Алаштың ардақтысы

404

0

сурет ашық дереккөзден

Бүкіл қазақ еліне танымал асыл азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр елінің біртуар перзенті, дарабоз тұлға – Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың мына жарық дүниені тәрк етіп, өмірден беймезгіл өткені кеудеге үлкен қимастық әкелді. Беу, дүние-ай… дегізген сол өкініш көмейде тұрары сөзсіз. Алайда жүйрік уақыт бір сәт тоқтаған ба?! Зымыраған күйі артына қайырылмай барады. Өйткені уақыт адамзаттың еншісінде емес…

Анығын айтқанда, Бердібек Машбекұлының ойламаған жерден болған қазасы Сыр елі азаматтарына ауыр тиді. Қазаны естіген елдегі ағайындардың да еңселері езіле, қайғыны қабырғалары қайыса қабылдады. Тек Сыр елінің емес, барша қазақтың қадірлісі еді. Біз оны соңғы ақтық сапарға аттандырған сәтте анық байқадық. Қаралы топтың ортасында сансыз ой кешіп тұрып, дара Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген даналығы ойға оралды. Шынымен, Бекең «өлген жоқ» деген ойға келдім. Ол артына іспен де, сөзбен де өлместей із қалдырғанын, елдің қадірлісіне айналғанын, қаралы жиынға жиналған қалың қауымның қарасынан сезіндік. Осы сәтте, Бекеңнің биік бейнесі ерекше болымды көрінді.

Бекең адал еңбегімен елін биікке көтерді. Енді міне, сол адал еңбегі арқылы өзі алты Алаштың аңыз азаматына, ардақтысына айналды. Еліміз сонау тәуелсіздік алған тұста, егемендіктің іргесін қаласқан тұлғалардың бірегейі болды. Ауырлықтан қашпады, қиындықтан саспады. «Не істеймін?» деп жоғарыға жалтаңдамады, босаңдық танытып қиын сәтте мойымады. Дауыл мен жауынға қарсы тұрды. Ауыртпалық шақта көлеңке іздеп отыратын жай таңдамады. Өйткені оның мойнында ел тағдыры, адамдар қам-қарекеті тұрды. Жеткен жетістігіне көңілі толмады, халқының қамын жеп кеудесін мұң торлады. Бұның барлығы алашқа деген жанының тазалығы еді. Қайтсем халқыма қорған болам деп ой орманын аралады. Өзін елі үшін аямады. Егемен елдің ертеңі үшін қам жеді. Сөйтіп, ел жолында беріле ерінбей еңбек етті. Халқым – бағым, елім – арым, туған жер – барым деп жансебілдікпен жұмыс жасады. Абырой да, атақ та өзі іздеп келмейді. Бәрі адал еңбектің, төккен тердің, қара бейнеттің арқасында келеді.

Бердібектің ірілігі ісінде еді. Еліміз тәуелсіздік тұғырына қонған кезеңде, ел арасын жұмыссыздық жайлап, күнкөріс төмендеген қиын шақта 1995 жылдың қыркүйек айында Бердібек Машбекұлы туған жері Қызылорда облысына әкім болып келді. Ол кісі жастық жігермен, жалынмен, күш-қайратымен тынбай жұмыс жасап, тығырықтан өңірді алып шығудың оңтайлы жолдарын қарастырып, Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңаша ізденістер арқылы жол іздеп, жанқиярлықпен еңбек етті. Бұл сәт біздер көріп білмеген нарықтық кезеңнің алғашқы ауыр тұсы еді. Бекең өзіне артылған сенімнен шығу жолында намыспен, қайсарлықпен, құштарлықпен осы кезеңде жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жасады. Өзі басқарған жылдар ішінде жаңа істердің көзін ашып, білімділігі мен біліктілігінің арқасында Сыр елін сол ауыртпалықтан алып шыға білді. Менің Бердібек Сапарбаевпен таныстығым осы Сыр өңіріне әкім болып келгеннен басталды.

