Қазақ танымында «ер» деген ұғым – жай ғана батырлықтың емес, тұтас бір адамдық болмыстың өлшемі. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, бейбіт шақта ұрпақ өсіріп, ел-жұртына тірек болу – нағыз азаматқа тән қасиет. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» деген аталы сөздің астарында да осындай терең мән жатыр. Өйткені халық жадында уақытша дүние емес, ел үшін еткен еңбек, жер үшін төгілген тер, ұрпаққа қалдырған өнеге ғана сақталады. Сол себепті де қазақ қашанда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп, артында із қалдырған азаматын ұлықтап өткен. Саналы ғұмырын елге арнаған жанның бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Жағыпар Оспанов.
Мақаламызға арқау еткен Жағыпар Оспановтың ғұмыры елдік пен өрлікке, ұстаздық пен парасатқа негізделген ғибрат жолы десек те болады. Қиын-қыстау кезеңдердің бар салмағын көтере жүріп, адамдық биігін аласартпаған ол кісінің өмір жолы талай жанға үлгі екенін айта кеткен жөн. Өйткені бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір қоғамның келбетін кескіндеп, бейнесін сомдауға болады.
Оның балалық шағы ел басына түскен ауыр жылдармен тұспа-тұс келді. 1923 жылдың қыркүйек айында Шиелі ауданының Ортақшыл ауылында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке араласып, өмірдің мәнін ерте ұғынды. Қиындықпен шыңдалған балалық шақ оның бойында төзімділік пен қайсарлықты қалыптастырды. Бұл қасиеттер кейін майдан даласында да, бейбіт өмірде де тірегіне айналды.
1940 жылы мектепті аяқтаған жас жігіттің алға қойған арманы көп еді. Алайда 1941 жылы басталған сұрапыл соғыс оның ғана емес, миллиондаған жастың тағдырын күрт өзгертті. 1942 жылы небәрі он тоғыз жасында Жағыпар Оспанов та қолына қару алып, ел қорғауға аттанды. Орал қаласындағы әскери байланысшылар даярлайтын училищеде білім алып, радист мамандығын меңгерген ол 1943 жылдан бастап майдан шебінде қызмет етті. Карель майданында Кеңестік Карелияны азат етуге қатысып, кейін ІІ және ІІІ Украина майдандарында шайқасты. Оның жауынгерлік жолы Венгрия мен Австрияға дейін жалғасып, Ұлы Жеңіс күнін Прагада қарсы алды. Ол бірнеше рет өліммен бетпе-бет келіп, ауыр жарақат алды. Бірақ соған қарамастан, қайта сапқа қосылып, күресін жалғастырды. Оның батылдығы мен табандылығы жоғары бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, үш мәрте «Ерлігі үшін», «Венаны азат еткені үшін», «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Жағыпар Оспанов – соғыс шындығын жүрегімен сезініп, қағазға түсірген жан. Майдан даласында жүріп, күнделік жазуы оның рухани тереңдігін көрсетеді.
– Парағы сарғайған соғыс күнделігін қазіргі кезде әкеміздің көзіндей сақтап келеміз. Сұрапыл соғыстың ақиқат бейнесін танытатын қасиетті жәдігер – күнделік жайлы 2010 жылы Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен шығарылған «Майданнан хат» кітабына енгізіліп, бірнеше бейнефильм түсірілді, республикалық және облыстық телеарналардан жарық көрді, – дейді әке аманатын мұра, айтқан өсиеттерін өмірінің ұстанымы етіп келе жатқан ұрпақтары.
Бұл күнделік – жай жазба емес, ол уақытпен тілдескен, болашаққа аманат болған сыр. Қауіпке қарамастан, ол өз жазбаларын сақтап, туған жеріне жеткізді. Оның әр жолында солдаттың сағынышы, үміті мен қайраты көрініс тапқан. «Противогаз, шинель, каска сынды заттарымды лақтырып кетсем де, күнделігімнен, ауылға жазып жүрген хаттарымнан айырылған жоқпын. Оларды су өтпейтін брезентке орап, кішкентай қапшығымның түбіне сақтадым» деп жазыпты майдангер өз күнделігінде.
