Алтың діңгек

340

0

Ата-ана – отбасының алтын діңгегі. Балаларының  күндей нұрлы шуағы, арқасүйер тірегі, берік қорғаны, мейірімді панасы. Осы дүниеге келуге себепші болған әуелі Алладан кейінгі сүйенішіміз. Ана мен әкені ардақтамайтын халық жоқ. Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафин: «Ата-ананың қадірін білмеген, халық қадірін білмес» деген екен. Осы айтылғандай, әке-шешеге деген перзенттік  парызын адам баласы ешқашан өтеп бітпейді. Өйткені бұл еңбекті ештеңемен өлшеуге, салыстыруға келмейді. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» демекші, ата-анасы бар кез келген жан бақытты, бай. 

Десек те, өмірде ештеңе мәңгілік емес. Әке-шеше де жанымызда мәңгі жүрмейді. Оларды ешкім өлімге  қимайтыны рас. Өмір де, өлім де – Жаратқанның қолындағы іс. Жаның қайғырып, қабырғаң қайысқанмен, мына жалғанда жазмыштан озмыштың жоқ екеніне шарасыз мойынұсынамыз.

«Әкесі өлген – асқар тауы құлағанмен бірдей, Шешесі өлген – ағар бұлағы суалғанмен бірдей» деп жатады. Өмірден өткеніне 20 жыл болған Серікбай Ибаділлаұлының өнегесі мен еңбек жолы ұрпақтарына үлгі. Ол 1929 жылы Сырдария ауданына қарасты 6-ауылда дүниеге келген. Әкесі  Ибаділла Әбдірәсілұлы белгілі қоғам қайраткері, ел басқарған, халықтың сый-құрметіне бөленген, сауатты азамат еді. Сауда керуендері Ираннан бастап Аралға дейін барған. Барлық туған-тумалардың, Қошым Қожа әулетінің басқарушысы, қамқоршысы екен. Анасы Қамила Алдабергенқызының әкесі оқымыстылығымен, діни ілімімен ерекшеленген. Серікбай Ибаділлаұлының Сәрсенкүл, Жарылқасын есімді бауырлары болды.

1933 жылы Ибаділла ата Совет үкіметінің сол замандағы қуғын-сүргініне ұшырап, қаза тапқан. Әйелі 3 баламен жесір қалып, маңдай тері, қайсарлығы арқасында оларға өнегелі тәлім-тәрбие, білім беріп, үлкен өмірге лайықты азамат етіп жеткізген.

Серікбай Абдрасилов 1948 жылы Қызылорда педагогикалық училищесін бітіріп, ауылға оралған соң еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастаған. 1949 жылы Бибісара Қамысбаевамен отау құрады. Сол жылы Смоленск облысы Красный бор қаласында теміржол әскери бөлімшесінде Ұлы Отан соғысы кезінде жойылған маңызды теміржол магистралін қайта қалпына келтіруге атсалысып, 4 жыл бойы әскери борышын өтеген.

Елге оралған соң сол кездегі қылмыспен күрес шараларының күшейтілуіне байланысты комсомолдық жолдамамен ішкі істер органдарына қабылданып, Баку қаласындағы жоғарғы милиция мектебіне жіберіледі. Оқуды үздік аяқтағаннан кейін елге оралып, 1987 жылға дейін облыстық ішкі істер органдарының барлық салаларында (қылмыстық іздестіру, БХСС, МАИ, автошаруашылық бағыттарында) басшылық қызмет жасаған. Тағы бір айта кететіні, қызметін адал атқарғаны үшін КСРО Ішкі істер министрлігі тарапынан «Милиция үздігі» атағы берілген. Сонымен қатар ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін» медалімен және басқа да мемлекеттік наградалармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ол білімге деген құштарлығының арқасында бірнеше оқу орнында үздік білім алған. Қызметте де, қүнделікті өмірде де ағайын-туысқан арасында өзінің әділдігімен, білімділігімен, сауаттылығымен, жақсы қасиеттерімен абыройға бөленіп, сыйлы болған күйі өмірден өтті. Адами болмысы бөлек, адамгершілік қасиеті мол еді. Адал жар, ұрпақтарына үлгілі-өнегелі  әке, құдаларын құдайындай сыйлайтын кішіпейілдігі, қонақжайлығы тіпті бөлек. Оның асыл бейнесі білетін азаматтардың есінде көп жылдар бойы сақталып келеді.