Мен ол кезде «Береке нан» акционерлік қоғамының директоры қызметінде болатынмын. Елімізде небір алып зауыттар мен іргелі комбинаттардың жұмыстары тоқтап тұрған шақ. Мемлекетімізде жекешелендіру саясаты жүріп жатқан уақыт еді. Жасыратыны жоқ, мен мынау Қызылорда теміржол су жүйесі, қаладағы сүт зауыты, басқа да ірі кәсіпорындар мен комбинаттар жекешеленеді дегенге өз басым сенгенім жоқ. Бірақ сол кездегі саясаттың ұстанымы осындай болды. Бекең елге келісімен өз кабинетінде бір сәтте отырмай, мекемелерді, кәсіпорындар мен өндіріс орындарын үздіксіз аралап, олардың бойына қан жүгіртіп, тіршілік жасау шарасын бірден қолға алды.

Бір күні ретін тауып Бердібек Сапарбаевқа кіріп біздің мекеменің хал-жағдайы мен атқарып жатқан тірліктер жайлы баян еттім. Содан соң жекешелендіру жайлы ой қозғап, өндіріс орнын 3 жыл мерзімге сенімді басқаруға беруге болатындығы жөнінде ой-пікірімді, ұсыныстарымды жеткіздім. Сол кезде байқағаным Бекең мені әбден тыңдап алды. Содан соң аса сабырлықпен, ыждағаттықпен, пайымды-парасатпен ұсыныстарыма оң пікірін білдірді. Сонда барып ол кісінің бойында адами қасиетінің зор екенін аңдадым. Барлық жағдайға аса түсіністікпен қараған басшыны алғаш рет көруім.

Осыдан соң көп ұзамай, облыс басшысының кезекті аралауының реті біздің мекемеге келді. Бекең алдымен мекеме жұмысымен, тыныс-тіршілігімен кеңінен танысты, цехтарды аралап көрді. Еңбек адамдарымен кездесті. Өте керемет жылы жүздесу болды. Еңбек адамдары ол кісімен емін-еркін сөйлесіп, ашық дискуссия орнатты. Олармен емен-жарқын тіл табысып, қиыншылық кезеңде сабырлы болуға шақырды. Облыс басшысы өндіріс орнының жұмысына көңілі толып, оң бағасын берді. Ісімізге сәттілік тіледі. Біздің ұжымның еңбек адамдары ол кісінің сондай жанашырлығын, жүрегі жұмсақ жан екендігін көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. Тіптен, біз мынадай кішіпейіл басшыны көрген емеспіз деген ойларын да жасырмады. Бекеңнің бойынан қазақилықтың жылы лебі есіп тұрғанын көпшілік сонда сезген еді, білген еді.

Сонымен Бекеңнің тапсырмасы бойынша өзіміздің сол кездегі министрлікке жаңа технологиялар алуға бір жетіге іссапармен кеттім. Ол жақта да жекешелендіру мәселесі қозғалып, түсінбейтін жақтарды сұрап-біліп, қолға тиген жабдықтармен елге қайттым. Елге келсем, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серікбай Нұрғисаев іздеп жатыр екен. Бірден ол кісінің шақыртуымен кіріп мән-жайды білдім. Сөйтсем, мекемені 3 жылға сенімді басқаруға бермейтін болыпты. Содан «Береке нан» АҚ аукционға шығатынын айтты. Сол кездегі саясаттың талабы солай болғандықтан оған не айтасың? Көнбеске амал жоқ, саясатқа қарсы шыға алмайсың.

Менің сол мекемеде қызмет еткеніме 20 жылдан астам уақыт болатын. Директор болып істегенімнің өзіне 10 жылдан асқан. Сонымен еңбек демалысына арызымды жазып, орнымды босатып беруге тура келді. Саясатқа, ешкімге ренжуге болмайды. Еңбек демалыстан кейін бірнеше айлар өтті. Бір күні сол кездегі облыс әкімінің ауылшаруашылық жөніндегі орынбасары Аппаз Кәмішев телефон соқты. Сөйтсем, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде жоспар құруда менің ұсыныстарымды, пікірімді, жоспарымды сұратыпты. Ол кезде «Береке нан» АҚ құрамына Аралдағы нан зауыты, қаладағы макарон өнімдерін шығаратын фабрика қарайтын. Бұл жөнінде өз ой-пікірімді, ұсыныс-жоспарымды 5-6 бет етіп қағазға түсіріп бердім. Облыс әкімінің орынбасары әлгі ұсыныс-жоспарды алып Бекеңе кіріп кетті. Арада біраз уақыт өткен соң әкім мені қабылдады.

