларын жүргізу жоспарланған. Бүгінде егу жұмыстарына 71,2 тонна сексеуіл тұқымы жұмсалыпты. Топырағын дайындау жұмыстары жүргізіліп, Арал, Қазалы орман шар­уашылығы мекемелері теңіз табанында тұқым себу жұмыстары әлі де жүргізуде.

Айта кету керек, биыл орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін облыс­тық бюджеттен 340 млн теңге қаржы бөлініпті. Оған 2 өрт сөндіру автокөлігі, 6 «ХТЗ» тракторы, далаға арналған шатыр, 3 орман отырғызу агрегаты, су және жанар-жағармай цистерналары алынған. Ал келесі жылы осындай қажеттілікке 600 млн теңге бөлу көзделуде. Бұл – облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі.

Аңшылық алқап саны 40-тан асты

Бір белгілі жайт, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізде аңшылық шаруашылықтар болған жоқ. Тек қана 2001 жылы облыс әкімінің 15 мамырдағы қаулысымен жалпы аумағы 351,3 мың гектарды құрайтын 11 аңшылық алқабы «Сыр бойы орман» РМК-на бекітіліп берілді.

Жалпы өңірдегі аң-құсқа деген жанашырлық қалай?! «Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жан­уарларды қорғау туралы» заң жобасын әзір­леуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес» деген еді Президент өз Жолдауында. Расымен рұқсатсыз аң аулап, құс торуылдайтын екі аяқты пенде көп бізде.

Алғаш ашылған 11 аңшылық алқаптың саны бүгінде 41-ге жетіпті. Жалпы аумағы 9805,8 мың гектар. Көрсетілген жерге тек әуесқой аңшылар ғана шыға алады. Онда де тек арнайы рұқсат қағазымен. Орман шар­уашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан оларға аңшылық куәлігі арнайы оқу курсынан өткеннен кейін беріледі. Қазір бұл міндетті аймақтағы «Қансонар» аңшылар қауымдастығы атқарып отыр.

Сондай-ақ, 2004 жылдан бастап ҚР «Қызыл кітабына» енген, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар мен құстарды қорғау мақсатында республикада «Охотзоопром ӨБ» РМҚК құрылды. Айта кетейік, жалпы біздің аймақтың экологиялық және аңшылық туризмді дамытуға мүмкіндігі бар. Аңшылық туризмді экономикалық пайданы ұлғайту үшін кәсіби негізде іске асырса да болады.

Қорықшылардың негізгі міндеті – рұқсатсыз аң-құс, балық аулаушылардың жолын кесу, аң-құстың қауіпсіздігі мен көбеюуіне үлес қосу. Олар рұқсат берілмей жатып немесе арнайы лицензиясы жоқ аңшылар табиғатқа зиян келтірген жағдайда, заң аясында белгіленген айыппұл салуға да құқылы. Тіпті, бағынбаған не оқыс оқиға болған жағдайда атыс құралын да қолдана алады. Ең бастысы, қажетті дүниеге, яғни өзіміздің табиғат жаратылыстарына өзіміз қамқор болсақ болғаны. Бізге жетіспейтіні де сол.

Аймақта «Қызыл кітапқа» енген жануар мен құс түрлері баршылық. Соның ішінде ерекше қорғауға алынғаны – киік аңы. Биология­лық мәліметте, киік – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайтаратын түз жануары. Халық «ақбөкен» деп сүйсіне ат таңған, сайын даланың сұлуы көбіне шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етеді.

Мамыр айының ортасынан бастап жаппай лақтайтын киіктің саны жылма-жыл артуда. Мемлекет басшысы тікелей назар аударып отырған дала жануарын қорғау бұрынғыдан да күшейтілген. Ал жазасы тіпті ауыр. Қарақұйрыққа да солай.

Киік  санының  артуы ҚР Үкіме­тінің қаулысына сәйкес жүзеге асқан шаралардың арқасы деп білеміз. Өйт­кені, қаулыда көрсеткендей, киікті 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынған. Ал биыл бұл тыйым 2023 жылға дейін ұзартылып отыр. Иә, дала қорықшылары қорғайтын түз жануарлары там-тұмдап болса да өсіп келеді. Оған да шүкір делік.

Солай десе де, шектеуге қарамастан осы екі жануарға қатысты қылмыстық істер тіркелуде. Иә, заңмен мықтап, сөзбен шегелеп айтқан «ты­йым салынған» дүниеге құмарлар азаймай тұр.