Бибісара Жұмаділлақызы 1931 жылы дүниеге келген. Ұзақ өмір сүріп,  отбасының ұйтқысы, туған-туыс, құда-жекжатпен сыйластығы мол, көрші-көлеміне ақылшы, тірек болған жайсаң жан еді. Ең бастысы – әйелдің міндет-мұратын орындаған, аналық борышын адал атқарған, ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, білім алуына ерекше назар аударған. Осындай үлгілі де бақытты отбасында екі ұл, төрт қыз өмірге келді.

Барлығы Кеңес одағындағы ең белгілі деген жоғары оқу орындарында оқыды, оларға жақсы тәрбие беріп, қоғамда өз орнын табуына барын салды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Тәртіп пен тағылымға тәрбиелеп, ақылшы-тәлімгер бола білді.

Үлкен ұлы Болатбек Серікбайұлы мемлекет және қоғам қайраткері, әлемге танылған ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше Ұлттық және Халықаралық ғылыми академиялардың академигі, еліміздің білім-ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосты. Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы, ВАК және Ғылым комитеттерінің төрағасы, т.б. жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.

Болатбек Серікбайұлы әр жылдары Қорқыт ата  университеті, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қ.Яссауи атындағы Халықаралық университет, Қарағанды индустриялық университеті сияқты 4 іргелі оқу орнына басшылық жасап, оларды әлемдік деңгейге шығарып, жан-жақты дамытты.  Жақында Ұлттық тестілеу орталығының директоры болып тағайындалды. Жұбайы Бақыт Искендировамен бірге үш баланың ата-анасы. Ұл-қыздары – жоғары білімді әрі білікті мамандар. Шет мемлекетте білім алып, еліміздің әр саласында адал қызмет атқарып, бала тәрбиелеуде. Серікбай әкеміздің тұңғыш немересі Серікбаева Зәуре Болатбекқызы ғылыми атағын қорғап, жоғары оқу орындарында қызмет жасап, бүгінде жеке кәсіпорынның иесі. Жібек – жеке кәсіпкер, Рамазан – шетелде белгілі университеттерде білім алған, ірі банктің жауапты кызметкері.  Өмірдің жалғасы – бала. Болат аға мен Бақыт жеңгеміз немерелерінің қызығын көруде.

Кіші ұлы – Талғат Серікбайұлы ата-анасын алақанына салып, бар қызметін жасап, мейірім-шапағатын төккен жан. Отыз жыл бойы құқық қорғау органдарында жоғары лауазымдарда болды, қазір Қаржы мониторингі агенттігінде басшылық қызмет атқарады. Полковник, жары Айгүл екеуі Нұрзаман, Камила, Сания атты ұл-қыз тәрбиелеп, солардың қызығына бөленуде.

Светлана Серікбайқызы Астана қаласында тұрады. Ол халық саулығын, әсіресе әйел-аналар денсаулығын сақтауға зор үлес қосты. Қазақстан мен Мәскеудің үздік клиникаларында оқып, қызмет атқарды. Жұбайы Сәбит Бекмағанбетұлы Абдраимов – белгілі қоғам қайраткері. Көп жылдар бойы денсаулық сақтау саласында әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс жасады, медицина ғылымдарының кандидаты, депутат, Қазақстан денсаулық сақтау қауымдастығының төрағасы. Светлана – үш баланың анасы. Екі ұлы Азамат пен  Бекзат дипломатияда үлкен жетістіктерге жетті, Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде қызмет атқарып жүр. Дипломатиялық корпустың құрамында әлемнің түрлі елдерінде біздің еліміздің атынан өкілдік етеді. Кіші қызы Сара – студент. Светлана жары Сәбитпен бірге немерелерінің мейірімді  ата-әжесі, бірі – әулетінің тірегі болса, екіншісі – ұйтқысы.

