Арманы аласармаған Айкөрген

550

0

…Әлі есімде. О заманда мектеп шәкірттері жергілікті, облыстық, республикалық газеттерге өлең, мақала, қысқа хабарларды күн құрғатпай жарыса жазатын. Бейнебір тай жарысқа түскен шабандоз балалар сияқты еді. Ат бәйгеде құлақтарынан жел гулеп, алдағы сөреге бір-бірін шаң қаптырып кимелей жан-жақтан жарыса жазып, ойдағы-қырдағы оқырмандарын жалт қаратқан қайран сол бір қатарластарым, замандастарым қайдасыңдар?

Сонау «Қаратерең» балық зауытынан Бегімбай Ұзақбаев, А.Нарымбетов, №59 «Қарақұм» орта мектебінен Қази Данабаев, №57 «Шижаға» орта мектебінен Сағынай Ешекенов, №19 «Сольтрест» орта мектебінен Жайберген Болатов, Бақтыбай Бердібаев, «Көкаралдан» Айдос Құлманов, №15 орта мектептен Еркін Әбілов, Айкөрген Әбілов, Жаңабай Кемал, №13 орта мектептен   Шархан Қазығұлов, Жетес Өтебалиев, №20 «Бөген» орта мектебінен Қуаныш Жиенбаев және осы жолдардың авторы, №81 «Қызылжар» орта мектебінен Серік Дінахметов, «Шөмішкөлден» Қуаныш Қоңдыбаев және басқа ауыл тілшілері – сол кездері үлкен бір қауым еді.

Ауыл-ауылдан  келсек, бәріміздің Арал қаласындағы барар жер, басар тауымыз, «Хан базарымыз» бұрынғы Ворошилов көшесі №34 мекенжайдағы жатағандау ескі үйде қоныс тепкен «Толқын» газетінің редакциясы болатын. Солардың бірі – Айкөрген Әбілов осы  қаладағы бұрынғы №15 орта мектепті тәмамдады. Сонан жазғандарын қойын-қонышына тығып, Алатау етегіндегі талайға арман болған Алматы шаһары қайдасың деп тартып кеткен еді. Жасыл желек жамылған қызылды-жасылды алып  шаһар теңіз жағалауынан арман қуып алқына жеткен бозбаланы жатырқамай қарсы алады.

Арал теңізі порты бригадирінің отбасында дүниеге келген Айкөргеннің әкесі Әбіл, анасы Балжеміс ештеңеден тарықтырмады. Ол да жалғызбын деп ата-ана желкесіне мінбеді. Оқу-білімге құмартты. Момақан, тәрбиелі болып ержеткен. Сабаққа алғыр шәкірттің шағын хабарлары, мазмұнды мақалалары аудандық газет беттерінде алпысыншы жылдары ара-тұра жарық көріп тұратын.  Сонан қуат алған  ол мектеп бітірген жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырды.

Мектеп қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Айкөрген кейін университет комсомол комитетінің, Алматы қалалық «Буревестник» спорт қоғамының мүшесі атанды. Студенттер арасындағы дойбы чемпионатына ҚазМУ-дың атынан қатысып, қала чемпионы атанғаны да бар. Бұл туралы республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті суретімен көлемді мақала жариялаған. Тіпті, университеттің әйгілі «Муза» клубының белгілі мүшесі бола жүріп, болашақ ақын-жазушылардың, журналистердің алғашқы қадамына қанат бітірді. Жазда Торғай даласында  студенттермен бірге астық жинау науқанына үзбей атсалысты. Университет жанындағы әскери кафедраны ойдағыдай тәмамдап, 1972 жылы запастағы лейтенант шенін иеленді.

Өзі дәріс алған Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, журфактің студенттеріне сол жылдары дәріс берген ғұлама ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Мырзатай Жолдасбеков, Сонарбай Таңқаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеевтің есімдерін ылғи да алғыспен еске алып отыратын.

