Әке мектебінің тәлімі

455

0

Әкем туралы ой қозғасам көз алдыма ойы жүйрiк, бойы биiк, қара қылды қақ жарған әдiл сөздi, тектi тұлғаның бейнесi келедi. Сөзi iсiнен алыс кетпейтiн, жүрiс-тұрысы сергек,  бұл өмiрдегi миссиясының не екенiн терең түсiнген адам екенiн әрбiр әрекетi дәлелдеп тұрғандай.

Өтеміс Есболғанұлы 1911 жылы дүниеге келген. Ата-анасынан жастай айырылып, жетімдіктің дәмін татса да, жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп үлгерген. Алдымен әкеден, бірер жыл өткен соң анасынан айырылып, өзінен кейінгі бауырларын жетілдіру үшін қиындыққа қарсы тұрды. Бірде аш, бірде тоқ жүріп, қандай жұмысты болсын игеріп, еңбекпен шынығып өскен.

Қазақта әкесін «көке» деп те атайды. Ол сөздің мағынасы «көк» деген ұғымнан пайда болған екен, яғни дүниенің, тіршіліктің тамыры асқар таудан басталатынын білдіріп тұрғандай. Біз де әкемізді солай атап кеттік. Әкемдi бала кезiмнен үлгi тұтуға, iс-әрекеттерiн қайталауға, басқан iзiмен жүруге тырыстым. Оның ақыл-кеңесiн, ой-толғамдарын санамнан өткiзiп, қазiрдiң өзiнде сол бiр асыл жанның өмiрлiк қағидаларын бағдаршам тәрізді ұстанамын. Қайтыс болғанына қырық жыл уақыт өтсе де, орны ойсырап тұрады.

Қара жұмыстан қашпай, еңбекпен шыңдалып өскен ол 1939-1946 жылдары тыл жұмысына араласып, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Одан кейін Сырдария су шаруашылығында жиырма жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Талай жылғы төккен тері лайықты бағаланып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Зейнетке шыққаннан кейін де тағы бірнеше жыл осы салада тер төккен. Әкемiз өзiне де, өзгеге де өте талапшыл адам болды. Мәселенiң оңайы, күрделiсi, қиыны болсын, шешуге аса ыждағаттылықпен, жауапкершiлiкпен қарайтын.

Аймырза бидің төртінші ұрпағы анамыз – Ақжібек Пірімжанқызымен 1939 жылы шаңырақ көтереді. Екеуі өмірге 5 ұл, 5 қыз әкелді. 1941 жылы үлкен апамыз Дүрия, одан кейін Сара туады. Екі қыздан кейінгі Мұханбетханның  өмірге келуі ғажайып оқиғамен байланысты. Анам мен әкеме таң алдында ақ киімді ақсақал келіп, нәрестеге «Ғұмырың ұзақ, баянды болсын» деп батасын беріп, артынша «Сенің бес ұлың болады» депті де, көзден ғайып болыпты. Міне, одан кейін Қабылхан, Әділхан, Сейілхан, Кәдірхан, Шолпан, Айман, Алтын есімді алтын асықтай ұл-қыздар дүниеге келді. Бала кезімізде бұл оқиғаны ата-анамыздан естігенімізбен, бізге ертегідей елестейтін. Асылы, халқымызда үлкен әулиелерден бата алған, аян алған мұндай оқиғалар көп болған.

Әкемнiң басынан қиындық кешкенін, кiмге қандай ақыл айтып, көмек бергенiн, қамқорлық танытқанын көз алдыма сан рет келтiрдiм.  Әділдігін, ел арасындағы мал дауында көрсете білген бітімгерлігін жұртшылық әлі күнге дейін айтып келеді. Сол уақытта мұндай дауларда ауылға сыйлы, абыройлы жанға төрелік айтқызатын. Өтеміс әкеміз екі тараптың да уәжін асықпай тыңдап, әділ шешім шығаратын. Арыз-шағыммен келген екі ауылдың адамдарын да риза ететіндей шешім айтып, көптің батасын алған. Сөздің қасиетін, киесін ұғынып, соған тоқтамға келетін сол дәуірдің адамдары қандай керемет еді деп таңғаламын. Бұл жайлы бүкiл ауыл күні бүгінге дейiн аңыз етiп әңгiмелейдi.

Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ана тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.

Біз үшін Өтеміс әкеміз тау тұлғалы азамат еді.  Ол кісіден алған тәрбиенің жемісін қазір өз балаларымызға беріп келеміз. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы – әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Сондықтан әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу  баланы тек жақсы болашаққа жетелейді. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен. Болмыс-бітімі, қабілет-қасиетімен үлгі-өнеге болатын әкенің орны қашанда биікте. Расында, әкеміз Өтеміс Есболғанұлының жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінің мәнерінен азаматтықты, адамдықты, елшілдікті көретінбіз. Осындай қасиеттеріне қарап, ұл-қыздары ғана емес, талай жас бой түзеді.

Оның бойындағы тағы бір қасиет атсейістігі, шабандоздығы еді. Ұлттық құндылықты дәріптеп жүретін. Әкеміздің бәйгеге қосқан сәйгүліктері орын алмай қайтпайтын. Өзгелерден оза шауып, бас бәйгені бермейтін «Өтеміс көк» деген жүйрік аты алпысыншы жылдарға дейін болған. Одан кейін торы аты Алматыдан республикалық жарыста екінші орын алса, «Қарагері» Сырдария ауданы Киров совхозының атын талайға танытқан. Ол уақытта қазіргі Ж.Маханбетов ауылы Сырдарияға қарайтын.

Бір қызық оқиға есіме оралып тұр. Ертеректе совхоз күріш шаруашылығымен айналысқан. Жайылып жүрген мал күріштікке жиі түссе керек-ті. Ондай кезде қорықшылар малды  тұраққа апарып қойып, егесіне айыппұл салдырады. Бірде совхоз директоры таңертең шығып, қамалған малды бір шолып өтеді. Сөйтсе ішінде көкемнің «Қарагері» жүргенін байқайды да «Мына «Қарагерді» қайсысың қамадыңдар? Ауылдың атын шығарып, бүкіл республикаға танытып жүрген сәйгүлікті қамауға қалай дәттерің барды? Өтеміс көріп қалмасын» деп қатты ашуланып, оны босатып жібертіпті. Соны естіген әкем көзіне жас алып: «Мені сыйлайтын халқыма рахмет» деген екен. Бала кезден бойымызға сіңірген «Жоқты бардай, барды нардай етіп көрсете біл» деген тәмсілі бізді қай іске де үлкен жауапкершілікпен қарауға үндейтін. Сол уақытта ғана елдің ризашылығына, көптің алғысына бөленесің деген сөзі санамызда жаңғырып тұр. Әкемiз бар өмiрiн тек халықтың ризашылығын алуға арнағандай көрiнедi маған.

Әділхан ЕСБОЛҒАНОВ.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<