Райхан Серікбайқызы Алматы қаласында тұрады. Әлемдегі ең ірі трансұлттық корпорациялардың бірінде жоғарғы басшы лауазымда қызмет атқарады. Қоғамдық жұмыстарды белсенді жүргізе отырып, еліміздің білімі мен мәдениетінің дамуына корпорация тарапынан қолдау көрсетуге көңіл бөледі. Ұлыбританияда докторлық диссертациясын қорғап келген, сонымен қатар жоғары оқу орындарында оқытушылық қызметпен де айналысады. Жұбайы  Бейбіт Серікбайұлы білім беру жүйесінде, мұнай-газ саласында жұмыс жасаған, қазіргі уақытта басқарушы компанияда қызмет атқарады. Райхан – екі баланың анасы. Нұрсұлтан мен Бексұлтан атты ұлдары заман талабына сай лайықты білім алды, ғылым магистрлері, квазимемлекеттік секторда, Қазақстанның және дүние жүзіне белгілі халықаралық компанияларында әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс жасайды. Райхан жұбайы Бейбіт екеуі – немерелеріне, ұрпағына тілекші ата-әже.

Роза Серікбайқызы Қызылорда қаласында тұрады. И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжінде оқытушы болып жұмыс істейді, өңірге қажетті кадрлар даярлаумен айналысады. Жұбайы Төрәлі –  елімізге белгілі  ресторатор, ірі кәсіпкер. Қызы Жанар халықаралық ақпараттық технологиялар компаниясында басшылық қызметте, ұлы  Қуаныш бизнес саласында, кіші ұлы Әли мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұр. Жары екеуі тәп-тәтті немерелеріне сүйсініп, марқайып жүрген жайы бар.

Сәуле Серікбайқызы Алматы қаласында Халықаралық бірлескен кәсіпорында кадрлар департаментін басқарады. Ұлы Ернұр университетті ойдағыдай бітіріп, Алматы қаласындағы халықаралық басқарушы компанияда бөлім басшысы болып жұмыс жасайды.

Қарап отырсақ, Серікбай әкеміз бен Бибісара анамыздың қыздары барған жерлерінде әдепті келін атанған, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, үлкен әулеттің аяулы анасы әрі әжесі, сүйікті жұбайы болған, әйелдік міндет-мұратын орындаған, медицина, мұнай-газ, ағарту салаларының білікті мамандары, отбасымен және бала тәрбиесімен қатар үлкен қызметтерді мінсіз атқарып жүр.

Екі ғылым докторы, екі құқық магистрі шыққан, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық әулетті халық әрдайым мақтаныш тұтатыны әсте анық. Ата-анадан алған ұлағатты тәрбиені балалары үлгі ретінде өз ұрпақтарының бойына сіңіре білген. Соның нәтижесі болар, бүгінде немерелері әлемнің дамыған елдерінде, атап айтқанда АҚШ, Еуропа, Канада мемлекеттерінде, Астана халықаралық қаржы орталығында, ағарту және басқа да мемлекеттік салаларда абыройлы қызмет атқаруда. Лайым, ұрпақтарына Құдайдың көзі түзу болып, аға-апаларындай ұлағатты өмір берсін деп тілейміз.

«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген рас екен. Шүкір, ардақты әкенің осындай асыл қасиеттерінің арқасында қазір балалары өмірден өз орындарын тауып, зиялы қауыммен араласып, абыройлы қызмет атқаруда. Барлығының өмірдегі мақсаты – ата-ана сіңірген тәлім-тәрбиені нық ұстап, салған ізінен адаспай, олардың ұлы мұратына адалдық таныту, осылайша асқар тау әке мен алтын ананың алдындағы перзенттік борышын адалдықпен өтеу. Қасиетті Рамазан айында ұл-қыздары мен немерелері ардақты ата-анасы Серікбай мен Бибісараны еске алу құрметіне орай Сыр бойында  көзкөргендердің, ол кісілерді білетіндердің, құрмет тұтатындардың, ағайын-туыстың басын қосып ас бергелі отыр.

Өмірден өтсе де, артында қалған жарық жұлдыздары жанып тұрғанының бір дәлелі осы емес пе?! Осындай ұлағатты ұлдары мен инабатты қыздарының ата-анасын еске алып, ас беруі марқұмдардың аруағын сыйлап, өскелең ұрпаққа үлгі етуі деп ұғамыз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<