Қазақы мінез қанымызға дарыған ұрпақ емеспіз бе? Сол дәстүрден  ҚазМУ-дың журфагын ойдағыдай аяқтап, омырауына ромбигін тағып, қолына дипломын алған Айкөрген де аса алмады. «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген сөз бар біздің халықта. Айкөргеннің алдында ағасы, артында інісі болмады ғой. Әйтпесе, жоғары оқу орнының жолдамасымен әлдеқашан Маңғыстау облыстық газетіне  қызметке орналасып, білдей білікті журналист атанбас па еді?! Тағдыр оны туған ауылынан асырмады. Ата-ана ақылымен ақыры №73 «Аманөткел»  орта мектебіне орыс тілі пәнінің оқытушысы болып орналасқан. Ауыл сайлаушыларының аманатын арқалап бес мәрте Аманөткел ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. Төрт жыл аудандық ішкі істер бөлімінің ауылдағы аймақтық қоғамдық инспекторы, комсорг, бастауыш партия ұйымының хатшысы тәрізді талай қоғамдық жұмыстардың қазанында қайнап пісті. Мектептегі қарбалас қызметінен қол үзбей жүріп, 2000 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін  тарихшы мамандығы бойынша тәмамдады. Қарапайым ұстаз, оқу ісінің меңгерушісі қызметінен бастап мектеп директоры сияқты сан алуан сатыдан өтті.

Аманөткел – атақты Сыр шайыры Нұртуғанның атақонысы. Айкөрген мектепте қызмет атқарған жылдары ақын ауылының атын асқақтатуға өз үлесін қоса білді. Соның нәтижесінде оның тікелей атсалысуымен тоғыз жолдың торабындағы ауылда «Достық бағы» және спорт алаңы пайдалануға берілді. Осынау сан-салалы қоғамдық қызметтің қиындығы мен қызығын қатар көрген Айкөрген шығармашылықтан бір сәт қол үзбеді. Мектеп мұғалімдерінің аудандық байқауында «Кестелі орамал», «Ұлы достық» және «Ана туралы баллада» композициялары қатарынан үш мәрте үздік шығып, жүлдегер атанды. Сонымен қабат ойлы өлеңдері, әсерлі әңгімелері, мазмұнды мақалалары әр жылдары аудандық басылым беттерінде жиі-жиі жарық көріп тұрды.

2005 жылдан зейнет демалысына шыққанша мектептің тәрбие жұмысын ұйымдастырумен, тарих пен дінтану пәнінен білім ұясындағы жас шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берумен шұғылданды. Ол қанына  сіңген қазақы тәлім-тәрбиесін жарты ғасырға жуық уақыт бойы ауыл шәкірттерінің бойына сіңірген ұлағатты ұстаз, қаламы жүйрік журналист, өнегелі отбасының иесі атанды. Университет бітірген жылдары бас қосқан өмірлік қосағы мамандығы педагог Айымгүл көршілес «Бөген» ауылының бір кездегі сүйріктей сұлу бойжеткені еді. Қайран уақыт! Ол да жетпіс жастың желкенін көтеруге жақын. Екеуі тәрбиелеп өсірген алты перзентінің әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан.

Иә, ішкі-сыртқы мәдениеті мінсіз, мінезі сары майдан  қыл суырғандай азамат, салиқалы ақсақал атанды көзі тірісінде. Өмірден өтерінен екі жыл бұрын ауыр сырқаттан амалсыз қол арбаға таңылса да тағдырына қарсы тұра білді. Ауылда жаңадан бой көтерген мешіт имамы қызметін атқарып жүргенде төсек тартып, Алланың сынағына төтеп бергенінің өзі талайға сабақ болары хақ.

Ұстаздық – мамандық. Ақындық, жазушылық – өнер. Ешкімді елу жыл оқытып, ақын не жазушы етіп шығара алмайсың. Бұл – Алланың адам бойына сыйлаған сирек қасиеті. Ал біз білетін Айкөрген ұлағатты ұстаз, қаламы жүйрік журналист, албырт көңілді ақын, парасатты прозашы болды. Оған дәлел – біздің қолымызға жолдасы, ардагер ұстаз Айымгүл Кемалашқызы Ермағамбетова қолтаңба жазып ұсынған «Мен іздеген жол» атты Айкөрген Әбіловтің кітабы. Кітап өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ақмешіт» баспасынан балаларының демеушілігімен жарық көрген. Түрлі-түсті отбасылық суреттермен безендірілген марқұмның алғашқы әрі соңғы еңбегіне әр жылдары жазған, баспасөз беттерінде жарық көрген әңгімелері, өлеңдері, очерк-мақалалары молынан топтастырылыпты. Оқып шығып, терең ойға қалдық. Балаларына әкеден қалған, немерелеріне атадан қалған асыл мұра сірә, осы болар.

Толыбай Абылаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<