Айналадағы жорғалаған аң мен ұшқан құс мемлекеттің мүлкі екені белгілі. Заңсыз аттыңыз ба, зиян келтіргеніңіз үшін айыппұл арқалайсыз, тіпті, одан көп мөлшерде залал келтірсеңіз, түрмеге түсу жағы да қарастырылған.  Мысалы, 1 бас қоян үшін 5 АЕК, яғни 21877,50 теңге, 1 бас ақбөкен аңының серкесі үшін 500 АЕК, яғни, бір бас ақбөкен 6 млн 563 мың 250 теңге, ал аналығы мен төліне 350 АЕК немесе 4 млн 594 мың 275 теңге айыппұл салынады. Осындай қаржыны мемлекет қоржынына шытырлатып санап бересіз. Сондай-ақ, 1 келі сазан балығы 3792,1 теңгені құраса, 1 түйір қаяз балығы үшін 2625300 теңге айыппұл арқалайсыз.

Мұнан бөлек, сотты болған азаматтан қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, көлік құралдары, айналымнан алынған мүліктердің барлығы тәркіленеді. Осындай заң талаптарын кейбір құқық бұзушылар «білмегендіктен жасадым» деп ақталатыны рас. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатылады деген сөз емес.

Бөлінген балық инспекциясының бағыты қалай?

Биыл жыл басында ҚР Үкіметінің Қаулысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрамында балық шаруашылығы комитеті құрылды. Ал ақпан айында «Арал-Сыр­дария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жұмысын бастады.

Саланың жеке ведомствоға біріктірілуі жақында қабылданған балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға, балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін арттыру үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында Қазақстанның балық ­шар­уа­шылығының әлеуеті зор екенін ескере отырып, оны дамытуға аса мән беру қажеттігін ашып айтқан да болатын.

Сәл шегініс жасасақ, бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамында болған балық шаруашылығы комитеті 2014 жылы таратылды. Одан бері қарай бұл саланы Экология министрлігінің орман шаруашылығы және жан­уарлар әлемі комитеті жүргізіп келді.

Бүгінде қайта құрылған комитет арқылы мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей елдегі су ресурстарындағы балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізуге болады екен. Өнім экспортын 300 мың тоннаға дейін арттыру жоспары да бар. Ол үшін 545 жаңа балық шаруашылығы құрылып, 323 шаруашылық толық жобалық қуа­тына шығады деген сенім бар. Қазір жаңа комитеттің алдында бағдарламаның жүзеге асуын қолдау, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадрлық қамтамасыз ету жұмыс­тарын атқару міндеттері біртіндеп іске асуда.

Комитет қайта құрылғалы «Арал-Сырдария» облысаралық балық шаруашылығы инспекциясында да бірқатар жұмыстар жүрген. Алдымен балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленді. Ол бойынша облыста 16 мың тонна та­уарлы балық өсіру жоспарланған. Облыс бойынша 16 шарбақтық, 12 мың тонна балық өсіретін 12 тоғандық шаруашылық, 400 тонна болатын 3 тұйықталған жүйелі сумен қамтамасыз етілген және 1450 тонна балық өсіретін 55 тауарлы су айдындарын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Қазір Түркістан облысы бойынша 2 тоған және 2 шарбақтық шар­уашылық жұмысын бастады. Сондай-ақ қала маңындағы Сырдария мен «Көксу» су айдынында және Түркістан аумағындағы «Шардара» су қоймасында биыл «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы кең көлемде өткізілді. Уылдырық шашу кезінде де балық қорғау жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар, биыл 11 қазан мен 11 қараша аралығында «Браконьер» бірлескен жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұдан басқа облыс әкімдігі мен прокуратура бірлесіп бекіткен Кіші Арал теңізі және облыс су айдындарында браконьерліктің алдын алу жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған іс-шаралар  жоспары да үздіксіз жүргізілуде.

Облысаралық инспекцияның техникалық базасы жетіліп келеді. Аймақтағы бөлімшелерге жаңа көліктер жеткізілген.  Бұған қоса 3 су көлігі (моторлы қайық) беріліпті. Бұл қыз­меттік техника балық ресурстарын қорғау, табиғат заңдылықтарын сақтау бағытында пайдалануға арналған. Жалпы инспекция мамандары табиғат заңдылықтарын сақтау, су маржанын келешек ұрпаққа жеткізу жұмыстары жүйелі түрде жүретінін айтып отыр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<