– Әкеміз Жағыпар Оспанов майданда қан кешіп жүріп, соғыстың ақиқат көріністерін ұқыптылықпен қағаз бетіне түсірген. Қалың дәптерді екіге бөліп, бірінші бетіне өзі туралы біраз мәлімет жазған. Әлдебір жағдай бола қалса, кім екенімді, қайдан екенімді білсін деген болуы керек. Жазғандарын қызғыштай қорып, көздің қарашығындай сақтаған, – дейді баласы Нұржан Жағыпарұлы.
Соғыс аяқталған соң да оның өмірі күрт өзгеріп кеткен жоқ. Керісінше, жаңа бір жауапкершілік басталды. 1947 жылы елге оралған соң ұстаздық жолды таңдады. Ортақшыл ауылындағы мектепте ұзақ жыл бойы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, сан мыңдаған шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбие дәнін екті. Ұстаз болу тек білім беру емес, ол – адам қалыптастыру. Жағыпар ағай осы міндетті терең түсінді. Шәкірттеріне тек пәнді үйретіп қана қоймай, өмірдің мәнін ұғындырды. Майдан күнделіктерінен үзінділер оқып, шәкірттерінің бойына отансүйгіштік рухты сіңірді. Ол кісінің әрбір сөзі – өмірден алынған сабақ, әрбір ісі – өнеге. Өзінің ерліктерін ешқашан алға тартпай, керісінше, соғыста қаза тапқан жолдастарын еске алуды парыз санады. «Мен миллиондаған жауынгердің бірімін» деген сөзі оның адамдық болмысын айқын көрсетеді.
Тәлім-тәрбие берген әрбір шәкірті оны үнемі мақтан тұтып, тағдырына жол ашқан ақылшы ұстаз ретінде еске алады. Солардың ішінде шәкірті Асанхан Ақпанбетов ағамыздың майдангер-ұстаз туралы айтқан естелігіне ерекше тоқталып өткенді жөн көрдік.
– Ұлы Отан соғысының от-жалыны шарпыған заманда, ерлік пен елге деген сағыныш қатар өрілген еді. Сол бір сұрапыл жылдары Ортақшыл ауылынан майданға аттанған талай боздақтың ішінен тек үш кісі ғана туған топыраққа омырауын «Қызыл Жұлдыз» орденімен жарқыратып оралды. Солардың бірі ел мен ердің мақтанышы, ұстаздықтың ұлы жолына өмірін арнаған Жағыпар Оспанов ағай еді. Соғыс жылдарындағы оның ерлігі ел жадынан өшкен емес. Жағыпар ағай соғыс даласындағы күндерін еске алғанда, көкірегін елге деген сағыныш кернеп: «Туған жерге барып, «Ортақшылдың» топырағына етпетімнен түсіп құшақтап, содан өліп кетсем, арманым болмас еді» деп тебіреніпті.
Жағыпар ағай зайыбы Айымжан апамен бірге сегіз бала тәрбиелеп-өсіріп, оларға адалдық пен еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсетті. Бүгінде оның ұрпақтары елдің әр саласында еңбек етіп, әке аманатын жалғастырып келеді. Ұстаздық жолды таңдаған әулет мүшелері – әкенің рухани мұрасының жалғасы.
Білім нәрімен сусындатқан ұстазымның өмір жолы талайға бағыт берер шамшыраққа тең дер едім. Қазіргі бейбіт өмірдің қадірін түсіну үшін осындай тағдырларды тану қажет. Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі Жағыпар Оспанов – артында өшпейтін із қалдырған, ғұмыр жолында адамдық парасат биігіне көтеріліп, халқының жүрегінен ерекше орын алған қадірлі жан. Оның есімі мен батырлығы, тағылымға толы өмірі келешек ұрпаққа үлгі болып, рухани қазынаға айнала береді. Майдангер-ұстаздың атына өткен жылы Шиелі ауданының орталығынан көше берілді. Кеудесін от пен оққа тосып, бүгінгі тыныш өмір үшін аянбай күресіп, жеңіс жалауын көтерген қайсар жауынгер, бар ғұмырын жас буынның тәрбиесіне арнаған кемеңгер тұлға Жағыпар Оспановтың жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады.
Қасымхан ҚЫДЫРБАЕВ