Бекең сонда: «Сіздің еңбегіңізді біз бағалаймыз. Мемлекетке салық төлеу жайы бізге қиын соғып жатыр. Сондықтан осы сала бойынша алдағы уақытта біз арнайы мекеме ашып, сізді басшы етіп қоймақпыз. Осы өндіріс бойынша салықты төлеу жолдары ұйымдастырылатын болады», – деп шығарып салды. Айтқандай көп ұзамай мекеме ашылып, соған басшы болып бардым. Арада 8 айдай өткенде облыс әкімі тағы шақырып алды. Сөйтіп жаңа бір жұмыс тапсырғысы келіп отырғанын жеткізді. Ол жұмыстың негізгі мақсаты – көктемгі, күзгі егін науқаны кезінде облыстың ауылшарылық құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп отыру. Сонан 6 жылға жуық өңірдің барлық аудандарындағы ауылшаруашылық құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп отырдық.

Бердібек Машбекұлы қолынан іс келетін, әсіресе, қарапайым еңбек адамдарына аса мән беретін.

Осындай ауыр, қиын кезеңдерде ол кісімен бірге жұмыс жасағанымды өзім мақтан тұтамын. Өте білімді, әркез қолынан кітап түспей білім-білігін ұштап отыратын. Ұтымды ұйымдастырушы, елжанды, ұлтжанды, іскер басшы бола білді. Соның арқасында Қызылорда облысынан өзге 4 облысты басқарды. Ақырын жүріп, істің көзін таба білетін басшы болды. Мен айтар едім, Бердібек Сапарбаев осы іскерлігінің арқасында әкімдердің көшбасшысы бола білді. Ол сонысымен қатарына сыйлы, әріптестерінің алды болды.

Уақыт еншісінде ел небір жақсы, аяулы азаматтармен кездесіп, дидарласып жүрміз. Ал олардың ішінде ел жүрегіне есімі көшіп алған, көңіл төрінде өшпестей ұялап қалған азаматтар болады. Дара тұлғасымен ел есінде мәңгі сақталып соның бірегейі – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев екені анық.

 Бекең қайтқаннан кейін сүйікті жары мен баласы елге келіп Құран оқытқан аста сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов: «Бердібек 5 облысты басқарған азамат. Жасыратыны жоқ, кілең оттың ортасында жүрді. Тоқыраған тұста Сыр аймағында істің көзін ашып, кәсіпке тың жол тапты. Көрші аймаққа барып, кетеуі кеткен елдің бетін түзеді. Шығысқа барғанда құлағанын тұрғызды, ойығын жамады, суға кеткенге тал қарматпай демеді, жебеді. Жамбылға келгенде керіскен елді тезге де, жөнге де салды. Сондықтан Бекеңе «Еңбек ері» атағы берілсе», – деген ұсынысын жеткізген еді. Осы айтылған сөз аяқсыз қалмаса дейміз.

Бір ғана Шығыс жерінде елді қызыл судың қарғынынан қорғап, демеу бола білген Бердібек Машбекұлының, сол шығыста Ұлы Абайдың рухын жаңғыртуға қосқан үлесін біреу білсе, біреу білмес бәлки. Бұл жайында жерлес жампоз ақын Бақытжан Абызов «Абай ақынның Өскеменге келуі» атты жыр жолында:

«Ана тілім босағаға енді бек,

Артқа тастап жаутаңдаған сәттерді.

Көк байрақты – Әкім балаң Бердібек –

Төрге оздырды және Рухты ап келді…» деп дәріптегенін білеміз. Сол рухты еңбектің лайықты бағасы да болады деп сенеміз.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<